Негізінен, ежелгі Жанкент қалашығы Қызылорда облысы Қазалы ауданы аумағында орналасқан. Нақтысын айтқанда, ауданға қарасты Өркендеу ауылдық округі орталығына таяу маңда топырақ басқан биік төбе бар. Кейіннен археологиялық қазба жұмыстарымен құм қойнауына жасырынған қорғанның Жанкент қаласы екені анықталған. Тарихи деректерге сәйкес, бұл көне Жанкент шаһарында өз заманында Түркі елдеріне ортақ тұлға болған Қорқыт бабамыз бен ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің тұрмыс кешкені айтылады.
Тарихи деректерге сәйкес, бұл шаһар – орта ғасырларда дәурен құрған ескі қала. Нақты айтқанда, оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкенттің гүлденуі ІХ ғасырдың екінші жартысынан бастау алады. Сол заманда Жент (Арал) теңізі маңынан үлкен тұз кені табылып, шаһардың Қытай, Үндістан, Иран елдерімен сауда-саттық қатынастары нығая түскен көрінеді. Соның негізінде Қыпшақ тайпалары Қарлаң өткелі арқылы Жанкентке келіп, сауда жасағаны жайында ақпар айтылады.
Сол заманда қалада құмыра жасаушы, ұсақ қолөнерші, қару-жарақ шығарушы зергерлер көп болған деседі. Өз заманында Жанкенттің сырты үш орам суға толтырылған орлармен қоршалыпты. Қаланың сырттан келетін саудагерлермен қарым-қатынас жасайтын төрт қақпасы болса керек. Түрлі зергерлік қолөнер бұйымдарының ордасы болған екен. Соңғы жылдары көне шаһарға жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған түрлі жәдігерлер осыны айғақтай түскендей.
Жалпы, көне Жанкенттен табылған жауһар жәдігерлер Қызылорла облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі құндылығы жоғары экспонаттар қатарына жатқызылып отыр. Олардың қатарында қыш пен асыл тастардан жасалған бұйымдармен қатар, Сыр өңіріндегі алғашқы олжа – ежелгі әдіспен жасалған осы «тышқан қақпаны» бар.
«Бұл жәдігер бұған дейін Қазақстан территориясында Тараз қаласында және Өзбекстан жерінде табылған. Ал бұл жәдігер Сыр өңірінің ежелгі өркениеті үшін өте сирек кездесетін артефакт қатарына жатқызылып отыр. Тарихи дерекке сүйенсек, бұл жәдігер байлықтың, дәулеттің көрсеткіші болып саналады. Олай дейтініміз, қақпан қоймадан табылып отыр. Сәйкесінше, қоймалар ежелде дәулетті кісілердің үйіне тиесілі болған. Пайымдауымызша, қоймаға арпа, бидай, дәнді-дақылдар сақталған болуы мүмкін. Қақпан соған пайдаланылса керек. Яғни, дәулетті адамдар қыстық азығын ұзақ сақтау үшін осындай қақпанды пайдаланған деген болжам бар», – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Айгерім Беккулиева.
Жалпы, құнды жәдігерді табу барысында көне шаһардың Шахристан бөлігінен жиырмаға жуық үйдің орны ашылыпты. Ал қақпан тек бір үйдің ғана қоймасынан табылған. Соған сәйкес, тұрмыста қолданылған бұл жәдігер Жанкентке өзге аймақтан әкелінген болуы мүмкін деген де жорамалдар айтылып жүр.
Құм қойнауынан табылған ескі қақпанның біздің заманымыздағы қақпанға қарағанда құрылымы өзгеше. Бұл жайында зерттеушілер тарапынан түрлі болжамдар айтылып жүр.
«Бұл қақпан керамикадан соғылған. Өйткені сол заманда көптеген бұйымдар керамикалық күйдірілген қыштан дайындалатыны археологиялық қазба жұмыстары барысында әлдеқашан дәлелденіп отыр. Бір деректерге сәйкес, мұндай қақпандар сол кезеңде жерге қойылып қана қоймай, қабырғаға да ілінетіні жөнінде айтылады. Ерекшелігіне тоқталар болсам, қақпанның екінші бір үшкір жағынан жіп шығарылады. Сол жіпті тышқан кірген кезде тартып қалу әдісімен ауданады деген деректер айтылады. Сондай-ақ археологтардың кейбір мәліметінше, тышқанды аулағаннан кейін, ұзақ уақыт суға салып қоятын көрінеді. Негізінен, тышқан инфекциялық ауру таратушы болғандықтан, сол заманда оны суда ұзақ ұстап, сол арқылы ауруы сумен ағып кетеді деген түсінік қалыптасқан екен. Жалпы механизміне келсек, қақпанның құрылымы өте сирек әрі таңсық болып келеді. Пішіні цилиндр тәріздес болып жасалынады. Арнайы дөңгеленіп дайындалған. Сондықтан да мұны өте сирек кездесетін жәдігер ретінде қабылдап отырмыз. Өйткені жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл қақпанды ежелде тек бай-бағландар ғана пайдаланған деген тұжырымға келіп отырмыз. Осы орайда айта кету керек, сирек кездесетін жәдігер диірменнің, дән үккіштің, қыш құмыралардың жанынан табылып отыр. Ғалымдар бұл жәдігерді ІХ-Х ғасырлармен мерзімделеді деген деректі алға тартады», – деп ойын толықтырды музейдің бөлім меңгерушісі.
Оның айтуынша, қалашықта қазба жұмыстары нәтижесінде табылған барлық жәдігерлер музей қорына жинақталуда. Ондай экспонаттардың әрбірі алдымен өңделіп, реставрация жасалып, қажетті мәліметтер жинақталған соң ғана музейге табысталады екен.
Жалпы, ортағасырлық Жанкент шаһарына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу ісі 2005 жылдан бастау алады. Оған еліміздің археологтарымен қоса, Ресей, Германия, Ұлыбритания ғалымдары да өз үлестеріп қосып жүр. Мамандар қазба жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын тауып, құм қойнауына жасырынған ежелгі өркениеттің әлі талай құпиясы ашылатынына нық сенім білдіріп отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы