Тәуелсіздік таңы атқан тұста ел еңсесін тіктей алмай, талай қиындықты бастан кешіргені жасырын емес.
Қылмыстың тұсауы – тәртіп
149
оқылды

Өндіріс орындары жұмысын тоқтатып, шағын қалалар мен елді мекендерден халық үдере көшті. Бас сауғалаған бұқара облыс орталықтарына бет түзесе, Талас пен Сарысу аудандарындағы Жаңатас пен Қаратау қалаларында Кеңестік кезеңнің елесі кезіп қалды. Алайда кейінгі онжылдықтар бедерінде аталған шаһарлар «моноқала» мәртебесіне ие болып, бойына қайта қан жүгіре бастады. Бұзылған көпқабатты үйлер бүтінделіп, кезінде даңқы бүкіл Одаққа дүркіреген фосфор өндірісі қайта өрістеді. Осылайша, қала қалыпты өміріне оралғанымен, Одақтың ыдырауы мен тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан қалған қылмыс көрсеткіші әлі алаңдарлық күйде. Оған біз жуырда Жаңатас қаласында болған жантүршігерлік оқиғада тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Алдын ала мәліметке сүйенсек, Жаңатас қаласында балабақша тәрбиешісі болып жұмыс істейтін тұрғын таңертең баласының оқу ақысын төлеу үшін Тараз қаласына жол­ға шықпақ болады. Алайда көшеде келе жатқанда оның алдынан ер-азамат шығып, ақша сұраған. Ақша беруден бас тартқан әйелдің басынан таспен бірнеше мәрте ұрған еркек марқұмның денесін теміржол маңына  сүйретіп апарып, өртеп жіберген. Ал ең сорақысы қылмыскер әй­ел­дің қолындағы екі сақинасын шешіп алып, оны көңілдесіне апарып берген. Кей­ін екеуі оны ломбардқа өткізіп жіберген. 

Үйден шығып кеткен жарына түс ауа хабарласқан жолдасы оның телефоны сөн­діріліп тұрғанын байқап, бастапқыда баласы екеуі өз бетінше іздестірген. Алайда бұл әрекеттерінен еш нәтиже шықпағаннан кейін полиция бөліміне арыз түсірген. Жедел іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары қала сыртындағы темір­жол маңынан өртенген әйелдің мәйітін табады. Жеке заттарынан іздеу жарияланған әйел екенін анықтаған полиция қызметкер­лері қылмыстың ізін суытпай 34 жастағы жаңатастық тұрғынды құрықтаған.      

«Қазір осы іске қатысты тергеудің тол­ықтығына, объективтілігіне және жан-жақтылығына бағытталған барлық қажетті жедел тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабына сәйкес, өзге де ақпарат тергеу мүддесінде жария етіл­уге жатпайды», – дейді облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова. 

Әрине, тергеу амалдарына байланысты істің барысы құпия сақталатыны белгілі. Алайда жаңатастықтардың айтуынша, марқұм өзін өлтірген күдіктіні таныған екен. «Дача» деп аталатын тұрғын алапта ұс­талған күдікті әрдайым ішімдік ішіп жүрген. Сол күні таңғы сағат 6:30-дар ша­ма­сында көпір астынан өтіп бара жатқан әйелге күдікті мас күйінде жолыққан. Ар­аққа ақша сұраған маскүнемді қуып жі­бермек болғанда марқұмның басынан ол таспен ұрған. Саусағындағы екі сақинасын шешіп алып, шала жансар жатқан әйелді өртеп жіберген. Полиция қызметкерлері қылмыс орнын анықтағанда әйелдің екі аяғын ғана күйік шалмаған екен. Қалған жерлері толықтай өртеніп кеткен. Аталған мәйіт іздеу жарияланған әйел екенін де тәртіп сақшылары өртенбеген екі аяғы арқылы анықтапты. Ал күдікті қолға түскенге дейін 9 адам тергеуге алынған. Ал бұл қыл­мысқа қатысы бар деген шын күдіктіні полицейлер ломбардқа өткізілген сақина арқылы ұстаған. 

Бұл Жаңатас қаласында қылмыстық ахуал әлі де алаңдарлық күйде екенін айғақ­тап тұрғаны анық. Себебі бейресми мәлімет бойынша, күдікті араққұмарлар тізімінде тұрған. Сондай-ақ оның психикалық ауыт­қуы да болған. Ал мұндай адамдар тәртіп сақ­шы­ларының жіті бақылауында болуы керек. 

Негізі, бұл тек Жаңатас қаласында ғана болып жатқан жағдай емес. Жаңатасқа ір­гелес орналасқан Қаратау қаласында да алдыңғы жылы жантүршігерлік оқиға тіркелген болатын. 37 жастағы азғын 8 жас­ар қызды зорлап, оның денесін өртеп жіберген еді. Ең сорақысы күдікті қыздың өлі денесін қапқа салып, қала көшелерінен велосипедпен алып өткен. Кейін денені резеңке баллонға салып, өртеп жіберген. Тергеу барысында күдікті 8 жасар қызды Өнер мектебінен алып кетіп, азғындық ісін жүзеге асырғаны белгілі болды. Кейіннен ұсталған азаматтың тағы 12 жасар қызға азғындық жасамақ болғаны анықталып, алайда балғынның ата-анасы ол оқиғаны жария етуден бас тартқан еді.   

коллаж: Елдар ҚАБА

Шыны керек, сол кезде кішкентай қыз­дың өлі денесін қала көшелерімен алып өткен қылмыскердің әрекеті тәртіп сақшы­ларының өзін таңғалдырған болатын. Ал Қаратау қаласы да тәуелсіздік таңынан кейін құлдырап барып, қайта жаңғырған моноқаланың бірі. Демек, аталған шаһар­ларда әлі күнге заң емес, азғындар мен қа­ты­гез қылмыскерлер дәуірі жүріп тұр деген сөз. Әйтпесе, мұндай жаға ұстатар қыл­мысқа адам баласы бармас еді. 

Негізі, Кеңестік кезеңде Жаңатас пен Қаратау қалалары тікелей Мәскеуге ба­ғынғаны туралы дақпырт бар. Одақ тұсында, тіпті түкпір-түкпірден жиналған ең ауыр қылмыс­керлер де осы монақалалардағы түзеу меке­месінде болған көрінеді. Нәти­жесінде, қылмыс әлеміндегі серкелер «үл­кендердің батасын алу» үшін осы қа­ла­ларға ағылып отырған. Міне, осы қылмыс­керлер дәуірінің  ұшқыны әлі күнге сақталған секілді. 

– Кеңес одағының тұсында Қаратау қала­сында 60 мыңдай халық тұратын. Қазір 25 мыңнан сәл асады. Моноқаладан көшу әлі күнге саябырсымай тұр. Тәуелсіздігіміздің 33 жылында моноқаладан бірде-бір мәдениет үйі тұрғызылмады. Шаһарда қалалық кі­тапхана салынып, енді пайдалануға беріледі дегенде қаржы жоқтығынан сол күйі ашыл­май қалды. Қараусыз қалған ғимарат тон­ал­ып, жермен-жексен болып тегістелді. Бұ­дан бөлек, қаладағы 9 қабатты екі тұрғын үйді жөндеуге келгенде біреуінің шатырын жауып, екіншісіне қаражат жетпеді ме, ол да аяқсыз қалды. Қос тұрғын үйдің сегізінші және тоғызыншы қабаттарын жақсылап күрделі жөндеуден өткізіп, есік-терезелерін бүтіндеп, үй кезегінде тұрған жастарға неге бермеске?! – дейді қала тұрғыны А.Аққошқаров.

Тұрғынның айтуынша, сонымен қатар қалада оқушылар мен жастарға арналған мәдениет нысандары жоқтың қасы. Қаладағы мектептерде түрлі үйірме ұйымдастыру өз деңгейінде емес. Қаратау қаласындағы мәдениет үйінде қалалық орталық кітапхана орналасқанымен, бұл кітапхана жастардың сұранысына сай келмейді. Сондай-ақ қаланың орталық көшелерінің бірінен «Жастар театрын» салатын кез келді. Рух­аният ордасы өсіп келе жатқан жастар үшін тәрбие ошағына айналары сөзсіз.

Жаңатастық қариялардың да жанайқайы осы – моноқаладан жастарға, тұрғындарға арналған мәдениет ошақтары көптеп салынса игі. Сондай-ақ жұмыссыздықпен күреске де күш салу керек. Сол кезде хал­ық­тың көшуі саябырсып, қылмыстық ахуал да тұрақталатынына сенімді. 

Бұл тұрғыда моноқалаларда тәртіп сақшыларының да жұмысын ширату қажет. Ұсақ-түйек қылмыстардың бетін ашып, «сұлу» статистиканы сөйлетпей, ауыр қыл­мыстардың алдын алған жөн. Ол үшін бұр­ынғы жазасын өтеп шыққандар мен қылмысқа бейім тұратын жастармен жұмыс жүргізген абзал. Сонда ғана ел үрейі үмітке айналары анық.

Саятхан Сатылған,

Жамбыл облысы