Мәжіліс отырысында «AMANAT» партиясының депутаттары Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады.
Еден жуушы, ағаш шебері, сантехник, аула сыпырушыға шипажайға жолдама беру керек – Жұлдыз Сүлейменова
Фото: parlam.kz
949
оқылды

«AMANAT» партиясы фракциясының депутаттық сауалы бюджеттік ұйымдардағы техникалық қызметкерлерге, оның ішінде еден жуушы, ағаш шебері, сантехник, аула тазалаушы, электриктер секілді қарапайым еңбек адамдарының  еңбекақысын арттырудағы бірыңғай жүйесін қалыптастыру, одан әрі дамыту және әлеуметтік кепілдемелерді қарастыру туралы– деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы негізінде 2022-2025 жылдар аралығында азаматтық қызметкерлердің, оның ішінде аталған техникалық қызметкерлердің жалақысы кезең-кезеңімен (жыл сайын орта есеппен 20%) артып келеді. Бұл қуанарлық жағдай. Дегенмен, сұрақты талдау барысында өңірлер, аудандар және тіпті бір қала ішіндегі мектептер арасында жалақының әртүрлі деңгейде көтерілгені байқалады. Техникалық қызметкерлер жалақыны арттыру тәсілінің әртүрлі болуына шағым қалдыруда. «AMANAT» партиясы фракциясы бұл сұрақты үнемі айтып келеді, былтыр да халықпен кездесуден кейін осы сұрақтың шешімін ұсынатын депутаттық сауал жолдады. 2024 жылғы 29 ақпандағы Премьер-Министрдің орынбасарынан келген жауапта, «...Үкімет Дүниежүзілік банкпен бірлесіп халықаралық тәжірибені ескеріп, жұмыстың ерекшелігіне сәйкес азаматтық қызметшілердің, бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесін жетілдіру туралы жұмыс жүргізуде», – деп айтылған. Алайда, жұмыстың нәтижесі техникалық қызметшілер үшін белгісіз. Еден жуушы, ағаш шебері, сантехник, аула сыпырушы, электриктерге сауықтыру жәрдемақысын төлеу, еңбекақы жүйесін жетілдіру туралы түсіндірме ақпаратынан бейхабар. Осы саланың нақты ауыр еңбекті адал атқарып жүрген нағыз еңбек адамдарына жалақыны арттырудың бірыңғай методикасы сапалы түсіндірілуі қажет. Оларға еңбек демалысына сауықтыру жәрдемақысын төлеуді қарастыру кезек күттірмейтін мәселе, - деді депутат Жұлдыз Сүлейменова.

Сонымен қатар, техникалық қызметкерлер ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасайтындығы және оған қаражат төленбейтіндігін айтуда. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен арнайы қаражат қарастырылады. Олай болса, неге онсыз да еңбегі ауыр жалақысы төмен еңбек адамдары ағымдағы жөндеу жұмыстарына тартылуы тиіс? Бұл еңбек заңдылығына қайшы деп санаймын. Осы мәселеге нақты жауап беруіңізді сұраймын,- деп қосты депутат.

Халық қалаулысы көтерген келесі мәселе, хлор қолданатын жұмыстары күрделі техникалық персоналға қосымша ақы қарастырылмағандығы. 

Бұл мәселенің шешімі қалай болмақ? Жалпы, білім беру ұйымдарында балалар арасында еден жуушылардың еңбегіне құрметпен қарауды тәрбиелеу өзекті. Осы ретте, бюджеттік ұйымдардағы орта және кіші буын мамандары мен қызметшілердің атқаратын жұмысының күрделілігіне және ауырлығына әрі ерекшелігіне қарай лайықты жалақы тағайындаудың методикасына жұмыс өтілі, жүктеме, жұмыстың күрделілігі деңгейін ескеретін бірыңғай жүйе қарастырылуы тиіс және жалақыны арттыруда өңірлік және ішкі теңгерімсіздікті жою шарт, - деді «АMANAT» партиясы фракциясының депутаттарының атынан сауал жолдаған Жұлдыз Сүлейменова.