Үкімет биыл шетелдік банктердің елде филиал ашуын жеңілдетпек. ДСҰ мүшесі ретінде республика мұны 2020 жылдан бастауға тиіс еді.
Шетелдік банктерге шекара ашылады
249
оқылды

Тура 5 жыл кешікті. Нарығымызға шетелдік ірі банктер кірсе, ел экономикасына қосымша серпін береді. Бәсекелестік көрігі қызады.Басқа игілігі жетерлік. Дегенмен банкирлер қорқынышын жасырмады: дамыған елдегі бас банкінен өте арзан пайызбен қаржы-капитал алатын филиалымен біздің банктердің терезесі тең бола алмайды екен. Үміт пен үрей жағаласқан жағдай болып тұр.

Қанағаны емес, қолдағаны қажет

Қазақстанда банк секторы шектен тыс «монополияланған». Ұлттық банк дерегінше, 2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша отандық банк сектор­ында 21 екінші деңгейдегі банк қана қалды. Оның 9-ы – шетелдік банк­тердің филиалы. Яғни, 20,2 миллионнан астам халыққа небәрі 21 банк қызмет етеді. Салыстырсақ, Ұлттық банктің мәлі­метінше, небәрі 7,3 миллион тұрғыны бар Қырғыз Республикасында 21 коммерциялық банк пен 305 филиалы жұмыс істейді. 

Қаржыгерлер отандық банктердің «жатыпішерге» айналып бара жатқанын айтып жүр. Былтыр банктер ұсағы, шағыны, ортасы, ірісі бар, барлық бизнес субъектілеріне 12,6 трлн теңге ғана несие берген. Оның өзінде мемле­кет­тің кәсіпкерлікті қолдау бағдарла­малары аясында бөлінетін триллион­даған бюджет қаржысы банктер арқылы таратылады. Демек, оны банктің ақшасы деп санауға келмейді.

Банктер негізінен халықтың ақшасына байып отырғанға ұқсайды. Ұлттық банктің ресми дерегінше, 2024 жылғы 11 айда банктердің халыққа берген кредиттері 20,3 триллион теңгеге жетті. Сөйтіп, қазір бұқараның банктер алдындағы қарызын әрбір Қазақстан азаматына шақсақ, жаңа туған сәбиден еңкейген қарияға дейін банктерге 1 мил­лион теңге қарыз болып шығады және бұл сан қарқынды өсу үстінде.

Ел басшылығы да, депутаттар да банк­тердің кепілсіз және пайызы жо­ғары кредиттерімен ел еңсесін езе бер­уін­е тосқауыл қою жолдарын сарыла іздеп, заң қабылдады. Бірақ банкирлер мұны шыбын шаққан құрлы көрер емес. Ұлттық банк мәлі­метінше, банк­тер­дің халыққа тарататын қарызының басым көпшілігін дәл осы кепілсіз тұ­ты­нушылық заем құрай­ды. 2024 жылы банктердің бөлшек портфелінің құрылымында тұтынушы­лық қарыздар ауқымы 13,5 триллион теңгеге дейін ұлғайды!

Парламентшілер масқара бір жайтқа назар аудартты: банктердің интернет-телефон алаяқтарына көмектесетіні аңғарылады. «AMANAT» партиясы фр­ак­­циясының мүшесі, Мәжіліс депу­таты Мұрат Әбеновтің айтуынша, хал­ық­пен кездескенде ең көп қозғал­атын бір мәселе – банктік алаяқтық. Олар шетелде отырып, елді электронды түрде алдайды. Банктер оларға кедергі жасамайды, тіпті көмектеседі ме деген күдік бар.

– Маған Қостанайдан бір азамат келді. Ол азамат ақпан айында өзі банкке жүгінгенде, оған несие бермей қойыпты. Ал үш айдан кейін, бір-ақ күнде алаяқтар оның атынан бірден 4 банктен несие алған! Банктер сонда оның айлығын да тексермеген. Ол ақ­ша бірден басқалардың шотына аударылып, дропперлер арқылы ақшаға айналдырылған. Банктер Парламентке келгенде, бізге әдемі сөздер айтып кет­еді, бірақ халықты мазалаған бір мәселе де шешілмейді, – дейді депутат.

Тағы бір дерек: банк секторының жиынтықты активі 2024 жылғы 11 айда 15,1%-ға немесе 7 трлн 767 млрд теңгеге өсіп, жалпы көлемі 59,2 трил­лион тең­геге жетті. Осы ұшан-теңіз ақша ел экон­омикасына құйылса, Үкімет шетелден инвестор іздеп са­был­мас еді. Қазақстан ірі жобаларға халықаралық қаржы институттарынан несие тартып, борыш батпағына батпас еді. Қаржы­герлердің айтуынша, оның орнына банктер осы мол капиталының бір бөлігіне биржада үнемі қаптатып доллар сатып алып, тоқтаусыз теңгеге қарсы ойнайды, девальвацияға дем береді. Қалған қаржыны банктер мем­лекеттік құнды қағаздарға, обли­гацияларға салып, мемлекетті өзіне қарыздар етіп қойды. 

Есін жиғызар ескерту жасалды

Үкіметтің кешегі кеңейтілген отыр­ысындағы сөзінде банк секторына жеке тоқталған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатты айтты. Мұны Үкімет пен құзырлы органдардың жа­­қын арада назар аударуға тиіс негізгі міндетінің бірі деп айқындады. Мем­лекет басшысы маңызды жобаларды қаржы көздерімен қамтуда қиындық барын ашық жеткізді.

Сондықтан отандық банктердің ресурстарын үкіметтік бағдарламаларға, атап айтқанда, ірі инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы мен жаңғырту жұмысына тарту керек. Қ.Тоқаев мем­ле­кет бөлетін қаражатты кезең-кезеңімен несие мөлшерлемесін субсидиялауға қарай бағыттауды тапсырды. Бұл, оның байламынша, экономиканы қаржылан­дыру көлемін бірнеше есе ұлғайтып, банктердің бос жатқан ақшасын эконо­микалық айналымға қосуға мүмкіндік береді.

– 2017 жылдан 2020 жылға дейін бірқатар ірі банкке мемлекет тарапы­нан, Ұлттық қор есебінен 15 жыл мер­­зімге қаржылай қолдау көрсетілді. Бұл көмек банк акционер­лері де ортақ жауапкер­шілікке ие болады деген талаппен берілді. Кейбір банк өз шығындарының орнын әлде­қашан толтырып алды. Бірақ мем­лекет қар­жы­сын қайтаруға асықпай­ды. Тіпті, оны жоғары пайызбен тәуекелі аз мемлекеттік қаржы құралдарына сал­ып, кепілді табыс тауып отыр! Үкімет пен Ұлттық банкке шара қабылдауды тапсырамын, – деді Президент.

Оның пайымдауынша, «әділ серік­тестік» жоқ, диалог негізінде соны ор­нату қажет. Тоқаев мемлекеттің кез­­інде банкирлерге көмектескенін, өте қомақты қаражат бергенін алға тар­тып, енді олар­дың көмектесу кезегі келгенін нықтады.  

Қаржы саласының маманы, анали­тик Болат Абдрахман шетелдік банктерге нарығымызды кең ашу сала­дағы қорда­ланған мәселелерді шешуге ықпал ететініне сенімді.

– Шетелдік ірі банктер келіп жатса, олар қазақстандық қаржы жүйесінің тұрақтылығына өзіндік қосымша кепіл болады әрі олардың келуі шетелдік инвесторларға оң сигнал-белгі болады. Бізде шетелдік дегенде бүгінде не­гізінен, қытайлық, ресейлік банктер. Бір-бірден америкалық, түрік, чех банкі бар. Шет­елдік банктер филиал ашқысы келмейтін елдер артта қалған, дамымаған саналады. Керісінше, барынша көп банк еншілес ұйымын ашса, ол ел тәуекелі аз, қауіпсіз, тар­тымды әрі сенуге тұрарлық деген сөз, – деді сарапшы.    

Оның мәліметінше, ДСҰ Қазақ­станға 2015-2020 жылдар аралығында өтпелі кезең ұсынды, дайындалуға, салалық заңнамасын өзгертуге, бәсе­келестікке бейімделуге уақыт берді. 2020 жылы Парламент «Валюта­лық реттеу және валюталық бақылау тура­лы» заңына түзету енгізіп, шетелдік банктерге фил­иал­ын ашуға рұқсат етті. Алайда өктем банк лоббиінің сол кездегі Үкіметке сөзі өтімді болып, шетелдік банк­тердің алдынан кедергілер қойылды. 

Сарапшының түсіндіруінше, елі­міздегі «шетелдік» банктер «Қазақстан­дағы Қытай банкі», «Ситибанк Қазақ­стан», KZİ Bank, «Шинхан банк» деп «бөтенше» аталғанымен, шынын­да бәрі де қазақстандық банк инс­ти­ту­ттары саналады және бірі қалмай, бәрі Қазақстанның Депозит­терге мін­детті кепілдік беру жүйесіне қатысады. 

коллаж: Елдар ҚАБА

Мұның бір кесірі бар: шетелдегі бас банк пен оның қазақстандық енші­лес банкі арасындағы қаржы айналымы «бір банк ішіндегі капитал ағыны» емес, «банкаралық операция» деп тан­ыл­ады. Салдарынан, бас банктің еншілес ұйым­ы­на қарызы Қазақстан­ның сыртқы борышына кіреді. 

Бір жағынан, Қазақстан билігі осы арқылы елге келетін ақша ағынын ба­­қы­лау рәсімін елеулі жеңілдетті. Екін­ші жағынан, отандық банктер үшін қарыз ақшаның құнын қымбат­татты. Мысалы, Америкада бір банк өз бөлімшелеріне орта есеппен 2,8%-бен заем бере береді. Тиісінше, ол банк өзге елде төл филиалын ашса да оған осы пайыздық мөлшерлеме­мен несие қаражатын ұсына алар еді. 

Қазақстан заңнамасы бойынша ұсына алмайды. Өйткені еншілес ұйымы  «қазақстандық банк» ретінде тіркел­гендіктен, ол шетелдегі бас банктен ақшаны тек «шетелдік қаржы институты­ның заемы» түрінде ала алады. Бұл жағдайда пайыздық сыйа­қысы да жоғары. Салдарынан, банктің қазақ­стандықтарға беретін кредиті де қым­баттайды. 

Bloomberg жазуынша, тарихи рек­ордқа жетті дегеннің өзінде 2024 жылдың соңында, АҚШ-та 30 жылдық ипотека­лық несие бойынша ставкалар­дың орташа көлемі 6%-ды құрады. Одан арзаны табылады. Ал, Қазақстанда 6 пайыздық ипотека – мемлекеттік бас­пана бағдарламасы аясында тек осал топтарға қолжетімді.

Қандай шетелдік банк келуі мүмкін?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбіл­қасымованың айтуынша, Парламент құптаған «Кейбір заңнамалық актілерге қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушы­лардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енді шетелдік банктер бөлімшелерінің еркін ашылуына мүмкіндік береді. Бұрынғы үкіметтер қойып келген біраз тосқауыл жойылып жатыр. 

– Бұл заңнамалық түзетулер Қазақ­станда шетелдік банктерді ашу жөнін­дегі талаптарды ырықтандыруға, сон­дай-ақ қаржы ұйымдарының басшы қызметкерлері үшін рұқсат беру рә­сімдерін жеңілдетуге бағытталған. Мемлекет басшысы 2023 жылғы Жол­дауында елімізге кемі 3 сенімді шетелдік банкті тарту және банк секторындағы бәсекелестікті арттыру міндетін қойды. Шетелдік банктер филиалы туралы талаптар Қазақстан­ның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі аясында 2020 жылы белгіленді, – деді қаржылық реттеушінің басшысы. 

Қазір еншілес ұйымды немесе фи­лиалды ашу үшін рұқсат беру процесі 2 күрделі кезеңнен тұрады. Біріншісі – рұқсат беру, екіншісі – лицензия алу. Шетелдік инвесторларға арналған талаптарды оңайлату мақсатында шет­елдік банкті ашуға рұқсат алу құжат­тарының тізбесі қысқартылып отыр. Құжаттар саны шетелдік бас ком­пания­ның рейтингіне байланысты болады. Жалпы, құжаттар саны 24-тен банк рейтингіне қарай 17 немесе 8 құжатқа дейін кемітіледі.

Сонымен бірге бұл реформа аясында шетелдік инвесторлардың ауқымды санын тарту үшін филиалдар құру кезінде шетелдік банктің активіне қойылатын талаптар 20 миллиардтан 10 миллиард долларға дейін төмен­детіледі. Өйткені 20 миллиардтық активке ие алпауыттар Қазақстанға келуге қызықпай тұр. Орта­шалары келсе де қуаныш.

Бұдан басқа, шетелдік банктердің филиалдары үшін рұқсат етілген қызмет түрлері кеңейтіледі. Оған шетел валюта­сын айырбастау опера­циялары, кастод­иандық қызмет, транс­фер-агент қызметін жүзеге асыру, синдикатталған қаржылан­дыруға қатысу, төлем кар­таларын шығару сияқ­ты операциялар қосылды. Екінші кезеңде шетелдік банктің банктік лицензия алуға арналған құжаттар тізбесі де 50 құжаттан 7 құ­жатқа дейін қысқар­тылады.

Депутат Үнзила Шапақ 20 миллиард доллар деген шектеуді кезінде Әбілқас­ымова ханымның өзі ұсынғанын еске түсірді. Сол уақытта агенттік «шетелдік банктердің филиалдарын ашуға қойыла­тын талаптарды 20 миллиард долларға көтеру шетелден келетін ірі қаржы ұйымдарын көбейтеді» деген уәж айтқан болатын.  

Мәдина Әбілқасымова мұны рас­тады. Алайда оның мәліметінше, 2020 жылдан бері бірде-бір шетелдік банк Қазақстан нарығына келмеді. Сондық­тан Президенттің тапсырмасымен олар бұл тоспаны төмендетіп отыр. Агенттік төрайымы олардың енді келері­нен үмітті.

– Мемлекет басшысының тапсыр­масын орындау үшін біз бірқатар шетел банкімен кездесіп, келіссөздер жүргіздік. Нәтижесінде, кейбірі өз филиалын Қа­­зақ­станда ашуға қызы­ғушылық танытты. Алдымен олардың активін тексердік. Активтері шамамен 10-20 миллиард доллар аралығында. Сон­дықтан оларды тарту үшін талап­тарды заң жүзінде жеңілдетуге ұсыныс жасадық, – деді агенттік төрайымы.

Сонда қандай елдің банктері бөлім­шесін ашуы мүмкін? М.Әбіл­қасымова бірінші кезекте Қазақстанмен тығыз экономикалық қарым-қатынасы жолға қойылған мемлекеттерден дәм­е­лі. Бұлар Азия елдері, араб мемле­кеттері, Түркия, Қытай, Еуразиялық одаққа мүше мемле­кеттер. 

Қазір 3 халықаралық қаржы тобы Қазақстанда банк ашуға шешім қа­былдады. Ішіндегі ірісі – Оңтүстік Кореяның BNK Financial Group тобы­ның активтері шамамен 135 мил­лиард долларды құрайды. Бұл қар­жылық топ елімізде үш жыл бұрын микроқаржы ұйымын (МҚҰ) құрған-тын, енді соны банкке айналдырмақ. Агенттік былтыр рұқсатын берді.  

Қатар елі Bereke Bank-ті сатып алды. Ол Qatar Investment Authority деген үлкен холдингі құрамына кірді. Сондай-ақ БАӘ-нің ADCB банкінің Қазақстанда исламдық қаржыландыру операциясын жүргізетін банкі бар. Олар биыл әмбебап операциялар жасайтын банк ашуды жоспарлады.

Қорыта айтқанда, бүгінде Қазақ­станның банк секторының бүкіл активі шамамен 113 миллиард долларды құ­р­ай­ды. Дүние-мүлкі 10 миллиард дол­лардан төмен емес шетелдік банктер нарығы­мызға келсе, отандық банк секторы күрт іріленіп, жүзіне жаңа қан жүгірері сөзсіз.

Елдос СЕНБАЙ