Былтырғы жылдың өзінде еліміздегі 6 406 елді мекеннің ішінде 116 қала мен 4 866 ауыл интернетке қосылған. Десе де, әлі күнге дейін 1 294 ауылды сапалы интернетпен 100% қамтамасыз ету мәселесі шешілмеген.
1 300-ге жуық ауылда әлі күнге дейін интернет мәселесі шешілмеген – сенатор Ғалиасқар Сарыбаев
201
оқылды

Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі  Ғалиасқар Сарыбаев еліміздің алыс-жақын елді мекендерінде интернеттің жоқтығын сөз етіп, келешегіміз жасанды интеллект екенін айтты.

– 2025 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қазір дүниежүзі түбегейлі өзгеріске ұшырап жатыр. Жаһандық үдерістер, ең алдымен, еліміздің экономикалық ахуалына әсерін тигізетіні анық. Жаппай цифрландыру дәуірі, яғни жаңа технологиялық кезең басталды. Күллі әлем мүлдем басқа жағдайда өмір сүреді. Біз соған міндетті түрде дайын болуымыз керек. Жаңа технологиялық ахуалға сақадай сай тұруымыз қажет. Бұл – еліміздің бәсекеге қабілетін арттырып, тұрақты дамуына жол ашатын аса маңызды фактор. Толыққанды цифрлық экожүйе жасау үшін оның іргесі берік болуға тиіс, яғни, сапалы мәліметтер мен оны қорғайтын сенімді жүйе қажет. Жасанды интеллект технологиясын қарқынды дамыту керек. Жыл соңына дейін оның кейбір тұстарын электронды үкімет жүйесіне енгізу қажет.           Бұл технологияны  Smart City  жобаларында кеңінен қолдану мәселесіне айрықша назар аударған жөн. Адам капиталын дамытуды және жоғары оқу орындарын білім беруден ғылыми-зерттеу тәсілдеріне көшіруді көздейтін     AI-Sana  жасанды интеллектіні оқыту бағдарламасының маңызы артып келеді. Үкімет цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолданудың біртұтас жүйесін құруға тиіс. Үкіметке мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жасанды интеллект технологиясын енгізу жұмысын қолға алуды тапсырамын», – деген болатын.

XXI ғасыр – технологиялық прогресс пен инновациялар ғасыры. Бұл кезеңде жасанды интеллект адамзат өмірінің барлық салаларына еніп, қоғамның дамуында шешуші рөл атқаруда. Жасанды интеллект қазірдің өзінде денсаулық сақтау, білім беру, өнеркәсіп, қаржы және басқа да салаларда нақты қолданылып келеді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 24 шілдеде: «Жасанды интеллектті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» №592 қаулысы қабылданды, Smart Data Ukimet базасында жасанды интеллектінің ұлттық платформасын құру, сапалы және құрылымдық деректерге қол жеткізу қамтамасыз етілуде, қажетті мамандарды даярлау, ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда, IT экожүйені одан әрі дамыту  жұмыстары жүргізілуде.

Әлемде жасанды интеллект технологияларының жарысы өтіп жатқанына бірнеше жыл болды және оны біз жақсы білеміз. Негізінен бұл салада зерттеулер мен әзірлемелерге қомақты инвестиция құюының арқасында Google, Facebook, Microsoft, Alibaba, Baidu мен Tencent сияқты технологиялық алпауыттар экономикалық салада айқын көш бастап келеді. Мысалы, Microsoft корпорациясы 2025 жылға жасанды интеллектімен жабдықталған деректер орталықтарын дамытуға шамамен 80 миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр.

2025 жылдың басында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы  Мәулен Әшімбеавтың бастамасымен бір топ депутаттар Қытай Халық Республикасы Ханчжоу қаласындағы  Alibaba Group  компаниясының бұлтты системалармен шұғылданатын  Alibaba Cloud  («AliCloud») бөлімшесіне барған.  Alibaba Group – көпсалалы корпорациясында  250 000-нан астам адам жұмыс істейді,  AWS,  Microsoft Azure  сияқты компаниялармен тең дәрежеде бәсекеге қабілетті, жасанды интеллект, электронды коммерция, технология, инновация саласындағы әлемдегі ең ірі бұлтты провайдерлердің бірі. Компания 2024 жылдың екінші тоқсанында 33,7 миллиард АҚШ доллары көлемінде кіріс тапты. 

Бүгінде компания спутниктік жүйеден бұлттық системаларға көшті. Ескі технология бойынша ақпарат алмасу жылдамдығы секундтармен есептелсе, бүгін милисекундтармен шешілуде. Серверге түсетін салмақ  1,5 терабайтты құрап, 1 сағатта 400 бірлік деректерді өңдеп, бір ғасыр сақталады. Қазіргі кезде жасанды интеллектіге генеративті технологиялар енген. Соның арқасында ақылды көлік, жайлы балабақша, қауіпсіз алаң, ақылды қалалар пайда болуда.

АҚШ, Қытай, Еуроодақ және Ұлыбритания жасанды интеллекті қолдану арқылы ең үздік модельдер жасауда. PwC зерттеуі бойынша 2030 жылға қарай жасанды интеллект арқасында дамыған Азия елдерінің жалпы ішкі өнімі орта есеппен 10,4 %-ға өсуі мүмкін. 2023 жылға арналған Oxford Insights индексінде Қазақстан 193 елдің арасында 72-орында тұр. Осыған орай, Үкімет назарын жасанды интеллект пен бұлтты технологияларды дамыту үрдісіне аударғаны жөн. 

Мемлекеттердің жасанды интеллектіні пайдалануға әзірлігі негізгі үрдістер мен бастамаларға талдау жасалатын есеп-қисап әдістемесімен өлшенеді. Бұл әдістемеде «Үкімет», «Технологиялық сектор» және «Деректер мен инфрақұрылымға қолжетімділік» қосалқы индекстері  қарастырылған.  Елімізде жасанды интеллектіні дамытудың бірнеше шешілмеген  аспектілері бар. Мысалы, жасанды интеллектіні толық пайдалану және дамыту үшін сапалы әрі қолжетімді деректер қажет. Мемлекеттік басқару жүйесінде салалық деректерді цифрландыруда әлі де олқылықтар бар. Деректерді жүйелі цифрландыру бойынша білім беру – 81, қаржы саласы мен әлеуметтік қамсыздандыру – 59 %-ды құраса, спорт және туризм – 25, бизнес – 13, ғылым  2 %-дан аспаған. Бұл бағытта деректер сапасының болмауына, қайталануына, цифрландырудың жеткіліксіздігіне және т.б.  проблемаларға байланысты мәселелер ашық күйінде қалып отыр.

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту – интернет пен дерек өңдеу орталықтарының сапалы болуына, есептеу қуаты жоғары заманауи құрал-жабдықтармен қамтылуына байланысты. 2024 жылы Қазақстандағы 6 406 елді мекеннің ішінде 116 қала мен 4 866 ауыл интернетке қосылған. 1 294 ауылдық елді мекенді сапалы интернетпен 100% қамтамасыз ету мәселесі шешілмеген. Сонымен қатар 1 652 елді мекен тек 3G-мен ғана қамтамасыз етілген. Ал  2027 жылға қарай республикалық маңызы бар қалалардың 75%-ы, облыс орталықтарының 60%-ы 5G технологиясымен қамтамасыз ету жоспары күмән тудырады.

Кадр мәселесі. Қазақстан азаматтардың E-Participation Index, EPI рейтингінде 15-орынға ие болды, бұл ретте 6 жастан 74 жасқа дейінгі халықтың 94 %-ы интернет-пайдаланушылар болып саналады. Алайда  халықтың жасанды интеллектінің дамуы туралы хабардар болуы төмен, бұл технологиялық әзірлемелер мен инновациялық белсенділікке сұраныстарды шектейді. Oxford Insights бағалауы бойынша Қазақстанда инженерия мен технологиялар саласында жоғары білімі бар мамандардың саны аз, цифрлық дағдылар деңгейі, GitHub-тағы АТ-мамандары мен жаратылыстану ғылымдары бағытындағы түлектердің белсенділігі төмен. Таланттарды іздеуде хакатондарды ұйымдастыру және  инкубаторлар мен акселераторлар жүйесін дамыту процесі аз жүргізіледі.

Жасанды интеллект саласындағы ғылыми-зерттеулерді дамыту қаржылай қолдауды және ғылым, өндіріс пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуді талап етеді. Ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру жалпы ішкі өнімнің 1%-ы деңгейіндегі жоспарланған шығындарға әлі қол жеткізілген жоқ. Сонымен қатар қазақ тілі платформасының толыққанды жұмыс істемеуі, барлық мүмкіндіктердің пайдаланылмауы деректерге қатысты проблемаларды тудыруда.

Жасанды интеллекті дамыту саласындағы заңнамалық базаны, құқықтық қатынастарды реттеу бойынша  ҚР «Ақпараттандыру туралы», «Байланыс туралы» заңдарында  «Ашық деректерді», «Жеке деректерді» пайдалануға қатысты ережелер, инфрақұрылымды қамтамасыз етуге бағытталған талаптар енгізілген. Сонымен қатар ҚР Үкіметінің, салалық уәкілетті органдардың  Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, деректерді басқаруға қойылатын талаптар бойынша құқықтық  нормативтік актілер қабылданған. Алайда қолданыстағы заңдар «Жасанды интеллект» анықтамасын толық ашпайды, оны қолданудың этикалық нормалары реттелмеген, өнімдері мен технологиялары үшін техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттар әзірленбеген,  субъектілерінің өзара қатынастары регламенттелмеген, жасанды интеллект саласында құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі, құзыреттері бекітілген уәкілетті орган анықталмаған.

Осыған орай біз жасанды интеллектіні толық пайдалану және дамыту үшін заманауи деректер орталықтарын салуды, оларды бұлттық есептеу қызметтерімен қамтамасыз етуді, өңірлердегі ІТ хабтардың жұмысын жаңа деңгейге көтеруді, үлкен және сапалы деректер экожүйесін ретке келтіруді; жеке деректерді қорғау нормаларын және этикалық стандарттарды бекітуді, технологияны заңсыз немесе зиянды пайдалануды шектеу үшін реттеу механизмдерін қарастыруды; колледждер мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беру бағдарламаларында жаңа модульдерді пайдалануды, жасанды интеллект, машиналық оқыту және деректерді талдау бойынша мамандықтарды ашуды, өнімділігі жоғары жаңа технологиялармен жабдықтауды, стартаптарға гранттар, субсидиялар және венчурлық инвестициялар қарастыруды; ғылыми орталықтардың зерттеу жұмыстарына арнайы қаржы бөлуді, жастар мен кәсіпкерлер арасында идеяларды дамыту үшін алаңдар ұйымдастыруды; жасанды интеллектіні денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, қаржы, тағы да басқа әртүрлі салаларда интеграциялауды, мәтіндік деректер пайдаланылатын барлық салалар мен бизнес-процестерде Kaz-LLM негізіндегі жасанды интеллект өнімдерін қолдануды; халықаралық трафикті транзиттеу мен сақтау үшін TIER III деңгейінде бөлек дерек өңдеу базасын қалыптастыруды, алдыңғы қатарлы елдермен әріптестік орнатуды, қазақстандық мамандарды халықаралық білім беру, тәжірибе алмасу бағдарламаларына жіберуді; жасанды интеллект туралы ақпараттық-ағарту жұмыстарды жүргізуді, технологияның артықшылықтары мен ықтимал тәуекелдері туралы қоғамға ашық ақпарат беруіміз керек.

 Жасанды интеллектіні дамыту ғана процестерді автоматтандыруға, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға, білім беруді жекелендіруге, жаңа бизнес-мүмкіндіктер жасауға және ғылыми жетістіктер жасауға мүмкіндік береді. Біз бірегей тарихи уақытта өмір сүріп жатырмыз, сондықтан бізге берілген мүмкіндікті халқымыз бен болашағымыздың игілігі үшін пайдалануымыз керек, – дейді сенатор Ғалиасқар Сарыбаев.