Бүгінгі әнсүйер қауымның талғамы да, өнер ордасын толықтырған әншілер қатары да кеңейді.
Лашын Мұратқызы, әнші: Тыңдарманның жетегінде кетпеуі керек
1,805
оқылды

Алайда ұзақ жылдар бойы құлақтан кіріп, бойды алған әсем әнді  орындаушылардың орны бөлек. Солардың бірі талай жыл Қазақ радиосына еңбегі сіңген, лирикалық әндерімен көпшілік тыңдарманды сүйсінткен Лашын Мұратқызымен әңгімелескен едік. 

Радиодағы жылдарым бекер өтпеді

– Лашын Мұратқызы, әнші де, ән де арзандаған қоғамда өнерге бет бұрғызатын немесе өнерден алшақ кеткізбейтін не құдірет деп ойлайсыз?

– Ол – өнердің құдіреті. Өнерге деген құштарлық, сүйіспеншілік. 

– Лашынның  біржола өнер адамы атануына мүмкіндік бар еді. Бірақ сіз Қазақ радиосы тізгінінен алыстап кете алмайтын секілдісіз. Радио дейтін бір сиқыр байлап-матап тастағандай. Одан алыстай алдыңыз ба?

– Қазақ радиосы мені байлап-матап тас­таған жоқ. Керісінше, өнерге жол ашты. Қанатымды кеңге жаюыма мүмкіндік берді. Әнге биік талғам деңгейінен қарап, талғамымды, өнердегі жолымды қалыптастыруға ықпал етті. Мен Қазақ радиосына келген жылдары өнер саласында ғана емес, жалпы елімізде экономикалық қиындықтар белең алып тұрған қиын кез еді. Өнерге, сол әлемді бағындырып жүрген ортаға тап болу да қиын болатын. Оның үстіне, өміріңді өнермен серік етем десең, оған барыңды  салуың керек. Қаржы мәселесі тағы бар. Балаларым да кішкентай болды. Бірақ мен Қазақ радиосында өткен жылдарым бекер кетпеді деп есептеймін. Қаншама өнер майталмандарымен таныс-біліс болдым. Нұрлан Өнербаев, Рамазан Стамғазиев, Ермек Елгезек секілді бірқатар өнер адамдарымен осы қасиетті Қазақ радиосының шаңырағында қызмет ете жүріп танысып, олардан тәлім алдым. Өнер мен мәдениеттің, руханияттың бесігі болған және әлі де болып жатқан «Қазақ» және «Шалқар» радиолары өнердің, ән мен күйдің сарқылмас қазынасы ғой. Мен сол қазынадан қалағанымша нәр алып, өзіме сіңірдім. Өзіме табиғат берген, әкемнің қанымен келген, алған кәсіби біліміммен қалыптасқан өнерімді сол қазынадан алып, сусындап, ары қарай дамыттым, өнерімді өрістеттім. Бүгінгі күнге дейін радио – менің қолдаушым, ұжымым – қамқоршым. 

– «Өнер жолы – қиын жол»  дейтін едік. Қазір тым «жеңілдеп» кеткен сияқты. Дегенмен өнер­дің парқын түсінетін жандар жақсы мен жаманды айыра алады. Шын бағалының қадірін ұға аламыз ба?

– Әрине, «жеңіл» дүниенің ғұмыры ұзақ болмайтынын көріп жүрміз ғой. Бірақ сол сіз «жеңіл» деп отырған дүниелердің де өз тыңдарманы бар. Адамның бәрі бірдей биік талғам иесі бола бермейді  ғой.  Демек, ондай әндердің де өз тыңдарманына жетуге, соған қызмет етуге  қақысы бар шығар. Бұл бір нақты былай деп айтуға келмейтін құбылыс па деп олаймын. Кейде өте биік талғаммен, жоғары музыкалық талаптарға сай, өлеңі мен сазы қабысып үйлесе кеткен, сондай бір сәтті туындылардың өзі тыңдарманға «өтпей» қалып жатады. Ал керісінше, жай ғана бір жеңіл-желпі әуенге құрылған, ойнақы, тойға ыңғайланып жазылған әндер күтпеген жерден «хит» боп кетеді. Бұның бәрі қазіргі тыңдарманның нені қалайтыны мен оның талғамына қатысты нәрсе болса керек. Ал менің өз басыма келетін болсақ, мен лирик әншімін. Ән айтқанда да адам өзінің табиғатынан алыстай алмайтын сияқты. Сол себепті менің орындайтын әндерімнің басым көпшілігі – лирикалық әндер. Би ритміне құрылған, тойдағы көпшілікті иіріп әкететін әндер іздеген тыңдарман менен ондай дүниелерді таба алмасы хақ. «Талғамға талас жоқ». Дегенмен әндерімнің іздеп жүріп тыңдайтын өз тыңдарманы бар.  

Музыка – өзгеріске ұшырайтын өнер

– Сіз қасиет тұтатын құндылық қандай?

– Адалдық. Оның мағынасы терең, ауқымы да кең ұғым ғой. Өз-өзіңе деген адалдық. Өнерге деген адалдық. Достыққа деген адалдық. Мен үшін адалдық бәрінен биік қасиет. 

– Бүгінгі әндердің ғұмыры тым қысқа. Бір кездегі көше әндерінің өзі сапалы болатын еді. Бүгінде той қуып емес, ой қуып жүрген жандар бар ма?

– Бәрі деп көпке топырақ шашпай-ақ қояйық. Жоғарыда айтып өткенімдей, той әндерінің де өз тыңдарманы бар. Демек, оған да сұраныс бар деген сөз. Сапалы жазылған, ойлы, тіптен терең философияға құрылған әндер қаншама?! Тек соны тыңдар құлақ болса...

– Шығармашылығыңыз туралы сөз етсек. Қазір жас пен үлкеннің тыңдайтын әндерінде айырмашылық көзге көрініп тұрады. Сіздің қоржыныңыздағы әндерді көбіне тыңдайтын аудитория кімдер? Әндеріңізді тыңдарман сұранысына сай шырқайсыз ба? Тыңдарман талғамы туралы не айтасыз?

– Жас пен ересек адамның тыңдайтын әндерінде айырмашылық болуы – заңдылық. Қазір заман зымыранның жылдамдығындай жедел дамып жатыр. Музыканы өңдеу технологиясы да, музыкадағы бағыттар да уақыт өткен сайын өзінің өрнегін, иірімін өзгертіп, құбылтып бағуда. Балаларымның тыңдайтын музыкасы мүлде менің талғамыма сай келмейді. Соған қарап олардың талғамына шектеу қоя алмасым белгілі. Бір жағынан олардың талғамын нашар деп айта алмаймын. Кейде жастар тыңдайтын музыкаларды тыңдап отырып, кейбір тұстарын, кейбір иірімдері мен өңдеуге қатысты формаларын неге лайықтап өзіміздің әндерімізге пайдаланбасқа деген де ой келетінін жасырмаймын. Өнер, музыка деген бір орында тұрып қалмайтын, уақыт өткен сайын дамып, өзгеріп, құбылып отыратын құбылыс қой. Ал келесі сұрағыңызға келер болсақ, әнді тыңдарманның сұранысына қарай орындау дегенді түсінбеймін. Қай салада болсын өнер адамы өз тыңдарманының немесе көрерменінің жетегінде кетпеуі керек. Оның талғамын қалыптастырып, жетелеуге ұмтылуы керек деп ойлаймын. Әйтпесе, қазіргі көпшілік тыңдарманның (бәрі демеймін)  қалауына «көнсем», мен тек той әндерінің орындаушысы болар едім.  

Өнерге жақын болу қанымызда бар

– Үлкен сахнада ән салып жатқанда тыңдаушыларыңызға ішкі сырыңызды қаншалықты ашасыз? Халық алдында эмоция, көңіл күйіңізді көрсетіп қалатын кез бола ма?

– Мен лирикалық әндердің орындаушысымын дедім ғой. Ал ол әндер – онсыз да көңіл күйге, ішкі сезім сәулелері мен жан тебіреністерінің ноталарына құрылған әндер. Сондықтан ондай әндерді сезімсіз орындау мүмкін емес. Рас, кейде қатты толқығанда сахнада тұрып көз жасыма ерік беретін кездер болып қалады. Әсіресе, әке мен ана туралы әндерді айтқанда. Араға азғантай уақыт салып, бірінен кейін бірі келместің кемесіне мініп кете барған ата-анам – менің жазылмас жарам. Сол себепті болар. 

– Өнер жолын артыңыздан ерген қыздарыңыз да таңдапты. Бұл өз таңдауы ма, әлде ана ретінде үлгі болып, бағыт бердіңіз бе?

– Жолдасым да өнерге жақын, музыкалық аспаптарда еркін ойнайтын адам еді. Ара-тұра ән айтатыны да бар болатын. Әкем, қыздарымның нағашы атасы да өнерден құралақан адам емес еді. Одан кейін енем, қыздардың апасы да отырған жерінде ауылдың алты аузын алты қайырып айтатын өнерлі кісі. Ауылдағы «Әжелер ансамблінің» мүшесі болған. Сол кісілерден жұққан болар. Алайда мен қыздарымның таңдауына араласқан емеспін. Бұл – олардың өз таңдауы, өз қалауы. 

– Жеке шығармашылық кештеріңіздің өткеніне көп болмады. Тағы да осындай кеш ұйымдастыру жоспарыңызда бар ма?

– Астанадағы концертімді ойдағыдай өткізіп келген күннің ертеңіне жолдасым Рүстем жүрек талмасынан қайтыс болды. Бұл концерттен керемет көңіл күймен келгенімде төбемнен жай түсірген жағдай болды. Сол себепті жоспарымның бәрін уақытша ысырып қоюға тура келді. 

– Қазір немен  айналысып жүрсіз? 

– «Тірі адам тіршілігін істейді» деген рас екен. Біраз композитор, сазгерлерден келіп түскен әндер бар. Түрлі шығармашылық ұсыныс бар. Оның бәрін уақыты келгенде біле жатарсыздар. Әзірше соларды жарыққа шығарудың жайын ойластырудамын. 

– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ