Себебі Жайық өзені жағасындағы Ириклий су қоймасы суға 82 пайыз толып тұр. Сол себептен Оралдағы Жайыққа былтырғыдан 4 есеге көп су жіберіліп жатыр деген хабар жіберген. Сондықтан да аймақтың су тасқынына дайындығы әлсін-әлсін тексеріліп жатыр. Азаматтық қорғаныс күштерінің дайындығы мен техникалардың ахуалы да қайта-қайта пысықталуда.
Былтырғы тасқыннан сабақ алған билік биылғы көктемнің қамын ерте ойлады. Обалы не керек, ала жаздай бөгеттерді нығайтумен әлек. Жазда басталған жұмыстың арқасында су басу қаупі бар жерлерде 100 шақырымға созылған 54 қорғаныс бекеті салынды. Су қоймалары мен гидротехникалық құрылымдарға жөндеу жүргізілді. Биыл да жауын-шашын мол, мамандар облыстың тоғыз ауданы мен Орал қаласында су тасқыны болуы мүмкін деп болжап отыр.
– Қаңтар айы былтырғыдай жаңбырлы болды. Соның әсерінен облыстың солтүстік аудандарында топырақтың бетінде 2 сантиметрге дейінгі мұз жамылғысы қатты. Ақпан айында жауынды күндер бар. Осыны ескеріп, биыл да су тасқыны қаупі барын айтуға болады, – деп атап өтті «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының директоры Тілеген Шапанов.
Тасқын қаупі төнген жағдайда төтенше жағдайлар қызметі 4 мыңнан астам адамды жұмылдыра алады деп отыр. Төтенше жағдайлар департаментінде жол талғамайтын көліктер, тік ұшақ бәрі дайын.
Жергілікті мамандар «су тасқынына дайынбыз» деп қанша айтса да, іс жүзінде ақсап жатқан шаруа шаш етектен. Мәселен, БҚО ТЖД мұз жару жұмысын ақсап конкурс өткізбеген, мердігер әлі анықталмаған. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев бұл жұмыстарды ақпан айының ортасына дейін аяқтауды тапсырды.
БҚО әкімдігінде өткен жиналыста су тасқынына дайындық жұмыстарына салғырт қараған басшыларды облыс әкімі бір шыжғырып алды. Атап айтсақ, Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов қала маңындағы қорғаныс бекеттерін салып бітпегені үшін сөгіс алды. Ал соңғы екі жыл қатарынан ауылдары суға кеткен Қаратөбе ауданында Қалдығайты өзенінің жағасындағы бөгеттер бекітіліп нығайтылмаған, су бұру каналы жөнделмегені себепті аудан әкімі сөгіс алды. Ал басқарма басшылары ескертумен шектелді.
– Қаратөбе және Орал қаласының әкіміне сөгіс, ал Табиғи ресурстарды пайдалану және реттеу басқармасының басшысына ескерту жариялаймын, – деді БҚО әкімі Нариман Төреғалиев.
– Облыстың барлық аумағында күзгі топырақтың ылғалдылығы төмен. Бірақ топырақтың қату тереңдігі былтырғымен бірдей. Ақпан айында, жауын-шашын мөлшері жоғары болады деп күтіліп отыр. Егер наурызда температура күрт өзгеріп жауын жауатын болса, қатып жатқан мұз жамылғысының кесірінен қар суы ағыны пайда болуы мүмкін. Біз қазір Ресейдің Орынбор, Саратов облыстарымен тығыз байланыста отырмыз. Ирикли су қоймасы 82 пайызға толды. Өкінішке қарай, БҚО-дағы су нысандарын мемлекет теңгеріміне алу жұмыстары өте баяу жүріп жатыр. Мәселен, облыста 102 гидронысан болса, соның тек 36-сы ғана мемлекет меншігінде. БҚО ТЖД су жару жұмысын жүргізуі керек, 5 бригадамен әлі күнге келісімшарт жасаған жоқ. Қазір ақпан айының басы екенін ескерсек, бұл жұмыстардың орындалмай қалу қаупі барын да айтқым келеді, – деп атап өтті БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Жалпы, БҚО бойынша 186 ауылды су басу қаупі бар деп есепке алынған. Осы ауылдарда 3,9 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 107 шақырым болатын 53 қорғаныс бекеті, 9 шақырым су бұру каналдары, 93 шақырым арық қазылған. Былтыр су тасқынында су шайып кеткен сегіз су қоймасы қалпына келтіріліп, өзендердің бойына жаңа 7 гидробекет салынған.
Биыл БҚО өзендердегі мұзды жару үшін 230 млн қаржы бөлінген. Бірақ әлі күнге қажетті компаниямен келісімшарт жасақталмаған.
– Қаратөбе ауданы, Қалдығайты ауылының су бұру каналын тереңдету және ұлғайту жұмысы мен қорғаныс бекетін нығайту, биіктету жұмысы толықтай орындалған жоқ. Орал қаласында өзендердің жағалауларында тұрғызылып жатқан қорғаныс бекеттерінің жұмысы өте баяу жүргізілуде. Орал-Гараж коперативі мен Жас натуралистер аудандарында жұмыс әлі басталмады. Тасқала ауданында инженерлік жұмыстар дұрыс жоспарланбаған. Володарка ауылындағы қорғаныс бекетінің жұмысы әлі аяқталған жоқ, – деді БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Былтырғы су тасқынында БҚО-да 5 927 үйге су кірген болатын. Қала маңындағы саяжайлар түгел суға кеткені бар. Саяжайларда тұратын 2 600-дей отбасы баспаналы болды. Өкінішке қарай, құжаттары түгел болмай және басқа да себептермен үйлі бола алмаған саяжайлықтар бар. Қазір қала маңындағы 130-дай саяжай бірлестіктерінде 1 500-нан астам отбасы қыстап жатыр. Ал облыстағы саяжайлардың бәрі дерлік Жайық өзенінің қоймаларында орналасқан. Жайық тасыса олар бірден суға кетеді. Былтыр қызыл судан зардап шегіп, дүние мүлкі бүлініп, әбден зәрезап болған ағайын биыл да жандарын шүберекке түйіп отыр. Қазір қалалық әкімдік өкілдері қала маңындағы саяжайлардың есебін жүргізіп жатыр. Жалпы, облыста саяжайлардың есебі ешқашан жүргізілмеген.
– Саяжайлардың есебі жоқ. Сондықтан биылғы су тасқын кезінде қатты қиналдық. Қазір арнайы бағдарлама жасайтын топпен саяжайлардың есебін жүргізетін бағдарлама әзірлеп отырмыз. Қай саяжайда кім тұрады, отбасы мүшелері, кәмілет жасына жетпеген балардың есебі, мүгедектігі бар адамдардың есебі, жан-жануарының есебі түгел көрсеті-летін болады. Одан бөлек кім қыстап жатыр, кім үлкен үй салып алды, кімде жай ғана жер учаскесі, кім тек іргетасын құйып қойды бәрін есепке аламыз. «Жаман айтпай, жақсы жоқ бірдеңе бола қалса алдымен қай саяжайға көмекке бару керек?» деген сұраққа жауап іздеу үшін қажет, – деп атап өтті Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев.
Былтырғы су тасқынын «Қазгидромет» мекемесі 80 жылда болмаған табиғи апат деп таныпты. Биылда өңірімізде су тасқыны қаупі жоғары. Оны мамандар жасырмай айтып отыр. Қауіптің алдын алу маңызды. Қолымызды мезгілінен кеш сермедік деп, өкініп отырмас үшін бүгін қимылдағанымыз абзал.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы