Яғни, тұлғатану саласы кеңінен насихатталып, тұлға жайлы деректі фильмдер, мерейтойлар аталып өтіп жатады. Бұл да бір өнер-ғылымның тармағы болар. Біз де сол тұлғатану саласында Астана өңірінің өнер қайраткерлерін насихаттау барысында, есімі еленбей жүрген ірі тұлға жайлы сөз қозғамақпыз.
Ақмола өңірі (қазіргі Астана, Қорғалжын өлкесі) қазақтың өнер тарихында есімдері «алтын әріппен» жазылған әнші-күйшілерге (Құлтума, Мариям Жагорқызы, Дәулет Мықтыбаев, Қосымжан Бабақов) бай өлке. Ата-бабаларының рухын өз бойыңа сіңірген, Қорғалжын жерінің баласы, тұла бойы ұстаздық қызметке жаралған тұлға Сайлау Боранбайұлы еді.
Сайлау Боранбаев – 1930 жылы Ақмола өңірінің Қорғалжын елді мекенінде «22 декабрь» атындағы ұжымшарында (кейін «Дружба» кеңшары (совхозы) болған) қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. Анасынан ерте айырылған Сайлау Боранбайұлы әкесінің немере інісі Төлеу Нұрмағамбетовтің қолында болады. Төлеу ағасы Сайлауға жақсы білім алуына қол ұшын беріп, болашағына жол салып берген бірден бір кісі еді. Сайлау Боранбайұлының туған әкесі Боранбай Бекетайұлы қоңыр дауысты, домбыра тартатын, анасы Айтжан батыл, қайратты, қайсар мінезді әйел болған. Сайлау Боранбайұлының қайраткерлігі мен қажымас қайсарлығы осы анасынан дарыған деседі.
1940 жылдары Қорғалжын аудандық қазақ орта мектебінің 1-класына түсіп, 1950 жылы Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейінгі алғашқы онжылдық мектепті бітіріп шыққан алғашқы түлектердің бірі Сайлау Боранбайұлы болатын. Мектеп жасынан алғыр, зерек, өнерлі бала, мектеп бітірген соң 1950 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына академик, Ахмет Қуанұлы Жұбановтың тыңдалуымен ҚазКСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор, домбырашы-педагог Хабидолла Тастановтың «Домбыра» сыныбына оқуға түседі.
Консерватория қабырғасында Сайлау Боранбайұлы елімізге белгілі өнер қайраткерлері Жексенбек Еркінбеков, Алдаберген Мырзабеков, Еркеғали Рахмадиев, Ермек Серкебаев, Шамғон Қажығалиевтермен қатарлас оқып, консерватория қабырғасында ағасы Кенжебек Күмісбековтің қол қанатында болады.
Оқу барысында өзінің тік мінезді, орақ ауызды, көшбасшылық қасиеттерімен қатар, жанашырлық, бауырмалдық, кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсете білген азамат ретінде көрсете білді.
1955 жылы консерваториядағы оқуын сәтті аяқтап, туған өлкесінің мәдениетін, қазақ өнерінің шырақшысы болуға туған жері Ақмола өңіріне келеді. Осы өңірде қазақ өнерін қазақ балаларына насихаттау мақсатында ауыл-аймақтарды аралап, өнерлі, талапты деген оқушыларды іздеп, қазақтың ұлттық музыка өнеріне баулыды. Оқушылардың кәсіби білім алуына, болашақта кәсіби өнерпаз болуын мақсат тұтып, ең алғашқы музыка мектептерінің құрылуына ат салысып, сол балалар музыка мектебінде оқу-ісі жөніндегі директор орынбасары, «Домбыра» сыныбының мұғалімі болып қызмет атқарады. Сол жылдары Теміржолшылар мәдениет сарайында, «Қазақсельмаш», «Насос» зауыттарының мәдениет үйлерінде музыка мектептерінің филиалдарын ашады.
Сонымен қатар Аграрлық ауылшаруашылық институтында, Педагогикалық училищесінде студенттер мен мұғалімдерден құралған қазақ халық аспаптар оркестрлерін құрды. Сол кезде Целиноград қаласында жалғыз қазақ орта мектебінің музыка пәні мұғалімі болып, оқушылардың музыкаға деген ықыластарын оята білді.
Талмай еңбектенудің нәтижесінде С.Боранбайұлы жетекшілік ететін халық аспаптары оркестрі (домбыра аспаптарынан құралған) 1953 жылы Халықаралық жастар фестивалінде, 1957 жылы «Қазақстан жастарының тұңғыш фестиваліне» қатысып, ІІ дәрежелі лауреат атанады.
1965 жылы С. Сейфуллин атындағы Целиноград педагогикалық институтында «Музыка» факультетінің ашылуына жаны аянбай тер төгіп, бөлек факультет болып қалыптасуына орасан зор еңбек сіңірді. Сол еңбегінің арқасында осы факультеттің деканы болып өмірінің соңына дейін адал қызмет атқарды.
1963 жылы «Гүлденген Дала», 1968 жылы жарыққа шыққан «Дала әні» Ақмола, Қорғалжын өлкесінің ән-күй жинағының құрастырушысы, жинақтаушы редакторы болды.
1978 жылы 12 ақпан күні өмір мен өлім арпалысында Сайлау Боранбайұлы екі бауырын құтқарып, өзі қайғылы қазаға ұшырап, ажал құшады.
2000 жылы Е.Рахмадиев пен Е.Серкебаевтардың ықпалымен Сайлау Боранбайұлының 70 жылдық мерейтойына арнап Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы ұйымдастырылды.
2007 жылы үзеңгілес досы, әріптесі В.А. Шевченко Сайлау Боранбаевтың құрметіне фортепиано аспабына арналған сюита арнайды.
Сайлау Боранбайұлының шәкірттері сол уақытта П.И.Чайковский атындағы №1 балалар музыка мектебінің директоры З.Г.Канцеров, №2 балалар музыка мектебінің директоры Х.В.Кипритиди, алғашқы «Қазақ музыка мектебінің» директоры О.С.Оспанов, С.Сейфуллин атындағы Целиноград педагогикалық институтының «Музыка» факультетінің «Халық аспаптары» бөлімінің меңгерушісі Ж.А.Мұқанов, Музыка училищесінің «Халық аспаптары» бөлімінің меңгерушісі М.Тналин, композитор, журналист Е. Иманбаев, т.б. шәкірттері ұстазы жайлы жылы лебізбен, ыстық ықыласпен еске алып, әрқашан құрмет тұтып отырады.
Бүгінде С. Боранбайұлының есімі насихатталып жүр. Оған үлесін қосып жүрген өнер иесінің жары Мақшура апай мен қызы Күнімгүл Сайлауқызы екенін айрықша атап өтуіміз керек. Біздің жазылған мақаламызға да деректі осы азаматшалар берді.
Сонымен қатар 2011 жылдан бастап Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті өнер-білім ошағында педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚҰӨУ профессоры, ХПБҒА академигі Хусаинова Гүлзада Анауарқызының жетекшілігімен Сайлау Боранбайұлы атындағы «Боранбаев оқулары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы ұйымдастырылып келеді. Бұл конференция дәстүрлі түрде осы оқу орнында белгілі ғалымдар мен өнер қайраткерлері қатысатын ғылыми ортаға айналды.
Сайлау Боранбаев ұстаздық, адамгершілік, патриоттық қасиеттердің үлгісі ретінде болашақ ұрпаққа үлгі болатын өз елі мен жұртының адал ұлы бола білді.
Дархан ҚОЖАБАЕВ, Күләш Байсейітова атындағы ҚҰӨУ кафедра меңгерушісі