Бүгінде елімізде тағдырдан теперіш көріп, жуан жұдырықтылардың зорлық-зомбылығына ұшыраған әйелдер мен балаларға әлеуметтік қолдау көрсететін 69 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Былтыр осындай орталықтардың көмегіне 5 мыңнан астам әйел жүгініпті. Сенген күйеуінің тұрмыстық қысым көрсетуіне шыдамай, осы сынды «жайлы ортаны» паналап жүрген әйелдердің жағдайын білу үшін елордадағы «Қорғау» дағдарыс орталығына барып, қиын өмірлік жағдайға тап болған нәзік жандармен тілдесіп қайтқан едік.
2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Қорғау» дағдарыс орталығының қазір Астанада екі нүктесі бар. Сондай-ақ Шымкент, Алматы, Теміртау, Көкшетау, Екібастұз қалаларында да филиалы ашылған. Дағдарыс орталығы келген әйелдерге заңгерлік кеңес беріп, әлеуметтік және медициналық көмек көрсетеді. Қызметкерлердің айтуынша, әйелдердің басым бөлігі мұндай орталық бар екенінен хабарсыз, көбіне таныстары не болмаса учаскелік полиция қызметкерлері арқылы осындай қолдау орталығына тап болады. Алдымен оларға орталықтың бас кеңсесінде психологиялық кеңес беріліп, ахуалына байланысты орталықтарға жіберіледі. Біз айтып отырған дағдарыс орталығы ана мен балаға 6 ай қамқорлық көрсетеді. Осы уақыт ішінде мамандар әйелдердің өзіне деген сенімін қайта оятып, алдағы күндеріне нық қадам жасауға бағыт береді.
Психологиялық сауатсыздықты жою керек
Астанадағы біз барған әйелдерге қолдау көрсететін дағдарыс орталығы – жабық ғимарат. Бізді қарсы алған қызметкер мұның әйелдер мен балалардың өмірі үшін қауіпсіз екенін айтты. Екіқабатты ғимаратта 11 әйел және 19 кәмелетке толмаған бала мен жасөспірім паналап отыр. Алдымен мұнда көмек сұрап келген әйелдер санының артуының себебін білу үшін осы орталықтың психологі Назерке Амантайқызымен әңгімелестік. Ол әйелдердің сауатсыздығы осы сияқты орталықтан пана іздеуге апаратынын алға тартты.
– Бұлай деуімнің себебі бар. Өзін құрметтемейтін, заңнан хабары жоқ әйелдер ұзақ жылдар бойы ерінен көрген зорлыққа шыдап келеді. Ақыр аяғы шыдамы бітіп осындай орталықтан қолдау іздейді. Мұнда келген әр әйелдің тағдырын жауапкершілігімізге аламыз. Олардың бойындағы үрейді мүмкіндігінше сейілтіп, жарқын өмірге бейімдеу үшін біраз уақыт кетеді. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – өмірде өзінің орны мен миссиясы бар екенін түсіндіріп, алдағы күнінің сәттілікке толы боларына сендіру. Сайып келгенде, күйеуінің зорлық-зомбылығына шыдаған әйелдерде балалық травма болуы әбден мүмкін. Өйткені бала туғаннан бастап 5 жасқа дейін отбасылық жағдайды ерекше түсініп, түрлі эмоциямен қабылдайды. Сол жастан бастап қиындық көрген қыз баладан болашақта күйеуінің дегенінен шықпайтын, қол көтеруіне де шыдайтын әйел пайда болады, – дейді Н.Амантайқызы.
Психологтің айтуынша, орталыққа келген әйелдер – зорлық-зомбылықтың бірнеше түрінен зардап шеккендер. Психологтер физикалық, психологиялық, экономикалық және әлеуметтік қиындық көрген әйелдерге жеке тренингтер өткізу арқылы өмірде өз орнын табуға көмектеседі екен. Айта кетейік, аталған дағдарыс орталығында қазақ және орыстілді психологтер екі ауысым бойынша жұмыс істейді. Өйткені мұнда ұлты өзге әйелдерде жайғасқан.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған қазақ келіншектердің басым көпшілігі қиналған сәтте барар жер, басар тау таппай дағдарады. Мұндай жағдайда әйелдердің психологиялық ойлауы әртүрлі бағаланады. Мәселен, психологияда әйелдердің жасы былай анықталады: физиологиялық жасы тең болғанымен, психологиялық жасы әртүрлі деңгейде болуы мүмкін. Оны тек әңгімелесу барысында жетілдіре аламыз. Тұрмыс құрған әйелдердің күйеуінен зорлық-зомбылық көрмеуі және алдын алу үшін, кез келген ана алдымен өзін түсінуі керек. Өзіне не керегін білмеген әйелді ешкім де түсінбейді, – деді психолог.
Орталық қызметкерлерінің айтуынша, мұнда жайғасқан кей келіншектердің жолдасы іздеп, балаларын өзімен алып кетуге тырысқан. Алайда орталық бірінші кезекте ана мен баланың денсаулығын, қауіпсіздігін баса назарға алғандықтан, мұның бәрі заңды түрде шешімін табуға көмектеседі.
Баланың өмірі ойыншық емес
Дағдарыс орталығында балалар да бар. Олар балабақшалар мен мектептерге орналастырылған. Орталықтың логопед-дефектологі Базаркүл Қадырбекқызы балалардың жасына сай түрлі жаттығу орындалып тұратынын негізге алды.
– Соңғы уақытта келген балалардың басым бөлігі – бастауыш сынып жасынан төмен балалар. Олар отбасында көптеген кикілжіңді көргендіктен, сөйлеу қабілеті нашарлаған немесе артикуляцияның бұзылуы байқалады. Қазір психологтер баланың әрқайсысымен жеке жұмыс істеп, түрлі-түсті суреттерді бояумен айналысады. Бұл баланың ойындағы «қараңғылықты» жарықтандыруға көмектеседі. Жақында осы орталыққа төртінші рет келген әйел болды. Күйеуінен қанша зорлық көрсе де, баласы үшін бірге тұруға көніп жатыр. Алайда болған жағдайдың тым көп қайталануынан баланың психикасы бұзылып, ортасымен араласуы бәсеңдейді де, тұйық болады. Ондай бала сөйлеу қабілетінен айырылуы айтпаса да түсінікті. Олармен жұмыс істеу ұзақ уақытты талап етсе де, біздің басты мақсатымыз – оларды қалыпты өмір сүруге бейімдеу. Сондықтан осы жолда аянбай еңбек етуге міндеттіміз, – деді Б.Қадырбекқызы.
Айтпақшы, тұрмыста орнын таппай, қиындыққа душар болған әйелдерді өзі қызығатын бір іске баулу – орталықтың басты міндеттерінің бірі. Осыған байланысты әйелдер тігу, тоқу сияқты қолөнерді үйренуге машықтанып, белгілі кәсіпті меңгере алады. Орталық қызметкерінің айтуынша, кәсібін дөңгелетіп, жұмысы алға басқан әйелдер баршылық. Олар бүгінде осындағы аналар мен балаларға жиі сый-сияпатын әкеліп тұрады екен.
Сіз білмейсіз ғой...
Дағдарыс орталығында әлеуметтік көмек алып жатқандардың ішінде бізге беймәлім қаншама тағдыр бар. Осындай тағдыр иелерінің бірнешеуімен әңгімелесіп көрдік.
(Кейіпкерлердің есімі өзгертілді-ред.)
Айсұлу:
– Бір-бірімізді жақсы көріп үйлендік. Отау құрғанымызға 7 жыл болды. 4 баламыз бар. Бұған дейін бәрі керемет еді, шегіне жеткен ұрыс-керіс те болмаған. Соңғы уақытта 7 мен 4 жастағы қыздарым әкесінен қорқатынды шығарды. Түнде әлдебір сөздерді сандырақтап, жылап таңды атырады. Мұның себебін кейін түсіндім ғой. «Құрметті педагог» медалін алған адам қалайша өз қыздарына азғындық жасауы мүмкін? Біраздан бері педофилдік қысым көрсетіп жүрген екен, тіпті «аналарыңа айтсаңдар, өлтіремін» деп те қорқытқан көрінеді. Ақтау қаласында тұратын едік, сол күні шыдамай балаларымды алып, қаладағы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға арналған орталыққа бардым. Ол жерде балалы әйелдер де, қарттар да, жас балалар да болды. Қыздарымның басына түскен жағдайын естіген болуы керек, түнде жасы үлкен екі ер кісі баса көктеп кірді. Қорыққанымнан айқайлап, көмек шақырдым. Бұл қоғамның соншалықты сана деңгейінің төмендеп кеткені ме? Содан туыстарымнан қарыз алып, Астанаға келдім де, осы дағдарыс орталығына жайғастым. Бұл туралы таныстарым айтты. Келгеніме 4 ай болса да, әлі күнге дейін қыздарымның басына түскен жағдайды ұмыта алар емеспін. Кейде алдағы күнім қараңғы болып көрінеді, бәрінен суицид жасап құтылсам ба деген ой болады. Қыздарым әкесі іздеп келгенде бұрышқа тығыла бастайды. Қыздарымның болашағына алаңдағандықтан әрі арына күйе жағылуынан уайымдап, әкесін сотқа беруден қорықтым. Бұл жағдайды естіген туыстарым қолдау көрсетудің орнына қарым-қатынасын біржола үзді. Кейін білсем, сауатты адам азғындыққа барар кезде санасын басқара алмай, бала кездегі травмасын шығаруды ойлайды екен.
Сая:
– Үшінші балам 1 апта бұрын дүниеге келді. Осы дағдарыс орталығына келгеніме 2 айдың жүзі болды. Неге дейсіз ғой? Күйеуіммен пәтер жалдап тұрдық. Аяғым ауыр болған соң, үйде балаға қарап жұмыссыз отыратынмын. Соңғы кезде қаражаттан қысылып, күнкөрісімізге жеткізе алмай кеттік. Несие менің атыма ғана рәсімделген соң ала беріппін. Ақыр аяғы 3 миллион теңгеге дейін жетті. Байқасам, сенген күйеуім лудоманияның құрығына түсіп, көзіне мен де, балалары да көрінбей кеткен екен. Мойныма осынша қарыз іліп, отбасы алдындағы жауапкершілігінен жалтара бастады. Балаларыммен сыймаймын ба деп төркініме баруға қорқамын. Анам қайтыс болған соң, әкем үйленді. Жалғыз ініммен хабар алысымыз бұрыннан жоқ. Ертең балама туу туралы куәлік аламын. Одан кейін мемлекет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарызымды жабатын шығармын. 6 айдан кейін бұл жерден кету керек, алдағы күнімді ойласам жүрегім ауырады. Екі балам енді ғана мектепке орналасқан болатын.
Рабиға:
– Бұл – екінші тұрмысым. Бірінші күйеуіммен сөзіміз жараспай, 1 жылдан кейін ажырастық. Қазір 5 баланың анасымын. 9 жыл бұрын екінші рет тұрмысқа шықтым. Оған дейін бәрі жақсы болған нәрсе, тұрмыстан кейін мүлде керісінше бола бастады. «Жұмысқа әне орналасамын, міне орналасамын» деп жүрген күйеуімнің сөзіне сеніп, несие алдық, қарызға белшемізден баттық. Оны төлеуге әрекет жасамаған соң, әйелмін ғой ойымды айта бердім. Содан бері отбасымызда тыныштық кетіп, дау-жанжал көбейді. Қол көтеретінді де шығарды. Балаларым үшін бәріне шыдап жүрдім. Мені ашындыратыны – енемнің жағдайымды біле тұра, психиатриалық ауруханаға жатқызғаны. Сонда қарызды кім төлейді? Отбасымыздың күн көрісіне, балалардың сабағына деп алған несиені төлеймін деп берген уәдесін әлі созып келе жатыр. Өсімпұлымен 5 миллионға жетті. Келгенімнен бері балаларынан хабар алмады, өзіме де хабарласпады. Балаларды мектепке орналастыру керек, құжаттарды рәсімдеудің реті келмей жатыр. Орталық бүгінде бізге осы жағынан көмек көрсетуде.
Тұрмыста бақыт таппай, зорлық-зомбылыққа ұшыраған шарасыз әйелдердің әңгімесін естіп, отбасындағы жауапкершіліктен қашатын ер-азаматтардың бар екеніне сенбеске амал жоқ. Қоғамның дамуынан гөрі азуына пайдасы тиіп жатқан бұл індетпен қалай күресуге болады, түрлі оқшаулау кешенінен пана іздеген әйелдер санын қайтсек азайтамыз? Қысқасы, бұл бүкіл қоғамды алаңдататын мәселе екені әмбеге аян. Сондықтан бұлай жалғаса берсе, соңы қаншама шаңырақтың шайқалып, отбасы институтының әлсіреуімен аяталады. Сау қоғамның кепілі – таяқсыз өскен бала мен қатігездік көрмеген әйел. Қоғам солай түзеледі.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ