Жақында Солтүстік Каролина университеті Медицина мектебінің ғалымдары смарт сағаттар жүрегі дімкәс науқастардың уайымын күшейтті дейтін қызықты зерттеу нәтижесін ұсынды.
Сыртылдайды өте ақылды сағаттар
444
оқылды

Сауалнамаға қатысқандар аталмыш құрылғы жүрек қағысы нашарлағанын дәлме-дәл көрсететінін және бұған жиі алаңдайтынын айтқан. Шын мәнінде, бүгінде ақылды сағаттар уақыттан ғана хабар беріп қоймай, ауа райы, адамның қадамы, жүрек қағысы, тіпті қан қысымы жайлы нақты дерек ұсына алады. Әйтсе де, аталмыш құрылғының даму тарихы түрлі технологиялық шешімдерге толы болған. 

Техносарапшылар адам­зат­тың салауатты өмір сал­тын ұстануға деген ұмтылысы ақыл­ды сағаттардың дамуына са­­­тылымы айтарлықтай ықпал ет­кенін айтады. Market Research Future дерегінше, 2023 жылы атал­мыш құрылғы әлемдік на­рық­тағы көлемі 42,39 миллиард АҚШ доллары деп бағаланды. Был­тыр бұл көрсеткіш 0,2 пайыз­ға өсті. Canalys сарапшылары ақыл­­ды сағаттар нарығының көш­басшысы ретінде Apple мен Huawei-ді атайды. Былтырғы жар­тыжылдықтың қорытындысы бойын­ша Apple үздік болса (23,2%), жыл нәтижесінде Huawei ал­ға шыққан (үлесі – 16,9%). Одан кейін Samsung мен Garmin – 15 және 11 пайыздан. Ал фит­нес-тре­керлер сегментінде ең таны­мал құрылғыларды өндіруші – Xiaomi болды, ол нарықтың 40 пайы­зына ие. 

Алғашқы смарт сағат

Смарт сағаттар соңғы онжыл­дықтың жаңалығы болғанымен, оның тарихы сонау жетпісінші жыл­дардан бастау алады. Бұл гад­жеттің «атасы» – Pulsar Time Computer, оны 1972 жылы Hamilton Watch Company компаниясы нарыққа ұсынды. PTC-дің дәс­түрлі сағаттан ерекшелігі ци­ферблат пен сағат тілінің орнына элек­тронды дисплей қол­да­ныл­ды. Сол жыл­дары атал­мыш ин­но­ва­циялық ше­шім көп­қыз­метті са­ғаттар индустриясының алғаш­қы қадамы болды. Жапондық Seiko компаниясы бұл брендтің бо­лашағына сеніп, Pulsar-ды са­тып алды және технологияны да­­мытуға кірісті. Seiko жетекші­лі­гімен Pulsar NL C01 сағаты жа­салды, ол уақытты ғана емес, да­таны көрсете алды. Кейінірек, Pulsar Data 2000 нарыққа шықты, оның ескертпе жазуға және калькулятор қолдануға мүмкіндік беретін сыртқы сымсыз перне­тақ­тасы болды. 

Теледидарлы сағат

Seiko ком­па­ния­сы бұл ба­ғыт­тағы тә­жіри­бесін жал­ғас­­тыра берді және жал­­пыға «қы­­­зық­ты» бо­­ла­тын ақыл­­ды са­­ғат­тар ұсы­ну­­ды арман­да­ды. Сөй­тіп, Seiko TV Watch те­ле­ди­дар­лы са­­ғат­тар пай­да болды. Бұл құрыл­­ғы­ның мини-дисп­лейі­нен теле­ви­зиялық бағ­дар­ла­ма­ларды тіке­лей көруге мүмкіндік туды. Алай­да сол кез­дегі техно­ло­гияның даму кезеңі телевизиялық ком­поненттерді сағаттың кіш­кен­тай кор­пусына толығымен ен­гізуге мүм­кіндік бер­­меді, сон­дықтан Seiko TV Watch-қа қо­сым­ша үлкен ТВ-қа­­былдағыш жал­­­­­ғау­ға тура кел­ді. Сәйке­сін­ше, бұл ше­шім жал­пылама қол­данысқа ен­беді. Ойлап қарасақ, қа­зіргі күн­нің өзінде ақылды сағаттарда еш­кім ви­део көрмейді. Seiko-ның кейі­нірек ұсынған RC сериясы ком­пьютермен синхрондалып, қа­­зіргі смарт сағаттардың нағыз ба­с­таушысы болды. Жаңа техно­ло­­гиялар жарысына тағы бір са­ғат брен­ді – жапондық Casio қо­сы­лып, CMD-40 моделін шы­­­­­­ғар­ды. Бұл сағаттар ка­ль­куля­тор, мини-ойын­дар және тұр­мыс­­тық техни­ка­ны басқаруға ар­­налған қа­шық­тан басқару пуль­­тімен жаб­­­­­­­­дық­талды. Соң­ғысы қазірге дейін жетіп, Xiaomi смартфондарында сақ­талған. 

Дербес құрылғыларға ұмтылыс

Екі онжылдық бойы смарт са­ғаттар Seiko мен Casio бел­гі­ле­ген бағыт бойынша дамыды. Алай­да оңтүстіккореялық Samsung компаниясы жағдайды өз пай­дасына өзгертіп, телефон қыз­меті бар сағаттар ұсынды. Бұл то­лықтай дербес құрылғы жасауға кезекті талпыныс болды, алайда Samsung сағатты телефонмен тіл­дестірудің маңызын жақсы тү­сінді. 1999 жылы Samsung таныс­тыр­ған SPH-WP10 үлгісін те­ле­фон әрі смартсағат деуге бо­лады. Ком­пания осындай бірнеше құрылғы шығарды, бірақ олар айтарлықтай танымал болмады.

Осы кезеңде IBM компа­ния­сы Linux Watch саға­тын ұсынды. Ол Linux операция­лық жүйесінде жұмыс істеп, ком­пьютер және телефонмен тіл­десе алды. Аталмыш құрылғы элек­тронды поштаны тексеруге, ауа райы жайлы ақпарат алуға жә­не пейджер қызметін пайда­лану­ға мүмкіндік берді. Сондай-ақ Microsoft компаниясы SPOT (Smart Personal Objects Technology) жобасын ұсынды. Бұл идея са­ғат­тар арқылы тұрмыстық тех­никаны басқаруды көздеді. Алай­да ақылды сағаттар техникамен байланысуы үшін ескі технология – радио­жиі­ліктер пайдаланылды. Сол үшін жоба сәтсіздікке ұшырап, тез ара­да жабылды. Дегенмен Microsoft SPOT идеясы қазіргі смарт­фондарда жүзеге асты. 2003 жылы  Garmin Forerunner спорт сағаты шықты, ол қадам мен калорий шы­ғынын есептей алды. Қазіргі смарт сағаттар мен фитнес-тре­керлер үшін бұл қызметтер стан­дартқа айналды.

Смартфонның серіктесі

2010 жылдар­дың басында бар­лық смартфон өн­дірушілері смарт са­ғаттар дербес құ­рылғы емес, смарт­­фонның се­рік­тесі болуы ке­ре­гін айқын түсінді. Онжыл­дықтың ба­сында ақылды са­ғат­тар­мен алғаш тә­жі­ри­бе жасаған жапондық ком­па­ниялар болғаны­мен, смарт құрыл­ғы­ны Samsung танымал қыл­ды. 2013 жылы Samsung Galaxy Gear нарыққа шық­ты, оның алғашқы нұсқасы Android-та, кейін Tizen опера­циялық жүйе­сінде жұмыс істеді. Айта кетейік, Samsung-тің осы жетістігі Apple-ді смарт сағаттар нарығына кіруге ынталандырды, 2015 жылы ал­ғашқы Apple Watch сатылымға шықты. Фитнес-трекерлер қол­жетімді балама ретінде қатар да­мыды. Бүгінде нарықта Apple, Samsung, Garmin және Huawei-дің өнімдері басым.

Асыл ТҰМАР