Мемлекет пен бизнес арасындағы ықпалдастық нығайды

Мемлекет басшысы отандық бизнес өкіл­­дерімен кездесті. Атал­мыш жиын мемлекет пен экономиканы да­мытуға үлес қосып жүрген кәсіпкерлердің мақсат-ниеті бір екенін көрсетті.

Президент айқындаған стратегиялық міндет – экономиканы нығайту арқылы Қазақстанның өңірдегі көшбасшылық рөлін сақтау және күшейту. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл міндет ұлттық идеяның маңызды элементіне айналуға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев қа­зір­гі заманның басты мәселелерін шешу жолында Қазақстан жаңа көз­қарастар мен тәсілдер дәуі­рі­не қадам басқанын, ал ескірген сте­реотиптер өткеннің еншісінде қал­ғанын атап өтті. Сондықтан елі­міз түбегейлі өзгеріп, жаңа жағ­дайға бейімделуі керек.

Президент мемлекеттің бо­ла­шағы, соның ішінде өскелең ұр­пақтың келешегі осы мәсе­ле­нің шешіміне тікелей байла­ныс­ты деп санайды. Оның ай­туын­ша, ірі инфрақұрылымдық және өнер­кәсіптік жобалар, цифрлан­дыру мен жасанды интеллект, көлік және логистика салалары эко­номиканы дамытудың басым ба­ғыттарына айналуға тиіс. Бұл рет­те шағын және орта бизнесті қол­дау мәселесі ұдайы Үкімет на­зарында болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойыл­ған міндеттерді шешу жо­лын­да мемлекет пен ірі кәсіп­орын иелерінің арасындағы нә­ти­­желі серіктестіктің маңызды еке­нін атап өтті.

– Ірі бизнес болмаса, Қазақ­стан экономикасының әлеуетін толық ашу мүмкін емес. Бізге эко­номиканың дамуын жаңа дең­гейге көтеру үшін инф­ра­құры­­лым, индустрия, цифр­лан­дыру және басқа да салаларда сер­­пінді әрі ауқымды жобалар қа­­жет. Мұны іске асыруға ірі биз­нес­мендердің шамасы жетеді. Сіз­дерде оған қажетті қаржы да, ма­­мандар да, ең бастысы, білім мен тәжірибе де бар. Бұл ретте ин­­­­­вестиция салуға тартымды дәс­түрлі салаларға мән беріп қа­на қоймай, табыс әкелетін жаңа бағыттарды қарастырған жөн. Қа­зіргі геосаяси жағдай мен әлем­дік сауда конъюнктурасын ес­керсек, көлік-логистика сала­сы­ның орасан зор әлеуеті елеусіз қа­лып жатыр. Теміржол, автомо­биль және әуе арқылы жүк тасы­ма­лына сұраныс артып келеді. Іс жүзінде, аталған сектор басым­дық­қа ие бола бастады. Кейбір шолушылардың айтуынша, пай­да­сы да мол. Болашағы зор тағы бір сала – туризм. Шетелдіктер Қа­зақстанның тұмса табиғатына, хал­қымыздың салт-дәстүрі мен та­рихи мұрасына ерекше қызы­ғушылықпен қарайды. Бірақ отандық туризмнің әлеуеті зор де­сек те, нақты іске келгенде бұл са­лада олқылықтар мен кем­ші­лік­тер көп. Сондықтан Үкімет ту­ризм­ді дамытуға мейлінше кө­бірек инвестиция тарту үшін қо­сымша шараларды ұсынады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туынша, еліміздегі іскерлік ахуалды жақсарту – ең басты мақсаттардың бірі.

– Квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізілді. Реттелетін сатып алу­лар­ға бизнес өкілдері өтінім бер­ген жағ­дайда, оған мемлекеттік кәсіпорын­дардың қатысуына заң жүзінде шектеу қойылды. Биз­несті негізсіз қыспаққа алудан және салалық органдардың заңсыз тексеруінен қорғау үшін жүйелі жұмыс қолға алынды. Қылмыстық кодекстің бес бабы ізгілендірілді. Екі бап бо­йынша қылмыстық жауапкер­шілікке тар­ту талаптары жоғары­лады, эко­номикалық құ­­­қық­­бұзу­шылықтың 29 түрі бо­йын­ша тұтқындауға тыйым салынды. 2022 жылдан бері кәсіп­керлік саласында тір­келген қыл­мыстық істердің саны екі есе қысқарды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін әкімшілік жауап­­кершілік күшей­тілді. Ин­вес­торларды негізсіз тексерудің, олар­ға айыппұл салу­дың алдын алып, рұқсаттама беруге кедергі келтірмес үшін «прокурор сүзгісі» енгізілді. Бүгінде про­курорлар инвестор құқығын бұза­тын 700-ден аса фак­тіге тосқауыл қойды. Мұның бәрі биз­нестің құ­қығы мен заңды мүдде­сін қорғауға зор ықпал етті, – деді Мемлекет бас­шысы.

Мемлекет басшысы Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды.

– Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүр­гізген жөн. Экономика салалары­ның ерекшеліктерін ескере оты­­­­рып, түрлі нұсқаларды әзірлеу ке­рек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасым­ды білдірмеген едім. Өйткені қызмет­тік дәрежеме сәйкес, ме­нің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқ­ты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бо­йынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшер­лемесі сара­ланып белгіленуге тиіс. Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарап­шылардың, қайталап айта­мын, білікті сарапшылар мен кә­сіпкерлердің, әлбетте депутат­тардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабыл­дағаны дұрыс. Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшер­лемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағ­дайда артық сөздер де айтыл­ды. Дегенмен бұл қоғам талқы­сына алдын ала салынған ұсыныс бола­тын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарап­­­шылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабыл­дануға тиіс. Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депу­таттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемле­кетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни, бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қо­лай­­лы жағдай жасай­тын, ал екін­ші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуы­мыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміздің қаржылық тұрақтылығын жетек­ші рейтинг агенттіктерінің бол­жам­дары растап отырғанына назар аударды.

– Кейбір «сарапшылар» айтып жүргендей, ел экономикасының жағдайы соншалықты мүшкіл деген пікірмен келіспеймін. Салы­мыз суға кететіндей күйде емеспіз. Бірақ босаңсуға да бол­майды. Иә, экономикада 4,8 пайыз­дық өсім бар. Үкімет оты­ры­сында мұның Қазақстан үшін жеткіліксіз екенін айттым. Үкімет дамудың жаңа даңғылын іздеуі керек. Бұл ретте бизнес қоғамдас­тықтың рөлі үлкен. Халықаралық қаржы ұйымдары мемлекеттік қарыз деңгейін «аса жоғары емес», яғни басқаруға икемді деп бағалап отыр. Қарызды басқару саясаты бекітілген қаржы­лық шектеулерді қатаң сақтау арқылы жүргізіледі. Кіріс деңгейін арттыру есебінен бюджет тапшы­лығын азайту көзделген. Бұл мем­лекеттің боры­шын төмендетуге мүмкіндік бере­ді. Сондай-ақ ұзақ­мерзімді эко­номика­лық өсімді қамтамасыз етеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, тек бюджет қаржы­сы­мен экономиканы жаңғырту мүм­кін емес. Аталған үдеріске банктер­дің бәрі атсалысқаны маңызды.

– Үкімет кредит мөлшер­ле­месін субсидиялау арқылы банк қаржысын тарту туралы бастама көтерді. Қаржы секторы осы мін­детті орындауға белсенді қатысуға тиіс. Үкімет Кепілдік қорын құру мәселесін пысықтап жатыр. Бұдан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан «ұзақ мерзімге берілетін» қаржы тартылады. Бұл – жеткіліксіз. Нақты секторды кредиттеу көле­мін арттыру үшін басқа да ұсы­ныс­тар қажет. Мен Үкімет оты­рысында Ұлттық қор ел эко­­­­номика­­сының бір бөлшегі екенін айттым. Кейбір шолушы­лар, қоғам қайраткерлері Үкімет­тің Ұлттық қордан жиі әрі көп қаржы алатынын айтады. Бұл – қалыптас­қан ахуалға байланысты қабыл­дан­ған шешім. Осыған бола «дағда­рысқа тап болдық» деп байбалам салатындай себеп көріп тұрған жоқпын. Қорды не үшін құрдық? Қор қаржысы мемле­кеттік маңызы бар міндеттерден өзге мақсатқа жұмсалып жатса бір жөн. Сондық­тан тағы да қайталап айтамын, банктер бизнеске кө­мек­тесіп, экономиканың дамуына қаржы салуға тиіс. Дегенмен рет­теушілік шаралардың қатаң­дағанына қара­мас­тан, тұтыну­шылық несие көлемі бұрынғыдай өсіп келеді. Былтыр аталған көрсеткіш 33 пайызға ұл­ғайды. Ал проблемалық борышкер­лердің саны 1,5 миллион адамнан асты. Қарызға белшесінен батқан азаматтарға көмектесу ке­рек. Бұл – аса өзекті саяси мәселе. Соны­мен қатар қаржылық сауатты арттыру, әсіресе өскелең ұрпақтың осы ба­ғыттағы білімін жетілдіру маңызды. Осы ретте банктер проб­лемалық займдарды қайта қаржы­ландыру жұмыстарын күшейтіп, борышкер­лердің санын өсіруге жол бермегені жөн. Аза­мат­тарға алаяқ­тық жолмен рәсім­делген кредит­терге айрықша мән беру қажет, – деді Мемлекет бас­шысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет пен бизнес ара­сындағы қарым-қатынасты цифр­ландыру өзекті екеніне назар ау­дарды. Прези­денттің айтуынша, бұл – бизнес­тің нарықтағы бәсекеге қабілет­тілігін арттырудың ең тиімді жолы. Ал мемлекет үшін басы ар­тық бюрократияны қысқар­татын, жемқорлық тәуекелдерінің алдын алып, жалпы тиімділікті жақсар­татын маңызды қадам.

Мемлекет басшысы сөзін қо­ры­тындылай келе, былтыр көктем­де болған су тасқыны ке­зінде қаржылай қолдау көрсеткен барша кәсіпкерлерге, сондай-ақ «Қазақ­стан халқына» қорына жарна сал­ған бизнес өкілдеріне алғыс айтты. Қор қаржысы ден­саулық және білім беру сала­ларындағы өзекті әлеу­меттік мін­деттерді шешуге жұм­салып жатыр. 

– Бүгін ашық әрі пайдалы әң­гіме болды. Сөз соңында қайталап айтқым келеді: мемлекет еліміздің өндірісіне қаржы сала­тын, тұрақты жұмыс орындарын ашатын адал кәсіпкерлерді әрдайым қолдайды. Бәріңізді жақсы танимын. Соңғы үш жылда мемлекет пен бизнес арасындағы ықпалдастық пен өзара түсіністік айтарлықтай нығайғанын көріп отырмыз. Мемлекетке пай­дам­ды тигізсем деген отаншылдық ұста­нымдарыңызды жоғары баға­лай­­мын. Біз реформалар жолына түстік. Елімізде жүргізіліп жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер біздің аймақта бұрын-соңды болмаған. Халық қолда­маса, бұл реформалар іске аспас еді. Қазақ­станның экономикалық әле­уетін нығайтуға бағытталған стра­тегиямды бизнес қоғамдас­тықтың қуаттағанын айрықша атап өткім келеді. Үкімет немесе құқық қорғау органдары арқылы мемлекет кәсіп­керлердің заңды қызметіне ешқан­дай кедергі келтірмеуге тиіс. Бұл – менің мызғымас ұстанымым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлт­тық экономика министрі Серік Жұман­ғарин, «Resmi компания­лар тобы» ЖШС, RG Brands АҚ президенті Қайрат Мәжібаев, «Қазақмыс Холдинг» директорлар кеңесінің төра­ғасы Эдуард Огай, InDrive компаниясының бас ат­қарушы директоры Арсен Томский, AUDACIA Express ЖШС бас дирек­торы Бақытбек Қадыров, «Қазақ­стан Халық банкі» АҚ басқарма төра­ғасы Үміт Шаях­ме­това, BI-Group холдингі директор­лар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, Karazhal Operating компаниясының тең иегері, Paryz ҚР Жұмыс берушілер ұлттық конфедерациясы төр­алқа­сы­ның төрағасы Жұмабек Жаны­құлов, «Евразия инвест» ЖШС директоры Иван Георгиади, «Қара­ғанды фармацевтикалық кешені» ЖШС бас директоры Сергей Барон, «Ата­мекен» ҰКП төралқа­сының төра­ғасы Райым­бек Баталов сөз сөйледі.

Сонымен қатар Freedom Holding Corp басқарма төрағасы Тимур Турлов, ЦАРКА президенті Олжас Сәтиев, «ЭлтексАлатау» ЖШС директоры Нұрлан Жәнібеков,Aq Niet Group ЖШС Бақылаушылар кеңесінің мүшесі Нұржан Ния­зәлиев, Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдас­тығының төрағасы Ай­бек Барысов пікір білдірді.

М.ЖАСЫН