Іс жүзінде әуекемелерінің барлық түрін ұшыруға қабілеті жеткенімен әрі қажетті барлық инфрақұрылыммен жабдықталғанымен, жыл он екі ай бойы Көкшетау әуежайы қаңырап бос тұрады. Бірен-саран адамдар ғана анда-санда ұшып жататынын жұрттың бәрі біледі. Әуежайда кедендік және төлқұжаттық бақылау режимі де жұмыс істейді. Дегенмен рейстер санының аздығы мен билет бағасының шектен тыс қымбаттығынан, сонымен қатар ұшақтардың техникалық жағдайына қарап, мұндағы жұртшылық көршілес Астана яки Петропавл әуежайынан ұшқанды жөн көреді...
Әуежайда тек SKAT және соңғы жылдары Qazaq Air әуе компаниясының ұшақтары ғана қызмет көрсетеді. Осыдан он бес жыл бұрынғы, яғни 2013 жылы Көкшетау-Алматы рейсінде Алматыға жетпей құлап, 21 адам тіл тартпастан көз жұмған қайғылы трагедиялық оқиға күні бүгінге дейін жұрттың көкейінен шыққан емес. Сол себепті де бұл әуежайдың ұшақтарына деген халықтың сеніміне де селкеу түсірген. Әуе компаниясына қатысты үлкен қылмыстық іс қозғалып, әуежайлардан бұл компания ұшақтарына тыйым салу мәселесі талай мінберден көтерілгенімен, іс жүзінде сол бойы «жабулы қазан» күйінде қалған. Көкшетауда әуерейстері сол күйі баяғы SKAT компаниясының ұшақтарымен күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
Деректерге сенсек, шаһар әуежайы 2010-2013 жылдарға арналған әуевокзалдарын қайта құру және инфрақұрылымды жақсарту мақсатындағы арнайы бағдарлама шеңберінде күрделі жөндеуден өткізілген. Жұрт жаңартылған әуежай жаңа леппен жұмысын бастайды деп сенген. Алайда жөндеу жұмыстары аяқталған әуежайдың алғашқы қадамы трагедиямен басталғанын жоғарыда айтқанбыз. Бұдан кейін 2022 жылы әуежайда тағы жөндеу жұмыстары басталды. Қонақүйі мен әуежайдың ұшу құрамы ғимараттарына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Осының нәтижесінде барлық санаттағы жолаушыларға және күтіп алушылар мен шығарып салушыларға ұшу алдындағы және ұшып келу бойынша кешенді қызмет түрлері біршама жақсара түскен. Әуежайда жолаушыларға әуебилеттерін беру, жүктерді тіркеу, төлқұжаттық бақылау және отырғызу сияқты қызметтер көрсетіледі.
Көкшетау әуежайының директоры Ерлан Құсайыновтың айтуынша, күрделі жөндеуден өткеннен кейін әуежай қызметі 171 тоннаға дейінгі әуекемесін жөнелтуге қауқарлы болған. Компания үстіміздегі жылы әуежай қызметі жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру және өңірдің көлік мүмкіндіктерін кеңейту бойынша стратегиялық жоспарлар шеңберінде дамуды жалғастырмақ ниетте.
– Біз биылғы жылы әуежай қызметінде қарқынды жоспарларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Жоспар бойынша ішкі бағыттарды дамыта отырып, Қызылорда бағытына рейстерді ашып және Ақтауға қатынайтын рейстерді қалпына келтіру көзделіп отыр. Сонымен қатар халықаралық рейстерді де кеңейте отырып, жолаушыларымызға Ресей және Өзбекстан сияқты мемлекеттерге ұшу мүмкіндігін туғызуды қолға алмақпыз, – дейді Ерлан Құсайынов.
Бірақ жоғарыда айтып өткеніміздей, барлық жағдай жасалған әуежайға адам жоламайды. Қызмет сапасы көңілге қонарлық болғанымен, рейстер саны санаулы әрі билеттің құны өзге қалалармен салыстырғанда әлдеқайда қымбат. Әрине, жұрт көкейінде халықаралық талаптарға сай әуежайдың жағдайдың осындай күйге жеткені неліктен деген сауал туындайтыны сөзсіз. Өйткені Ақмола облысы республикадағы ең туристік аймақтардың бірі екенін ескерсек, облыс орталығындағы әуежайдың жұмысы тәулік бойы тынбайтын тірлік қызып жатуы тиіс емес пе деген ой қылаң береді. Әуежай басшылығы бұл түйткілді мәселенің туындауына ықпал ететін әуежай тасымалының экономикалық және ұйымдастырушылық аспектілерінің бірнеше себебін алға тартты. Сонымен қатар рейстер санының аздығы мен билет бағасының қымбаттығын және ұшу орындалғанша бастапқы бағаның өзгермейтінін мойындады. Әуежай директоры рейстер саны мен жолаушылардың төмендігіне ықпал ететін бірнеше нақты себепті атады.
Бұл орайда әуежай басшылығы жағдай осылай екен деп қарап отырмай, түйткілді мәселелердің түйінін тарқату үшін қолдан келгенше қарманып жатқанын жеткізді.
– Рейстер санын арттыру үшін жаңа әуекомпанияларды тарту, бағыттарды субсидиялау, баға саясатын қалыптастыру сияқты жұмыстар жүргізілуде. Бұған министрлік тарапы да араласып, инвестиция мен субцидия мәселелерін қолға алса, ол жағдайды шешудің тиімді құралы болар еді, – деп толықтырды Ерлан Құсайынов.
Туризм саласын түлетуде Көкшетауға әуеқатынасының қолайсыздығы да бірталай кері әсер етіп жатқаны сөзсіз. Бурабай, Зеренді сияқты республикадағы танымал ірі демалыс аймақтарына бару үшін де жолаушылар әуеқатынасы тиімсіз болған соң автокөлікке жүгінуге тура келеді. Бұл өз кезегінде жол қатынасын қиындатып, аймақтағы ірі жол апаттарын жиілететінін де атап өткен жөн. Бұл сөзімізге айқын мысал жыл басында жаңа жылды атап өткеннен кейін Астана-Щучинск тасжо-лында бір мезетте 95 көліктің соқтығысып, көптеген адамның ауыр жарақат алып және бұл жағдайдың жол қозғалысына айтарлықтай кедергісін тигізген еді.
Облыс әуежайындағы өткір мәселелерді Ақмола облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшылығынан да сұрап көруді жөн көрдік. Басқарма басшысы әуежайда тиісті жаңа рейстерді ашу, субсидиялау және әуекомпанияларын тартуға өтінім берілгенімен, тиісті шешімнің тез арада қолға алынбауының салдарынан жағдайдың тым күрделеніп кеткенін мойындады.
– Аймақтың инфрақұрылымын жақсарту үшін ведомство әуежаймен тікелей қарым-қатынаста жұмыс істейді. Жыл сайын басқарма мен әуежай тарапы бірлесіп, тиісті министрлікке әуебағыттарын субсидиялауға және әуе компанияларын тартуға өтінімдер береді. Бірақ бұл жұмыстар тез арада атқарыла қоймайтындықтан, осылай шиеленісе түседі. Жыл сайын басқарма атынан Көлік министрлігіне Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Қызылорда және өзге де қалаларға әуебағыттарын субцидиялауға және қолданыстағы әуебағыттарының жиілігін арттыруға өтінімдер жіберіледі. Бірақ бюджет тапшылығы салдарынан мәселе тез шешіле қоймайды, – дейді басқарма басшысы Владимир Кулаков.
Басқарма мәліметінше, 2023 жылы Шымкент қаласына қатынайтын әуебағыты ашылып, министрліктен субсидия мақұлданған. Ал биылғы жылы министрлік Көкшетау әуежайынан Қызылордаға қатынайтын әуебағытына қаражат бөлген. Қазір әуерейсін жүзеге асыратын компаниялар арасында конкурс өткізіле бастаған. Аталған жоспар іс жүзінде жүзеге асырылса, жолаушылардың Көкшетаудан Қызылордаға аптасына екі рет қатынау мүмкіндігі пайда болмақ. Басқарма өткен жылдармен салыстырғанда соңғы екі жылда, әсіресе жаз маусымында әуебағыттарының жиілігі арта түсіп, әуежай қызметі сыйымдылығы үлкен ұшақтарға қол жеткізгенін жеткізді.
P.S.
Аймақта туризм кластерінің бүлкілдеген тамырына қан жүгіртуде әуеқатынасының да аса үлкен мәнге ие екені сөзсіз. Әуетасымалының аздығы мен тиісті мәселелердің шешілмеуінен әуежайдағы тіршіліктің бүгінгі ахуалы аса күрделі. Сондықтан бұл орайда түйіннің тарқатылуы үшін бірінші кезекте құзырлы министрлік жағдайға назар аударып, қажетті шараларды қабылдайды деп үміттенеміз.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы