Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық!». Осы төрт нәрсені басқа қасиеттерден артық қойыпты. Ақыл мен ғылым, ар мен мінез!
Қазіргі қазақ қоғамы Ар мен Мінезге келгенде тілі күрмеліп қалатындай жағдайға жетті. Арсыздық пен азғындықтың неше түрлі дәлелі мен дәйегі күн сайын алдымыздан шығып жатыр. «Сойып кетті, қырып кетті» дегеннен бастап «жүкті боп қалды», «күпті боп қалды» дегенге шейін қаншама ақпарат өріп жүр?
Ең жаманы: қоғам осының бәрін үнсіз қабылдап жатыр, үсті-үстіне қардай бораған ақпарат тасқынының астында отырып «не жақсы, не жаман» дегенді айыра алмайтын халге келді; тіпті жаманнан жирену деген де жайына қалып барады, ет үйреніп, көз үйреніп, болып жатқан келеңсіздіктің бәрін әдеттегі жағдай, қалыпты құбылыс ретінде қабыл алып, осыншама тексіздік пен арсыздықтан, азғындық пен надандықтан бойды алыстатуға, бұл нәрселерге қарсы күресуге не пәрмен, не дәрмен таппай отырған жайымыз бар.
Өткен аптада Сенаттың пленарлық отырысында Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдадым.
Сауалға түрткі болған жағдай – қазақ қыздарына қатысты. Әуелі депутаттық сауалдың толық мәтінін назарға сала кетейін:
«Қыз тағдыры – Ұлт тағдыры!
Елімізде ерте жүктілік жиілеп кеткенін байқап отырмыз. Бұл ұлт сапасына тікелей әсер ететін фактор екені белгілі. Осы орайда нақты деректерге тоқталғым келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне назар аударсақ, соңғы бес жылда 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында туу көрсеткіші шамамен 1,5 есеге артқан. Жасөспірімдердің туу деңгейінің күрт өсуі пандемия кезінде басталған. Содан бері өткен төрт жылда бұл үрдіс бір деңгейде сақталып келеді.
2023 жылы қаршадай қыздар арасында 5 094 босану тіркелген. Бұл сол кезеңдегі жалпы туу көрсеткішінің 1,3 пайызын құраған (2019 ж. – 3 602 жағдай, 0,9%). Осылайша, ел бойынша туу көрсеткіші 15-19 жастағы 1 мың қызға 32,63-тен келіп отыр. Ал ауылдық жерлердегі жасөспірімдер арасында аталған көрсеткіш қаладағы көрсеткіштен екі есеге дерлік көп, яғни – тиісінше 44,15 және 24,72.
Біз осы қайда бара жатырмыз? Ұят деген ұғымның өлгені ме? Адамдықты надандық жеңгені ме?
Бұл бірлі-екілі жағдай болса бір жөн.
Еліміздің жеті өңірінде, әсіресе оңтүстік және батыс аймақтарда
жасөспірімдер арасындағы туу көрсеткіші республикалық көрсеткіштен жоғары. Оның ішінде Жамбыл (52,94), Түркістан (47,09) және Маңғыстау облыстарындағы (37,7) деректер ерекше алаңдатады. Бұл өңірлерде жасөспірімдердің туу көрсеткіші ауылдық жерлерде де, қала тұрғындары арасында да өте жоғары.
Бұл ретте аталған туу деректері медициналық мекемелерде жүктіліктің тіркелген фактілері бойынша анықталғанын ескеруіміз керек. Әрбір жүктілік бала тууға әкелмейтінін назарға алсақ, жүктілік жағдайы біз келтірген деректерден әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін аңғарамыз. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, былтыр жасөспірімдер арасында жүктілік жағдайларының 10,2 пайызға төмендегені байқалады (2023 жылға қарай). Дегенмен уәкілетті орган жүктіліктің әрбір жағдайын тіркемейтінін есте ұстаған жөн. Сондықтан деректердің дұрыс есептелмеуінен де осындай динамика қалыптасуы мүмкін.
Жап-жас қыздарды қорлау, тіпті зорлау көбейді.
Бұл жағдай да ерте жүктілікке әкеледі. Бірақ көбіне мұндай оқиғалар жабулы күйінде қалады. Ішінен тынып қыз қалады. Жүректерде сыз қалады.
«Ауруын жасырған өледі» дейді біздің қазақ. Көрсек те көрмеген, білсек те білмеген болып отыра береміз бе?
Біз бұл проблемаға айрықша назар аударуымыз қажет. Өйткені оның салдары әлеуметтік тәуекелдерге әкеліп соқтырады. Бұл – өте нәзік әлеуметтік мәселе. Бала көтеретін жасқа келген қазіргі жасөспірімдердің репродуктивті денсаулық жағдайы алдағы 10-15 жылдағы туу мен демографияға тікелей әсер ететіні анық.
Сонымен қатар ерте жүкті болған қыз автоматты түрде қауіп-қатер аймағына енеді, білім алу мүмкіндігін жоғалтады, әлеуметтік қайшылықтарға тап болады. Тіпті, суицид жағдайына әкелетін психологиялық көңіл күйге ұшырайды.
Сондықтан осы айтылғандарды ескере отырып, балалар мен жасөспірімдерге аталған мәселеге қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұлттық деңгейде жүйелеу қажет деп есептейміз.
Бірінші. Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, сондай-ақ осы салада жұмыс істейтін халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың (UNFPA, UNICEF және т.б.) қатысуымен жасөспірімдер арасында жүктілік пен туу санының өсу себептеріне ведомствоаралық талдау жүргізу қажет.
Екінші. Жастар денсаулық орталықтарының қызметіне олардың өмірлік қиын жағдайға тап болған кәмелетке толмағандарға психологиялық және медициналық қолдау көрсету жұмыстарының тиімділігі тұрғысынан бағалау жүргізу қажет.
Үшінші. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға қатысты заңнаманың орындалуына мониторинг пен бақылауды күшейту аса маңызды. Сонымен қатар зорлық-зомбылық фактілеріне жіті мониторинг жүргізіп, жетесіз жастардың жауапкершілігін күшейту керек.
Төртінші. Жасөспірімдер мен олардың ата-аналарының ерте жүктілік қаупі, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі мен құқықтары туралы хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жедел қолға алу керек».
Депутаттық сауалдың мәтіні осындай. Айттық, жарияладық деп қоя салуға арымыз жібермейді. Қалың қазақ қоғамы болып жардың шетінде тұрғанымызды, бұдан ары қарай Қазақ елі деген атауға лайықпыз ба, жоқ па деген көлденең сұрақ алдымызда тұрғанын тағы бір мәрте еске салғымыз келеді.
Халқымыз «Қызға қырық үйден тыйым» деген.
Ұлы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе. Бесігіңді түзеу үшін әйелдің халін түзе» деп кетті.
Біз «Нарық экономикасына көштік, енді қалған дүниенің бәрін нарықтың өзі реттейді» деп ұлттық құндылықтар атаулыны тәрк еттік. Соның салдарынан ұрпақ тәрбиесімен тікелей айналысуға тиіс әйел, ана қауымы ала қап арқалап, тіршілік соңында кетті. Қырық үй түгілі жалғыз үйдің түтіні түзу шықпайтын жағдайға жеттік. Сонда не таптық?
Әбден азғындаған халге жетіп отырмыз. Отбасы құндылығы жайына қалды. Отбасындағы тәрбие деген жай әншейін әңгімеге айналды. Не атаның, не әженің сөзі өтпейтін, айтқан ақыл құлаққа жетпейтін, «өзім білем» дейтін өлермен ұрпақ көбейді. Оларға Ар, Ұят, Обал, Сауап деген ұғымдар «кәкәй» деген сияқты болып қалды.
Әлеуметтік желілерде Ақтөбе, Талдықорған қаласындағы мектептерде қыздар мен қыздардың қырғын төбелесі желдей ескен ақпарат тарады. Іле-шала Өскемендегі сауда орталықтарының бірінде қыздардың әлімжеттік оқиғасы шықты. Жағаңды ұстайтын сұмдықтар қаптады.
Соңғы жылдары ұл балалар былай қалып, қыздар арасындағы төбелес тіптен жиілеп кетті. Жасы кәмелетке жетпей жатып жүкті боп қалу деген сұмдыққа қоғамның бойы да, еті де үйренді...
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, бала өлімінің негізгі себептерінің бірі – жүктілікті үзу және ерте босану. Негізі, 19 жасқа дейінгі жүктілік ерте деп саналады. Ерте жүктіліктің салдарынан жасөспірімдердің 70 пайызы аборт жасатып, 15 пайызы түсік тастайды. Ерте жүкті болып қалған қыздардың тек 15 пайызы сәбиін аман-есен жеткізіп, босана алады.
Қазір балалар тым ерте жетіліп жатыр. Бұрын «переходный возраст» деген 15-18 жас аралығында болса, бұл күнде 8-13 жас аралығында.
Жасөспірімдердің жыныстық қатынас туралы қанша жастан ақпарат алатыны туралы нақты дерек жоқ, әйтсе де әлеуметтік желі арқылы олардың бұрын «жабық тақырып» болып келген саладан мағлұматы мол.
Соның салдары да анық көрініп тұр. Жастардың 70 пайызы 15 жасқа дейін алғашқы жыныстық қатынасқа түсетіні анықталып жатыр. Статистикаға сәйкес, мың адамға шаққанда кәмелетке толмағандардың саны 7,9 адамды құрайды, ал жасөспірімдер арасында мың қыздың үшеуі түсік жасатады. Бұл тіркелген деректер. Ал тіркелмей түсік жасатып жатқан қыздар қаншама?
Әлеуметтік желіде жан шошырлық ақпарат толып жатыр. «Өгей қызының өмірін өксітті», «туған жиенімен төсектес болған», «балиғатқа жетпеген қызды бүлдірді» деген хабарлар тарап жатады. Соларға «ой,сұмдық-ай» дегеннен басқа не істей алады мына әлеумет?!
Сонда біз қайда бара жатырмыз шынында?
Қонған жеріміз азғындықтың ауылы ма?
Адамдықтың бәрі жайына қалып, тек надандықпен өмір сүруге бет алғанымыз ба?
Бүкіл қазақ қоғамы ойланар, оянар тұсқа келіп тұрмыз. Жоғарыда аталған келеңсіздіктің бәрі көз алдымызда өтіп жатыр ғой. Қарсы тұруға қауқарымыз жетпей ме? Елдік қағидаттарын мүлдем тәрк еткеніміз бе? Қаншама жаугершілік заманды бастан өткізген халқымыз өз егемендігі тұсында неге бұлайша қауқарсыз болып қалды? Неліктен бәріміз пұшайман болып барамыз?
Тіл ұшына келген төрт-бес ұсынысқа қосымша мына мәселелерге айрықша назар аудару қажет.
Біріншіден, қазақтың әулеттік намысын күшейту керек. Бұл үшін Отбасы құндылықтарын қалыпқа келтіруге тиіспіз. Әр шаңырақта әке мен ананың, ата мен әженің орны айқындалып, «Тәрбие – тал бесіктен» деген дана халқымыздың өнегелі жолына түсуіміз қаажет. «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» дейтін ата-бабаларымыз. Әр әулеттің үлкендері бастап, жастары қостап Тәрбие деген үлкен мектептің талаптарын күнделікті назарда ұстауы тиіс. Баланың жаман аты – аруақтың аманатына сын. Отбасы, ошақ қасындағы ұлттық тәрбие өзегіне оралмайынша, қырық жерде қиналып, отыз жерден опық жеп отыратын боламыз.
Екіншіден, әр ауыл /бұл ауылдық жерге қатысты/ өздерінің арасынан жөн білетін, сөз білетін, өнегелі азаматтардан Ауылдастар алқасын құруы керек. Ауылдағы үлкенді-кішілі әдепсіздік, жөнсіздік, көргенсіздік және осылардан туатын түрлі қылмыстық оқиғаның алдын алу шараларын жүргізу басты шарт саналуы керек. Қорғансыз отбасыларға қолдау жасау, жетім қалған балаларды рухани демеу деген мәселе үнемі назарда болғаны жөн.
Үшіншіден, еліміздің қаласында да, ауылында да «Жастар ресустар орталығы» деген құрылымдар бар. Арнайы заң қабылданды. Штат белгіленді. Қаржы бөлінді. Осы орталықтардың жұмысын жандандыру керек. Олардың маңдайшасындағы жазу ғана «жастар ісі» емес. Жас жеткіншектермен күнделікті тығыз байланыста болу, сол арқылы жас жеткіншектер арасындағы келеңсіз оқиғалардың алдын алу – басты өлшем.
Төртіншіден, «Ақсақалдар алқасы», «Ардагерлер кеңесі», «Аналар одағы», «Әкелер одағы» деген қаптаған құрылымдар жұмысын түбірінен қайта құру қажет. Тәрбие береміз деген мекеме мен ұйымдар толып жатыр. Берген тәрбиеміз, алған өнегеміз қайсы? Әр аймақта жасына жетпей жүкті, жүрегі күпті жасөспірімдер көбейсе, аталған құрылымдардың қайтарымы нөлге тең деген сөз емес пе?
Бесіншіден, қоғамда Құндылықтар қағидаты орнығуы тиіс. «Бәрін нарық реттейді немесе «идеология дегеннің қажеті жоқ, әркімнің өз идеологиясы бар» дейтін сыңаржақ пікірлерден жедел бас тарту қажет. logos деген «Ілім» деген сөз. Ақылдың, ойдың, парасаттың, тәрбиенің ілімінен бас тарту қандай жағдайға жеткізгенін көріп отырмыз. «Алда, арба, тек ақша тап» деген отыз жылғы опасыз саясат халқымызды іштен ірітіп, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан Ұлттық тәрбие, Ұлттық құндылықтар жүйесін быт-шыт қылғанын соқыр ғана көрмейтін шығар. Сол себептен «қазақ боламыз, тең құқықты ел боламыз, өсеміз, өркен жаямыз» дейтін болсақ, бір ақылға келгеніміз дұрыс.
Баяғы ата-бабаларымыз «Е, құдайым, бала бер, бала берсең – сана бер, санасы егер болмаса, өзің қайтып ала бер» дейді екен. Саналы ұрпақ – сапалы ұрпақ. Ал ұрпақ санасын қалыптастыру әуелі ата-ананың, сосын қоғамның жауапкершілігіне тікелей байланысты.
Сонымен, сауалдан туындайтын өзекті де өткір сұрақ алдымызда тұр.
Есті жиып, естияр ел бола аламыз ба?
Абайдың «Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай, кетпейтұғыны қалай?» деген сөзі ғасырлар бойы күшінде тұра бере ме?
Азғындық пен надандық ауылынан алыстай аламыз ба, жоқ па?!
Нұртөре ЖҮСІП,
сенатор