Еліміздегі электр энергиясын өндіретін 36 кәсіпорын 1 ақпаннан бастап шекті тарифтеріне өзгеріс енгізу үшін Энергетика министрлігіне өтінім берген болатын.
Энергетика саласы жүйелі жаңғыртуға зәру
410
оқылды

Оған кейін тағы 3 компания қосылды. Ендеше келесі айдан бастап электр энергиясы қымбаттай ма? Оның салдары қандай болуы мүмкін. Жалпы, электр энергетикасы саласында қандай түйткілдер бар?

Жалақы аз, шығын көп

«Еліміздің электр энергетикасы сала­сында соңғы уақытта жүргізіліп жатқан реформалар бұл саланың монополияға айналуына алып келді», – дейді сарапшы­лар. Мәселен, бұған дейін мұнда 140-тан астам компания қызмет көрсететін болса, былтыр Табиғи монополияларды реттеу ко­митеті (ТМРК) бөлшек саудада электр энергиясын сататын 119 тәуелсіз компа­ния­ның лицензиясын алып алды да, на­рық­та кепілдікке ие электрмен жабдық­таушы ұйымдар, яки 20 шақты «ЭСО»-лар ғана қалды. Олардың барлығы жергілікті электр таратушы компаниялармен, яки «РЭК»-термен тығыз байланысты. Осы­лайша, Энергетика министрлігі оларға бағаны өздері қоя алатын мүмкіндік беріп қойып отыр.

«Тәуелсіз электрмен жабдықтау компа­ния­ларын нарықтан алып тастау, бұл сала­ны саусақпен сануға болатын бірнеше оли­гархтың қолына бере салды. Олар – «Форбс» тізімінің тұрақты мүшелері. Бір-бірін танып қана қоймайды, үнемі араласып тұратын адамдар. Осылайша, реформа нәтижесі мінсіз олигополия боп шыға келді. Электр стансасынан розеткаға дейінгі аралықта тігінен интеграцияланған холдингтер тізбегі пайда болды. Енді олар тіпті картел құрып, кез келген ойларын іске асыра алады. Соның ішінде тариф сая­­сатын да өз бетінше жүргізуге қауқарлы. Бұл жерде ТМРК жұмысын қайта қарау керек. Өйткені Қазақстанның энергетика­лық тұрақтылығына нұқсан келгелі тұр», – дейді «Қазақстан электрмен жаб­дықтау ұйымдарының қауымдастығы» төрағасы Сергей Агафонов.

Енді тариф өсіруге ұсыныс беріп отырған сол монополистер мұнысын өздеріне байланысты емес шығындардың көбейіп кеткендігімен түсіндіреді. Оның бірінші факторы – кадр тапшылығы. Өндіріске персонал тарту және ұстап қалу үшін еңбекақысын өсіру қажет. Мәселен, былтыр орташа жалақы 18%-ға өсіп, 425 мың теңгені құраған екен. Енді биыл тағы да 15-20%-ға өсіріп, 490 мың теңгеге жеткізу жоспарлануда. Осылайша, 4,5 мың адамдық кадр тапшылығын жабу жос­парлануда. Сондай-ақ электр өндіруші компаниялардың көмір мен газ сатып алуға және тасымалдауға жұмсайтын шы­ғы­ны артқан. Сол сияқты жөндеу жұмыс­тарына керек материалдар да, соның ішінде металл өнімдері қымбаттап кеткен. Осылардың барлығын тариф өсіру есебі­нен жабу жоспарлануда. Алдын ала есеп­теулер бойынша оның соңы кВт/сағат үшін 2 теңге шамасында артуына алып келеді екен.

Енді өтінім беріп отырған компания­лар­дың тізіміне келсек, олар – ТЭЦ, ГРЭС, ГЭС сынды генерацияға ие кәсіп­орындар. Берісі киловат/сағатына 0,5 теңгеден бастап әрісі 30 теңгеге дейін тариф өсіруді сұрап отыр. Ауызын арандай ашып отырғандардың бірі – «Кентау Сервис» МКК қызмет құнын қазіргі 7,07 теңгеден 37,12 теңгеге дейін аспандатпақ. Әрине, оларды да түсінуге болады. Тәуел­сіздік алғалы жөндеу көрмеген кәсіпорын­ның тозу деңгейі 92%-ға жеткен. Соған сәйкес модернизациялау жұмысы да қар­қынмен жүруде. Ал оған қажетті қаражат­тың бір көзі – тариф. Десе де, халықты да ойлаған жөн болар. Өйткені 75 мыңдық тұрғыны бар қалада баға құраушы комму­нал­дық ресурсқа мінетін тариф салмағы олардың да иығына бататыны анық.  

«Мен Энергетика министрлігі Кен­таудағы компанияға тарифті аспандатуға рұқсат бере қояды деп ойламаймын. Өйт­кені өзім де бір кездері Батыс Қазақстан облысында энергетикалық кәсіпорынды басқарған кезде тарифті 5,26 теңгеден 11 теңгеге өсіруге өтінім берген болатынмын. Сол кезде маған да рұқсат бермей тастаған. Өйткені мемлекет ондайға жол бермейді деп санаймын. Тарифті әп дегеннен ондай үлкен көлемде өсірген дұрыс емес. Ал шындығын айтқанда, Кентау қаласына жаңа қазандық керек. Онда да газбен істейтін орталық салу қажет. Кеңес кезінен қалған ескі нысанды модернизациядан өткізген жөн шығар. Бірақ жаңасын салған одан да дұрыс», – дейді «Атамекен» Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Жақып Хайрушев.

Сол сияқты 39 компанияның арасынан тариф құнын 4-5 теңгеден асыра ұсынып өткен кәсіпорындарды да атай кеткен жөн болар. Олар – «Топар» бас таратушы энер­гостанциясы» ЖШС, «Батыров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» АҚ, «Севқазэнерго» АҚ, «Павлодарэнерго» АҚ, «Текелі энерго­кешені» ЖШС, «Ақтөбе ТЭЦ» АҚ, «Арқа­лық ОЭК» МКК (5 тг), «Таразэнергоцентр» АҚ (7 тг), «Ақтөбе рельс-шпал зауыты» ЖШС (8 тг), «Қазақмыс Энерджи» ЖШС, «Bassel Group LLS» ЖШС, «Степногор ТЭЦ» ЖШС (9 тг), «Шахтинскжылуэнерго» ЖШС (15 тг). Мұның барлығы Энергетика министрлігінің тиісті бұйрығында көр­сетілген. Десе де, бұл шектік тарифтер соң­ғы тұтынушы үшін сол қалпы сақтал­майтыны анық. Өйткені екі ортада электрмен жабдықтау ұйымдары немесе электр энергиясын бірыңғай сатып алушылар бар. Олар да өз қызметақыларын өсіретіні екібастан. Сол себеп ақпан айындағы бұл өзгерістер соңғы тұтыну­шының қолындағы түбіртекте мамыр айында көрініс тауып қалуы бек мүмкін. 

Тарифтің өскені жөн

Сарапшылар тарифтің өскені жөн деп отыр. Бүгінгі ахуал – біздің ұзақ уақыт бойы оны өсіртпей ұстап келгеніміздің салдары. Елімізде генерациялық қуат көздерінің және инфрақұрылымдардың тозуы өте үлкен көрсеткіштерге жетті. Енді соның зардабын тартып отырмыз. Республика бойынша орташа тозу 60-70%-ды құрайды. Ал Арқалық, Кентау және Орал қалаларындағы ТЭЦ-терде ол 90%-дан асып кеткен. Сондықтан да мемлекет тарапынан мұндағы жағдайды оңалтудың барынша мүмкіндіктері қарастырылуда.

Мамандар мәселе тарифтің өскенінде емес, оның ашықтығында екенін айтады. Мәселен, электр өндіруші ұйымдар қыз­мет құнын өсіретін кезде ешқандай да қоғамдық тыңдаулар өткізілмейді. Барлы­ғы МЭ мен ТМРК деңгейінде шешіледі. Ал электр энергиясы баға құраушы комму­налдық ресурс болғандықтан, оның сал­мағы соңғы тұтынушының қалтасына салмақ боп түсетіні рас. Сондықтан да мұн­да реттеу мен қадағалау тетіктерін жетілдіре түсу қажет.

«Біз бұл мәселені көтеріп жүргенімізге көп болды. Мұнда қоғамдық бақылау болғаны жөн. Соның бір тетігі – Нарық кеңесін араластыру. Былтыр жыл бойы осы ұйымды «Атамекен» ҰКП-ға қарасты 6 ассоциацияның бірінің құрамынан шығарып, салалық құзіретке ие орган ретінде құру үшін барымызды салдық. Бірақ қолдау таппадық. Бұл бір жағы саладағы коррупциямен күрестің деңгейін білдіреді. Мұнда мүдделер қақтығысы бар екенін көре тұра оны мүлдем елемеу бар. Енді әзірге Нарық кеңесі сол бір ассо­циацияның инвестициялық бағдарлама­ларын мақұлдайтын ұйым боп қалып отыр», – дейді «Қазақстан электрмен жаб­дықтау ұйымдарының қауымдастығы» төрағасы Сергей Агафонов.

Оның айтуынша, Табиғи монополия­ларды реттеу комитетінің де құзіретін жетілдіру қажет екен. Өйткені ол ин­фляция мен тарифтерді индексациялаудан басқа ештеңеге жауап бермейді. Не Ресейден электр энергиясын сатып алу бойынша мәселелерге де, еліміздің энерго­жүйесін реттеуге де, түтіннің экологияға әсеріне де, құрал-жабдықтардың сақ­талуына да жауап берпмейді. Бір сөзбен айтқанда, Энергетика министрлігінің әлі келмейтін, ал ТМРК басын алып қашып, мүлдем араласпайтын тұстар өте көп. Табиғи монополияларды реттеуде осындай олқы­лықтар аз емес. Мәселен, моно­полистер тек электр өндіруге ғана емес, оны тарату, мердігерлікке беру саласының бәрін де жаулап алған. Ал ТМРК-нің оны­мен шаруасы жоқ.

ҚҚС өссе, тариф те өседі

Елімізде қазір қосымша құн салығын кө­теру мәселесі қызу талқылануда. Бұл мәселенің электр тарифін айналып өтпейтін жайы бар. Өйткені салықтың жанама түрі саналатын бұл салық тауарлар мен қызметтердің өзіндік құнына кіреді, ал түптеп келгенде оны тұтынушы төлейді.

«Энергетика және коммуналдық кә­сіпорындар көтерілген ҚҚС-ны электр энергиясы, жылу, су және канализация құ­нына қосуға мәжбүр болады. Мысалы, егер 1 кВт/сағ электр энергиясының та­рифі 15 теңге десек, ішінде ҚҚС мөлшер­лемесі – 12%. Егер, ол 20%-ға өзгерсе, кемінде 8%-ға көтеріледі. Егер расымен де солай өзгерер болса, салық реформасының мақсатына нұқсан келмек. Ол басқа са­лаларда тізбекті реакция туды­рады. Салық жүктемесінің әрбір қосымша пайызы инвестициялық жобалардың құнын арттырып, саланың дамуын тежеп, бүкіл коммуналдық жүйенің тұрақты­лығына қауіп төндіреді. Оның үстіне, жобалардың табыстылығы мен инвес­тициялық тартым­ды­лығы төмендеп бара­ды. Бұл әсіресе ин­фрақұрылымды жаң­ғырту және эко­логиялық таза техно­логияларға көшу сияқты елеулі күрделі салымдарды қажет ететін жағдайларда өте маңызды», – дейді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палата­сының басқарушы директоры Жақып Хайрушев.

Сондай-ақ ол ҚҚС-тың 20%-ға дейін көтерілуі түпкілікті тұтынушылар үшін тарифтердің өсуіне, жаңғырту жоба­ларының құнының өсуіне және бизнестің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне әкеледі деп болжайды. Бұл келеңсіз сал­дардың алдын алу үшін саланы мемлекеттік деңгейде қолдау және мұқият ойлас­тырылған қадамдар қажет.

 

Бет қатталып жатқанда:

Сонымен, соңғы сәтте белгілі болған­дай, былтыр жыл соңында Ашық НҚА-да жарияланып, жұрт назарына ұсынылған Энергетика министрлігінің бұйрығына 27 қаңтар күні қол қойылған екен. Оған сәйкес, 36 компанияның тек 17-сіне ғана тарифтерін өзгертуге рұқсат етілген. Олардың қай компаниялар екені нақты белгісіз. Соған қарағанда басқа компания­ларға рұқсат кезекпен берілетін іспетті.

Нұрлан ҚОСАЙ