Көбісі балаларын қосымша сабақтарға қалдыруға мәжбүр. Оның да өзіндік артықшылықтары мен кемшін тұсы жетерлік, мәселен, елорданың өзінде сабақ уақытынан тыс қосымша сабақтар ұйымдастырылған мектеп жоқтың қасы. Қалалық Білім басқармасының мәліметінше, бар болғаны үш оқу орнында қосымша сағаттар (продленка – орысша) бар.
Мәселен, Білім басқармасының баспасөз қызметі бізге осындай мекемелердің бірі Кәрім Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицейіне қатысты ақпаратты бөлісті. Оған сәйкес, қосымша сабақтар міндетті емес және барлық оқушыларға тегін не ақылы негізде қолжетімді. Балалардың қызығушылығын ескере отырып, келесі бағыттар таңдалған:
- Спорт (баскетбол, садақ ату, дзюдо, каратэ, футбол);
- Оқу үйірмелері (қазақ тілі, химия, математика, ағылшын тілі, бастауыш сыныпқа пәндік дайындық);
- Шығармашылық (сурет үйірмесі, модельдеу, моншақпен өңдеу, домбыра, саз терапиясы, хореография, актерлік шеберлік және т.б.);
- Білім беру (робототехника, шахмат).
Сондай-ақ қазақ тілі, ағылшын тілі, физика, математика, робототехника, бағдарламалау пәндерін тереңдетіп оқытатын орыс тіліндегі 4 IT-сынып бар. Таңдау ерігі өзіңде…
Дегенмен ата-ана үшін басты мәселе – оқу ақысы. Ең қызығы, бізге берген ақпаратта оның бағасы Білім басқармасымен келісіліп, Астана бойынша сағатына 1 200 теңге деп бекітілгені айтылады. Алайда біздің редакция мектепке хабарласып, ағылшын тілінің бір сағаты 3 000 теңге тұратынын анықтады. Тіпті, мектеп мұғалімдері қосымша сабақтарды өз еркімен, жеке кәсіп ретінде жүргізетінін де айтты. Онда мектептегі қосымшалардың жекеменшіктен айырмашылығы қандай? Былай қарасаң, бірдей-ақ.
Одан да сорақысы – қалалық басқарма оқу барысын да қадағаламайтын болып шықты, өйткені бастапқы жауаптарында олар елордада мүлдем қосымша сабақтар жоқ екенін айтып, сол себепті оны бақылауға еш қажеттілік туындамағанын алға тартты.
Демек, ата-ана мектепке аса үміт арта алмайды. Ақыры қосымша сабақтарды жекеменшік оқу орталықтарынан іздеуге мәжбүр. Ал олардың саны керісінше, әр қалада жетіп жатыр. Өз қалауыңызға, қалтаңыздың қалындығына қарай кез келген нұсқаны таңдай аласыз. Бәрімізге белгілі мұны Kaspi.kz қосымшасын-ақ таба аласыз. Бағасы 30 мыңнан басталып, 100 мыңға дейін жетеді. Онда да баланың көңілін кешке дейін аулайтын орталықтар аз, көп болса 2-3 сағат жұмыс істейді.
Мәселен, сондай елордалық орталықтардың бірінде баланы күнделікті 2 сағатқа қалдыру үшін айына 30 мың теңге сұрайды. Соған қарамастан, сұраныс азайған емес – үш топта он-он баладан білім алады.
«Қазіргі оқушыларға ұсынылатын оқу бағдарламасы оңай емес, оны ата-аналар түсіндіре алмай қиналады. Интернет дамыған заманда бәрін YouTube-тан көріп-ақ үй тапсырмасын орындатуға болады, бірақ балаға сабақ оқытуға әркімнің уақыты бола бермейді, ата-аналар жұмысбасты. Сондықтан сұраныс әрдайым бар. Алдағы уақытта баланы 4 сағатқа қалдыруға болатындай сынып ашуды жоспарлап отырмын, әрине, оның бағасы сәйкесінше қымбатырақ болады – айына 50 мың теңге», – деді ZIAT орталығының жетекшісі Алтын Мұратқызы.
Сайып келгенде балаңызды уайымдамай күні бойына уақытын аулау үшін сізге кем дегенде 50 мың теңгеге шығындалу қажет. Ал бір отбасында екі немесе үш бала болса, шығыныңыз бірнеше есе еселенеді. Мұндай ауыртпалықты әркімнің қалтасы көтере бермейді.
Тағы бір ескеретін жайт – жекеменшік орталықтардағы білім сапасын тексеріп жатқан ешкім жоқ, ортақ оқу жоспары болмайды. Әр ұстаз өз оқыту әдісін қолданады, ал мектептегі мұғалімге әрең үйреніскен балаға жаңа ұстазды, оның оқыту әдісін қабылдау қиынға соғуы әбден мүмкін.
Үшіншіден, орталықтардағы баланың бос уақытын өткізу жолы мен тамақтануына ата-аналар жиі шағымданып жатады.
«Білім орталықтарының артықшылықтары мен кемшілігі бірге жүреді. Баланы мектептен алып кетуі, үй жұмысын толықтай орындап, оқушының үйде емін-еркін жүруі, түрлі үйірмелерді таңдау мүмкіндігі – әрине, жақсы тұстары.
Алайда көп жерде тамақтандыру жағы ақсаңдайды. Көбісі баланың келген мектебінен дайын тамақты алатындықтан, бала күні бойы бір ас мәзіріндегі тағамды жеуге мәжбүр. Балаң талғампаз болса, күні бойы қарны ашып жүреді. Аш бала не істейді? Денсаулыққа зиян тәттілер мен басқа да тіскебасарларға әуестене бастайды, баланың денсаулығына кері әсер етеді.
Одан бөлек, бір орталыққа жан-жақтағы мектептерден оқушылар жиналатындықтан, бала жиі ауру жұқтырады, көбірек сырқаттанады», – дейді үш баланың анасы Людьмила Осадчая.
Сонымен қатар психолог мамандардың айтуынша, жаңа орта, өзге мұғалімдер, бала мен ата-ана бірге өткізетін уақыттың аздығы енді жетіліп жатқан жеткіншектің психологиясына қатты әсер етеді. Астана қаласының 3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының психологі Балжан Қанапияева жас ерекшелігіне қарай баланың үй ішіндегі үлкендермен сенімді қарым-қатынас құруы үшін қажет уақытты былай көрсетеді:
- 1-3 жас аралығында – күнделікті;
- 3-7 жас аралығында – күнделікті кем дегенде үш-төрт сағаттай;
- 8-13 жас аралығында – кем дегенде екі сағат;
- 13-18 жас аралығында – күнделікті бір сағаттан кем болмауы шарт.
«Мектеп жасына дейінгі бала болса, оған артылатын жүктеме бір үйірмеден, яғни бір сағаттан артық болмауы керек. Әйтпесе, оның жүйке жүйесіне кері әсер етуі мүмкін, бала мазасызданып, жылауық, ашуланшақ, ызақорға айналуы ғажап емес. Сол сияқты әр жастың өз ерекшеліктері болады, сондықтан артық ауыртпалық түсірмеу жағына мұқият болу керек.
Сосын қосымша сабақ таңдарда балаңыз үйренісіп кете алатындай, оған ұнамды ұстазды табу маңызды, мұғалімнің тек біліктілігіне ғана көңіл бөлу аз. Өйткені жаңа ортаға түскен баланы өзіне баурай алатын үлкеннің қасында болуы маңызды.
Тағы бір мәселе, ата-аналар арасында түрлі себептермен балаларын үйірмелердің барлығына жетектеп жүретіндерді көп байқаймын. Бала өзіне ұнайтын, көңіліне жағатын үйірмелерде ғана ашылып, шынымен жаңа дағдыларға үйрене алады, сондықтан «саны бар, сапасы жоқтың» күйін кешуден аулақ болған абзал», – деді психолог маман.
Бәрін айт та, бірін айт… Мектептердегі тегін не қолжетімді, оқу жүйесі жолға қойылған қосымша сағаттардың болмауы себебінен ата-аналар бәрібір баласын бағасы қалта көтере бермейтін жекеменшік орталықтарға амалсыздан береді. Онда да оқушының білімі, психологиялық жай-күйі, денсаулығы зардап шекпейтініне еш кепіл жоқ. Ал Білім басқармасы жекеменшік түгілі, мектеп қабырғасында не болып жатқанын бақылай алмайтын, дәрменсіз күй кешіп жатқанда баланың жағдайы не болмақ?