Бұл жоба 2023 жылы Sun Holiday ЖШС бастамасымен қолға алынып, құрылыс жұмыстарын Pana Qurylys Group ЖШС жүзеге асыруда.Жалпы аумағы 2,3 гектарды, ал нысан құрылысы 1,5 гектар аумақты қамтиды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың наурыз айында толық аяқталып, кешен пайдалануға берілмек. Жобаның жалпы құны 5,52 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне өткізген баспасөз-конференциясында атап өтті.
– «Қолөнершілер қалашығы» – дәстүр мен туризм тоғысқан бірегей жоба. Туристік кешен 8 негізгі бөліктен тұрады. Онда қолөнершілер өз бұйымдарын жасап, келушілерге шеберлік сабақтарын өткізетін 20 шеберхана, шеберлер туындыларын таныстыратын арнайы 2 шоурум алаң, дәстүрлі қолөнер үлгілері мен тарихи жәдігерлер қойылатын көрме залы, ұлттық тағамдар ұсынылатын 3 мейрамхана мен үшқабатты заманауи жоғары санатты қонақүй болады. Сонымен қатар ұлттық нақыштағы шығыс базары, субұрқақтары бар түрлі мәдени іс-шаралар өтетін орталық алаң, демалыс аймағы болатын шатырлы террассалар жоспарланған», – деп атап өтті қала басшысы.
Айта кетейік, Түркістан қаласында 10 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан Балалар қолөнер мектебі де өңірдің шығармашылық әлеуетін дамытуға өз үлесін қосуда. Мектеп ағашты көркемдеп өңдеу, зергерлік, керамика және мүсін, тоқыма және гобелен, тігін және дизайн, тері және былғары, сурет және кескіндеме бағыттары бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Оқу орны көптеген дарынды жастарды тәрбиелеп, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беруде. Жалпы, «Қолөнершілер қалашығы» тек жергілікті қолөнер шеберлері үшін ғана емес, сондай-ақ туристерге де тартымды орынға айналмақ. Мұнда ұлттық мәдениетті дәріптеу, дәстүрлі қолөнерді жандандыру және аймақтың туристік әлеуетін арттыру басты мақсат етілген. Жаңа туристік кешен Түркістанның мәдени келбетін байытып, өңірге келушілер санының артуына ықпал етпек.
«Қаламызда жалпы аумағы 310 гектар құрайтын 2 өндірістік аймақ бар. Оның ішінде 1 арнайы экономикалық аймақ аумағы 180 гектар, бүгінде жалпы құны 126 млрд теңгені құрайтын, 3 050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жоба қарастырылып отыр. Сондай-ақ жалпы аумағы 190 гектар құрайтын 1 индустриалды аймақ жұмыс істейді, бүгінде аймақта жалпы құны 10,5 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылған. Алдағы жылдары құны 15,8 млрд теңге болатын және 525 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 19 жоба іске асыру жоспарлануда», – деді шаһар басшысы.
Сонымен қатар облыс орталығы атанғалы бері өңірге келуші туристердің саны жыл санап артып келеді. Салаға соңғы 2 жылда 74,2 млрд теңге инвестиция тартылса, былтырғы жылы бұл 61,9 млрд теңгені құраған. 2024 жылы Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 1,1 млн адамға жетсе, оның ішінде шетелдік туристердің саны 23,2 мың болған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 90,1 пайызға жоғары. Қазір туризм саласын одан әрі дамыта түсу мақсатында құны 145 млрд теңгені құрайтын, 955 жұмыс орнын ашуға мүкіндік беретін 13 жоба іске асыру жоспарлануда.
Былтыр Түркістан облысының орталығында 534 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестиция көлемі 124,9 млрд теңгені құраған. Қазір Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 16 579 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп тұр. 2024 жылы кезекте тұрған 961 отбасы пәтер иесі атанса, 2025 жылы 944 пәтер иесі баспана кілтіне ие болмақ.
Қаладағы инфрақұрылым саласында да бірқатар оң өзгерістер бар. Мәселен, ауызсу және электр жарығымен қамтамасыз ету көрсеткіштері 100 пайызды құраса, табиғи газға қосылғандар 98 пайызға жеткен. Бүгінде аталған көрсеткішті 100 пайызға жеткізу үшін 1 нысанның жобалық сметалық құжаттары әзірленіп отыр. Сондай-ақ қала үшін өзекті болып тұрған орталықтандырылған кәріз жүйесіндегі құрылыс жұмыстары уақытылы бітсе жыл соңына дейін көрсеткіш 87 пайызға жетпек. Айта кетейік, былтырғы жылдың қорытындысында – бұл 36,5 пайызды құраған.
Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы жаңадан бой көтеріп жатқан ғимараттар мен нысандардың қатары жыл санап артып келеді. Оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлер, білім нысандары, бизнес орталықтары мен демалыс аймақтарының құрылысын жүргізу жоспарланған. Әр ғимарат сәулетшілердің мақұлдауынан кейін ғана салынуы тистігі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың бақылауында тұр. Бұл туралы облыс басышының қатысуымен өткен жиында айтылған болатын. Онда облыс әкімі «Түркістан қаласында жаңа нысандардың салынуы жалғасады. Шаһарды туризмнің тартылыс нүктесіне айналдыруға мүмкіндік бар. Жаңа нысандар салу, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бастамаларын қолдаймыз. Басталған іс аяқталуға тиіс. Ғимараттардың сәулетіне қатысты талаптар толық сақталуы тиіс. Көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына мән беру керек. Бізге әлеуметтік тұрғыда тиімді, елге қызмет ететін ірі жобалар қажет», – деген-ді. Мәжілісте жаңа нысандар туралы да сөз қозғалды.
Әзімбек Пазылбекұлы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өткен жиында қалада жалпы аумағы 310 гектар құрайтын 2 өндірістік аймақ бар екеніне де тоқталды. «Оның ішінде 1 арнайы экономикалық аймақ аумағы 180 гектар, бүгінде жалпы құны 126 млрд теңгені құрайтын, 3 050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жоба қарастырылып отыр. Сондай-ақ жалпы аумағы 190 гектар құрайтын 1 индустриалды аймақ жұмыс істейді, бүгінгі күнде аймақта жалпы құны 10,5 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылған. Алдағы жылдары құны 15,8 млрд теңге болатын және 525 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 19 жоба іске асыру жоспарлануда», – деп атап өтті шаһар басшысы.
Жиында бұдан бөлек, Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы сөз қозғап, атқарылған жұмыстарды мәлімдеп, алдағы жоспарларымен таныстырды.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы