Өмір жолы еңбек пен табандылықтың, білім мен ізденістің жарқын үлгісі болған Нұрбах Рүстемов те саналы ғұмырын мемлекеттік қызмет ісіне арнап, еліне адал еңбегі сіңген тұлға. Ол өзінің қажырлы еңбегі мен жаңашыл бастамалары арқылы туған халқына қызмет етіп келеді.
Көпбалалы отбасында 1965 жылы қаңтардың 31-жұлдызы күні «сегізінші перзент болып дүние есігін ашқан сәбидің есімін әкесі Тұрар Нұрбах» деп атайды. Мәскеуде әйгілі ЦК КПСС Кунцеводағы емханада демалып жатқан кезде Шығыс Германияның басшыларының бірімен дос болады. Сол кезде туған баласының атын – қазақтың «Нұр» деген сөзін алады да, немістің әйгілі азаматтарының атынан «Бах» дегенін алады. Нұрбах елгезек, тілалғыш, бауырмал болып өседі.
Қаршадайынан «Еңбекке ерінбеңдер, бейнет түбі – зейнет» деп еңбекке баулыған әке тәрбиесі елгезек баланың өмір жолында да айнымас серігі болды. Мектеп қабырғасында жүргенде де ұстаздарының таңдаулы шәкіртіне айналды. Оқуда озат, қоғамдық жұмыста белсенді шәкірт болды. Есейе келе әкесі Тұрар Рүстемұлының ізін жалғап, ұстаздық жолды таңдады.
1982-1986-жылдары Алматы педагогикалық шет тілдер институтын ағылшын тілі мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, 1983-1985-жылдары Отан алдындағы азаматтық әскери борышын атқарып келді. Еңбек жолын Түркістан қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №1 орта мектепте ұстаздықтан бастады. 1987 жылы Түркістан қалалық комсомол комитетінің хатшысы, Қазақстан Комсомолының Орталық комитетінде Орготделінде Жауапты ұйымдастырушы болып екі облыстың (Жамбыл және Талдықорған) кураторы болды.
1989 жылы Мәскеу қаласында ВЛКСМ Орталық комитеті жанындағы Жоғары комсомол мектебін саясаттанушы мамандығы бойынша оқып бітірді. ЕҰУ Дипломатиялық академиясын, Гумилев атындағы Халықаралық қатынастар және Қазақстан-Ресей университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған білікті маман.
1989 жылы тамыз айында Нұрбах Рүстемов Қазақстан Жастар Одағының Орталық комитетіне жұмысқа шақырту алды. Сол кезде Қазақстан Республикасы Орталық комитетінің хатшысы болған Иманғали Тасмағанбетов: «Нұрбах – сен 1986 жылдан кейін Оңтүстіктен тұңғыш Орталық комитетке қызметке шақырылған қызметкерсің, жерлестерің үшін өнеге болуың керек» деп, Нұрбах Тұрарұлына үлкен сенім артып, жігерлендірді.
1990-1992 жылдар аралығында «Қазхинторг» АҚ сарапшысы, 1992 жылдың қаңтар айынан, Егемендігіміздің алғашқы күндерінен бастап 1997 жылға дейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік Протокол басқармасында үшінші хатшыдан басшысына дейінгі қызметтерді атқарды.
1997-1999-жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жоғары экономикалық кеңесінде бас сарапшы, Премьер-Министрі кеңесінің Сыртқы қатынастар бөлімінің меңгерушісі болды.
Жақсыдан шарапат
«Жақсыдан шарапат» дегендей, Нұрбах Тұрарұлы түрлі қызмет атқара жүріп, өнбойына ел ағаларынан салиқалы өнеге сіңіреді. «Жолы болар жігіттің..» деп халқымыз бекер айтпайды. Нұрбах Рүстемовтың жолында жақсы жандар аз кездеспеген-ді. Өзі де қаршадайынан «Ағадан – ақыл, атадан – нақыл» естіп өскендіктен болар, өмірін өнегеге толтырды. Қазақтың даналық жолы ұлтымыздың тарихи тұлғаларымен ерекшеленеді десек, руханиятымыздағы орны ерек, Мәдениет министрі болған Өзбекәлі Жәнібековтың тағылымды тәрбиесіне алды. Ел тарихында аты алтын әріппен жазылған мемлекет қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтың өзі Нұрбах Тұрарұлын «Министр бала» деп атап, үнемі тілеулес болып, жол сілтеп қанаттандырды. «Бұлақ көрсең – көзін аш» дегендей, өзі де талапты, елгезек Нұрбах Тұрарұлының шыңдалуына ерекше көңіл бөледі. Халқымыздың алып тұлғаларының көзін көріп, суалмайтын арнасынан сусындап, мәңгілік сарынын жалғастырушы Нұрбах Тұрарұлы өзі де қоғамда нар тұлға болып қалыптасады.
«Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі» дейді халқымыз. Қазақ үшін киелі, түгел түркінің түп негізі Түркістаннан түлеп, қасиетті топырақтан нәр алып, саналы ғұмырында еліне етене, халқына қалаулы болып қызмет етті.
1999 жылы еліміздің Парламентінің Мәжіліс сайлауында «Түркістанды түлету – парызымыз» деген ұранмен шығып, жеңіске жеткен болатын. 1999-2009-жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің II, III, IV шақырылған Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан сайлау округінен сайланған депутаты, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.
Нұрбах Рүстемов отыз жылдан аса уақыт өмірін мемлекеттік қызметке арнаған, дипломатиялық қарым-қатынаста бірлік пен бейбітшілікті ұстанған, ұйымдастырушылық қабілетін халқымыздың болмысына, идеологиясына, рухани бітіміне оны зерттеп білуге жұмсады. Ойға алған, көкейге ұялаған ісін тындырмай тынбайтын қасиетімен де көпшілікке үлгі бола алды. Батыр Бауыржан бабамыздың «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дегеніндей-ақ тәртіп пен тазалық, туралық пен тұрақтылық секілді қасиеттерімен елінің құрметіне бөленді. Депутат бола жүріп, халқының қалаулысына айналды. Депутаттық мандатымен Үкіметке ойын бүкпей, ашық айтып, халқының қажетіне жарады. Кентаудағы ЖЭО-ны жөндеп-жабдықтау үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлдірді.
Түркістан облыс орталығы болмай тұрғанында-ақ тек қалаға емес Кентау қаласына да жаңа ауруханалармен бірнеше мектеп салуға ықпал етіп, республикалық бюджеттен қомақты қаржы қарастыру секілді істің басы-қасында жүрді. Туған жер алдындағы борышын ұмытпай, Түркістанның рухани жаңғыруына, статусын көтеруге, өсіп-өркендеуіне жан аямай, еңбек сіңірді. Тұңғыш рет студенттердің стипендиясын 40 пайыз көтеру, Саяси партиялар туралы заңға «ұлттық партиялар құруға тыйым салу», «желтоқсандықтарға» соттың шешімі шықса да төленбей жүрген компенсацияларын 2001 жылы шұғыл түрде алу секілді бірқатар мәселені көтерді.
Руханият елшісі
Мемлекет тарихында саяси-мәдени және рухани байланыстарды нығайтып, елдер арасындағы ынтымақ пен достықты тереңдетуде елшіге артылар жүк жеңіл емес. Елшілік қызметте кәсіби дипломат, руханият елшісі, бейбітшілік жаршысы ретінде танылды.
2009 жылы Президент Нұрбах Рүстемовты Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі етіп тағайындады. Екі ел арасында татулық пен ынтымақты нығайтып, достық байланыс орнатуға күш салды. Иранда Елші болып Иран елінің басшылығынан архивтерінде жұмыс істеуге Қазақстанның ғалымдарына рұқсат алып беріп, ғалымдарға жағдай жасатып, Ғалия Қамбарбекова деген шығыстанушы тарихшы қызымыз қазақ даласына тән тың тарихи деректер тапқан болатын.
2010-2013-жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі болып тағайындалды. 2013 жылдың сәуірінен бастап – Қазақстан Республикасының Венгриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі атанды. Венгрия жерінде оғыз-қыпшақ бабаларымыздың ізі қалған, олардың үрімбұтақтары әлі де осы жақта тұрып жатыр. Мәселен, венгр деген сөз – көне түрік тілінде «тогуз-оғуз» деген сөзден шыққан десек, тарихи тамыры бір венгрлер мен қазақ мемлекеті арасындағы бауырмалдық, достық қарым-қатынасының дамуында Нұрбах Рүстемовтың сіңірген еңбегі зор. Зердесі зерек, ойы ұшқыр Нұрбах Тұрарұлы Венгрия – ғұнғария көне түрік тілінің қазақ тіліне ұқсас тұстарын қойын дәптеріне жазып та жүрді. «Елдестірмек елшіден» дегендей, 2014 жылы Қазақстан мен Венгрия арасындағы Стратегиялық партнерлік келісімшартқа қол қойылды. Дипломатия түсінігінде мұндай құжат қабылдауға қол жеткізу – дипломат үшін дипломатияның шыңына жеткен Елшінің еңбегі деп саналады.
2013 жылғы 9 қазаннан Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Сербия Республикасындағы, Бұрынғы Югославияның Македония Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды. Бұл қызметті 2019 жылға дейін атқарды.
Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен Мажарстандағы Абай ескерткіші 2014 жылдың маусым айында Будапешттің беделді аудандарының бірінде орнатылған еді. Ұлы Абай бабамыздың осы ескерткішінің ашылуына Нұрбах Тұрарұлының сіңірген еңбегі, қосқан үлесі орасан. 2019 жылдың сәуір айынан бастап Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрбах Тұрарұлы Қазақстан Республикасының Румыниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымы қызметін 2023 жылдың наурыз айына дейін атқарды.
Дипломатиялық елшілік қызметінде Өзбекәлі Жәнібековтай алыптан дарыған дүниетанымның рухани сабақтастығы талай жерде халқымыздың ұлы тұлғаларын танытып, өзге елде ескерткішінің ашылуына, екі ел арасында мәдени-рухани байланыс орнатуға көп көмегін тигізді. Иә, біз Нұрбах Тұрарұлын бекерден-бекер руханият елшісі деп атамаймыз.
2014 жылы Будапештте Астана көшесін ашып, сол кездегі ШҚО-ның әкімі Б.Сапарбаевтың қолдауы арқылы Абайдың мүсінін орнатты. 2016 жылы Белград қаласында Астана көшесін ашып, сол кездегі Алматы облысының әкімі А.Баталовтың қолдауымен Жамбылдың мүсінін орнатты. 2020 жылы Бухарестте Қазақстан алаңын ашып, ЕҰУ-дың ректорының қолдауымен Абайдың мүсінін орнатты. 2021 жылы түркі халықтары мекендеген Румынияның Добруджа өлкесінің орталығы Месджидия қаласында Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткішінің салтанатты ашылуын ұйымдастырды. Білім іздеп, қиырға қанатын қомдаған жастардың Венгрияда тегін білім алуына, сондай-ақ тікелей Визэйр компаниясының ұшағымен жетуіне ықпал жасаған да Нұрбах Тұрарұлы екенін ұмытпаған абзал.
«Жігітке жеті өнер де аз» дейді қазақ. Профессор, экономика ғылымдарының кандидаты, ағылшын тілі мұғалімі, халықаралық қатынастар маманы сынды еңбектері де еліміздің даму жолына қосқан орасан үлесі екені сөзсіз. Ғалым ретінде «Қазақстан Республикасының халық шаруашылығының әлеуметтік саласын стратегиялық жоспарлау» атты ғылыми еңбектің және «Қазақстанның әлеуметтік саласын дамыту стратегиясы», «Қазақстан Республикасының әлеуметтік дамуын болжау», «Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту стратегиясын қалыптастыру» секілді кітаптардың авторы. Нұрбах Тұрарұлы ана тілінен өзге ағылшын, орыс, түрік тілдерін жетік меңгерген полиглот та... Жаны жайсаң, жүрегі жомарт жанның Санжар Ғұлама секілді талай баланың өмірін арашалап, қолұшын берген қайырымдылық істері де бір төбе. Жасаған жақсылығын жарияға жар салмай-ақ жылағанды жұбатып, шаршағанға сая бола білді.
Қалай десек те, еңбектің еленіп, дер кезінде бағаланғаны да бір бақыт емес пе. Нұрбах Рүстемовтың кеудесінде «Парасат», «Құрмет» ордендері, «Астана», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конститутциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конститутциясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл», «Астанаға 20 жыл», «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне 25 жыл» медалдары мен ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Достық» ордені, «Құрмет белгісі» орденінің кавалер кресті (Венгрия), «ІІ дәрежелі Сербия туы» ордені тағы да басқа мемлекеттік, халықаралық дәрежедегі марапаттары еліне еткен адал еңбегінің куәсіндай жарқырайды.
Алпыстың асқарына келген тағылымды ғұмырында жақсылардың шарапатына бөленіп, өзі де жақсылық жаршысы, руханият елшісі атанған Нұрбах Рүстемовке мерейлі жас, мерекелі жылдар тілейміз!
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ