Медиаобраз имидж қалыптастырады

Медиаобраз имидж қалыптастырады
Еліміз соңғы жылдары халықаралық аренада айтарлықтай өзгерістер мен дамуларды бастан өткеріп отыр. Әлемнің ақпарат айдынында тұрақты медиаобразын қалыптастырып та үлгерді.

Дегенмен бұл үнемі бір қалыпта болмайтын  құбылыс. Жақында ақпараттық кеңістікті еліміздің образын қалай көрініп жатқанын зерттеп жүрген Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Гүлмира Әшірбековамен сұхбаттасқан едік. Әңгіме барысында жаңа терминнің мазмұнын кеңінен ашып, оның зерттелу үрдісі туралы айтып берді.

Ақпаратты сараптай білетін қоғам қалыптасуда

– «Медиаобраз» туралы көп айтыла бермейді. Бұл термин қандай мағынаны білдіреді? Бұл туралы отандық зерттеулер бар ма?

– Қазір  елімізде медиаобраз туралы зерттеулер мүлде жоқ деп айта алмаймыз. Айгүл Ниязғұлованың, Айтмұханбет Есдәулетовтің осы тақырып аясында жазған бірқатар еңбегі мен зерттеулері бар. Медиаобраз – мемлекеттің саяси, экономикалық, әлеуметтік, психологиялық көрсеткіші. Бұл термин әлі ғылыми айналымға ене қойған жоқ. Журналистикадағы медиаобраз «Мемлекет имиджімен» егіз ұғым. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған сұқбат, репортаж, түрлі месседждер арқылы қалыптасады. Бірақ алдын ала жоспарланбайды. Медиобраз  екі позияцияда зерттеледі. Бірнішісі – позитивті, екіншісі – негативті позияция. Зерттеу бойынша қазір әлемдік медиакеңістікте негатив ақпарат көп жарияланады.

        Қандай мысалдар келтіруге болады?

– Айталық, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың маусымында Украина мен Ресей арасындағы оқиғаға байланысты Санкт-Петербургте күтпеген мәлімдеме жасап, бірқатар елді мойындамайтынын айтқан еді. Бұл туралы шетелдік жарияланымдарда жазылды. Қазақстан өзінің саяси позициясын айқындап көрсетті деген ақапарат көп таралды. RAND корпарациясының адъюнкт-стипендиаты, АҚШ-тың Қазақстандағы бірінші елшісі болған Уильям Кортнидің ел Президентінің айтқан мәлімдемесіне батылдық деп баға беруі отандық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Одан бөлек, әуезді әнімен Қазақстанды әлемге танытып жүрген Димашты еліміздің мәдени образын жасап отыр деп айтсақ болады.

Негатив ақпараттың көп жариялануын негізге алатын болсақ, мына мысалды айтайық: ВВС News Қазақстандағы ұшақтың құлауын бірнеше рет жариялады. Мұндай ірі ақпарат агенттіктерінде қызықты ақпаратты қайталап беру дәстүрге айналған. Жақында ғана Bloomberg-тің беттерінде Қазақстан туралы теріс көзқарас қалыптастыратын ақпарат жарияланды. Бұл мақала Қазақстан туралы негативті ақпараттар таратқаны рас. Зерттеу барысында нақты тұжырым жасау әлі де ертерек деп ойлаймын. Өйткені әзірге батыс медиасындағы Қазақстан туралы ақпарат пен мақалаларды жинақтап, талдап отырмыз. Сондықтан мынадай қорытынды жасаймыз немесе мынадай әдістеме ұсынамыз деу қиын. Бір айта кетерлігі, «қоғамдық дипломатия» арқылы мемлекеттің медиаобразын жақсартуға немесе позитивті жағына қарай бұруға болады. Мәселен Bloomberg-тегі ақпарат жарыққа шыға салысымен, оқырман арасында қарсы пікір білдірушілер артқан. Демек ақпаратты сараптай білетін аудитория қалыптасып келеді. Манипуляторлық технология мен пропагандаға қарсы иммунитет даму үстінде.

 

Мақсат – негатив ақпаратпен күресу

– Әлемнің ақпарат айдынында көбіне негатив жаңалықтар жарияланса, онымен күрес шаралары да жүріп отыруы керек шығар?

  – Иә, медиаобразды зерттеушілер арасында негатив ақпаратпен қалай күресуге болады деген сауал төңірегінде бірқатар пікірлерді алға тартуға болады. Біріншіден, негатив ақпаратпен күрестің нақты мынадай деген мысалы жоқ. Алайда негатив ақпараттың дамушы мемлекеттің экономикасына, даму болашағына тигізетін кері әсері күшті. Екіншіден, коммерциялық бағыттағы алпауыт ақпарат агенттіктері мен шетелдік ақпарат құралдарында жарық көрген негатив ақпаратқа қарсы күрес үшін әлеуетіміз мықты болуы керек. Үшіншіден, негатив ақпаратпен күрестің тиімді тәсілі – позитив  ақпараттарды көбейту, қоғам назарын басқаға бұру. Өзбекстан медиаобразын зерттеген Б.Алимов 25 жыл бойы 20 елдің ақпарат құралдарын зерттеген. Ғалымның зерттеу мақалаларында Өзбекстан туралы ақпаратты позитивті және негативті деп бөліп, оны территориялық жағынан үш топқа бөліп қарастырады. Батыстағы бұқаралық ақпарат құралдары (Ұлыбритания, Германия, АҚШ), ТМД елдері, Азия елдері. Батыс медиасында Орталық Азия елдеріне қызығушылық басым болғанымен, көбіне сыни мақалалар көбірек жарық көреді. ТМД елдері ақпарат құралдарында позитивті жаңалық басым, Азия елдеріндегі ақпарат құралдарында оншалықты көп болмаса да, позитив ақпараттарды кездестіреміз. Мемлекеттің медиаобразын жасау үшін халықаралық деңгейдегі танымал ақпарат агенттіктерімен тығыз байланыс орнату керек. Мысалы ВВС News-тің  Орталық Азия елдеріндегі Қырғызстанда бөлімшесі бар, ал Қазақстанда жоқ. Егер ірі медиа ақпарат кеңістігінің елімізде де бөлімшесі болса, еліміз туралы позитив ақпараттың қатары көбейер еді.

Түркиядағы бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан жайлы негатив ақпаратты онша көп кездестірмейміз. Негізінен басқа елдің мүддесіне айшы келетін ақпарат тарату ақпарат құралының бағыт-бағдарына тікелей байланысты. Еуропада аудитория үшін бәсеке күшті, сондықтан да олар оқиғаны болжам жасап талдауға бейім. Оның ар жағында манипуляция күші анық байқалып тұрады.

– Белгілі бір елдің, өзіміздің елдің медиаобразын анықтауды неден бастау керек? Қандай тәсілдерді қолданамыз?

Контент-талдау жасау үшін «CNN», «The Guardian», «Reuters», «Associated Press», «The Diplomat», «Eurasianet» және басқа да ақпарат агенттіктерінің 100-ден астам жарияланымдары талданды. Ақпараттардың жарияланған мерзімі 2022 жылдың қаңтар айы. Зерттеу объектісі ретінде аталған БАҚ-тарды таңдаудың себебі, олардың әлемдік ақпарат кеңістігінде беделге ие болғандығында және ақпаратты берудегі жанрлардың әралуандығында. Контент-талдау жасау барысында Қазақстан жайлы материалдарда жиі кездесетін сөздер анықталып, келесідей тақырыптар тізбегі қалыптасты: елде орын алған соңғы оқиғалардың көрінісі мен сипаттамасы, қазіргі Президенттің бейнесі мен атрибуттары, елдің маңызды серіктестерінің аталып, белгіленуі, мемлекеттегі ең маңызды мәселелердің біріне айналған. Оған президенттің мемлекеттің оң имиджін қалыптастыруда батыл қадамдар жасауы ықпал еткенін жасырмаймыз. Министрлікке осы тақырыпта ғылыми жоба әзірлеп жатқандықтан, басқа талдауды кейін ғылыми мақалаларда жариялаймыз. Қазір осы тақырыпта Әсел Абылханова зерттеу жүргізіп, докторлық диссертациясын жасап жатыр. Бұл да ертең студенттердің медиаобраз тақырыбын кеңінен түсінуге мүмкіндік беретін оқулық болады деп ойлаймын.

        Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ