Ұлттық музей қоры тағы бір жәдігермен толықты. Тарихымыз үшін мәдени құндылығы жоғары Жанқожа батырдың қылышын салтанатты түрде Парламент Мәжілісінің депутаттары Ардақ Назаров пен Айдарбек Қожаназаров табыстаған еді. Айта кету керек, қылыш Украина жерінен табылды.
Тарихи жәдігер елге оралды
7,238
оқылды

Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Ұлттық музейдің қызметкерлері қатысты. Музей қорын толықтыру мақсатында сыйға берілген жәдігердің атауы – қылыш. Тапсырушылардың айтуынша, ХІХ ғасыр жәдігеріне жататын қылыш  әйгілі қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлына тиесілі. 

– «Ай – ортақ, жер – ортақ, елден шыққан ер ортақ» дейтін керемет сөз бар. Жанқожа – бәріміздің ортақ батырымыз. Кезінде елін қорғаған Кенесары ханның қасында ат жалын тартып мініп, өмірінің соңына дейін қазақ даласын қорғаған батыр. Жақында Жанқожа бабамыздың қылышы Украина жерінен табылды. Жақында бізге оны Ресей ғалымдары арнайы зерттеп, батырға тиесілі екенін дәлелденгені туралы хабар келді. Қылыштың бір бетінде төте жазумен «Созақ-1845», ал екінші бетінде «Жанқожа Нұрмұхамедұлына сауғат» деген жазу бар. Яғни, кей ғалымдардың айтуынша, 1845 жылы Созақты қоқандықтардан азат ету кезінде Кенесары Қасымұлы Жанқожа батырға сыйға тартқан, – деді депутат А. Назаров.

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров сөзінде Жанқожа Нұрмұхамедұлы 17 жасынан бастап ел қорғау үшін атқа қонғанын тілге тиек етіп, 86 жасында шайқас үстінде қаза тапқанын атап өтті. Сол уақытта жаужүрек батырларымыз болмағанда, еліміздің оңтүстігінен айырылып қалу қаупінің жоғары екенін де негізге алды.  

Жиын барысында қатысушылар Жанқожа Нұрмұхамедұлы туралы өзге де тың ақпаратқа қанығып, құнды жәдігермен толықтай танысты.

Айта кетейік, бұған дейін 2023 жылы  Парламент Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров қазақ тарихындағы кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлына тиесілі «Джамбия» қанжарын Ұлттық музей қорына салтанатты түрде табыстаған еді.

Қасиет ӨМІРБЕК,

Қ.Ясауи атындағы Халықаралық 

қазақ-түрік университетінің 2-курс студенті