Еліміздегі жол-көлік қозғалысына қатысты ахуал мәз болмай тұр. Соның ішінде ішімдік ішіп рөлге отыру, жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізу, жылдамдықты шектен тыс арттыру, жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, қауіпті жағдай тудыру сияқты жағдаяттар аз емес.
Жүргізуші жауапкершілігі неге төмен?
359
оқылды

Мәжілістің осы сәрсенбі күнгі Жалпы отырысында жүргізушілердің жауапкершілігі туралы проблема көтерілді. «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Данабек Исабеков жүргізуші куәлігін беру мәселесі туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиевке депутаттық сауал жолдады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жол­дауында жүргізушілерді даярлау деңгейінің де төмендеп кеткенін, соның салдарынан жол апаттары көбейіп кеткенін, бұл мәселе қоғамның зор алаңда­ушылығын туғызып отырғанын атап өтті.

Қазір жол апатының өзектілігі артып, жыл сайын дүниежүзінде 1,19 миллион адам жол-көлік оқиғасынан көз жұмады. Қазақ­стандағы көрсеткіш те жоғары. 2024 жылы 31,5 мың жол-көлік оқиғасы болып, соның салдары­нан 2,3 мың адам бақилық болды. Жол апаттары жылдамдықты шамадан тыс арттыру, мас күйінде рөлге отыру және ережені сақ­тамай көлік жүргізу салдарынан жиі жол апаттары болады. Бұл дегеніміз, көлік жүргізушілер ара­сында жауапкершілік төмендеп, жолда жүру ережесін сақтамай­тындар көп», – делінген депу­таттық сауалда.

Осы ретте Ішкі істер министр­лігінің деректеріне көз жүгіртсек, былтыр жол апатынан 2 345 адам қаза тауып, 33 мыңнан астам адам жарақат алған. Адам өліміне әкелетін жол-көлік оқиғаларының 50%-ы ауылдық жолдарда болады. Өйткені жолдар тар, көпшілігі ескі стандарттар бойынша екі жолақты және ені 7 метр етіп салынған. Олардың тек 3%-ында ғана 4 және одан да көп жолақ бар екен, бұл дегеніміз – 95 мың шақырымның 3 мың шақырымы ғана. Сондықтан да өңірлердегі елді мекендерде инфрақұрылымды дамыту қажет. Ведомство атап отырған бір жайт: жол-көлік оқиғаларында қаза тапқан әрбір төртінші адам жаяу жүргіншілер екен.

«Еліміздегі жол-көлік оқиға­ларының көбеюіне бір себеп – автокөлік паркінің қарқынды өсуі. 5 жыл ішінде ол 3,9 млн-нан 5,2 млн бірлікке дейін 26%-ға өсті. Сондай-ақ жүргізушілердің жауап­кершілігінің төмендігі де өз әсерін тигізіп отыр. Өйткені ЖКО-ның 90%-ы жүргізушілердің кінәсінен болады. Министрлік жол­дардағы тәртіпті қалпына кел­тіру бойынша ауқымды жұмыстар атқаруда. Полиция қызметкерлері соңғы 11 ай ішінде шамамен 11,5 миллион жол ережесін бұзу деректерін анықтады. Соның ішін­де 2024 жылы еліміздің жол­дарында 18 200 мас жүргізуші ұс­талып, қайғылы оқиғалар болуына жол берілмеді. Олардың барлығы жүргізуші куәлігінен айырылды. Былтыр сондай-ақ жедел алдын алу шаралары барысында көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқарған     5 520 адам анықталып, жауапкер­шілікке тартылды», – делінген ІІМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Осы ретте аманаттық депутат жүргізушілердің жауапкер­шілігінің төмендігіне әсер ететін фактілер көп екенін айтады. Соның бірі – жүргізуші куәлігін беретін орындардағы сыбайлас жемқорлық. 

«Әрине, бақылау жоқ жерде жөнді тәртіп те болмайды. 2009 жылы Ішкі істер министрілігі жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарын лицензиялау алын­ғалы мониторингтік бақылау тоқтады. Қазір автомектептерде оқымай-ақ анықтама алып, Ма­мандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында сынақ тап­сыра алады. Қазір автомектептер ешқандай жауапкершілік алмай­ды, куәлік алуға ниеттілерге оқыды деген анықтаманы оңды-солды береді.

Содан кейін мамандан­дырылған ХҚКО теориялық және практикалық емтиханнан өтудің түрлі әдіс-тәсілін қарастырады. Мә­селен, теориялық және прак­тика­лық емтихандарды тапсыру процесінде бұзушылықтар бар. Халыққа қызмет көрсету ор­талықтарында автоматтан­дырыл­ған жүйемен емтихан тапсыру ке­зінде манипуляцияны қолдану­дың 222 фактісі анықталды. Біз Көкшетау қаласында, Өскеменде өсу фактілері анықталып, жауап­ты мамандар жазаланғанын жақ­сы білеміз.

Әлем елдерінің тәжірибесіне қарағанда, Аустралия, Жапония, Италия, Финляндия, Швеция және Германияна жүргізуші куә­лігін алу өте қиын. Бұл елдердің кез келгенінде автомектептер жүргізушіге жоғары талап қояды. Мәселен, рейтингте бірінші орын­да тұрған Аустралияда жүр­гізуші куәлігін алу үшін бірнеше жыл керек. Осы уақыт ішінде жүргізу екі рет теориялық, екі рет практикалық сынақтан өтеді екен. Бізге де әлем елдерінің үздік тәжірибелерін саралап, жүргізуші куәлігін беруді қатаңдататын заң нормаларын қабылдау маңызды», – дейді Мәжіліс депутаты өз депутаттық сауалында.

Депутаттың сөзін осы салаға қатысы бар мамандар да қолдап отыр. Олар кезінде автомектеп­терде міндетті оқуды қайта жаңғыртқаны дұрыс болды деген пікірде. Естеріңізде болса, 2016 жылы «В» категориясын міндетті оқу қысқартылып, тек «С», «Д» кате­гориялары қалдырылған еді. Оны мамандандырылған мекеме­лер болмаса, былайғы азаматтар оқымайды. Сол себепті сұраныс аз. Былтырдан бастап бұл олқы­лық­тың орны қайта толды. Авто­мектептерде оқу «А», «А1», «В», «В1» санаттағы жүргізуші куә­лігін алатындар үшін қайтадан міндет­телді.

«Меніңше, уақытында авто­мектептерді бұл жүйеден алып тастағаны эмоциямен жасалған әрекет сияқты. Жылдан-жылға жолдардағы жағдай ушығып бара жатқан соң оған кінәлі тарап із­делді де, автомектептер құрбан­дыққа шалынып кетті. Ал шынды­ғында ол кезде біз теориялық оқумен қатар аптасына бір-екі рет көлік айдау практикасын өткізе­міз. Бұлар міндетті болғандықтан жаңадан үйреніп жүргендерге көп пайдасы бар. Адамға тәжірибе ке­рек. Қалада, тасжолдарда, күндіз, түнде, түрлі ауа райы жағдайында жүріп үйрену керек. Ол болмаса жүргізушілердің онсыз да төмен мәдениеті мен білігі одан сайын төмендеп кетеді. Кеңес кезінде көлік жүргізуші куәлігін алу үшін екі жыл оқытатын. Кейін ол оңтайландырылып, екі жарым айға дейін қысқарған екен. Осы­дан оншақты жыл бұрын оны да алып тастады. Біз оқытатын прог­рамма бойынша 228 сағаттың ішін­де 16 сағат медициналық да­йындығы, 90 сағаты жол ережесі бар, 90 сағат жол қауіпсіздігі, 24 сағаты көлік құрылысы бар», – дейді «Қазақстан Жүргізушілер одағы» ҚБ Қарағанды облыстық филиалының жетекшісі Айман Отарова.

Мамандар депутаттың сынға алып отырған ХҚКО-дағы кем­шілік­терге толық келіседі. Біріншіден, «емтихан сұрақтары қолжетімсіз»: теориялық емтихан­да тест сұрақтары мен жауаптары сәйкес келе бермейді, ал прак­тика­лық емтиханның әділ жүр­гізілуін қадағалауға алу қажет. Соны­мен қатар үміткер емтихан­ның шешімімен келіспеген жағ­дай­да, аппеляциялық шағым беру немесе өз нұсқасын дәлелдеуіне мүмкіндік беру жолдарын қарас­тыру керек.

«Сол кездері сөз болған тағы бір мәселе – автодром проблемасы әлі шешімін тапқан жоқ. Қазір ондай кешендер тек әр облыс ор­та­лығында орналасқан мамандан­дырылған ХҚКО-да ғана бар. Мәселен, жүргізуші куәлігін ал­ғы­сы келетіндер Балқаш, Теміртау, Шахтинск, Абайдан теориялық-практикалық емтихан тапсыру үшін облыс орталығы Қараған­дыға келуге мәжбүр. Өзге өңір­лерде де солай. Онда да бір бар­ған­нан тест тапсыра алмай, бір­неше рет ба­рып, шығынға батады. Бұл жем­қорлық тәуекелі жоғары екендігін білдіреді», – дейді бұрын авто­мектеп дирек­торы болған Жыл­қы­бай Балта­баев.

Депутаттық сауалда авто­мектеп­терді міндеттеумен қатар өзге де проблемалардың кешенді шешімдері ұсынылып отыр. Мә­селен, 10-11-сыныптарға жол-қоз­ғалысы ережесін оқыту қажет. Жол жүру мәдениеті мен қауіп­сіздік дағдыларын мектеп қабыр­ғасынан қалыптастырылып, жол пайдаланушы құқығын құр­мет­теуді ерте бастан үйрету керек. Де­путат осы сияқты 4 ұсыныс бе­ріп отыр.

«Біріншіден, білім беру жүйесі – мектептерде жолда жүру тәр­тібі мен көлікті жүргізу негізін үйре­­тетін арнайы факультативті курс­тар оқыту маңызды деп са­най­мыз. Біздің буын мектеп оқы­ғанда мұндай игілікті көргенімізді айту керек-ақ. Сондықтан Оқу-ағарту және Ішкі істер министрлігі ортақ оқу бағдарламасын әзір­леуге мән бергені дұрыс.

Екіншіден, теориялық тес­тілеуді Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне беру қажет деп санай­мыз.

Үшіншіден, автодромдарды халықаралық стандарттарға сәй­кес­тендіру керек. 

Төртіншіден, автомектептерге лицензия беруді қарастырып, олардың жауапкершілігін арттыру керек. Мәселен, жыл көлемінде белгілі бір автомектепті бітірген жүргізушілер көп рет жолда жүру ережесін бұзса, ондай орталықтың лицензиясын кері алу тетігін реттеу керек. Мұндай тәжірибе Еуропа елдерінде сәтті қолданып отырғанын айту маңызды», – делінген депутаттық сауалда.

Данабек Исабековтің пікірін­ше, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің теориялық тестілеуді өткізуге толық мүмкіндіктері де, тәжірибесі де бар. Ал авто­дром­дарды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жайы туралы айты­лып келе жатқанына аз болған жоқ. Одан бөлек, Үкімет әкімдерге бизнеспен әріптесе отырып жаңа­дан автодромдар салу мәселесін қанша тапсырса да, орындалмай келеді. Ал автомектептерді лицен­зиялауды қайта енгізіп, мемле­кеттік қадағалауды күшейтетін уақыт жетті. Жол қауіпсіздігі – ор­тақ мәселе. Сол себепті депутат көтеріп отырған проблемалар уақыт күттірмей шешімін табуға тиіс-ақ. Ендеше Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиевтен жауап күтеміз.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИ