Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауыл шаруашылығында жаңа құрал – «тауарлық несие» енгізуді тапсырған болатын. Осы бастаманы алғашқылардың бірі болып Жамбыл облысының Шу ауданының шаруалары жүзеге асыра бастады, - - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, бұл несие шарты бойынша ауыл тұрғындары мал алып, оны өсіру арқылы қарызын өтеуге мүмкіндік алады. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылар мен жұмыссыз азаматтарға басымдық беріледі.
Тауарлық несие шарттары қандай?
- Мерзімі: 5 жыл.
- Бірінші жыл: жеңілдік кезеңі.
- Келесі жылдар: төлдің 50 пайызы негізінде өтеу.
- Кепіл мен сақтандыру: міндетті емес, екі тараптың келісімімен жүзеге асады.
Бағдарлама аясында жергілікті кәсіпкерлер ауыл тұрғындарына кемінде 30 бас ұсақ мал, 15 бас ірі қара немесе 10 бас жылқы беруге дайын.
Алғашқы келісімдер жасалды
Шу ауданында «Атай» шаруа қожалығының иесі Сәкен Атаев Абай ауылының тұрғыны Қалисұлтан Тілепбергеновке 3 млн теңгеге 50 бас қой, сондай-ақ Бақытжан Ботаевқа дәл осындай көлемде мал берді.
«Жаңа бағдарлама ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді деп есептеймін. Алдағы уақытта асылтұқымды малды да беруді жоспарлап отырмын», – деді Сәкен Атаев.
Қазір Мойынқұм ауданында «Үркер» шаруа қожалығы 20 бас ірі қара мен 100 бас уақ малды тауарлық несиеге беруге дайын. Жергілікті әкімдік ауыл тұрғындарының тізімін жинақтауда.
Жыл соңына дейін 80-ге жуық келісім жасалады деп жоспарланған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.