Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, бастамаға сәттілік тіледі. Инвесторлармен кездесіп, мақта-тоқыма кластерін дамыту жобасымен танысты. Аймақ басшысы инфрақұлыммен қамту жұмыстарына жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізіп, мәселелер туындаған жағдайда дер кезінде хабардар етуді ескертті.
Отырар ауданында қолға алынған бұл жоба «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС бастамасымен және «Түркістан» ӘКК» АҚ бірлесе жүзеге асырылуда. Бірегей жоба заманауи су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, жоғары стандартты шикізат базасын қалыптастыруды, соңғы үлгідегі мақта өңдеу зауыттарын, тамшылатып суару таспаларын шығаратын өндіріс орнын және басқа да инфрақұрылымдық нысандарды қамтиды. Мұнда әкімшілік ғимараты, шаруашылық базасы, сорғы станциялары салынуда. Жалпы инвестициялық құны – 80 млрд теңге.
Жоба арқылы қуаттылығы жылына 160 мың тонналық 4 заманауи мақта өңдеу зауытын іске қосу, 6 мың тонна мақта тұқымын шығаратын өндірістік желісін құру көзделген. Оның ішінде биыл 2 зауыт іске қосылса, 2026 жылы тағы 2 зауытты іске қосу жоспарланып отыр. Жоба толық жүзеге асқанда, жақын маңайдағы аудан, қалалардың 1 500-ге жуық тұрғыны жұмыспен қамтылады. Отырар ауданында өндірілген шикізат Түркістан қаласындағы Turan арнайы экономикалық аймағында бой көтеріп жатқан жіп иіру, тоқыма, мата өңдеу, бояу және дайын өнім шығару фабрикаларына жеткізіледі.
Су үнемдеу технологияларын қолданатын еліміздегі ірі масштабтағы алғашқы жоба өндірістік процестің барлық кезеңдерін қамтиды. Үздік технологияларды қолдану есебінен су мөлшерін 3-4 есеге дейін үнемдеуге, жоғары өнімділік алуға мүмкіндік береді. Жобаның экономикалық тиімділігі орасан. Мақта-тоқыма кластерін дамытуға ықпал етіп қана қоймай, өңір бюджетіне кіріс әкеліп, салық түсімдерін арттырмақ.
Тұрғындар неге наразы?
Осынау ірі жобаның жүзеге асуының артында жергілікті биліктің көзге көрінбейтін қыруар жұмысы жатқаны белгілі. Алайда отырарлық ағайын жайылым жерден айырылып қалдық деп отыр. Олар ауданға шетелдік инвестор келеді деген сыбысты ести салысымен «мал жаятын жерге мақта екпек» деп наразылық білдірді. Айтуларынша, Сарыкөл елді мекенінің іргесіндегі алқаптарды бай-манаптар заңдастырып алған. Осы күнге дейін солардың жеріне амалдап мал жайып келген жұрт «енді шетелдіктерге өтсе қайтпекпіз?» дейді. Төрт түлік малды күнкөріс көзіне айналдырып отырған ауылдықтар тіпті мақта егілсе малды көшеге шығара алмай, қорада қамап ұстауға мәжбүр болып қаламыз деген күмәнін де жасырмады.
Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов журналистерге берген сұхбатында ауыл тұрғындарына бұл тұрғыда алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Түркістан облысында мақта кластерінің дамуына инвестор тарту үшін бұрынғы облыс басшысы Дархан Сатыбалдымен бірге Қытайға барып келген Нұралы Әлмаханұлы инвесторды әкелудің қаншалықты қиын болғанын да жеткізді.
«Жалпы, біз инвестор дегеннен шошымауымыз керек. Көп мемлекет инвесторлардың арқасында байып кетті. Инвесторды дұрыс пайдалана білсек, өңіріміздің дамуына үлкен үлес қосамыз. Инвестор ол тек шетелдік емес, өзіміздің кәсіпкерлер де инвестиция құйып, үлкен зауыттар салып жатса, ол да инвестиция. Арыс қаласы мен Отырар ауданына Қытайдан Xinjiang Lihua компаниясы келіп, 140 млрд теңге қаржы бағыттап, ірі жобаларды жүзеге асырғалы отыр. 30 мың гектар жердің әзірге 17 мыңы ғана шешілген. Бірінші этап бойынша 1 200 гектар жерге мақта егіп, 60 центнерден өнім алды. Бұл өнімді соры шығып жатқан жайылым жерден алды. Өңірімізде 30 жылдан бері мұндай 60 центнерден өнім алынбаған», – деп түсіндірді облыстық мәслихат төрағасы.
Қытайлық инвесторлар екінші этапта құны 47 млрд теңге болатын инфрақұрылым және су сорғыларын орнату жұмыстарын атқарса, 29 шақырым жерге құны 3 млрд теңге болатын канал қазбақ. 30 мың гектарға 11 млрд теңгенің қосалқы стансасын, 2,5 млрд теңгеге тыңайтқыштар баратын қондырғылар орнату жоспарлап отыр. Одан соң 21 млрд теңгеге 3 зауыт салады. Биылдың өзінде 84 млрд теңге жұмсамақ.
Жаһанға әйгілі жаңа бренд тууы мүмкін
Ауыл шаруашылығы министрлігі осы мәселе төңірегінде «Түркістан мақтасынан жасалған маталарды Louis Vuitton және Gucci пайдаланады» деген тақырыптағы ақпарат таратты. Онда Түркістанда 146,8 млрд теңгенің мақта өңдеу кешені салынады делінген.
Сонымен бірге Түркістан облысында мақта шаруашылығын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін, құны 146,8 млрд теңгені құрайтын жоба іске асырылып жатқаны белгілі. Ресми ақпаратта толық циклді тоқыма фабрикасында 11 цех жұмыс істейтін болады. Өндіріс қуаттылығы жылына 13 мың тонна иірімжіп, 50 млн метр үй тоқымасын, 7 млн жиынтық төсек әбзелдерін құрайды. 2 000-нан астам жұмыс орны құрылады. Мақта-мата кластерін дамытуға бағытталған өндірістік кешеннің құрылысын Xinjiang Lihua (Group) Co., LTD жүргізеді. Жобаның маңызды артықшылығы – компанияның Louis Vuitton және Gucci сияқты сән индустриясының алыптарымен тікелей ынтымақтастығы болмақ. Болашақта Made in Turkestan тігін жіптері мен маталары осы брендтерге сатылатын болады.
Отандық сорт көршілерді қызықтырды
Айта кетейік, Түркістан облысы – еліміздің мақта өсіретін жалғыз өңірі. «Мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы» шеңберінде тоғыз мақта кластерін құру жоспарлануда, бұл шитті мақтаның бағасына тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді. Облыс аумағында жыл сайын 100 мың гектар жерге мақта егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналады. Алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу, қытайлық тәжірибе бойынша мақтаның элиталық сорттарын егу суды, энергияны, ресурстарды тұтынуды оңтайландыруға және өнімділікті 60-65 ц/гектар дейін арттыруға мүмкіндік береді.
2023 жылы өңірде «Cotton Мақта» ЖШС мақта өңдеу зауытының жобасы іске қосылды. Кәсіпорын заманауи қытайлық жабдықтармен жабдықталған. Былтыр зауыт 40 мың тонна шитті мақта қабылдады. Сонымен қатар Қытай мен Өзбекстан инвесторларының қатысуымен құны 223,5 млрд теңге болатын екі инвестициялық жоба іске асырылуда.
Осы тұста өткен аптада Тәжікстан Республикасы Соғды облысы Бабоджон Гафуров ауданының делегациясы Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, мақтааралдықтардың тәжірибесімен бөліскенін де атап өтуге болады. Қонақтар «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасы» ЖШС-де болып, аудандағы селекция және тұқым шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, қазақстандық сорттарға үлкен қызығушылық танытты, Орта Азия үшін ағын су мәселесі өзекті болып жатқан қазіргі уақытта қазақстандықтардың жаңа технологияға бетбұрыс жасап жатқанына дән риза болып қайтты. Біздегі тұқымды Соғды облысындағы 100 гектардан астам жерге егуге ниет білдірді.
Ал Мемлекет басшысы кешегі өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Қазір бюджет тапшылығы бар екенін білесіздер. Сондықтан сапалы инвестиция әкелетін жауапкершілігі жоғары инвесторларға қосымша жеңілдіктер беру мәселесін қарастырған жөн», – деп атап өткен болатын. Сондықтан жергілікті халық өңірімізге құйылғалы тұрған осынау ірі жобаны қолдап, бірігіп жұмыс істеуді қолға алса құба-құп болары анық.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы