Жиынға партия филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаев, кеңес төрайымы Баян Жандосова, кеңес мүшелері, бірқатар басқарма басшылары, партия филиалының қызметкерлері қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде қалалық деңгейде халықты әлеуметтік қолдау және кедергісіз орта қалыптастыру бойынша атқарылған жұмыстардың жай-күйі қарастырылды. Сонымен қатар аз қамтылған және толық емес отбасыларға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыс мәселелері талқыланып, алдағы міндеттер белгіленді. Отырыста партияның сайлауалды бағдарламасының аясындағы бірқатар тармақтардың іске асырылу жолдары талқыланды.
Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Утебаева және Тұрғын-үй басқармасының басшысы Азат Исламов өз баяндамаларында атқарылған жұмыстарын таныстырды. Олар әлеуметтік қолдау жүйесі мен тұрғын үй мәселелері бойынша өңірде атқарылған шараларды кеңінен түсіндіріп, алдағы уақытта қолға алынуға тиіс бағыттарды атап өтті.
Сонымен қатар «Отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау» жөніндегі аймақтық кеңестің құрамында өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгерістер кеңестің жұмысын тиімді жүргізуге және халықтың әлеуметтік қажеттіліктерін жақсырақ қанағаттандыруға бағытталмақ.
Баян Жандосова өз сөзінде еліміздің басты құндылығы – адам екенін атап өтіп, еліміздің экономикалық өсімінің игілігін әрбір азамат көруі керектігін жеткізді. Ол «AMANAT» партиясы жұмысының негізгі басымдылығы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын, сондықтан Жол картасында белгіленген міндеттерді орындауға бақылау жасап, бірлесе жұмыс жасауға шақырды.