Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев азаматтардың қаржылық сауатын арттыруды көздейтін «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі болып тағайындалды.
Дәулет Мұқаев «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі болып тағайындалды
817
оқылды

Бұл туралы «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек әлеуметтік желілердегі жеке парақшасында жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Екі жыл бұрын «AMANAT» партиясы қазақстандықтардың қаржылық сауатын арттыру жобасын қолға алып, аталған бастама Мемлекет басшысы тарапынан жоғары бағаланды. Бүгінде партия, Парламент, Үкімет, жергілікті билік органдарының, қаржы секторының өкілдері және белсенді азаматтар бірлесіп осы жобаны жүйелі жүзеге асыруда.

«Елдің сұранысына ие болған партиялық жобамыз бүгінде жалпыұлттық жобаға айналды. Өздеріңіз білетіндей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында жобаны қолдап, ауқымын кеңейту туралы тапсырма берген болатын. Жоба басталғалы 840 мыңнан астам азамат оқудан өтіп, оның 70 мыңнан астамына заңгерлік көмек көрсетілді. Бұл жай ғана сан емес, оның артында мыңдаған адамның тағдыры тұр. Несие қамытын киген азаматтардың өмірі жатыр. Сондықтан да, жобаның жаңа кезеңін бастап, алдымызға тың мақсат қойып отырмыз», – деді «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек.

Атқарушы хатшының айтуынша, елімізде өтелмеген несиесінің мерзімі 90 күннен асқан 1,5 млн адам бар. Осы азаматтардың проблемасын шешуге заңдық кеңестер беру жұмысы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, бұрын жоба аясында азаматтар заңгерлік көмекті алу үшін, міндетті түрде оқу керек еді. Енді онлайн түрде реструктуризация мен банкроттыққа қатысты заңнамалық көмек көрсетіледі. Бұған қоса, азаматтар заңгердің көмегіне жүгінгенде арыз жазу сынды қарапайым түсініктерді білмей жатады. Осыны ескере отырып тегін кеңес беретін call орталық жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ барлық ақпарат топтастырылған qogamfin.kz порталы ашылды.

Өз кезегінде, жобаның жаңа жетекшісі Дәулет Мұқаев мұндай жобалар халық несие қамытынан арыла алмай жатқан тұста аса маңызды екенін атап өтті.

«Қаржылық сауаттылық – қазіргі өмірдің ажырамас бөлшегі. Жеке қаражатты дұрыс басқара білу негіздері азаматтардың саналы шешім қабылдауына, қарыз тұзағынан аулақ болуына және өзінің, отбасының баянды болашағын қамтамасыз етуіне көмектеседі. Бірлескен күш-жігеріміз арқылы әр азамат қаржылық тұрғыда тәуелсіз әрі ертеңіне сенімді болатын қоғам құра аламыз деген ойдамын», – деді Дәулет Мұқаев.

Дәулет Мұқаев өз қызметінде қаржылық білім мен халықтың аталған жобадан барынша хабардар болуының маңызына баса назар аударады. 2020 жылы ол «Dauletten» қайырымдылық қорын құрып, ондаған отбасын баспанамен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, қор ақпараттық-түсіндіру жұмысымен айналысады. Сол арқылы адамдар ипотекалық бағдарламаларды, бизнесті қолдау жобаларын, банк қызметтерін және тағы басқаларды жан-жақты түсінуде. Ал Мәжіліс депутаты қызметінде Дәулет Мұқаев үлескерлердің мүддесін белсенді қорғап, тұрғын үй қолжетімділігі, қоғамдық қауіпсіздік және білім сапасы мәселелерімен айналысады.

Еске сала кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы 2023 жылы 2 мамырда 12 банктің және 11 мемлекеттік органның қолдауымен бастау алды. Сарапшылардың дәрісінен бөлек, жобаға қатысушылар enbek.kz порталына тіркелу және ЖК ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін әзірлеуге дейінгі түрлі сұрақ бойынша кеңес алады. Сондай-ақ, оқыту барысында қатысушыларға заңгер көмегіне кепілдік беріледі. Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді. Курсқа жазылу үшін qogamfin.kz сайтындағы нысанды толтыру қажет. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Дәріс ұзақтығы – 5 жұмыс күні.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.