Оқу орындары арасындағы меморандум жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға, сондай-ақ студенттердің өз саласында білімі мен тәжірибесін жетілдіруге бағытталған. Колледж мамандарының сөзінше, «Жастар Рухы» жастар қанатымен арадағы келісім студенттердің тың бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
«Жастар Рухы» жастар қанатының Алматы қалалық филиалы мен Принтмедиа технологиялар колледжі арасында меморандумға қол қойды
Сурет ЖИ көмегімен жасалған
225
оқылды

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған еді. «Жастар Рухы» ЖҚ өкілдерінің Принтмедиа технологиялар колледжіне ат басын бұруына негізгі себеп те сол – жұмысшы мамандарға қолдау көрсету. Одан өзге Ұлттық баспасөз күні аясында баспа саласында елеулі қызмет атқарып жүрген мамандардың еселі еңбегі ескеріліп, арнайы марапаттар табысталды. Жиынға арнайы қатысқан «Жастар Рухы» ЖҚ Алматы қалалық филиалының төрағасы Дидарбек Ділдәбек «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жоғары оқу орындары мен колледждермен ынтымақтастықты одан әрі нығайту басты назарда екенін атап өтті. 

– Биылғы жыл жұмысшы мамандарға арналды. Біздің Принтмедиа технология­лар колледжіне келудегі мақсатымыз да осы. Оқу ордасында білім алатын студенттер, сондай-ақ осында жұмыс істейтін баспа маманының барлығы жұмысшы мамандар қатарына кіреді. Сондықтан біз партия басшылығы атынан жұмысшы мамандарды Ұлттық баспасөз күні мерекесімен құттықтап, марапаттарымызды табыстау үшін келдік. Екінші маңызды жайт – колледжде «Жастар Рухы» ЖҚ-ның ұяшығын ашу. Біз жоба аясында жұмысшы мамандарды даярлайтын колледждер мен жоғары оқу орындарын біріктіргіміз келеді. Сондай-ақ бүгін меморандумнан бөлек колледж қабырғасында Ғылым декадасы өтеді. Мұнда біз Ғылым декадасы мен жұмысшы мамандар аясында іске асатын көптеген маңыз­ды ғылыми жаңалықпен, студенттердің бастамаларымен танысамыз. Келешекте оқу орнының басшылығымен тығыз ынтымақтастық орнатамыз деген сенімдеміз, – деді Дидарбек Жұмағалиұлы.

Қазіргі уақытта «Жастар Рухы» ЖҚ-ның Алматы қаласындағы оқу орындарын қамтитын 20-дан астам ұяшығы бар. Дидарбек Жұмағалиұлының айтуынша, ұяшықтар қаланың сегіз ауданында орналасқан. Ол жоспар бойынша биыл Алматы қаласындағы бірнеше жоғары оқу орындары мен колледждерді қамтып, ұяшықтар санын екі еселендіруді жоспарлап отырғанын жеткізді. 

– Ақпан айында Түрксіб ауданында орналасқан екі бірдей колледжге ұяшық орналастыру жоспарда бар. Себебі бұл – «Жастар Рухы» ЖҚ маңындағы белсенді емес аудандардың бірі. Оның үстіне, Алатау, Түрксіб ауданында ЖОО кездеспейді. Аудан жастарымен жұмысты жетілдіре береміз. Біздің басты мақсатымыз – жұмыссыз жүрген шет аудандарды қамту, оқу орындарымен ынтымақтастықты дамыту, – деді Д.Ділдәбек.

Бүгінге дейін «Жастар Рухы» ЖҚ шаһардағы 20-ға жуық оқу орнымен іскерлік келісім орнатқан. Келешекте партия өкілдері жастармен белсенді жұмыс жүргізу мақсатында бірлесе қызмет атқаратын оқу орындарының санын одан әрі ұлғайтуды көздейді.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы