Кеше Мәжіліс Cпикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті.
Қатармен халықаралық келісімдерді ратификациялады
236
оқылды

Онда депутаттар дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Сонымен қатар мәжілісмендер Қатар және Ресей Федерациясымен бірқатар халықаралық келісімді ратификациялады.

Отырысты ашқан Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономикалық дамудың бірқатар көрсеткіші бойынша оң серпін бар екенін атап өтіп, алдағы бес жылға арналған жұмыстың басты  бағыттарын айқындап бергенін айтты.

– Президенттің барлық тапсырмасының артында, ең алдымен, халықтың тұрмысын жақсарту мақсаты тұрғанын атап өткім келеді. Осыған орай заңнамалық ше­шім­дердің бәрі халықпен тығыз байланыста қабылдануға тиіс. Халықтың пікірі, аза­маттардың ерік-қалауы – Мемлекет бас­шысының саясатының басты өзегі. Сон­дықтан депутаттар күнделікті жұмыста осы қағиданы ұстануымыз керек. Алға қойылған мақсат-міндеттерді іске асыру үшін әр депутат, әр фракция жұмыла жұмыс істеуі қажет, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Палата Спикері ең алдымен, заң мен тәртіпті сақтауға бағытталған шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударды. Мә­селен, алда қаралатын Цифрлық кодекс жобасы шеңберінде еліміздің тұрақ­ты­лығына нұқсан келтіретін жалған ақпа­раттың та­ралуына заңнамалық тұрғыдан тосқауыл қойылмақ. Сондай-ақ жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі жұмыс жал­ғасын табады. 

Салық реформасы барынша сарала­нып, байыппен қаралады. Ерлан Қошанов аталған өзгерістерді барлық қырынан жан-жақты қарастырып, салық сала­сын­дағы жағдайды жақсартуға бағытталған салмақты шешім қабылдау қажеттігін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар атом электр стансасын салатын орынды  анықтау тақырыбы салалық комитет пен Қоғамдық палата отырыстарында сарапшылар мен ғалымдардың қатысуымен талқыланып, соның қорытындысы бойын­ша конструктивті ұсыныстар әзірлене­тін болады.

Мәжіліс Қатармен екі халықаралық келісімді ратификациялады: 2024 жылғы 14 ақпанда Доха қаласында жасалған қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету және ұстап беру туралы. Құ­жаттар жөнінде Бас прокурордың орын­басары Ғалымжан Қойгелдиев баяндама жасады.

– Келісім күдіктілер мен айыптал­ушы­лардың кінәсін дәлелдеу үшін процессуалдық әрекеттерді жүргізуді көздейді. Мұндай іс-шараларға – қамаудағы адамдарды уа­қытша беру, тінту, қылмыстан түскен та­быстарды тәркілеу, банктегі шоттарды анықтау, сараптама жүргізу және басқалар кіреді. Бұл іс-қимылдарды жүргізу механизмі біздің Қылмыстық-процестік кодексте қарастырылған. Егер мұндай әрекеттер Қатар аумағында жүзеге асырылса, онда уағдаластық бойынша біздің құқық қор­ғау органдарының қызметкерлері оған қаты­са алады. Келісімде сондай-ақ құқық­тық көмек көрсетуден бас тартуға негіздер бар, – деді Ғ.Қойгелдиев.

Екінші келісім қылмыстық құқық­бұ­зушылық жасаған адамдарды ұстап беру тетіктерін құруға бағытталған. Тараптар жасаған қылмысы үшін кемінде бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру немесе одан да қатаң жаза көзделген адамдарды сұрау салу бойынша ұстап беруге міндеттеледі. Ұстап беруден бас тарту негіздері де қа­растырылған.

Жұмыс тобының жетекшісі Нұрсұлтан Байтілесов өзінің қосымша баяндамасын­да аталған келісімдер құқық қорғау са­ласындағы Қазақстан-Катар қатынастары­ның жаңа кезеңін бастап, келешекте екі ел азаматтарының мүдделерін қорғау тетіктерін сапалы түрде жақсартуы тиіс екенін атап өтті. 

Сондай-ақ Мәжіліс Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы Қазақстан мен Ресей біртұтас энергетикалық жүйе­лерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді ратификациялады. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан мен Ресей энергожүйелерінің шекарасында ауытқулар ұлғайып, яғни келісілген мемлекетаралық сальдосы +/- 150 МВт көлемінен едәуір асып түскенін хабарлады. Осыған орай Ресей тарабы бірыңғай энергетикалық жүйелердің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді жаңарту мәселесіне бастамашылық еткен.

Сонымен қатар жалпы отырыс барысында Мәжіліс дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жолдады. Заң жобасы 2024 жылғы 13 қарашада бірінші оқылымда мақұлданды.

Жұмыс тобының жетекшісі, депутат Нартай Сәрсенғалиев заң жобасын әзірлеу барысында депутаттар оған бірнеше маңызды түзету енгізгенін айтты. Мысалы, спорт түрлерін мемлекеттік қаржыландыру тәсілдері қайта қаралады.

– Заңға жоғары жетістіктер спорты деген түсінік енді, салаға бөлінген мем­ле­кеттің қаржысы енді соларға бағытталады. Жоғары жетістіктер спортына: Олимпиада, Паралимпиада, Сурдоолимпиада, Азия, пара Азия ойындары және ұлттық спорт түрлері кіреді. Бұрын уәкілетті министрлік 180-нен астам спорт түрін тіркеп қойып оның барлығына қаржы беріп келген болса енді олардың саны 3 есеге қысқарады. Жоғары жетістіктер спортының ішінде жоғары жетістік көрсеткендері үшін басым спорт түрлері деген түсінік енгізіліп, оның басымдықтары да айқын көрсетілді, – деді депутат. 

Депутаттар енгізген тағы бір маңызды өзгеріс – легионерлерге мемлекеттің бюджеті есебінен де, квазимемлекеттік сектор бюджеті есебінен де қаржы бөлуге тыйым салатын норма.  Енді тек жоғары жетістіктер спорты мен басым спорт түрлерін дамытуға, мемлекеттік ұйымдардың жұмыс істеуіне, бұқаралық спортқа және спорттық инфра­құрылымды дамытуға қаржы бөлінеді.

Сондай-ақ заңда спорт федерацияларын аккредитациялаудың сатылы үлгісін құру қарастырылған. Енді жергілікті аккредит­телген спорт федерацияларының респуб­ликалық немесе облыстық спорт феде­рациясына мүше болуы талап етіледі. Бұл ретте Туризм және спорт министрлігінің жеке құзыреттерін шамадан тыс заңнама­лық реттеу нормаларын алып тасталады. Туризм, дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметті мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары, мақсаттары мен мін­деттері нақтыланды.