Мемлекет басшысы да жыл басында көлік-логистика саласына ерекше назар аударып, бұл бағытта одан әрі даму үшін айтарлықтай әлеует бар екенін айтқан еді. Жақында өткен отырыста Үкімет мүшелері Президенттің осы тапсырмасын пысықтап, еліміздің көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеру мәселелері кеңінен талқылаған болатын. Қазір Қазақстанда 95 мың шақырымнан астам жол желісі болса, соның 25 мыңы – республикалық маңызы бар автотрассалар, ал қалғандары жергілікті жолдарға жатады. Бұл жолдардың «өткені» баршаға мәлім, бүгіні мен болашағы қалай?
Көлік министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы 12 мың шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның 8 мың шақырымы – республикалық, 4 мыңы жергілікті жолға жатады. Сүйінші жаңалық – еліміздегі ұзындығы 7 мың шақырымды құрайтын ірі автожол жобалары аяқталып, стратегиялық маңызды нысандар пайдалануға берілді. Оның ішінде Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір, Шамалған стансасын айналып өтетін жол өтпесі, Түркістан облысында орналасқан еліміздегі алғашқы туннель де бар. Сондай-ақ ұзаққа созылған жол құрылыстары саналатын Алматы мен Қарағандының, Талдықорған мен Өскеменнің және Ақтөбе – Атырау – Астрахан араларындағы жолдар ашылып, Қазталов – Жәнібек және Өнеге – Сайқын сияқты негізгі магистралдар қолданысқа енді.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша республикалық жолдардың қалыпты жағдайы – 93%-ға, жергілікті жолдар жағдайы 89%-ға жетті», – деді Көлік министрі.
Ведомство басшысы биыл 13 мың шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамту жоспарланғанын жеткізді. Қазір жаңа жобалар бойынша құрылыс маусымы басталғанға дейін мердігерлерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
«Айта кететін мәселенің бірі – отандық мердігерлерге қолдау көрсету, яғни жобаның орындаушысын анықтау барысында қазақстандық немесе Қазақстаннның шетелдік компаниялармен бірлескен консорциумдарына басымдылық берілетін болады. Бұл отандық компаниялардың одан әрі тұрақты дамуына ықпалын тигізеді. Осы сұрақ Халықаралық қаржы институттарымен толығымен келісілді», – деп атап өтті Марат Қарабаев.
Оның айтуынша, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Абай облыстарында ең ауқымды жұмыстар жоспарланған. Сондай-ақ 30 жылдан бастап 50 жылға дейін жөндеу жүргізілмеген Петропавл мен Жезқазған, Қандыағаш – Шалқар, Жаңаөзен – Түркіменстан шекарасы, Қарағанды – Аягөз – Боғас жолдары толығымен жөндеуден өткізіледі.
«Жол жүрген жетер мұратқа» демекші, саладағы бүгінгі өзгерістер – кешегі бастамалардың жемісі. Оны Logistics Performance Index (LPI) рейтингінен көруге болады. Оған сәйкес, еліміз «көлік инфрақұрылымы» қосымша индексі бойынша 2018 жылғы бағалаумен салыстырғанда өз позициясын жақсартып, 138 елдің ішінде 80-орынға ие болған.
Алайда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің басшысы Ерлан Жақыповтың пайымдауынша, позицияны одан әрі нығайту және жүк тасымалы көлемінің өсуін ынталандыру үшін айтарлықтай капитал салымдарын тарту қажет.
«Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) болжамы бойынша, Орталық Азияның көлік инфрақұрылымын айтарлықтай жақсарту үшін қажет жалпы инвестиция көлемі Қазақстан үшін 5,5 млрд еуроны, ал аймақ бойынша жалпы 18,5 млрд еуроны құрайды. Осылайша, көлік-логистикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту елдің жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудың және оны әлемдік экономикалық процестерге интеграциялаудың негізгі факторы болып табылады», – дейді ол.
Құрылысты аяқтау бар да, оны күтіп баптау бар. Ол да қаржыландыруды қажет етеді. Сондықтан бюджетке түсетін жүктемені азайту және өзін-өзі ақтау мақсатында реконструкция және жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерде «ақылы» статусын кезең-кезеңімен енгізу жалғасуда. Қазір республика бойынша ұзындығы 3,2 мың шақырым ақылы жол жүйесі жұмыс істейді. Ресми деректерге сүйенсек, 2024 жылы түсім 48 млрд теңгені құраған. Биыл қосымша 4 мың шақырым ақылы учаскелер енгізілетін болады, олардан келетін түсімдер көлемі биыл 60 млрд, ал келесі жылы 100 млрд теңгеге дейін жетеді. Бүгінде осы ақылы жолдардан түскен қаражаттың бір бөлігін құрылыс жұмыстарына алынған қарыздардың пайыздық мөлшерлемелерді өтеуге жұмсау мәселесі қарастырылуда.
Автожолдар өміріміздің күретамырына айналғаны рас. Сол себепті дүниені шарлаған технологиялық революциядан бұл сала да бас тарта алмайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы да E-Joldar бірыңғай цифрлық платформасын құрып, қолданыстағы цифрлық жүйелерді интеграциялау қажеттігін айтқан. Қазір жоба тексеру жұмыстарын жүргізу үшін пилоттық режимде іске қосылды. «ҚазжолҒЗИ» вице-президенті Ерік Әмірбаевтың айтуынша, мұндай тәсіл платформа сала қатысушыларының нақты қажеттіліктеріне сәйкес келуі үшін қажет. Пилоттық режим әзірлеушілерге жүйенің мүмкіндігінше пайдалы болуы үшін қандай мүмкіндіктерді нақтылау керектігін жақсы түсінуге көмектеседі.
Сондай-ақ 2027 жылы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында республикалық және облыстық жолдардың 100%-ы мобильді интернетпен қамтылмақ. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлім етті.
Қазақстанның жол саласын дамытуға бағытталған бұл жоспарлар көлік инфрақұрылымын жаңғырту, өңірлерді байланыстыру және экономикалық өсімді ынталандыру тұрғысынан маңызды екені шындық. Сондықтан мұндай ірі жобалардың жүзеге асырылуы, жол сапасын бақылаудың күшеюі, сондай-ақ отандық мердігерлерді қолдау ел ішінде тұрақты жұмыс орындарының ашылып, бәсекеге қабілеттілікті арттыратыны сөзсіз. Сонымен қатар цифрландыру тиімділікті арттырып, ұзақмерзімді перспективада тұрақты даму үшін алғышарттарға жол ашады.
Кәмила ДҮЙСЕН