Бұл бастама жұртшылықты екіге жарды. Бірі – бұл шағын кәсіпорындардың қызметіне балта шабумен тең десе, екіншісі – арнайы салық режимі ұсынған жеңілдіктерді ірі компаниялар өз пайдасына шешіп отыр, сондықтан бақылауды күшейту қажет дейді. Ал кейбір сарапшылар саны көп, сапасы жоқ мыңдаған кәсіпорын тек статистиканы көтеруге жұмыс істеп тұр деп болжайды. Әлі де қыза түсуі мүмкін салық «саудасының» басты мәселелерін талдап көруді жөн санадық.
Мемлекет қайраткері, ғалым, Жақсыбек Құлекеевтің пікірінше, бұл реформалар, ең алдымен, отандық нарықта көршілес елдердің тауарлары үстемдік етпеуі үшін қажетті шара болмақ.
– Мен ҚҚС 20 пайызға көтеру туралы ұсыныстарды қолдаймын. Өйткені Ресей, Еуропа елдерінде оның шамасы сол 20 пайыздың төңірегінде, ал бізде – 12 пайыз. Кейбір эксперттер ҚҚС жоғарыласа баға өседі деп қауіптеніп отыр. Шындығында, негізгі сауда серіктесіміз саналатын Ресеймен екі ел арасында ҚҚС айырмашылығы үлкен болса, бұл олардың экспорттаушыларына айқын артықшылықтар береді. Мысалы, Ресей компаниясы тауарын Қазақстанға экспорттағанда, мемлекеттен сол тауар құнының 20 пайызын ҚҚС ретінде қайтарып алады. Бұл өз кезегінде экспорттаушы компания үшін қосымша пайда. Ал Қазақстанға келген соң, бұл тауарға тағы 12 пайыз ҚҚС қосылады. Бірақ соған қарамастан, Ресейден келген тауар арзан болып қала бермек. Осылайша, Ресей мен Беларусь сияқты елдерден келген арзан тауарлар біздің дүкен сөрелерінде қаптай береді, – дейді Жақсыбек Әбдірахметұлы. Оның айтуынша, соның салдарынан Қазақстандағы отандық өндірушілер шетелдік тауарлармен бәсекелесуде қиындыққа тап болуы мүмкін. Сондықтан еліміздегі ҚҚС мөлшері экономикалық одақтас елдермен бір деңгейде болса, нарықтағы тепе-теңдік сақталып, отандық өндірушілер ұтылмайтын еді.«Егер ҚҚС саясаты өзгермесе, шетелдік экспорттаушылар біздің нарықта үстемдік етіп, отандық бизнес зиян шегуі мүмкін», – дейді сарапшы.
Сонымен қатар Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және Қаржы министрі Мәди Тәкиев журналистермен кездесуде кейбір кәсіпорындар үшін ҚҚС бойынша жеңілдіктер қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласы үшін ҚҚС мүлдем алынбауы мүмкін. Ал азық-түлік өндірушілер үшін ҚҚС үш нұсқа ұсынылған: қазіргі 12% мөлшерлемесін сақтау, 5%-ға дейін төмендету немесе ҚҚС-тан толық босату. Фармацевтика саласында да ҚҚС-ты 5%-ға дейін төмендету мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Тұрғын үй құрылысы саласында ҚҚС-тың орнына инфрақұрылымдық алым енгізу ұсынылуда. Серік Жұманғариннің айтуынша, ҚҚС-ты инфрақұрылымдық алыммен ауыстыру туралы бастама бизнес өкілдері тарапынан жасалған. ҚҚС бойынша тіркеу шегін төмендету мәселесіне қатысты ведомство басшысы әртүрлі нұсқалар қарастырылып жатқанын, бірақ ең ықтимал нұсқа – 15 млн теңге деңгейі екенін мәлім етті. Қалай болғанда да мемлекет қайраткері ҚҚС-ты көтеру мәселесі сөз болғанда оны экспортшыларға қайтарып беру механизмін де талқылауға мәжбүр екенімізді алға тартып отыр. Өйткені уақытында қайтарылмаған құн салығы «айналым салығына» айналу қаупі бар.
– Өнімдерін эскпортқа шығарушы кәсіпорындар ҚҚС төлемейді. Бірақ ол тауардың құнына кіріктірілгендіктен, мемлекет экспортшыларға ҚҚС қайтарып береді. Мысалы, бәсекелестік күшейіп, шығарылып жатқан тауарлардың бағасы нарықта төмендеп кететін болса, өндірушілер де экспортқа арзан бағамен өткізуге мәжбүр болады. Өздеріңіз биыл куә болғандай астықтың құны құлдырап кетті. Ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтар арзан бағамен де экспорттуы мүмкін, өйткені олар 12 пайыздық ҚҚС-ын мемлекеттен қайтарып алу үшін ғана жұмыс істейді. Енді ол 20 пайызға көтерілсе, кейбір бәсекеге шыдай алмаған кәсіпкерлер өнімін өзіндік құнынан төмен бағаға сатуы мүмкін. Себебі оларға мемлекет бұрынғыдан көбірек қаражат қайтарады. ҚҚС қайтарып беру мәселесі де отандық экспортшылардың дүниежүзілік нарық заңдылықтарына төтеп беру үшін жасалып отырған қадам, – дейді ол.
Дегенмен Жақсыбек мырза соңғы жылдары бюджет тапшылығына байланысты ҚҚС қайтармай немесе оның мерзімі ұзаққа созылған жағдайлар кездескенін жеткізді.
– Мен осы мәселені көтергім келеді. Егер біз ҚҚС 20 пайызға дейін көтеретін болсақ, онда оны қайтару механизмдерін де қайта қарау қажет. Себебі бұл процесс тағы да ұзап кететін болса, ҚҚС «айналым салығы» ретінде жұмыс істеп кетеді. Әрі экспортқа кеткен тауардың 20 пайызын ұстап қалса, компаниялардың айналымдағы ресурсы азайып кетеді. Ол өз кезегінде өндірістің қысқаруына алып келеді, – дейді Ж.Құлекеев.
«Қазаннан қақпақ кетсе...»
Сонымен қатар ғалым елімізде кей компаниялардың салықтан жалтару мақсатында түрлі айла-амал қолданатынын сөз етті. Әсіресе, үлкен компаниялар кішігірім кәсіпкерлікке бөліну арқылы арнайы салық режимі ұсынған жеңілдіктерді орынсыз пайдаланып отырғанын қынжыла жеткізді.
– Қазір елімізде көптеген жеке кәсіпкерден салық жиналмайды. Олар бюджеттің бір тесігі секілді, сол арқылы көптеген қаражат мемлекет қазынасына түспей, жан-жаққа кетіп жатыр. Қазір Қазақстанда 2,4 млн-ға жуық жеке кәсіпкерлік бар. Соның ішінде 800 мыңдай заңды тұлғалар белсенді қызмет етсе, оның 400 мыңы ғана мемлекетке салық төлейді. Қалғандары бірде есеп өткізіп, бірде өткізбей жұмыс істеп отыр. Осы 800 мың жеке кәсіпкердің өзі қазіргі 3 пайыздық салықтың өзін төлемеуде, – дейді қайраткер.
Оның пайымдауынша, елімізде қалай ЖК саны көбейді, солай бюджетке түсетін салық азайды. Сондықтан осы күйінде қалдыратын болсақ, бюджет тапшылығының себебінен мемлекет өзіне тиесілі қызметті дұрыс атқара алмайды.
– Біздегідей жеке кәсіпкерлер 3 пайыз ғана салық төлей салсын деген жүйе дүниежүзінде кездеспейді. Еліміздегі жеке кәсіпкерліктің заңды статусы барлық мемлекеттермен бірдей, бірақ салық салу мәселесіне келгенде кемшіліктер көп. Сондықтан бұл салада жаңа бір дүние ойлап табудың қажеті жоқ. Кез келген Еуропа немесе басқа да елдердің пайдалнып отырған жүйесін қолдануымыз қажет, – деді Ж.Құлекеев.
Сондай-ақ ол бір компанияның айналасына топтасқан шағын кәсіпорындардың салықтық жеңілдіктерді пайдалану үшін заңды айналып өту мақсатында жасаған «схемалары» туралы да айтып берді. Мемлекет қайраткері бұл еліміздің қазынасын талан-таражға салудың бір көрінісі деген пікірде.
– Егер заңды тұлға өз табысы туралы уақытында есеп бермесе, тиісті мекемелер барып тексеру жүргізуі қажет. Табысы болмаған жағдайда жеке кәсіпкер ретінде жұмысын тоқтатады. Одан да жалданып жұмыс істеп, табыс тауып, мемлекетке салық төлеуі қажет. Ал тіркелмей нәпақа табу мемлекеттің қаражатын ұрлағанмен бірдей. Ал бізде Қазақстанда әлі күнге дейін кейбір әртістердің әр тойға шыққанынан қанша табыс табатынын білеміз, бірақ олар да салықтық міндеттемелерін адал атқармай келеді. Тіпті, есігінен күндіз-түні адам үзілмейтін кейбір ресторандар жылына 1 млн теңге де салық төлемей жалтаруда. Өйткені олар ғимараттың әр қабатын жеке-жеке кәсіпкерліктерге бөліп тастаған. Бір ресторанның ішінде 20-30 шақты шағын кәсіпорындар бар. Қысқаша айтқанда, салықтан жалтару үшін барлық жағдайды жасап қойған. Үлкен компаниялардың айналасында көптеген жеке кәсіпкер шоғырланып алып, салықтан қашып отыр. Осылайша, мемлекет қаржысы талан-таражға түсуде. Осы мәселелерді реттеу уақыт күттірмейтін дүние деп еспетеймін, – деп түйіндеді сөзін Жақсыбек Әбдірахметұлы.
Тәртіпке бағынбаса «пұл» болмайды
Салықтық әкімшілендіруді күшейту шаралары жөнінде Серік Жұманғарин де сөз еткен болатын. Ведомство басшысының мәлімдеуінше, олардың қатарында жеке кәсіпкер (ЖК) және жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) ашу тәртібін қатаңдату; белсенді емес заңды тұлғаларды мәжбүрлі түрде жабу; мобильді кедендік топтарды енгізу; белгілі бір бағыттар бойынша банк құпиясын ашу; салық органдарының бақылау функцияларын кеңейту (салықтық тексерулерге прокурорлық бақылауды алып тастау) секілді жайттар қамтылған.
ҚҚС – тауардың ең соңғы құнына қосылатын салық, сондықтан алғашқы кезеңде біршама тауарлардың бағасы өседі. Әрине, ол инфляцияның өсуіне алып келуі мүмкін. Дегенмен Үкімет басқа салықтың ешқайсысын өзгертпей ҚҚС-ын ғана көтеріп, 10 пайыздық әлеуметтік салықты алып тастауды жоспарлап отыр. Дегенмен Ұлттық экономика министрі салық-бюджет реформасынан кейін «гиперинфляцияға ұшырамаймыз» деп есептейді. Оның пайымдауынша, қосымша инфляциялық әсер қысқамерзімді болмақ. Нәтижесінде, реформа арқылы жылына бюджетке қосымша 5-7 трлн теңге түсім түспек.
«Қазір кірісіміз – бар болғаны 15,6 трлн теңге, ал шығын мөлшері – 25,8 трлн теңге. Бұл айырмашылықты қалай жабамыз? Мұны салықтық әкімшілендірумен немесе басқа шаралармен жабу мүмкін емес. Бұл кірістерді арттыру керек екенін көрсетеді. Біз 5,8 трлн теңгені қарызға алып отырмыз, оның барлығы дерлік Ұлттық қордан алынады. Бұл – алаңдататын жағдай. Егер осылай жалғаса берсе, Ұлттық қордың жағдайы күрт нашарлайды. Бұл қор біз үшін емес, келешек ұрпақ үшін құрылған, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы осы мәселеге жауап береді. Тағы 4,1 трлн теңгені Қаржы министрлігі арқылы қаржы институттары сатып алатын мемлекеттік бағалы қағаздар арқылы нарықтан қарызға алып отырмыз», – деді Серік Жұманғарин.
Ол Ұлттық қордан берілетін трансферттерді шектейтін қатаң бюджет ережесі енгізілетінін еске салды. Бұл 2029 жылға қарай Ұлттық қордың көлемін 100 млрд доллар деңгейіне жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Серік Жұманғарин елде даму бюджетін арттыру қажет екенін атап өтті.
«2025 жылға арналған даму бюджеті жалпы шығыстардың небәрі 8%-ын құрайды. 25,8 трлн теңгенің ішінде даму бюджеті – тек 2 трлн. Келесі жылы бұл көрсеткіш 6%-ға дейін төмендейді, яғни 1 трлн 400 млрд теңге. Ұсынылып отырған реформа даму бюджетін ұлғайтуға да мүмкіндік береді. Даму бюджеті – елдің болашағын анықтайтын фактор, оны 20%-ға дейін жеткізуіміз керек», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Саны бар, сапасы күмәнді
Соңғы ұсыныстар тікелей шағын бизнеске қатысты болғандықтан, арнайы салық режимінің (АСР) әсеріне байланысты Finprom сараптама орталығы талдау жүргізген. Сарапшы мамандар шағын бизнестің 2024 жылды қалай қорытындылағанын саралай келе, жеке кәсіпкерлікке әлі де қолдау қажет және әрі қарай дамуы үшін серпін керек деп пайымдайды.
Мысалы, биыл жыл басында Қазақстанда 536,2 мың компания тіркелген, олардың 98,2%-ы (526,8 мың компания) шағын кәсіпорындар. Алайда олардың ішінде тек 426,1 мың компания ғана белсенді жұмыс істеген, оның 416,8 мыңы – шағын бизнес. Осылайша, тіркелген шағын компаниялардың белсенді жұмыс істейтіндерінің үлесі небәрі 79,1%-ды құрады (өткен жылы бұл көрсеткіш сәл жоғары – 79,7% болған).
Ал белсенді жұмыс істейтін шағын компаниялардың жалпы санының тек 51,1%-ы ғана, яғни бар болғаны 212,8 мыңы шын мәнінде жұмыс істеген. Сондай-ақ жаңа ашылса да әлі қызметін бастамаған шағын мекемелер жұмыс істейтін компаниялардың 12 пайызын құрайды.
Сонымен қатар Finprom сарапшылары 2020 жылдан бері уақытша болса да жұмысын тоқтатқан жеке кәсіп иелерінің саны арта түскенін айтуда. Әсіресе, 2023 жылы ең нашар көрсеткішке, яғни 165,9 мыңға жеткен.
«Салыстырар болсақ, мәселен, ірі компаниялар арасында белсенді кәсіпорындардың үлесі жұмыс істеп тұрғандардың 96,8%-ын, ал тіркелгендердің 95,6%-ын құрайды. Бұл тұрақтылықтың көрінісі, бірақ Қазақстандағы шағын бизнес секторы әзірге мұндай көрсеткіштермен мақтана алмайды», – дейді мамандар.
Дегенмен ҚҚС мөлшерлемесін көтеру және салықтық жеңілдіктерді шектеу нақты экономикаға шынайы пайда әкеліп отырған кәсіпкерлерді іріктеуге ықпал етуі мүмкін. Мысалы, жоғарыда атап өткеніміздей, салық жеңілдіктерін тек формальды түрде пайдаланып, экономикалық белсенділігі төмен немесе көлеңкелі қызметпен айналысатын заңды тұлғалар нарықтан ығыстырылуы ғажап емес. Мамандар бұл шынайы өнім өндірушілер мен қызмет көрсетушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады деген пікірде. Сонымен қатар нарықта нақты қызмет ететін кәсіпорындар ғана қалса, экономика тиімдірек жұмыс істейді. Бұл мемлекеттік ресурстарды дұрыс бөлуге мүмкіндік бермек. Ең бастысы белсенді, тұрақты жұмыс істейтін кәсіпорындардың салық төлеу арқылы бюджетке үлес қосуы экономиканың ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
«Көлеңкеге» көшу қаупі басым
Adam Research талдау компаниясының бейресми жұмыспен қамтуға қатысты социологиялық зерттеу нәтижелері Қазақстандағы көлеңкелі кәсіпкерлердің табысы орташа деңгейден жоғары деген қорытынды жасайды. Бұл да қазынаға түсер қыруар қаражаттан қағылғанымыздың көрінісі. Өйткені олар өздерін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарындамыз деп санайды және көбінесе қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Өз кәсібі болғанымен, жүйеден тыс жұмыс істейтін азаматтар батыс пен оңтүстік өңірлерде көбірек кездеседі.
Adam Research мамандарының айтуынша, «Мұндай көлеңкелі кәсіпкерлер халықтың әл-ауқаты жоғары топтарына жатады. Көлеңкелі кәсіпкерлік сұлулық индустриясы, құрылыс, қоғамдық тамақтану, ауыл шаруашылығы, бөлшек сауда, жиһаз және тоқыма өндірісі сияқты салаларда кең таралған».
Мамандардың мәлімдеуінше, көлеңкелі экономикаға ең көп үлес қосатын сала – бөлшек сауда, оның үлесі 3,5%-ды құрайды. Сондай-ақ әлеуметтік бағыттағы салалар да жоғары көрсеткішке ие: денсаулық сақтау – 2,1%, білім беру – 1,5%. Өңірлер бойынша ең жоғары көрсеткіштер келесі аймақтарда байқалады: Алматы – 3,9%, Астана – 2,1%, Оңтүстік өңірлер (Шымкент және облыстарды қоса алғанда) – 4,2%. Көлеңкелі экономиканың ЖІӨ-дегі ең төменгі үлесі Абай (0,4%) және Жетісу (0,4%) облыстарында тіркелген.
Қорыта айтқанда, салық реформалары шағын бизнеске қосымша жүктеме салу немесе жеңілдіктерді қысқарту арқылы кәсіпкерлерді нақты экономикаға пайда әкелетін, салық төлеуге дайын кәсіпорындар құруға бағыттайды. Қосымша салықтық түсімдер тарту және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін енгізілген реформалар ұзақ мерзімде нарықтық тиімділікті арттыруға және салықтық жүктемені әділ бөлуге мүмкіндік береді деп сенеміз.
Кәмила ДҮЙСЕН