Сыр өңірінде кальцийлендірілген сода зауытын салу бастамасы сөз болғалы елдің берекесі қашты. Әсіресе, онсыз да экологиялық апат аймағының зардабын тартып отырған Арал өңіріндегі жамағатқа бұл жайсыз хабар «жығылғанға жұдырық» болып тиіп отыр.
Соры қалың сода
1,244
оқылды

Арал өңірі жайында айтуымыз бекер емес. Өйткені химзауытты теңізді өлкеден салу мәселесі көптен бері сөз болып келеді.  Тұр­ғылықты халықтың «бұл бастамаға тосқауыл қойылуға тиіс» деп жанайқайын жеткізуінің басты себебі – осы.  

Күнделікті жел тұрса тартылған теңіз табанынан көтерілетін  құм мен тұздан көз ашпайтын өңір халқының жағдайы он­сыз да мәз емес. Аурушаңдық көрсеткіші көбейіп барады. Әсіресе, жүрек, қан қысы­мы мен қант диабеті аурулары асқынып тұр. Одан қалды, теңіз маржаны түгесіліп,  байырғы атакәсібі де тұралап қалған. Жастар жұмыс­сыздық зардабын тартып жүр.  

Негізі, Арал қаласы маңынан кальций­лен­дір­ілген сода зауытын салу жобасы 2017 жылы бастау алды. Бұл бастама «Қыз­ы­лорда шыны зауытына қажет» деген жел­­еумен облыс әкімінің шешіміне сай қолға алынды. Жоспар бойынша «Бизнестің Жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында жүзеге асыру көзделген аталмыш жоба жылына 300 тонна өнім өндіретін қуатқа ие. Өндіріс орны толыққанды іске қосылған­да 700-дей жергілікті халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік артады деген де уәждер айтылып қалды.  

Алайда  халықты зауыттың өнімділік қуаты мен жұмыспен қамту жағы қуантқаны­мен,  өнімнен бөлінген зиянды қалдықтар­дың жайы алаңдатады. Әу бастан экология­лық зардабы қаперге алынып,  жан-жақты зерделенді деген уәждер жергілікті жұрт­шы­лық­ты  қанағаттандырмай тұр.  

Дерекке сәйкес, келешекте өндіріс орнында өндірілген 1 тонна содадан 10 тонна шлам шығады екен.  Яғни,  көбік тәріздес улы қалдық бөлінеді. Оның адам ағ­засына зияны орасан. Әлемдік ғалымдар­дың пайымдауынша, бұл улы қалдық ауаға, өсімдіктер дүниесіне де өте қауіпті саналады. Осы қалдықты мамандар бұ­рынғы теңіз ұлтанындағы кіші Сарышығанақ аталатын орынға арнайы шұңқыр қазылып,  суға араластырып, көмуді ұсынған. Сондай-ақ қалдық көмілетін орында дамба салу арқылы бекіту көзделген. Бірақ наразы топ бұл да қисынға қия соқпайтынын айт­ып,  дабыл қағуда. 

«Арал өңірінен кальцийлендірілген сода зауытын салу бастамасы қозғалған кезден бастап түбегейлі қарсылығымызды білдіріп келеміз. Негізі,  ауданнан «Тұран ойпаты-Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің қүрылуына да осы келеңсіздік басты себеп болғанын айта кеткен абзал. Соның не­гізінде 2019 жылы билік өкілдерінің қаты­суы­мен бірінші тыңдалым да өткізілген.  Құзырлы орындар тарапынан ұйымдастыр­ылған тыңдалымда өндіріс орнын салуға шешім шығарылыпты. Одан алғашында ха­лық бейхабар болды. Кейіннен 2020 жылы баспасөз арқылы екінші тыңдалым бола­тынын естіп, наразы топ жиналып, соған арнайы қатысқанбыз. Билік өкілдері­мен қоса, бірқатар қоғамдық бірлестік мүшелері бас қосқан екінші тыңдалымда онсыз да экологиялық зардапты бастан кешіп отырған өңір халқы үшін бұл зауыттың зияны шаш етектен екенін айтып, қарсылы­ғымызды білдірдік. Одан кейін аудандық қоғамдық бірлестіктің отырысында да өн­­дір­іс орнының зияндылығын дәлелдеп бердік. Содан соң зауыт салу бастамасы сая­бырсығандай болып еді. Жуырда бұл бастама тағы көтеріліп отыр. Бірақ аудан халқы, қоғамдық бірлестік өкілдері, бір сөзбен айтқанда, туған жеріне шын жанашыр жандар өз шешімімізді өзгертпейміз. Ары қарай да адам тағдырына алапат қауіп төн­­діретін ажал араны саналатын сода зау­ыт­ын салуға түбегейлі қарсымыз.  Мұны эколо­гиялық апат апанында отырған 40 мыңдай халыққа қасақана қолдан жас­алған қатыгездік деп білеміз. Кеш болмай тұрғанда  есімізді жиып, зиянды зауытты Арал өңір­інен алып кетуін талап етеміз!»  – деді Арал тұрғыны, қоғам белсендісі Света Нұрпейісова. 

Тұрғындардың пікіріне сәйкес,  Аралдың маңдайына біткен соры онсыз да бес елі.  Кеңес кезеңінде теңіз аумағында «Возрож­ден­ие» аралында бактериологиялық сынақ жүргізетін құпия зертхана жұмыс істегені  көпке мәлім. Зертханадан шыққан зиянды қалдықтар аралдағы теңіз түбіне арнайы бөшкелерге салынып, көмілгені белгілі.  Бүгінде теңіз табаны құрғап,  арал құрлықпен қосылып кетті. Арнайы ыдысқа салынып көмілген улы заттар құмнан аршылып,  ауаға тарау қаупінде тұр. Жағдай осылай жалғаса берсе, зиянды қалдықтар ауаға та­рап, түрлі қатерлі індеттің өршуіне соқ­тыру қаупі басым. Бір сөзбен айтқанда,  жер­асты улы қалдыққа көміліп, құм мен тұзды шаңды жұтып отырған халық енді елді аммиакты сода шламымен улау қаупі төніп тұрғанына қапалы.  

Сонымен қатар наразы топ қалдық төгетін орынды екі жағынан дамба соғып бекіту әдісін қолдамайды. Көпшілік тара­пынан қытайдың ескі хоу әдісімен жасалатын бұл жобаның қауіпсіздігіне күмән басым. Нақты уақытта зауытты салуға ниетті қы­тай­лық компания үшін бұл ескі әдіс тек ақша үнемдеудің тиімді тәсілі болуы мүмкін дегенді алға тартады. Ең қиыны, шлам тө­гуге арнайы бекітілген орынға жақын маңнан аудан халқы ауызсуға пайдаланатын жерасты бұлақ суы өтеді екен. Ал содадан шыққан улы қалдық топырақ арқылы бұ­лақ суына қосылып, халықтың, төрт түл­іктің жаппай қырылуына соқтырмай ма деп үрейленіп те отыр.  

«Өзім ауданның байырғы тұрғынымын.  Аудандық газетте 40 жыл еңбек еттім. Зей­нетке шықсақ та еңбектен қол үзбей,  жұ­байы­мыз екеуміз шағын қожалыққа ие­лік етіп отырмыз.  Нақты айтқанда, сода зауыты салынатын Сарышығанақ елді ме­кенінде шаруашылықпен айналысамыз. Зауыттың осы аумақтан салынуына бес жылдан астам уақыттан бері қарсылық танытып келеміз. Кейінгі жылдары өндіріс орны біздің өңірден салынбайтын болыпты деген хабарды естіп қуанып қалған едік.  Бірақ соңғы күндері зауыт қүрылысы қайта жалғасатынын естіп,  көңіліміз құлазып жүр. Экологияның зардабын тартқанымыз аздай, енді содадан бөлінген улы қалдықты жұтамыз ба деп қорқып отырмыз. Осы сәт­ті пайдаланып, аралдық аналардың атынан сода зауытының салынуына қарсы­лығы­мызды білдіріп, үндеу тастағым келеді. Ең болмағанда келешек ұрпағымыз­дың қамын ойлап, онсыз да тартылған теңіздің тауқыметін көріп отырған халықтың ендігі кезекте аммиакты сода шламымен улануына жол берілмесін!» дейді тағы бір тұрғын Жанар Барбосынова. 

Жалпы, сода жасаудың тиімді тәсілдері мен зиянды әдістері жайында бұған дейінгі зерттеушілердің жазбаларында аз айтылған емес. Соның ішінде Башқұртстан Республи­ка­сының еңбек сіңірген қайраткері, химия ғылымдарының докторы,  профессор Марк Сафаровтың кальцийленген сода өндірісі БСК (Башқорт сода компаниясы) туралы берген сұхбатында көптеген деректі алға тартады. Бұл жайында Аралдың тумасы,  марқүм Зеріп Айтжанованың аудармасынан аңғаруға болады.  

Негізінен, кальцийленген сода – күн­делікті тұрмысымызға қажетті өнім.  Оны жоққа шығара алмаймыз.  Дей тұрғанмен,  оны өндірудің зиянды және зиянсыз тәсіл­дері бар. Жоғарыда атап өткеніміздей, Баш­құртстан профессорының жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында осы сода өн­дірісінің инженерлік талаптары жік-жікке бөлініп көрсетілген. 

Салыстырмалы түрде  дәл Сыр өңірін­дегідей жағдай бұған дейін Башқұртстанда жүзеге асырылып отыр.  Нақты айтқанда,  1937 жылы Кеңес Үкіметі тұсында бұл елде стерлитамак сода компаниясы өндірісі қолға алынады. Сол маңдағы Ақ Еділ өзені стерлитамак өндірісін қолға алуға себеп болса керек.  

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Украинадан, Славянск және Шахты қала­ларынан сода зауыттары Башқұртстанға көшіріліп, Германия контрибуция заңымен ең маңызды, ең озық, ең дамыған техноло­гия­лар мен өндіріс нысандарын, алтын қорын, басқа да байлықтарын КСРО-ға тегін берген дүниелердің ішінде заманауи сода зауытын да Башқұрстанға апарады. Содан бергі уақытта сода өндірудің бұл әдісінің зияндылығын жергілікті жұртшылық сезіне бастаған.  

Дерекке сәйкес, әлемде ірі кальций­ленген сода өндірісімен айналысатын 34 зауыт бар. Олар барлық сода мөлшерінің 50 пайызын өндіріп отыр. Соның ішінде,  негізінен дүниежүзілік сода мөлшерінің 24 пайызын АҚШ, 38 пайызын Қытай өн­дірісі қамтамасыз етеді екен.  Осы орайда айта кеткен абзал, бұл зауыттар бельгиялық химик Сольвенің 1861 жылы енгізген әдісі­мен кальцийленген сода өндіруші бол­ып саналады. Бұл әдістің ерекшелігіне тоқталар болсақ,  кальцийленген соданы шығару үшін екі шикізат – әктас СаСО3 және ас тұзы NaCl қажет екен. Осы екеуін  қосқанда – кальцийленген сода – Na2CO3 шығады немесе натрий карбонаты өндіріледі. Әктас қорын тауып, оны қазып, қопарып, вагондарға тиеп, қажетті мөлшерде бөлшектеп, қортқы көмір-кокс қосып, араластырып, тіке металлургиялық пешке салып, 900*-1100*  аралығындағы ыстықта күйдіреді. Көмірқышқыл газ бен ас тұзын қосқанда кальцийленген сода шығады.  Сольве әдісі талабымен қосалқы элементтер ретінде NaCl-дан натрий алынса, әктастан  көмірқышқыл СО2 шығарылады. Ас тұзы­ның хлоры (Cl) және әктастың кальциі (Са)­ қосылғанда қоқыс болып хлорлы кальций- (СаСl2) шығады. Осы екеуі қосы­л­ып ағын, улы суларды құрайды. Сольве әдісімен 160 жыл бойы жұмыс істеп келген зауыттардың негізгі уайымы да осы ағынды зиянды қалдықтарды құрту мәселесі. 

Негізінен, дүниежүзі тұтынушыларына керегі 2 миллион тонна хлорлы кальций. Ал қазіргі 34 зауыт осы қажетті өнімді өн­­діру үшін 50 миллион тонна қалдық тас­­тауға мәжбүр. Соның ішінде 48 миллион тонна улы хлорлы кальций мұхиттарға, теңіздерге, көлдерге, өзендерге төгіледі. Осыдан-ақ  сода өндірудің бұл әдісінің қан­­шалықты зиянды екенін бағамдай беру­ге болатын шығар. 

Бертін келе қытайлықтар өз жерінде улы қалдықтарды тығу жолдарын таппай, Сольве әдісін жарты жолда тоқтатып, СаСl2-нің орнына басқа тұз шығару әдісін тауып, өндіріске енгізген. Тұздың атауы – хлорлы аммониі. Аммоний күріш алқаптар­ында тыңайтқыш ретінде қолданатын болады. Сонымен, қытайлықтар Сольве әдісін өздерінің ерекшеліктеріне сәйкес­тендіріп, ықшамдап, СаСl2 орнына NH4Cl өндіріп, Хоу әдісін тапқан. Хоу әдісі – қыс­қартылған, ықшамдалған Сольве әдісі екен.  Сондықтан да аралдықтардың қытай (Гонконг) «АралСода» зауытын салуға қар­сылығы – осы  Сольве және Хоу техно­ло­гия­ларының орасан зияндылығымен тікелей байланысты болып отыр. 

Жалпы, жергілікті жерден өндіріс ор­нын ашуға тұрғылықты халықтың қарсылығы жоқ. Бірақ қоршаған ортаға зиянсыз, үнемді, перспективалық әдістер бойынша қолға алынса деген талабы бар.

«Айдынды Арал өңірінен өндіріс орнын ашып, тұрғылықты халықты тұрақты жұ­мыспен қамтуға бағытталған әрбір бастаманы қолдаймыз. Бірақ соңғы жылдары жиі көтеріліп жүрген сода зауытының бағынан гөрі соры басым болып тұр. Осы орайда «Тұран ойпаты Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі атынан қояр талабымыз бар.  Атап айтқанда,  Арал халқына сода зауыты құрылысы таныстырылсын және қоғамдық тыңдалым қайта өткізілсін. Сондай-ақ  Рамсар конвенциясымен қорғалған сулы-батпақты аумаққа жататындықтан, зауытты Сарышығанақта салу тоқтатылып, басқа жер қарастырылсын. Себебі бүгінге дейін Саршығанаққа билік өкілдері айтқандай, ешқандай инфрақұрылым немесе жұмыс істелмегенін де көріп отырмыз. Бұған қоса,  зауыттың қала маңы экологиясына әсері ескеріліп, елді мекеннен алыстатылсын. Ең болмағанда зауытты тұз өндіріліп жатқан бұрынғы Сольтрес маңына салынуын ұс­ынамыз. Зауыт салу көзделген Сарышы­ғанақ маңында бұрын әскери гарнизон болғаны белгілі. Келешекте сол жерді өн­дір­істік аймаққа айналдыру жолдарын да қарастыруға болар еді»,  – дейді бұл жайында қоғамдық бірлестік өкілі Айжарық Ерәли. 

Мәселен, кейінгі жылдары соданы көп жағдайда тұзды көлдерден тікелей алуға болатыны дәлелденген. Атап айтқанда,  Ресейге тиесілі Алтайдағы Сольное көлі, Башқұртстандағы Орынбордың Соль-Илецкі сынды орындары өте қолайлы са­на­лады. Ал елімізде 40-қа жуық тұзды көл­ бар көрінеді. Соның ішінде Сыр өңір­індегі Кіші Арал, Қамыстыбас, Тұщыбас көлдері сода өндірісіне қолайлы екені жасырын емес. 

Мәліметке сәйкес,  табиғи кальцийлен­ген соданы трона деп атайды. Осы әдіспен дүниежүзіндегі сода өндірісінің 24 пайызын АҚШ-та тек тірі тұз көлдерден қазу арқылы өндіріліп отыр. Яғни, олар соданы жаса­май­ды, тек су астындағы дайын өнімді кеп­тіріп, қалталап сатады. Бұл өнім эколо­гия­лық таза,  шламсыз,  артық қалдықсыз болып саналады. Соның негізінде АҚШ-та соңғы 30-40 жылда Сольве әдісімен сода өндіретін бірде-бір өндіріс орны салынбапты. 

Сондықтан да наразы топ «Арал-Сода» зауытының қытайдың ескі Сольве-Хоу әдісінен бас тартуын талап етеді.  Бұл өскелең ұрпақтың келешегіне балта шабу, онсыз да экологиялық зардаптан көз ашпай отырған Арал өңірінің ахуалын одан бетер ушықтыруға әкеп соқтырады деген қор­қыныш басым.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы