Тіс ауырса, іш ауырса, МӘМС көмек бермейді...

Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында МӘМС жүйесін реформалауға серпін беруді жүктеді.

Себебі сала былығып жатыр және түйткілі де сәт сайын көбейіп барады. Мысалы, қаражат игерушілер бес айлық, тісі жоқ сәбидің «тісін емдедік» деп қосып жазған. Бір адамның 82 тісін емдеген! Бұл енді жолды сүріп тастап, жылда қайта асфальт төсейтін «бизнеске» ұқсайды. Өз кезегінде стоматологтар қордың сырқаттар тісін анес­тезиясыз, шыңғыртып жұлуға мәжбүрлеп жатқанын айтып, дабыл қақты. МӘМС жүйесіндегі дау-жанжал неге көбейді?  

Сырқат шыңғырса, кімнің кінәсі?

Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) жеке тоқталды. Оның айтуынша, жүйенің ісін реттейтін уақыт жетті. 2024 жылы денсаулық сақтау саласында 140 миллиардтан астам теңгенің орынсыз шығыны әшкереленген. 

– МӘМС жүйесін реформалауды жалғастыру керек! Сонымен қатар бірқатар заңнамалық шара қабылдау қажет. Үкімет Парламентпен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтауы керек. Құжат осы сессияның соңына дейін қабыл­дануға тиіс! – деді Қ.Тоқаев.

Дәл осы кезде стоматологтар медсақ­тандыру қорымен шайқасып жатыр. Күресті шығысқазақстандық тіс клиникалары бастаған. Бұл туралы журналистерге ШҚО Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Надежда Иванченко хабарлады. Бұл мәселені тіс клиникалары ШҚО Кәсіпкерлер па­латасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысында көтерді. 

Мәселенің мәнісі мынада: МӘМС аясын­да мемлекет есебінен сақтандырылған ба­лаларға, жүкті аналарға және бірқатар басқа санатқа жекеменшік стоматологиялық кли­никалар тегін қызмет көрсетеді. Енді олардан былтыр Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) анестезия қызметі үшін берген ақшаны қайтаруды талап етті. Яғни, 2023 жылы төленген барлық қаржыны кері оралтуға тиіс. 

Мұны естіп, естен тана жаздаған тіс клиникалары қарсы өре түрегелді. Сөйтіп, өткен жылды күреспен өткізіпті. Енді қор бір емес, бірден екі жылда – 2023 және 2024 жылдары тісті емдеу кезінде жан­сыздандыру қызметі үшін аударған ақысын қайтару керектігіне табандайды. Нә­ти­жесінде, әңгіме миллиардтаған теңге туралы болып тұр.

Кеңес отырысында мәлім болғандай, ӘМСҚ өзінен мұны Жоғары аудиторлық палатаның талап етіп отырғанына нұсқайды. ЖАП қорға сыртқы аудит жүргізу қоры­тындысында осы олқылығын шұқып тұрып көрсетіпті. Ізінше қордың өзі 2023 жылы стоматологиялық қызметтер аясында көр­сетілген анестезия қызметтеріне ішкі талдау жүргізген және мемлекеттік аудиторлардың байламымен келіскен. 

Бір қызығы, ШҚО Кәсіпкерлер пала­тасының сұрауына жауап қатқан Жоғары аудиторлық палата жансыздандыру үшін берілген ақшаны өндіріп алу туралы қорға ешқандай рекомендация енгізбегенін мәлімдеді. Сондықтан бизнесмендер қосып жазудан аузы күйген ӘМСҚ-ның асқан сақ­­тық танытып, асыра сілтеп отырғанын айтады.

Тіс дәрігерінің неге түсі суық?

ЖАП аудиторлары қаперге салған олқы­лық неде? Ресми құжаттарда қате өріп жүргенге ұқсайды. Мысалы, бұйрық бойынша тіс емдеу «бір қызмет» ретінде қарас­тырылады. Ал тариф бойынша тіс жұлу-емдеу қызметі бөлек те, аурусыздандыру қызметі бөлек. Себебі стоматологияда қол­данылатын севофлуран (севоран), убис­тезин, лидокаин, тримекаин, прилокаин, мепивакаин және басқа жансыздандырушы препараттар шығынды қажет етеді, орташа құны 320-1 000 теңге аралығында.

Қордың ШҚО бойынша филиалының директоры Данияр Исеновтің түсіндіруінше, тарифті қалыптастыру кезінде емдеу құ­рамына барлық қызмет қосылады. Егер тіс клиникалары оған кірмеді деп сыл­тауратып, анестезиядан бас тартса, бұл олардың өз мойнына алған келісімшарттық міндеттемесін орындамағанын білдіретін болады.

Жалпы, стоматологиялық клиникалардың басшылары радикалды қадамға бармағанын, яғни тегін тіс жұлғызушыларға да анестетик қолданатынын айтады. Қор өкілдері қоңырау шалып, жансыздандырудан бас тартуға болмайтынын түсіндіріпті. Бірақ оның ақы­сын қор төлегісі келмейді. 2025 жылы төлей ме, төлемей ме, ол да белгісіз. Дүдәмал тірлік, екұдай жағдай, бір кем дүние.

– Шын мәнінде, тарификаторда нақты баға саясаты айқындалған. Онда мысалы, тіс емдеу қызметі – 1 073 теңге, анестезия – 1 400 теңге тұратыны көрсетілген. Анес­тетиктер жеке шығынды қажет етеді. Онда анестезия қызметі қалай емдеу қызметі құрамына қосылуы мүмкін?! Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығында бұл екеуінің бір қызмет екені айтылмаған. Ол тек министрліктің жауапты бөлімінің түсініктемесінде келтіріледі. Салдарынан ДСМ түсініктемесі ДСМ-нің бұйрығына қайшы келіп тұр. Қор түсініктемені емес, бұйрықты орындауға міндетті, – деді өңірлік Кеңес төрағасы Игорь Шацкий.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл жөніндегі кеңес прокуратураға жү­гі­ніп, саланы дағдартқан орашолақ әре­кетке барғаны үшін қордың медициналық қызмет сапасына мониторинг жүргізетін маман­дарының кәсіби деңгейін тексеруді сұрады. Өйткені МӘМС аясында бұған дейін тегін тіс емдеп келген клиникалардың үлкен бір бөлігі енді бұдан ат-тонын ала қашты.  

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы тарифтердің тіс клиникаларының шығынын өтемейтінін мойындады. Сондықтан Ден­саулық сақтау министрлігі бүгінде меди­циналық қызметтер ақысын төлеу тетігін жетілдіру мәселесін пысықтап жатқан көрінеді.

коллаж: Елдар ҚАБА

Төменгі палатада өткен Медициналық сақтандыру туралы Үкімет сағатында «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Асхат Аймағамбетов МӘМС-ті тозығы жеткен тесік қайыққа теңеді. Мұндай көң-қоқырдан құтылған жөн емес пе?

– Аллегория келтірсем: өзенде жүзіп келе жатқан қайықтың түбі тесіліп, тесіктен лақылдап су құйыла береді. Су тоқтар емес, ал қайықшы тесікті тезірек бітеу орнына қолына шелек алып, тоқтаусыз келіп жатқан суды сыртқа төгумен әлек. Бұл әрине, ештеңе бермейді, еш тиімділігі жоқ. Су ары қарай қайық ішіне жинала береді, баты­рып тынады. Міне, дәл осындай ауыр ахуал МӘМС жүйесінде орын алды. Яғни, мәсе­ленің өзін жою орнына тек салдарымен күреседі. Жүйелі реформалар орнына уақытша шараларға әуес. Ең бастысы, стратегиялық көзқарас жетіспейді, – деді депутат.

Оның айтуынша, МӘМС-тің қазіргі моделі медицинаны халыққа қолжетімсіз етіп, жүйені шығынға батырып, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына соқтырды.

«МӘМС аясында 5 айлық баланың тісін қанқұрттан емдеген! 5 айында әлі тісі шық­паған балада қандай қанқұрт болуы мүмкін? Бұдан да сорақы жағдай: бір адамның 82 тісі емделген екен және соған қаражат төлесін деп клиника қорға тиісті өтініш жіберген. Мұндай мысалдар өте көп. Неге? Өйткені МӘМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен қосып жазуға итермелейді. Қаражат әр емделген адам үшін емес, әр қызмет үшін төленеді. Нормативтер жоқ, цифрландыру жоқ. Клиникалық хаттамалар мен стандарттар бұлыңғыр, былық, – деді А.Аймағамбетов.

Сапалы пломба – сапалы болашақ

Өз кезегінде халық МӘМС аясында тіске тегін қойылған пломба тез түсіп қала­тынына шағымданады. 

– Бізде бүкіл қалада тек екі клиника балалардың тісін МӘМС аясында тегін емдейді. Бұрын төртеу болатын. Оның өзін­де тіс дәрігерлері жиі ауысады. Балаларды түске дейін ғана қабылдайды. Содан апталап, айлап, ұзақ кезек күтуге тура келеді. Қы­зымның тісі ауырып, әзер қаралдық. Емдеу тез өтті. Алайда пломбасы ертесіне түсіп қалды. Шағымданып қайта барсақ, дәрігер МӘМС аясында жоғары сапалы пломба қою қарастырылмағанын айтады. Мұндай көзбояушылық кімге керек? – деп ашынады ана Бану Оспан.  

Қызының тіс ауруы үдеп, өзі жүдеп, жанын қоярға жер таппай, тамақ ішуден бас тарта бастаған соң Бану амалсыз баласын ақылы стоматологияда емдетіп, жарық­қатқыш пломба қойғызыпты. Кейбір ата-ананың айтуынша, тегін тіс емдеуге барғанда дәрігердің өзі таңдау ұсынады: не балаға ақысын медсақтандыру өтейтін арзанқол пломба салғызасыз, онда ол шамалы уақыттан соң ізім-ғайым жоқ болады. Немесе жарыққатқыш сапалы пломба қойғызасыз, онда қосымша ақы төлеуіңізге тура келеді.  

Мұның мәнісін түсіндірген ӘМСҚ ма­мандарының айтуынша, Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 27 сәуірдегі №ҚР ДСМ-37 бұйрығымен бекітілген Амбу­ла­то­риялық жағдайлардағы мамандандырылған ме­дициналық көмек көрсету қағидаларына сәйкес, МӘМС аясында «КМХО-пломба» (бұйрықта солай жазылған, бұл «химиялық қатайтылған композиттік материал») қол­данылады. 

«Мұның себебі сол, көпшілік жағдайда балалардың «уақытша» тісі (сүттісі) плом­баланады. Ол тіс артынша бәрібір түсіп қалады. Олай болса, жарыққатқыш пломбаны (светоотверждаемая пломба) пайдалану экономикалық тұрғыдан орынсыз. Жарық­қатқыш пломбаны бірде бір отандық та­уарөндіруші жасамайды. АҚШ, Германия, Жапония және басқа шет елден импорт­талады. Сондықтан оның бағасы қым­бат», – деп хабарлады қор өкілдері. 

Біріккен Қазақстан стоматологтар қауымдастығы сарапшыларының түсін­діруінше, балаларда 13-14 жаста сүттістерінің орнын тұрақты тістердің басуы аяқталады, екінші моляр (Molar) тістері өсіп шығады, түпкілікті тістем-прикусы түзіледі. Демек, мемлекет МӘМС аясында жасы 13-тен асқан балалардың мүддесін ескермейтін болып шығады.  

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев депутаттар сауалына жауабында стоматологиялық қызмет көрсетуде жарыққатқыш пломбаны қолдану мәселесі пысықталатынын жеткізді.

– Бүгінде МӘМС жүйесінде химиялық қатайтылған композиттік материалдан жасалған пломбаларды пайдалану ғана қарастырылған. Химиялық қатаятын ком­позит стоматологиялық емнің сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және балаларға қолдану үшін ұсынылады. Ха­лықтың қажеттіліктері мен өтініштерін ескеріп, министрлік МӘМС шеңберінде жарыққатқыш пломбаларды қолдануды стоматологиялық қызметтер тізбесіне енгізу ұсынысын қолдайды, – деді Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары. 

Бірақ ол қашаннан, қай күннен бастап қазақстандық балалар тісіне осы сапалы импорттық пломбаны қойғыза алатынын айтпады. Ол тек КМХО (химиялық) пломбаға қарағанда, жарық көмегімен қатайтылатын пломбаларды қолдану қымбатқа түсетінін және бюджеттен шығынды қажет ететінін алға тартты. Сондықтан бұл өзгеріс, оның айтуынша, «қосымша есептеулер мен қара­жатты талап етеді».

– Осыған байланысты МӘМС шең­берінде халықтың нысаналы топтарына көрсетілетін қызметтер тізбесіне жарықпен қатайтылатын пломбаны қолдана отырып қызмет көрсетуді қосу мәселесі – тариф-құнды қалыптастыру нәтижелері бойынша шешілетін болады. Ол құнды түзу бюджет мүмкіндігіне қарай, 2025 жылға арналған медициналық қызметтерге тарифтерді қайта қарау жөніндегі жұмыс аясында жоспарланған, – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Биылғы бюджетте жарыққатқыш плом­баны енгізуге қаражат қарасты­рыл­маға­нын айта кету керек. Мұның сыртында 2025 жылы ел Үкіметі алдына бюджетті барынша үнемдеу міндеті қойылды. «Үкімет қан­ша­лықты қиын болса да жаппай үнемдеуге кө­шіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзек­ті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді! Орын­сыз шығын­ды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет», – деді Президент.

Үкіметтегі ағалар үнемдеудің жөні осы екен деп, ел ертеңі – балаларды шөміштен қақпайды, сырқаттарды «аяғын тартып басуға» мәжбүрлемейді деп үміттенеміз. Сапалы пломбаны енгізуге ӘМСҚ-ның триллиондары да жетер еді. Бұл – болашақта қазақ елі «тіссіздер еліне» және әлемдік әжуа нысанасына айналмауы үшін өмірлік маңызды. 

Елдос СЕНБАЙ