Өткен жылдың соңында Ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желілердегі «әдемі өмір» және «успешный успех» культі адамдарда бәріне оңай және қарапайым жолмен қол жеткізуге болады деген ой тудыратынын, жастардың осыған сеніп, уақыттарын босқа өткізіп жатқанын атап өткен еді. Мемлекет басшысы айтқан «әдемі өмір культі» дегеніміз не? Ол қалай пайда болды? Мұның залалы қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік...
Америкалық арман немесе «Әдемі өмір» – жалған
427
оқылды

«Бүгінде әлеуметтік желілердегі әдемі өмір мен «сәтті жетістік» деп аталатын агрессивті жарнама адам­дарда бәріне қол жеткізу оңай және қарапайым деген ой тудырады. Кей­бір жастар осыған сеніп, қым­бат уақыттарын босқа өткізеді. Шы­ны керек, кез келген жетістік­тің артында тынымсыз еңбек жа­тыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккер­ле­рінің бірінші форумында. Сондай-ақ ол еңбекқорлық пен жауап­кер­шілік ұлтымызға тән қасиетке ай­­­на­луға тиіс екенін атап өтті. «Мен еліміздің әрбір азаматының өмірлік мақсатының адал әрі жауапты ең­бек арқылы табысқа жету бол­ғанын қалаймын. «Жауапкершілігі мол азамат – адал еңбек – адал та­быс» қағидасының мәні де осын­да», – деді Президент. Сонымен «әдемі өмір культіне» тоқталайық. 

Өткен ғасырдағы Голливуд фильм­дерін еске түсіріп көрелікші, ондағы Америка өмірі қалай су­реттелуші еді?! Екіқабатты үлкен үйде тұрып жатқан отбасылардың бақытты ғұмыры, есік алдындағы қымбат көлік, тіпті көгалдары тегіс қырқылған алаң, таңертең «ағыл­шын таңғы асын» ішіп, жұ­мысына асыққан, шалбарының қыры сынбаған отағасы. Қамсыз өмір. Байқасақ кез келген адамның ар­мандаған тәтті ғұмыры. Осыдан келіп «америка­лық арман» (American Dream) де­ген ұғым пайда бол­ды. Бұл ұғым, тіпті Америка Құ­рама Штат­та­рының миллиондаған халқын өр­кениетті өмірге жете­лей­тін ұлттық идеяға айналып үлгерді. Яғни, «аме­рикалық арман» – адам­ды бақытқа жеткізеді деп түсіндіріп, «егер америкалық жүйе амери­ка­лық саясаттың қаңқасы болса, онда америкалық арман – оның жаны» деп есептеді. Дегенмен өткен ға­сырдың аяғында, 1990-жылдардың басында зерттеушілер «америкалық арман» тұжырымдамасын білді­ретін сәттілік идеясының қоғамға кері әсері барын да байқайды. Олар бұл идеямен ауырғандардың тек ақша мен мансапқа ұмтылатын­дығын түсінеді. 1993 жылы «амери­кандық арманның» теріс әсерін зерттеген ғалымдар үш зерттеуді талдайды. Алғашқы екеуінің нәти­желері сәттілік пен байлыққа деген ұмтылыс студенттердің әл-ауқаты мен психикалық денсаулығына нашар әсер ететіндігін көрсетті. Студенттер өздеріне деген сенім­діліктің төмендеуін сезініп, де­прес­сия мен мазасыздыққа ұшыраған. Ал әртүрлі әлеуметтік топтағы жастарды қамтыған үшінші зерттеу «америкалық арманның» зияны туралы тұжырымдарды толығымен растады. Яғни, адамдар өздерінің қаржылық әл-ауқаты мен табысына басымдық берген сайын, олар өздерін өмірге бейімделмеген жан ретінде сезініп, өз болмыстарын қабылдауда қиындықтарға тап болған. Бұл адамдармен қарым-қатынаста көбірек көрініс тапқан. Сонымен қатар адамдарда мінез-құлықтарының өзгеруі жиілеген. Мұның себебі «америкалық арман» екінің бірі қол жеткізетін оңай дүние емес еді. Тіпті, аспандағы Ай­мен тең деуге болады. Осы ретте бір қызық дерек келтірелік. Investopedia статистикасына назар салсақ 2024 жылы «америкалық арман» орта есеппен 4,4 миллион долларды құраған екен. Онда үй жағдайында өмір сүру бойынша орташа бағам болжаммен есептелінген. Оның ішінде үйлену, екі баланы тәр­биелеу, үй сатып алу, отбасына жа­ңа көліктер сатып алу, зейнеткер­лікке ақша жинау, жыл сайынғы еңбек демалысы және тағы басқа шығындар қарастырылды. Сондай-ақ көпшілік көз тіккен Америкада зейнеткерлікке шығу үлкен дайын­дықты талап етеді. Ең кем дегенде зейнет жасына жеткенше қорға 1,6 миллион доллар жинақтау керек. Ал үй сатып алу үшін 20% бастапқы жарна мен 30 жылдық ипотеканы ескере отырып, жалпы сомасы 930 мың АҚШ доллары қажет. Одан кейін бір отбасы 17 жасқа дейінгі екі баланы тәрбиелеуге және мем­лекеттік колледжде төрт жыл оқуға 832 мың доллар төлеуге дайын бо­луға тиіс. Ал 29-дан 74 жасқа де­йінгі екі жаңа көлікке ие болу үшін 811 мың доллар жұмсалады. Бұл машинаны жөндеу, жүргізу шы­ғыны есепке алынбаған. Дегенмен АҚШ Халық санағы Бюросы Аме­рика қоғамдастығы сауалнамасы­на сәйкес, АҚШ-тағы орташа ба­калавр дәрежесінің иегері мансап жолында шамамен 2,8 миллион доллар табыс табады. Ал әйелдер 2,4 миллион доллар, ал ер адамдар 3,3 миллион доллар жұмсайды. Осы тұста айта кеткен жөн, «4,4 миллион АҚШ доллары – өмір сүру үшін жұмсалынатын жалпы қаражаттың бір бөлігі ғана» дей­ді зерттеушілер. Демек, «аме­рикалық арманның» ауылы қа­рапайым тұрмыс кешіп жатқан жандар үшін қашық. 

Әлеуметтік желідегі «тіршілік»

Иә, Президент айтқан әлеу­меттік желідегі «әдемі өмір» бүгінде көпшілікті әлекке салуда. Өнер жұл­дыздары мен табысты кәсіпкер­лердің әлеуметтік желідегі ғажайып өмірі кім-кімді болса да қызық­тыр­май қоймайды. Дегенмен олардың шынайы өмірі де әлеуметтік же­лідегідей ме?! Әлеуметтануда «Үй­рек синдромы» деп аталатын құ­былыс бар. Ол адамның әлеуметтік желідегі жазбаларында көрсететін «идеалды түрі» және оның шынайы өмірі арасындағы айырмашылықты түсіндіреді. Яғни, адам өзінің шы­найы өмірі мен әлеуметтік медиасы арасында әртүрлі әрекет етеді. Бұл синдром адамның әлеуметтік же­ліде бөлісетін ақпараты мен сурет­тері шынайы өмір тәжірибесін көр­сетпейтінін білдіреді. Осы ұғым­ды алғаш рет Стэнфорд уни­верситеті ойлап тапқан. Маман­дар «үйрек синдромы» терминін студенттердің кез келген күйзелісті, депрессияны, өз-өзіне күмәндану­шылықты басу кезінде сырттан са­бырлы болып көріну қабілетін түсіндіру үшін қолданды. Неліктен «үйрек» деген сауалға жауап ізде­сеңіз, су бетінде мінсіз жүзіп бара жатқан үйрекке назар салсаңыз болғаны. Судың үстінен қараған кезде үйректе ешқандай ауыртпа­шылық жоғын байқайсыз. Ал негізінде нағыз қиындық – судың астында. Үйректің көл астындағы аяқтары бір машина секілді ты­нымсыз жұмыс істейді. Әлеуметтік желілердегі адам өмірлері де сон­дай. Себебі әлеуметтік медиа – бұл барлық нәрсеге ешбір күшсіз, к­ү­рессіз қол жеткізілетіндей әсер қал­дыру үшін қолайлы орта. «Үй­рек синдромының» белгісі бар адам­ға ең көп әсер ететін негізгі деталь – басқа адамдар. Яғни, қа­зақша нұсқасында «жұрттың бала­лары». Өзгенің табысты өмірін жиі бақылау – өзіңізге деген сенімді­лікті төмендетеді. Бұл синдром адам­да алаңдаушылық пен деп­рессияны тудырады. Facebook-тың бұрынғы бас директоры Стивен Хаффман 2016 жылы Facebook пайдаланушының көп уақытын қалай өткізетінін зерттегенде, бұл платформа өз пайдаланушы­ла­рының көңіл күйіне әсер етуі мүм­кін екенін байқады. Хаффманның айтуынша, әлеуметтік желілерде адамдар өздерінің бейнесін немесе абыройын ұдайы жақсартуға ты­рысады, бұл өз кезегінде адамдар­дың реальды өмірде көңілсіз сезі­нуіне алып, әлеуметтік желіге тә­уелділік құбылысын зерттеу үшін бірнеше тәжірибе мен зерттеу жүргізген. Мәселен, Майкл Ри­чард­сон және оның командасы 2015 жылы жүргізген зерттеуінде әлеуметтік желілерге тәуелділіктің жоғары деңгейі депрессия мен күй­зеліс деңгейінің артуымен бай­ла­нысты екенін анықтаса, Солтүстік Каролина университетінің про­фессоры Шон Паркс 2017 жылы әлеу­меттік желілерге тәуелділік мә­селесін зерттей отырып, ин­тер­нет-құмарлықты денсаулық­қа әсері туралы тәжірибе жүргізіп, әлеуметтік желілерге тәуелділік адамның шынайы қарым-қаты­нас­тарын бұзып, жалғыздық сезімін күшейтеді деп есептеді. 

Жоғарыда айтқан «Үйрек син­дромы» секілді әлеуметтік желінің өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналуы өзге де әртүрлі синдром­ның туындауына әкелді. Мысалы, желіде болып жатқан қызықты немесе маңызды нәрсені жіберіп алудан қорықсаңыз, FOMO син­дромына шалдыққан болуыңыз әбден мүмкін. Ағылшын тілінен ау­дарылған felling missing out ұғы­мы интернеттегі жаңалықтарды жіберіп алудан қорқу сезімін си­паттайды. Бұл синдроммен ауы­ратын адамдар барлық оқиғалардан хабардар болғысы келеді. Өзіне ұнайтын адамдардың өміріндегі оқиғалардан тыс қалмау үшін әлеу­меттік желілерді үнемі тексереді. Бұл шектен тыс алаңдаушылыққа, өзін-өзі бағалаудың төмендеуіне және виртуалды әлемде уақытты бос өткізуге ықпал етеді.

FOMO синдромы өзгелердің өміріне қызығушылықтан туын­даса, керісінше сіздің жазған су­реттеріңіз бен салған суреттеріңізге деген өзгелердің пікірін білуге құш­тарлық «Селфи» синдромы деп аталады. Әдетте, мұндай адамдар әр суретін өңдеп, оны желіге жүк­теген соң аудиториясынан реакция күтеді. Тиісті фидбек ала алмаған жағдайда көңіл-күйі түсіп, пси­хи­калық ауруға шалдығуы да ғажап емес. 

«Google эффектісі»

Әлем әлеуметтанушылары мен психологтері ақпараттың шектен тыс көп болуы ақпарат вандализ­мінің пайда болуына себеп болады деп есептейді. Lost Art of Reading деген кітапта автор Девид Улин «Мен үнемі ақпаратқа мас болудан зардап шегемін» деп жазады. Бұл ретте тағы бір синдром – «Ақ­па­ратты шамадан тыс қабылдау» син­­дромы да бар. Бұл синдром жұ­мыс пен оқуда зейіннің тө­мен­деуіне, көңіл-күйдің құбылмалы болуына және үнемі ұйқыдан тұр­ғанда түсініксіз дел-сал күйдің бо­луына әсер етеді. Сондай-ақ «Ақ­параттан шаршау синдромы» деген де бар (Information fatigue syndrome – кейбіреулер ақпараттық шаршау деп аударуы да мүмкін). Бұл – шындықты дұрыс бағалай алмауға, жалған қорытынды мен қате шешімдер шығаруға әкелетін адамның нақты психологиялық жағ­дайын көрсететін ұғым. Тер­минді 1996 жылы америкалық ней­рофизиолог Дэвид Льюис енгізіпті. Ақпараттан шаршау адамның кө­ңіл-күйінің күрт құбылмалы бо­луына және негізсіз шешімдер қа­былдауына итермелейді. Ақпарат шамадан тыс болғандықтан, ми қобалжу күйге түсіп, мәліметтердің қажетті көлемін адекватты түрде қабылдауға және өңдеуге қабілетсіз болады. Тым көп ақпарат адамды кө­бінесе аналитикалық ойлау қа­білетін сал етіп тастайды. Дэвид Льюис бұл құбылыстың мынадай белгілері бар дейді: 1) жаңа ақпа­ратқа және оның ықтимал көзде­ріне үнемі құштарлық; 2) созылма­лы ұйқысыздық және жаңа күн үшін тағатсыздану мен алаңдау; 3) шешім қабылдау қабілетінің тө­мендеуі (алған ақпарат туралы ойлануға уақыт жоқ). 

Байқасаңыз, соңғы уақытта адамдардың есте сақтау қабілеті төмендеп бара жатқан сыңайлы. Бұған толассыз ақпараттар ағыны мен әп-сәтте телефоннан қарай салатын ақпараттарды жаттаудың қажеті жоқ деп санайтын шешіміз­дің де қатысы бар. Яғни, технология ықпалынан есте сақтау жадының төмендеуін «Google эффектісі» деп атайды. Google эффектісіне – ақпаратты есте сақтаудың орнына сұрақтарымызға жауап алу үшін Google сияқты іздеу жүйесіне сү­йенетін құбылыс деп анықтама бе­руге болады. Интернеттен қа­жетті ақпаратты оңай таба ала­­тынымызды білгенде, біз бұл де­рек­терді жадымызда сақтауға ты­рыс­паймыз. 

Наурызбек САРША