Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев Алматыдағы коронавирус ауруымен ауырғандардың жағдайы туралы айтып берді.
"Бүгінгі күні үш науқастың жағдайы қанағаттанарлық, бір науқастың жағдайы орташа. Олардың барлығы бекітілген хаттамаға сәйкес ем алады. Вирусқа қарсы және симптоматикалық терапия уақытында басталды. Стационарда қажетті дәрі - дәрмектер мен жеке қорғану құралдары мен дезинфекциялау құралдары бар", - деді Тілеухан Әбілдаев.
Хабарламада айтылғандай, 12 наурызда Германиядан чартерлік рейспен ұшып келген адам орташа ауырлықтағы күйде. Бұған дейін хабарланғандай, экипажды қоса алғанда, онымен бірге болған 12 адам дереу Алматыдағы жұқпалы аурулар стационарына карантинге орналастырылды.