Елімізде бұл бағытқа арналған көптеген бағдарлама жолға қойылған. Оның айқын мысалы – «Ұлттық қор – балаларға» жобасы. Аталған бағдарламаның артықшылықтары мен жүзеге асырылу барысы жайлы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков «Айқын» газетіне берген сұхбатында баяндап берді.
– Биыл – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының басталғанына бір жыл. Осы аралықта ауыз толтырып айтарлық қандай жетістіктерге қол жеткізілді?
– Қазір әрбір отбасы баланың дүниеге келген сәтінен бастап ер жеткенге дейін мемлекеттің қолдайтынына сенімді бола алады. Айталық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы жас азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, сондай-ақ білім алуына жан-жақты жағдай жасап, табысты болуларына бағытталған. Нәтижесінде, 2024 жылдан бастап жылма-жыл қазақстандық балаларға (18 жасқа толғанға дейін) инвестициялық табысты қоса алғанда, Ұлттық қордан қаражат аударылып келеді. Мәселен, былтыр әр баланың арнайы есепшотына 100,52 доллар көлемінде алғашқы аударымдар жасалды. 2024 жылы балалардың жалпы санынан 304 815 адам 18 жасқа толып, оларға жалпы сомасы 30,6 млн доллар көлемінде ақша берілді. 2025 жылдың бірінші қаңтарында жоба қатысушыларына 5 316,7 мың доллар төленді. Мәселен, тұрғын үй жағдайын жақсартуға 2 964 мың доллар бағытталды. Шамамен осымен бірдей мөлшердегі (2 352,7 мың доллар) соманы жастар білім алуға жұмсады. Биыл осы жоба шеңберінде 6,9 млн адам қамтылмақ, оның ішінде 324 430 адам 18 жасқа толады.
– Бұл жобаны қолға алудағы басты мақсат-міндеттерге тоқтала кетсеңіз.
– Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын көтерген еді. Бұл Әділетті Қазақстанды құрудың іргелі идеясы болып саналады. Осыған сәйкес, ұлттық байлықты халықтың арасында әділ бөлу көзделгені баршаға аян. Осы бастаманың аясында «Ұлттық қор – балаларға» заңы қабылданды. Нәтижесінде, Ұлттық қорды қалыптастырудың негізгі мақсатына – еліміздің жастары бастапқы капитал ретінде пайдалана алатындай өскелең ұрпақ үшін жинақтарды қалыптастыруға жол ашылды. Бұл жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етеді, сондай-ақ білім беру саласын дамытуға және өмір сүру сапасын жақсартуға инвестициялар түрінде ұлттық экономика үшін мультипликативті әсері жоғары.
– Бағдарламаны іске асыру барысындағы бастапқы кезеңде қандай да бір қиындықтар кездесті ме?
– Бағдарламаны әзірлеу кезінде негізгі қиындық осы уақытқа дейін мемлекеттік деректер базасында азаматтыққа (азаматтықты алу мен оның аяқталған күні) қатысты ақпараттың жоқтығымен байланысты болды. Мүдделі министрліктермен бірлесіп, Қазақстан Республикасының аумағы мен одан тыс жерлерде де кәмелет жасқа толмағандардың азаматтығын белгілеу бойынша орасан зор жұмыс атқарылды. Бағдарлама жаңа болғандықтан және қатысушылардың тізімін әзірлеу кезінде келеңсіздіктер (азаматтықпен байланысты сәйкессіздіктер – ред.) болуы мүмкін екенін ескеріп, жыл сайын осы тізім қайта тексеріледі. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылған немесе азаматтықтан шыққандар алынып тасталады. Сондай-ақ бұрын есепке алынбаған қатысушы не болмаса алушы болуға құқығы бар немесе құқығы болғандар тізімге қосылды.
– Қазір бағдарламаға қанша қазақстандық бала қатысып жатыр?
– Жыл сайын БЖЗҚ «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан алынған мәліметтер негізінде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына қатысушылардың тізімі жасақталады. Олар тек Қазақстан азаматтары болып саналады. Ал 2025 жылы бағдарламаға 6 921 035 бала қатысады.
– Ал биыл шоттарға аударылатын соманың мөлшері қандай болмақ?
– Осы жылы жалпы сома 888,8 млн долларға жетті. Жан басына шаққанда әр балаға 129,38 доллардан келеді. Әр балаға аударылған ақшада мақсатты талаптар сомасы бойынша да түзетулер ескерілген: Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған, есепті жылы Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан, бұрын есепке алынбаған, мақсатты талаптардың қатысушысы болуға құқығы бар, бұрын есепке алынған, нысаналы талаптардың қатысушысы болуға құқығы жоқ. Бұдан басқа, 2024 жылғы нысаналы талаптар бойынша инвестициялық кіріс көлемі де аударылды. Бағдарламаға екі жылдан бері қатысып келе жатқан балалардың (инвестициялық кірісті қоса алғанда – ред.) жинағындағы жалпы сома 232,94 долларға ұлғайды.
– Бүгінде қанша өтінім орындалды және олардың ішінде білім алу мен тұрғын үй жағдайын жақсартуға қанша сома бағытталды?
– 2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша тұрғын үй мәселесін реттеуге және оқудың ақысын төлеуге жалпы сомасы 5 316,7 мың доллар сомасына 53 001 өтінім қанағаттандырылды. Мәселен, тұрғын үй жағдайын жақсарту 29 542 өтінім жолданып, 2 964,0 мың доллар төленді. Білім беру бойынша 23 459 өтінім жіберіліп, 2 352,7 мың доллары аударылды.
– Жинақтағы қаражатты алудың жолын толығырақ түсіндіріп берсеңіз?
– 18 жасқа толғаннан кейін нысаналы жинақтау төлемдерін алушы уәкілетті операторлар – «Отбасы банкі» АҚ және «Қазақстан Халық банкі» АҚ шот ашуға тиіс. Мұны enpf-otbasy.kz платформасында немесе Halyk қосымшасы арқылы жасауға болады. Сондай-ақ интернетте БЖЗҚ мен «Отбасы банкі» АҚ-ның видео нұсқаулықтарын таба аласыз. Әрмен қарай қаражатты қандай мақсатта пайдаланатынын таңдау қажет. Айталық, тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін жылжымайтын мүлік сатып алуға, ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны төлеуге, тұрғын үй құрылыс жинағындағы салымды толықтыруға, ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеуге, Ислам банкінің қаржыландыру шеңберінде тұрғын үй сатып алуға, сатып алу құқығымен тұрғын үйді ұзақмерзімді жалдау шарттары бойынша ақы төлеуге, жеке тұрғын үй салуға жұмсауға болады.
Сонымен қатар бұл қаражатты Қазақстан Республикасында немесе шетелде білім алу үшін оқу ақысын төлеуге, білім беру бағытындағы жинақ шотын толықтыруға, білім беру жинақтаушы сақтандыру келісімшарты бойынша сақтандыру сыйақысы (сақтандыру жарнасы) түрінде төлеуге, білім беру кредиті бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеуге қолдануға болады.
– Алдағы бірнеше жылда бағдарламаға қандай да бір өзгерістер енгізу жоспарда бар ма?
– Бүгінде бағдарламаға өзгерістер енгізуге қатысты мәселелер қарастырылып отырған жоқ.
– «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша алаяқтық жағдайлар тіркелді ме?
– Аталған бағдарламаның төлемдеріне тікелей қатысты алаяқтық әрекеттер тіркелген жоқ немесе бізге әлі белгісіз. Бірақ 2024 жылдың басында алаяқтық әрекетке талпыну көріністері болды. Бұл түрлі жалған сайт құру, содан кейін мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде барлық төлем, өтемақылар, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша төлемдер алып, көмек көрсетуге қатысты. Осы әрекеттердің барлығы іс жүзінде банк шоттарынан, депозиттерден ақша ұрлау мақсатында азаматтардың жеке деректерін иемденуге немесе кейіннен ақша қаражатын алып қою арқылы оларға несие рәсімдеу мақсатын көздегені анықталды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Кәмила ДҮЙСЕН