2025 жылы Қытайдың Харбин қаласында өтетін Қысқы Азия ойындарының ұйымдастырушылары ашылу салтанатының ерекше әсерлі болатынын уәде етті. Бұл маңызды оқиға 7 ақпанда өтеді. Ашылу салтанатының бағдарламасы үш бөлімнен тұрады. Бұл туралы Olympic.kz жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Шоудың қоюшы-режиссері – тәжірибелі Ша Сяолань. Ол бұған дейін Ханчжоудағы Азия ойындары мен 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасының шығармашылық топтарында жұмыс істеген.
Алдағы салтанатты шара 7 ақпанда Harbin International Convention and Exhibition Centre Stadium стадионында өтеді. Режиссердің айтуынша, көрініс Азия ойындарының ұраны – "Қысқы арман, Азия жүрегіндегі махаббат" тақырыбымен үйлеседі. Бұл тақырып халықтарды спорт және қысқы мәдениет арқылы біріктіру идеясын бейнелейді.
Ұйымдастырушылар шоу барысында жасанды интеллект пен толықтырылған шындық сияқты озық технологиялар қолданылатынын атап өтті. Мұндай технологиялық жабдықталу бұрын-соңды мұндай іс-шараларда болмаған. Салтанатты шараның басты назарында жастар болады. Осы мақсатта дайындыққа 1000-ға жуық студент шақырылған. Сондай-ақ, шығармашылық топқа Қытайдың басқа да тұрғындары енген.
"Біз 2024 жылдың қараша айында дайындықты бастап, негізгі алаңды және бес университеттің спорт залдарын пайдаланып, репетиция жасадық. Нәтижесінде барлық қатысушылардың бір уақытта дайындалуын қамтамасыз еттік. Кейін барлық сегменттерді біріктіріп, үйлесімді қойылым жасауға көштік. Біздің мақсатымыз – ойындардың ұранымен үндесетін қарапайым, бірақ әсерлі ашылу салтанатын ұсыну. Сондай-ақ шоу Харбиннің мәдени және сәулеттік ерекшеліктерінен шабыт алған. Көптеген элемент шоу бағдарламасына енгізіліп, қаланың эстетикасын көрсету үшін пайдаланылмақ. Сонымен қатар салтанат барысында жастар мен қарапайым адамдар басты рөл атқарады, өйткені жастарға көбірек мүмкіндік беруді көздеп отырмыз", - дейді Сяолань.
Ашылу салтанаты 80 минутқа созылады және үш бөлімнен тұрады. Шоудағы негізгі оқиғалар: Харбиннен басқа аймақтарға, одан әрі бүкіл Азияға саяхатты бейнелеу. Бала кезден бастап арман қуып, сол армандарды жүзеге асыру жолын көрсету.
Бұл үшін ұйымдастырушылар интерактивті кескіндер, бейнелер мен түрлі элементтерді қолданады. Олар Қытайдағы қысқы спорт түрлерінің «жанды» бейнесін жасап, қытай халқының рухы мен құлшынысын көрсетуге тырысады.
"Біз соңғы жылдары Қытайда қарқынды дамып келе жатқан қысқы мәдениетті көрсетуге баса назар аударғымыз келеді. Біздің мақсатымыз – қыстың суық мезгілінде қытай халқының рухани дүниетанымын бейнелеу және Азия халықтарымен байланысын көрсету", – деп атап өтті Ша Сяолань.
Айта кетейік, Қысқы Азия ойындарына 34 елдің спортшылары қатысады. Олардың қатарында алғаш рет Камбоджа мен Сауд Арабиясынан барған спортшылары да бар. Қазақстан атынан 137 спортшы сынға түседі.
Ашылу салтанатында еліміздің туын хоккейші Әділ Бекетаев пен шорт-трекші Ольга Тихонова ұстап шығады.Салтанатты шара Астана уақытымен 17:00-де басталады.
Сурет: Ша Сяоланьның жетекшілігімен өткен Ханчжоудағы Азиада ашылу салтанатынан үзінділер, Харбин панорамасы.