Шенділер қашанғы құрғақ уәдемен қатырады?
Алайда былтыр балтамырды егу жүйелі жоспарланбай, шаруалар өнімін өткізетін жер таппай шырыл қақты. Енді, міне қыс қаһарына мінгенде қант қызылшасы қар астында қалып отыр. Ал еңбек адамдары тәтті түбірін зауыттарға өткізе алмай, әлі күнге ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр. Мұндайда енді қайтпек керек? Сонда шенділер берген уәде «уәде» күйі қалғаны ма?
Бүгінде Жамбыл облысында 2 қант зауыты бар. Оның бірі Тараз қант зауыты болса, екіншісі – Меркі қант зауыты. Тараз қант зауыты былтыр тәтті түбір қабылдаудан бас тартса, Меркі қант зауыты келісім бойынша 456 мың тонна өнімді қабылдап, межелі жұмысты аяқтадық деп отыр. Алайда тәтті түбір еккен шаруалардың өнімі әлі күнге егістікте тау-тау болып үйіліп жатыр. Оның біразы шіріп, ит-құсқа жем болуда.
– Күздің басынан басталған күйбең тіршілік әлі жалғасуда. Соңғы күндері күніміз зауыт есігін күзетумен өтіп жатыр. Каңтардың қара суығы қарып барады. Бұлар қантты «өңдеп алайық» дегеннің өзінде қанша уақыт күтеміз, белгісіз. Ақпан келе жатыр, кейде дауыл, кейде қар. Бүгінде Меркі қант зауытының алдында 4 мың, Жетісу облысындағы Ақсу қант зауытының алдында 2 мың тонна тәтті түбірім кезек күтіп тұр. Басшылар «мәселені шешеміз, далада қалдырмаймыз» деген. Бірақ шынымды айтсам, бұл оңай шешілетін мәселе емес. Үкімет өнімнің тасымалына 3 теңгеден береміз деген. Дегенмен ол ақша тек Жетісуға жөнелтетін көліктерге беріледі, ал Меркі қант зауытына ол мүмкіндік қарастырылмаған. Бір сөзбен айтқанда, мол өнім далада, қар астында қалып, рәсуа болуда, – дейді «Аспан-Агро» ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы Саха Манатов.
Ал Жамбыл облысы бойынша фермерлер одағының төрағасы Дулат Сұлтанбеков Ақсу қант зауыты тым алыс болғандықтан, жол шығыны ақталмайтынын айтады.
– Жетісу облысы мен Жамбыл облысының аралығы мың шақырымға жуық. Әулиеатадан Ақсудағы зауытқа қызылша артқан көлік апта салып әрең оралады. Облыста 11 мың гектардан астам қызылша егілді. Осыған сай күні бұрын қамданып, дайындық жасалуы керек еді. Енді кеп шаруалар шырылдап отыр. 2023 жылы пияз егіп, су болмай, егінін құрғатып алғанның бәрі былтыр қызылша екті. Сол кезде билік тарапынан «қызылша егіңдер, өнімді алатын зауыт бар, кепілдік береміз» деген әңгімелер айтылған. Міне, енді өнім өткізетін зауыттың жағдайы мүшкіл. Меркі мен Ақсудағы қант зауыттары қатты ескіргендіктен, жұмыстары да тым баяу жүріп жатыр, – дейді Дулат Сұлтанбеков.
«Дақылымыз далада қалды» деп дабыл қаққан диқанның бірі – байзақтық Қамбар Қатаев. 60 гектар алқапқа қызылша егіп, 5 мың тонна өнім алған шаруаның тәтті түбірінің тең жартысы шіріп кеткен.
– Бейнеттеніп, жаздай істеген жұмысымыздың бәрі далада қалды. 120 миллион теңге жұмсаған қызылшам қар астына көміліп, мал жайпап, шіріп жатыр. Оны алатын адам әлі белгісіз. «Ана жаққа апар, мына жаққа әкел» деп ешкім айтып жатқан жоқ. Бұлай кете беретін болса санаулы күндерден кейін өнім сатуға жарамай қалады, – дейді сенімі селге кеткен Қамбар шаруа.
Осы орайда күннен-күнге күрделеніп кеткен мәселенің күрмеуі қашан шешілетінін білмек мақсатында Жамбыл облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының есігін қақтық.
– 2024 жылы 11,2 мың гектарға егілген қызылшаны 5 жылдағы өнімділікпен есептегенде 350-360 мың тоннаға жуық өнім алу күтілген болатын. Бірақ ауа райының қолайлы болуы мен облыс фермерлерінің агротехникалық шараларды жетік меңгеруінің нәтижесінде 11,2 гектардан 640 мың тоннадан астам өнім алынды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Соңғы 4 жылда 25 мың гектар алқаптан 650 мың тонна жиналса, бұл өнімге біздің шаруалар бір жылдың ішінде қол жеткізіп отыр. Осыдан кейін Үкімет пен жергілікті атқарушы орган тарапынан өнімді толық өткеру бойынша жан-жақты шаралар пысықталып, бірнеше бағытта шешімдер қабылданды. Солардың бірі – Жетісу облысындағы Ақсу қант зауытының басшылығымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде 100 мың тонна өнім Ақсу қант зауытына тасымалдануда. Қазір осы зауытқа облыс шаруалары тарапынан 74 мың тонна өнім жеткізілді. Бұдан бөлек, өнімді өткізетін басқа да тетіктер іздеу мақсатында Үкіметпен бірлесіп Қырғыз Республикасындағы зауыттармен байланыс орнатылды. Екі ел Үкіметтік деңгейде келіссөздер жүргізіп, тәтті түбірдің 6,3 мың тоннасы Қырғыз Республикасындағы Кошой қант зауытына өткізілді, – дейді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Есенұлы.
Бұдан бөлек, атқамінердің айтуынша, қазір өңірде зауытқа өткізілмеген өнімнің 10-15 пайызы қалыпты. Меркі қант зауытының одан әрі тәтті түбір қабылдауға қуаттылығы жетпеуде. Сондықтан Ақсу мен Қырғызстан мемлекетіне 100 мың тонна тәтті түбір жіберу жоспарлануда. Сондай-ақ шенділер көктем шыққанша барлық өнім зауыттарға өткерілетініне сендіруде.
Осылайша, билік өкілдері тағы көлдей уәдені үйіп-төкті. Алайда шаруалар бұған сенуден қалған. Диқандардың айтуынша, қазір қант зауыттары өнімді қабылдауға қарсы емес екен. Алайда тәтті түбірдің бағасын тым түсіріп жіберген. Осылайша, кәсіпорын басшылары шаруалардың қиналғанын пайдаланып, қалта қамын қамдап алмақ көрінеді. Диқандардың бұл дабылына жергілікті билік өкілдері үн қатып, күні кеше Меркі қант зауытының басшылығымен сөйлесуге барған. Алайда келіссөздер ортақ бір мәмілеге келмеді.
Көктем айының келуіне бір ай ғана уақыт қалды. Биыл Ауыл шаруашылығы басқармасы қант қызылшасын 6,4 мың гектарға орналастыруды жоспарлауда. Алайда аузы күйген шаруалардың дені қызылша егуге құлықты емес. Олар тәтті түбірден гөрі биыл қат дүниеге айналған картоп егуге ниетті. Әсіресе, қордайлық дүңгендер қазірден қамдануда.
Жасыратыны жоқ, алдыңғы жылдары аймақта қант тапшы болып, келесі жылы шаруаларға қант қызылшасын егу үнделген болатын. Алайда шаруалар жоспарлы межені артығымен орындағанымен, әкімдік оны кәдеге жаратуға дайын болмай шықты. Енді, міне биыл картоп болмай, диқандар осы өнімді егуге ықылас танытуда. Алайда ертең сол картопты да өткізе алмай, шаруалар тағы шырыл қақпасына кім кепіл? Сондықтан билік өкілдеріне ауыл шаруашылығы саласына қатысты кешенді, нақты межеленген, бары мен жоғы зерделенген Жол картасын жасау керек-ау. Әйтпесе, шенділердің сөзіне сенген шаруалар жылда мол өнім алғанымен, соңы бармақ тістеп, сан соғуда.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы