Бұған қатысты «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы өз пікірін білдірді, –деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
2024 жылғы елдер бойынша ЖІӨ рейтингісінде АҚШ көш бастайды. Халықаралық валюта қорының есебінше, Құрама Штаттардың ЖІӨ 28,78 триллион доллар, ІЖӨ-нің көлемін жан басына шаққанда 83,3 мың долларға тең. Алғашқы ондыққа Қытай, Германия, Жапония, Үндістан, Ұлыбритания, Франция, Бразилия, Италия, Канада кіреді.
Қазақстан бұл көрсеткіште 48 орында. Халықаралық ұйым біздің елдің ЖІӨ 225,50 миллиард долларға, ІЖӨ-нің көлемін жан басына шаққанда 14,4 мың долларға бағалапты.
Әрине, Орта Азия елдерінің арасында Қазақстан жетекші орында. Дегенмен халықтың әлеуметтік әлеуеті жоғарыламай отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы мәселені ашық айтып, атқарушы билікке экономиканы жедел түрде әртараптандыруды тапсырды.
Экономикалық әртараптандыру – бұл ел немесе аймақ экономикасының әртүрлі салаларын мүмкіндігінше көп дамыту арқылы экономикасының әртүрлілігін арттыру және кеңейту процесі.
Яғни, бизнестің дамуына барынша жағдай жасап, Президент айтқандай, орта буынға жататын кәсіпорындарды ілгерілету маңызды. Өйткені, әртарапандырудың ең негізгі сегменті, экономиканың негізгі секторы – өнеркәсіп.
Біздің елде жеңіл өнеркәсіпті дамытудың мүмкіндігі зор. Тек ресурстық потенциалды тиімді ұйымдастырып, кластерлік шаруашылықтар – тері өңдеу, киім және аяқкиім цехтарын жандандыруға әбден болады.
Қытайда заманауи технологияға негізделген шағын кәсіпорындар көп. Бұған былтыр көрші елге сапары кезіңде көзіміз жетті. Міне, сондай өндіріс орындардың желісін елімізде қалыптастырып, дамытуға болады.
Бұл туралы Президент Қ.Тоқаев кеңейтілген отырыста Қытайдың тәжірибесін зерттеп, 1 маусымға қарай жұмыс барысы туралы есеп беруді тапсырды.
Қысқасы, Мемлекет басшысы, есеп үшін емес, жұмысты нақты нәтижеге құруға пәрмен берді.