Айтпағымыз, жақында осынау «Ақ кеме» туындысының сахналық үлгісі астаналық көрерменге ұсынылып, айрықша сезімге бөледі. Жастар театрының репертуарына енді қосылған «Ақ кеме» спектаклінің режиссері – Шыңғыс Жақыпбай. Ол аталмыш шығармаға басқаша көзқараспен, таңсық бағытпен келген.
Қойылымды тамашалап отырып, ата мен немере арасындағы туыстық жібінің және ұрпақтар сабақтастығының тіні ешқашан үзілмейтініне сенесіз. Айдын көл бетіне қондырған ақ кемесін асау толқындар арманымен қайта әкелетініне сенген баланың кейпіне қарап, еріксіз іштей тілеулес боласыз. Бұл – осы оқиғаны сахналық үлгіге сәтті бейімдеген режиссер Шыңғыс Жақыпбайдың шығармашылығындағы тырнақалды туындысының бірі. «Ақ кеме» повесінің желісімен спектакль қойған театр некен-саяқ. Жеті жасар баланың арманы ақиқатқа айнала ма, әлде үміті үзіле ме? Спектакль осы сауалға жауап іздейді. Күн шықса дүрбісін қолға алып, көкжиекті көруге асығатын, кеш батса арманын айдын көлден күтетін баланың тағдыры әкені аңсауға, анасына деген сағышышқа толы. Бұл тақырыпты арқау етудегі мәні неде екенін білу үшін режиссерді әңгімеге тарттық. Ол театр көркем өнер екенін негізге ала отырып, кей сахналардың толықтырылғанын және қызықты сахналардың қосылғанын айтты.
– «Ақ кеме» – менің шығармашылығымдағы екінші қойылым. Бірінші рет «Шырақты» қойғаннан кейін Ш.Айтматовтың «Ақ кемесін» қойғым келді. Туындыны тағы да қайталап оқып, оқиғаны басқа қырынан көрдім. Бұл шығармада баланың арманы арқылы қоғамдағы мұңды да, қайғыны да көрсетуге тырыстық. Қойылым мен ойлағандай шықты, дегенмен бағасын көрермен береді. Негізі, спектакльді баланың көзқарасымен көрсеткім келді. Көпшілік сұрауы мүмкін, неге ақ сахна? Бұл – баланың ішкі тазалығы, баланың арманы, көңілі. Иә, мойындау керек, «Ақ кеменің» сахналық үлгісі жазба нұсқасынан сәл өзгеріске ұшырады. Мысалы, бала арманы көп, арманы арқылы көрерменге сол кезде мектептің болмағанын көрсеткіміз келді. Осы сахнаны, одан кейін Сейдахметтің білім туралы айтқанын қостық. Бала мектепке барғысы келетінін айтқанда, Сейдахмет «Қандай мектепке барасың? Біз білімсіз адамбыз ғой. Мектеп болса, бәріміз барып оқымаймыз ба, жақсы өмір сүрмейміз бе? Ешкімге керек емес болып қалдық, бізді ешкім іздемейді» дейтін нюанс қостық, – деді Ш.Жақыпбай.
Повесте әр кейіпкердің қалыптасқан образы бар. Балаға жаны жақын, бірге ойнау үшін қорыққанынан тығылып келетін жас келін, Сейдахметтің әйелі Гүлжамал спектакльде толық ашылады. Бала мен жеңгенің ойнаған сахнасы көбірек көрсетіледі. Режиссердің айтуынша, Сейдахметтің де толықтырылған сахнасы бар. Оның себебін көрерменге түсінікті болуымен, мазмұнды жеткізуімен түсіндірді. Ал басты кейіпкердің бірі – бала. Асылбек Әйтіштің сомдауымен көрерменге жеткен әкесін сағынған бала бейнесі көптің көңілінде айрықша орынға ие болды. Айтпақшы, бұл – қойылымның екінші премьерасы болғандықтан, Асылбек актерлік қырын әлдеқайда шыңдап алғанын айтты.
– Ш.Айтматовтың бұл шығармасы өте ауыр. Кез келген актерге баланың рөлін сомдау қиындық тудырады. Өйткені басқа образдарға актерлік қабілеті жеткенімен, баланың күйіне ену оңай емес. «Ақ кеме» баланың басынан кешкен оқиғасы туралы болғандықтан, спектакль тікелей баланың сахнадағы образына байланысты болды. Сондықтан кейіпкерді көрерменге түсіндірмес бұрын, алдымен өзім түсінуге тырыстым. Себебі ойнайтын рөлге актердің өзі сенбесе, көрермен де сенбейді. Екі айға жуық дайындық кезінде кішкентай дүниеден де үлкен арман күтетін баланың ішкі жанын толық түсіндім деп айта аламын. Әсіресе, «Ата, шынымен мектеп жоқ па? Мектепке қашан барамыз?» деген бір ауыз сөзі оның білімге деген құлшынысының қаншалықты екенін көрсетеді. Алғашқы премьерада актерлік қырымның аз болғанын байқадым, ал кеше өзіме сенімді түрде рөлді алып шықтым. Нәтижесін көрдіңіздер, әр көрермен риза болғанына қуаныштымыз, – дейді Асылбек Әйтіш.
Көркем әдебиет, классикалық туындының барлығы дерлік сахналық үлгіге сәйкес келеді. Бұл арқылы көрерменнің сана көкжиегін арттыруға ықпал етуге болады. Мәселен, «Ақ кемедегі» Момын шалды кітаптан оқыған оқырман мен сахнада көрген көрермен ойын ұштастыра отырып, кейіпкерді жан-жақты қырынан көре алады. Мейірімді, еңбегі бағасыз Момын шалдың рөлін алып шыққан Елдос Шәйкенов режиссердің жұмысын жоғары бағалайтынын айтты.
– «Ақ кемені» көпшілік оқыған шығар деп ойлаймын. Сондықтан өздері елестеткен Момын шалдың образын шығара алдым ба, жоқ па білмеймін. Бірақ мен өз ойымда кейіпкерімді толық көрсеттім деп айта алмаймын. Неге? Біріншіден, жасымызда әжептәуір айырмашылық бар. Екіншіден, әлі жұмыс істейтін, режиссермен ақылдасып толықтыратын тұсы бар. «Ақ кеме» бір оқығаннан түсінікті болатын шығарма болса да, режиссер өзінің шеберлігін қосты: музыка, басқа шешім қосып, формасын өзгертуге тырысты. Бірқатар театрда қойылған «Ақ кемеден» өзгешелеу шықсын деген мақсаты болған шығар. Момын шалдың тағдыры өте қиын. Әр отырысы, жүріс-тұрысы бірнәрсені көрсетіп тұруы керек. Мұның алдында бірінші премьерасы өткенде Момынның сыртқы мықтылығын ғана іздеппін. Оның мықтылығы іште жатыр екен. Көзқарасының өзі басқаша болуы керек. Енді ойлаңызшы, қызын сабаған адамның образын қалай жеткізу керек? Әлі де маған өмірлік тәжірибе, театрлық тәжірибе жетіспей тұрғанын өзім де сезіп тұрмын.
Қойылым басында бала атасын суреттейді. Спектакльде бала болмаса ата жоқ, ата болмаса бала жоқ. Сондықтан Момын шал шығармада бір үйдің іргесі секілді. Шынымды айтсам, кей оқиға менің өмірімде кездеседі. Үлкен ағам ауылда немересімен жалғыз отыр. Рөлге енуім үшін бір жағынан сол кісіні көп еске аламын. Әрі «Ақ кемені» оқып, шалдың образымен шығып, жаңағы ағамның жағдайын енді түсініп отырғандаймын. Момынның шығармадағы шалдан көп ерекшелігі бар. Оны қария ретінде жасын көрсетпей, қарапайым адам қатарындағы Момын деп алдық. Қырғыз шығармасы болғаннан кейін біз барынша қазаққа жақын етіп көрсетуге тырыстық. Өйткені сахнада қырғыз емес, қазақ ойнап жатыр. Болашақта Момынды басқа актер ойнаса екен деймін. Өйткені осы кейіпкерді сыртынан көргім келеді. «Ақ кемені» қанша оқысам да, кейіпкерлерді үнемі сыртынан көре алмаймын, – дейді М.Шәйкенов.
«Ақ кеме» қойылымы ата-ананың балаға қарым-қатынасын көрсетіп берген, қоғамның өзекті мәселелерін қозғаған спектакль деп білеміз. Театр өмірдің, қоғамның айнасы деп қарасақ, қырғыз халқының да, қазақ халқының да тұрмысы ұқсас екенін аңғарамыз. Бір жағынан режиссердің шеберлігі арқылы оқиға желісі қазақ халқының болмысына қарай бейімделе түскен.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ