Фишинг, дроппер, сим-бокс, кибервирус, анти-фрауд, онлайн-сауда, жалған несие, жалған инвестиция, үлескерлер, қаржы пирамидасы, криптовалюта, инвестиция, кибер-қалқан және тағы басқалар.
Алаяқ айласын асырмасын
коллаж: Елдар ҚАБА
267
оқылды

Бұл алаяқтықпен күресте жиі кездесетін сөздер. Олардың мазмұнына қарап, қазір ең бір ушығып тұрған бұл құбылыстың түрі мен сипаты күрделі екенін айқын көруге болады. Ал мұнда миллиардтап айналып жатқан сомалар оның ауқымын көрсететіндей. Ендеше елімізде алаяқтық ахуалы қандай? Онымен күрес қалай жүруде?

Цифрларға сөз берсек...

Былтыр елімізде алаяқтық қылмысы шамалы көбейген екен. 2023 жылы 44 786 дерек тіркелген болса, 2024 жылы ол 45 156-ға, яки +0,8%-ға өскен. Бұл ретте ин­тер­нет-алаяқтық 5%-ға (21 777-ден 22 870-ке дейін) артқандығын атай кету керек. Қазақстандықтар оларға 11,4 млрд теңгесін онлайн аударып жіберген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,8 есе көп. 2023 жылы бұл сома 4 млрд болған. Finprom.kz сайтының хабарлауынша, былтырғы соманың түгелге жуығын, яки 11 млрд-ын жеке тұл­ғалар беріпті, ал қалғанын заңды тұлғалар (385 млн теңге) беріпті, тіпті алданғандардың ішінде мемлекеттік мекемелер де бар екен, олар 8,4 млн теңгесінен айырылған. Енді осы ақшаның тек 36,6%-ын қайтару мүмкін болған екен, қалған 7 млрд теңге алаяқтардың қалтасында кеткен.

Сарапшылар келтірілген шығынды өн­діріп алу мүмкіндігінің аз екендігін айта­ды. Бас прокуратураға қарасты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті­нің мәліметінше, былтыр 22,9 мың қылмыс­тық іс тіркелген болса, оның 81,8%-ы кінәлі адам табылмағандықтан тоқтатылған. Бір өкін­іштісі бұл тенденция соңғы бірнеше жыл қатарынан сақталып отыр. 2019 жылдан бері алып қарасақ, ашылмай қалған қыл­мыс­тық істер үлесі жыл сайын 71-79%-ды құрайды екен. Құқықтық статистикалық есептерге сәйкес, интернеттегі алаяқтықтың ең көп таралған түрі, яки 26%-ы – азаматтар­дың жеке деректеріне рұқсатсыз қол жеткізу. Былтыр тәртіп сақшылары осындай 6,5 мың қылмыстық іс қозғаған. Сол сияқты қыз­меттерді (5,5 мың) және тауарларды (5,2 мың) онлайн сатып алудағы алаяқтық та кең тараған. Былтырғы жылы құқық қорғау органдарына онлайн несие алғысы келіп, алданып қалған қазақстандықтар (3,9 мың) жиі хабарласқан екен.

Сол сияқты қазақстандықтар былтыр қаржы пирамидасына да 20 млрд-тан астам теңгесін салып жіберіпті. Қаржылық монито­ринг агенттігі 2024 жылы 42 қаржылық пи­ра­ми­даны жойып, 13 млрд теңгеден астамын қайтарған екен. Нәтижесінде, 78 адам сотталған.

Күрес күшейіп келеді

Әрине, ашылмаған қылмыс саны көп дегенмен де, тиісті органдар қол қусырып отыр деуге болмас. Бірақ теріс тенденцияны еңсере отыра алмай отырғаны шындық, оны әділ атай кеткен жөн. Әйтсе де, қабыл­данған кешенді шаралар алаяқтықты жеңбесе де, тойтаруға жарап тұр. Бір сөзбен айтқанда, жылдан-жылға күрес күшейіп келеді. Бұл бағытта Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Сыртқы істер министрлігі және Ұлттық банк деңгейі­нен бастап, одан бергі Қаржылық мониторинг агенттігі, Қаржы нарығын реттеу және дамы­ту агенттігі және мобильді операторлар бар барлығы жұмылып жұмыс істеуде. Мәселен, 2024 жылғы шілдеде Ұлттық банк­тің негізінде «Алаяқтыққа қарсы орта­лық» құрылған екен. Оған банктер бар, ірі микроқаржылық ұйым­дар және Ішкі істер министрлігінің аумақтық бөлімшелері бар 60-тан астам ұйым қосылған. Мұндай бірлестік заңсыз транзакцияларды уақытында анықтауға және жедел бұғаттауына, тараптардың нақты уақыт режимінде ақпарат алмасуына мүм­кіндік береді. Осы қызметіне кіріскен жарты жылда  «Алаяқтыққа қарсы орталық» 1,2 мил­лиард теңгенің аударым-дарын бұғаттап, алаяқтарға 81 миллион теңгені өз еркімен қайтартқан.

«Былтырғы жылы негізсіз байығаны үшін «дропперлерден» азаматтық тәртіпте ақшалай қаражат өндіріп алу практикасы енгізілді. Мәселен, Павлодар облысында соттың 83 шешімі бойынша 110 миллион теңге, Шығыс Қазақстан облысында 100 миллионнан астам теңге өндіріп алынды. Сонымен қатар байланыс операторларымен бірлесіп SIM-бокстарын анықтау әдістемесі әзірленді (оның иелерін сәйкестендірместен, шетелден интернет арқылы қоңырау шалуға мүмкіндік беретін жабдық). Ішкі істер мин­истрлігі 19 құрылғы мен 6 мыңнан астам SIM картаны анықтап, тәркіледі. Сонымен бірге алаяқтықпен күресу мақсатында бірқатар заңнамалық түзетулер қабылданды», – делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сол сияқты қазақстандықтарды алдап шетел асқан алаяқтарды ұстау жалғасуда. Мәселен, былтырғы қаңтар айында Қа­зақстаннан тыс жерде бой тасалап жүрген 11 күдікті ұсталған. Бұл Ішкі істер министр­лігінің ТМД елдеріндегі құқық қорғау ор­ган­дарымен бірлесіп жүргізген жұмыстың нәтижесі. Ал Бас прокуратураның тікелей үйлестіруімен банктерге және телекоммуни­кация операторларына қатысты 30 қыл­мыс­тық іс тіркелген. «Сонымен қатар ал­аяқ­тық схемаларын жарнамалайтын 15 мыңнан астам сайт пен аккаунт бұғатталды, WhatsApp, Telegram және Instagram мессенджерлерінде 327 чат жабылды, бұл 2 миллионнан астам азаматтың қаржылық шығындарының алдын алуға мүмкіндік берді. 

коллаж: Елдар ҚАБА

Сол секілді Ішкі істер министрлігі де қарсы күрес шараларын кең ауқымда жүргізуде. Мәселен, соңғы үш жылда интернет-алаяқтардан зардап шеккен азаматтар саны 50 мыңға жуықтаған. 2022 жылдан бері интернет алаяқтығы бойынша 15 000 жуық қылмыстық іс аяқталып, кінәлілер тиісті жазасын алған. Онлайн-алаяқтық жасау ресурстары көп ретте шетелдік техникалық алаңдарда орналас­қандықтан жедел бұғатталады екен. Осы ретте олар Antifraud.kz, КиберЩит.kz сынды сайтты тексеру қызметтерін пайдалануға, тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу кезінде деректемелерді ресми сайттарда көрсетілген­дермен салыстыруға, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, күмәнді сайттарға банк карталары­ның деректерін енгізбеуге шақырады.

Алаяқтардың суретін жариялау керек

Қазір аттап бассаң алаяқтар тұзақ құрып қойған. Күніне бір рет болса да не тікелей, не жанама осындай жайтпен кездесіп қалатынымыз жасырын емес. Бұл алаяқ­тардың даңдайсып кеткендігін білдіреді. Ал құзырлы органдардың олардың алдында әзірге шарасыз екені іштей қынжылтады. Тіпті, оның салдары қоғамда адамдардың бір-біріне деген сеніміне селкеу түсіріп тұр. Әрине, мұнда бірінші кезекте технологияның қарыштап дамуы, соның ішінде жаһандану мен цифровизация үлкен рөл ойнап отыр. Сондықтан бұл тұста әлде де болған профи-л­ак­тикалық және превентивті шараларды нығайта түсу қажет.

«Ең басты мәселе – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру. Сонда ғана азаматтар алаяқтардың «тұзағына» оңай түспейтін болады. Бізге экономика мен қаржы не­гіздерін біліп қана қоймай, базалық цифрлық дағдыларға ие болу қажет. Сонымен қатар алаяқтар қолданатын схемалармен таныс болғаны керек. Мәселен, қаржы пирамида­лары жоғары пайызбен, айталық жылына 100%-ға дейін жеңіл пассивті табыс табуға шақырады. Әлеуметтік желілерде, интернет­тегі жарнамасын қарқынды түрде жүргізеді. Сондай-ақ жобаны ұйымдастырушыны «тірілей» ешкім көрмейді. Көрсеңіз де он­лайн режимде сөйлесуіңіз мүмкін. Ал құ­жат­тар заңды түрде рәсімделмеуі, рәсімделген күннің өзінде қаржыны жоғалту тәуекелдері туралы шарттар жазылмайды», – дейді ҚМА Превенция және аналитикалық әзірлемелер департаментінің превенция басқармасының басшысы Андрей Давыдов.

Оның айтуынша, Қаржылық мониторинг агенттігі банктермен тығыз жұмыс жүргізуде екен. Оларға «типология» деп аталатын қаржы пирамидасының күдікті сипатын ай­қындайтын арнайы критерийлер әзірлеп берген. Өйткені пирамида салымшыларының қаржылық ағындарын әу бастан көріп отыратын ұйым – банктер. Мәселен, олар бір адамға немесе компанияға көптеген азаматтан бірдей сома түскенін және ол ақшаның бір бөлігі біреуге қайтарылғанын көрген кезде, бірден агенттікке хабарлайды. Осылайша, олар қадағалауға алынады. Профилактиканың бір тәсілі осы. Ал ендігі бір тәсілі – алаяқтардың суретін жариялау.

«Таяуда жемқорлардың тізімі жария болатыны туралы хабарланды. Заң қабыл­данса, біз пара берген немесе алған кезде ұсталған адамдарды интернеттен ашып қарап көре алатын боламыз. Сол сияқты алаяқтардың да суретін жариялау қажет. Сотталды ма, кінәсі дәлелденді ме, оның алаяқ екенін ел көрсін, халық білсін. Жем­қорларға қоғам тарапынан «шеттету» әдісін оларға да қолдану керек. Себебі олар ең қасиетті ұғым – «сенім» деген нәрсеге селкеу түсіріп, адал қоғамды дамытуға кедергі жас­ап отыр. Қаржы пирамидаларының тізі­мін жариялаған кезде, алаяқтардың да тізімін неге жарияламасқа. Сол кезде олардан адамдар сақтанып жүретін болады», – дейді алматылық қоғам белсендісі Нұрия Оразова.

Оның айтуынша, алаяқтыққа адамдар екі жағдайда барады екен. Біріншісі – мақ­сатты түрде тікелей, екіншісі – жанама. Мә­селен, ол қаржы пирамидаларының сал­ымшыларын солардың екіншісіне жатқызады. Өйткені компания қаржы тартқан кезде олар бірінші болып кірсе ақшасын қайтарып алатынын білетін болуы мүмкін, сондықтан табыс тауып қалу үшін пирами­даның жұмысына атсалысады. Болмаса, ақшасынан айырылып қалатынын түсінген кезде, пирамиданың «схемасын» пайдаланып, яки адам тартып, насихатын жүргізіп, белгілі бір деңгейде өз еркінен тыс «сыбайлас» болуға мәжбүр болады. Сондықтан осындай істі қараған кезде оның алғашқы салымшы­ларының да қаншалықты кінәсі барын анық­тау керек, егер сондай пиғылы болғаны анықталса, жазасыз қалдырмау керек екенін айтады ол.

Нұрлан ҚОСАЙ