Мемлекеттік сатып алу порталының дерегіне сүйенсек, қала билігі 2020 жылы 21 желтоқсан күні Mega build Kazakhstan ЖШС-мен 1,47 млрд теңгеге крематорий салу туралы келісімге қол қойған. Құжаттарға сәйкес, крематорий құрылысы 2021 жылдың 21 қыркүйегінде қолданысқа берілуге тиіс еді. Алайда миллиардтаған қаражат қарастырылған ғимарат әлі күнге дейін іске қосылған жоқ. Ұзаққа созылған мәселенің түйінін тарқатуға не кедергі? Ал крематорийдегі «жұмыс істеу ережесі» мен мұнда қызмет ететін кадр мәселесі қалай шешіліп жатыр? Көптің көкейіндегі басты сұрақты Алматы қаласының әкімдігіне жолдағанымызбен, сауалымызға нақты жауап ала алмадық...
Өткенге шегінсек, Қазақстанда крематорий салу туралы мәселе ең алғаш 1980-жылдары көтерілген еді. Сондай-ақ 2003, 2012-жылдары да бұл тақырып қоғам назарына қайта оралып, кейін халықтың қарсылық танытуымен жоба жүзеге аспай қалды. Дәлірек айтсақ, шаһардың Құрылыс басқармасы Қазақстандағы мұсылман қауымның мәйітті өртеу рәсіміне қарсы шығуына байланысты елде крематорий ешқашан салынбайтынын мәлімдеді. Алайда халықтың қарсылығына қарамастан аталған мәселе қайта көтеріліп, нәтижесінде қалада қайтыс болған адамды өртеуге арналған нысан бой көтерді.
Жақсы, жұрттың талқысына түскен тақырып нүктесін қойып, жоспарланған ғимарат салынды дедік. Дегенмен крематорий құрылысы ерекше назарға алынуға тиіс бірқатар ережелерді талап ететін күрделі жұмыс. Солардың алғашқысы – санитарлық нормалар. Себебі санитарлық ережелердің дұрыс жүзеге аспауы экологиялық апаттарға әкеліп қана қоймай, адам денсаулығына кері ықпал етеді. Крематорий мемлекеттік сараптамадан өткен бе? Нысан құрылысына қойылатын санитарлық нормалар мен талаптар қандай? Қалдықтарды утильдеу немесе сақтау бойынша қандай да бір ережелер бар ма? Крематорийді пайдалануға беру кезіндегі тексеріс процесі қалай жүреді? Осы және өзге де маңызды сұрақтарды эпидемиолог мамандарға қойып көргенімізбен, олар бұл сұраққа тұшымды жауап алу үшін бізді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне бағыттады. Тиісінше, біз де көкейдегі сауалдарымызды ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жолдадық.
Құрылыс жобасын мемлекеттік сараптамадан өткізу және қажетті құжаттардың болуы жөніндегі сауалымызға жауап берген Өнеркәсіптік, радиациялық-қауіпті және коммуналдық объектілерді санитариялық-гигиеналық бақылау және қадағалау басқармасының (бұдан әрі – Басқарма) басшысы Нұржан Қисабеков объектілерді жобалау, реконструкциялау, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарымен айқындалатынын атап өтті. Оның сөзінше, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің (бұдан әрі – кодекс) 46-бабы 2-тармағына сәйкес құрылыс және реконстукрция жобаларының санитариялық-эпидемиологиялық сараптамасы «Мемсараптама» РМК ведомстводан тыс сараптамасы шеңберінде жүргізіледі.
Нұржан Мұхаметғалиұлы крематорий құрылысына қойылатын санитарлық нормалар мен талаптар туралы, ең алдымен, Кодекстің 95-бабының 4-тармағына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге (бұдан әрі – НҚА) санитариялық қағидалар, гигиеналық нормативтер, қағидалар, техникалық регламенттер және Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптар жататынын алға тартты.
– Крематорий ғимаратынан тұрғын және қоғамдық ғимараттарға дейінгі нормативтік қашықтықты сақтауға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 11 қаңтардағы № ДСМ-2 бұйрығымен бекітілген «Адамның өмір сүру ортасы мен денсаулығына әсер ету объектілері болып табылатын объектілердің санитариялық-қорғаныш аймақтарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларымен регламенттеледі. Крематорийдің санитариялық-қорғаныш аймағының (бұдан әрі – СҚА) нормативтік өлшемі пештердің санына байланысты болады. Осылайша, егер крематорийде 1 пеш пайдаланылса, онда СҚА нормативтік өлшемі кемінде 500 метрді (қауіптіліктің 2-сыныбы) құрауға тиіс, ал 1 пештен көп болған жағдайда – кемінде 1000 метрді (қауіптіліктің 1-сыныбы) құрауға тиіс, – деді ол.
Бұл ретте крематорий қызметін жүзеге асырудың міндетті шарты – СҚА шекарасындағы және елді мекеннің тұрғын аймағындағы атмосфералық ауа сапасының нормативтік көрсеткіштерін сақтау. Сондай-ақ атмосфералық ауадағы ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрацияларының нормативтік көрсеткіштері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 2 тамыздағы № ҚР ДСМ-70 бұйрығымен бекітілген Қалалық және ауылдық елді мекендердегі, өнеркәсіптік ұйымдар аумақтарындағы атмосфералық ауаның гигиеналық нормативтерінде көзделген. Сәйкесінше, Басқарманың бас сарапшысы Елена Такамбаева Кодекстің 82-бабына сәйкес крематорийге жақын тұратын халыққа теріс әсер етуді болдырмау мақсатында кремациямен айналысатын субъектілер НҚА барлық талаптарын орындауы, оның ішінде СҚА белгіленген шекарасындағы атмосфералық ауаның нормативтік көрсеткіштерін сақтауға тиіс екенін негізге алды.
– Қазір Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ДСМ-81-ге крематорийлер мен колумбарийлердің үй-жайларын күтіп ұстауға және олардың жиынына, персоналды тұрмыстық қызмет көрсетуге қойылатын талаптарды көздеу бөлігінде түзетулер енгізіп жатқанын, түзетулер жобасы қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында екенін қосымша хабарлаймыз, – деді Елена Шаймұратқызы.
Медициналық қалдықтарды, оның ішінде органикалық медициналық қалдықтарды жинау, сақтау және жою мәселелері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 11 тамыздағы № ҚР ДСМ-96/2020 бұйрығымен бекітілген «Денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларымен және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 25 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-331/2020 бұйрығымен бекітілген «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларымен регламенттеледі.
– Осылайша, патологиялық-анатомиялық және операциялық органикалық медициналық қалдықтар кремацияға (өртеуге) немесе зираттарда арнайы бөлінген учаскеде көмуге жатады. Инфекциялық аурумен ауыратын науқастардың қалдықтарын қоспағанда осы медициналық қалдықтарды алдын ала зарарсыздандыру қажет етілмейді. «Б», «В» сыныптарының медициналық қалдықтары арнайы залалсыздандыру қондырғыларында: +1000 – +1200°С температурада жұмыс істейтін екі камералы пештерде (инсинераторларда) залалсыздандырылады, – деді басқарманың бас сарапшысы Е.Такамбаева.
Нұржан Қисабековтің айтуынша, кодекстің 20-бабына және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес эпидемиялық мәні жоғары объектілерде НҚА талаптарын сақтау бойынша объектіге санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды (бұдан әрі – СЭҚ) алу қажет.
Сондай-ақ кодекстің 46-бабына сәйкес тіршілік ету ортасына және адам денсаулығына әсер ететін объектілер (көздер) үшін СҚА белгілеу және зертханалық-аспаптық зерттеулер жүргізу бойынша жобалық құжаттамаға СЭҚ алу қажет. Қорыта айтсақ, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің нормаларына сәйкес (Кодекстің 36-бабының 4-тармағы) бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру және профилактикалық бақылау түрінде жүзеге асырылады, – деді Н.Қисабеков.
Ал енді құрылысы аяқталған крематорий қолданысқа берілген күннің өзінде ел ішінде қажеттілік болуы мүмкін бе? Дінтанушылар бұл жөнінде қандай көзқарас танытады?
Белгілі дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы крематорий қажеттіліктен туған мәселе емес екенін, онымен қоса елімізде нысан ішінде қызмет ететін кадрлардың табылуы да екіталай болуы мүмкін екенін түйреп өтті.
– Дін тұрғысынан алып қарасақ, қайтыс болған адам топыраққа қайтарылуға тиіс деген сенім бар. Осыған дейін Алматыда крематорий салу туралы мәселе бірнеше мәрте көтерілді, бірақ соңында салынбады. Меніңше, креаматорийде жұмыс істейтін мамандардың өзін табу қиын болатын шығар. Себебі бұл мәселенің жүзеге асуына біздің менталитетіміз мүмкіндік бермейді деп ойлаймын. Ешбір халық немесе ешқандай дін өкілдері жақын адамдарын крематорийге өткізгісі келмейді. Сондықтан бұл қажеттіліктен туындаған мәселе емес. Қазір елімізде жер, қабір, зират, жерлеу мәселесінде жетіспеушілік байқалмайды. Оның үстіне халық саны да крематорийді қажет етіп отырған жоқ. Егер халық саны артып, зираттардың шекарасы кеңейіп, қажеттілік туындап жатса, бұл мәселе көтерілер еді. Шын мәнінде, крематорий қызметі ұлтымызға, дәстүрімізге, сенімімізге сәйкес келмейді, – деді дінтанушы К.Тышқанұлы.
Қорытындыласақ, сонымен Алматыда бой көтерген крематорий нысанының нақты қай уақытта ресми түрде іске қосылатыны, мұнда кімдер қызмет ететіні, сондай-ақ ғимараттың «жұмыс істеу тактикасы» жөнінде ақпарат әлі күнге дейін белгісіз. Естеріңізге салсақ, осыған дейін Алматыдағы крематорийдің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу бойынша тендерді «ДНТ Центр Строй» ЖШС жеңіп алды. Келісімшарт негізінде компания 2020 жылдың қазан айының соңына дейін 44,5 млн теңгеге жұмысты толыққанды орындауға тиіс еді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы