Елімізде «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға жоспарланған сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында арнайы Жол картасы әзірленген болатын. Былтыр өңірде осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылды. Алайда облыс бойынша Жол картада белгіленген 130 іс-шараның 84%-ы орындалса, 14%-ы орындалмаған.
Өткен жылдың жоспарына еніп, алайда орындалмай қалған 19 тармақ бойынша облыс әкімінің орынбасары жауапты мемлекеттік органдарды тыңдады. Орындалмаған әлеуметтік маңызы бар тармақтар бойынша Ақмола облысының бюджеттік жоспарлау және экономика басқармасының жетекшісі Алмагүл Шұғырмақова түсініктеме беріп, аталған тармақтардың биылғы жылға ауысатындығын, орындалмаған міндеттер бойынша нақты шаралар белгіленетінін жеткізді.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов бюджетті тиімді жоспарлау мен сайлауалды бағдарламаны орындау күн тәртібіндегі негізгі басымдық болу керектігін атап өтіп, Жол картасының орындалмау қаупі бар тармақтарына депутаттар тарапынан үнемі мониторинг жүргізіліп, оның орындалуын жан-жақты бақылауды қамтамасыз ету қажеттігін тапсырды.
Ә.Саматұлы