2024 жылы технопарктің жалпы табысы 1,3 млрд долларды құраған.
Депутат Astana Hub жалға алып отырған ғимараттарды технопарктің өз балансына беруді ұсынды
199
оқылды

Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева Қазақстандағы ІТ-индустрияны дамытудың маңызды мәселелеріне тоқталып, еліміздегі инновациялық технологиялардың экожүйесін жақсарту бойынша бірқатар нақты шараларды ұсынды. Негізгі ұсыныстарының бірі Astana Hub жалға алып отырған аумақтарды дербес басқару және күтіп ұстау үшін технопарктің балансына беру туралы болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Депутаттың айтуынша, мемлекеттен 1,5 млрд теңге тікелей «QazExpoCongress» АҚ квазимемлекеттік кәсіпорнына AstanaHub ғимаратының жалдау ақысын төлеуге жұмсалады.

«AstanaHub жобасы жүзеге асты, бірақ тиімді дамуы үшін ұйымдастыру мәселелерін шешу қажет. AstanaHub-ты ұстауға мемлекеттік бюджеттен шамамен 1,5 млрд теңге бөлінген. Қаражат тікелей «QazExpoCongress» АҚ квазимемлекеттік кәсіпорнының ғимараттарын жалға алу ақысын төлеуге жұмсалады. Бұл сома техникалық қызмет көрсету орталығының өзіндік құнымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары», – деді депутат

Оның айтуынша, AstanaHub сияқты жеке ғимараты жоқ технопарк сирек кездеседі. Дүниежүзілік тәжірибеде мұндай ұйымдардың өз ғимараттары, тіпті өзіне тиесілі тұтас аумақтары бар, бұл олардың экожүйесінің ажырамас бөлігі.

Бүгінде AstanaHub құрамындағы компаниялардың саны 1,5 мыңнан асқан, оларда 26 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Ал 2024 жылы технопарктің жалпы табысы 1,3 млрд долларды құраған.

Осы ретте Смышляева жалға алынып отырған аумақтарды технопарктің балансына беруді, ал осы мақсатта мемлекеттік бюджеттен жұмсалып отырған 1,5 млрд теңгені өңірлерде ІТ-білім мен бастамаларды дамытуға пайдалануды ұсынды.