Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Бюджет кодексін және оған ілеспе заңды қарады. Сондай-ақ өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
Сенаторлар Бюджет кодексіне түзетулер енгізді
212
оқылды

Отырыс барысында депутаттар Қазақ­стан Республикасының Бюджет кодексін және «Қазақ­стан Республика­сының кей­бір заңнамалық акті­лері­не бюджет заң­нама­сын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу және «Концессиялар туралы» Қазақ­стан Рес­пуб­ликасы Заңының күші жойылды деп тану туралы» заңды екі оқылымда қарады. Мемлекет басшысы­ның тап­сырмасымен әзірленген Бюджет кодексі халықара­лық стандарттар мен қазіргі заманғы сын-қатерлерге сәйкес келетін ашық, тиімді және икемді бюд­жеттеу жүйесін қалып­тастыруды көздейді.

Жаңа Бюджет кодексі бюджеттік процесті тү­бе­гейлі жеңілдетуге, «бюджетті басқарудан» «нәтиже­лерді басқаруға» ауысу арқылы бюджет саясатының үлгісін реформалауға, блоктық бюджет элемент­терін енгізуге, бюджеттік саясаттың шекті параметр­лерін айқындауға және фис­калдық орталықсыздан­дыруды күшейтуге бағытталған.

Талқылау кезінде сенаторлар заңдарды концеп­туалды түрде қолдап, оларға бір­қатар ұсыныс ен­гізді.

Нақты айтқанда, палата депутаттары енгізген түзетудің бірқатары өңірлерді дамытуға және қаржылық дербестікті қамтамасыз етуге арналған. Осылайша, ауылдық жерлерде жайылымдардың то­зып, шөлейттенуіне байланысты олардың тапшы­лығының артып келе жатқанын ескере отырып, сенаторлар жайылымдық инфрақұрылым нысан­дарын дамыту мен реконструкциялауға қаражатты аудандық және ауылдық бюджеттердің шығыс­тарына жатқызуды ұсын­ды. Өйткені бұл функциялар «Жайы­лымдар туралы» сала­лық заңда көзделген.

Сенаторлар енгізген тағы бір жаңа­шыл­дық қаржыландыру мәселелерінде аналитикалық тәсілді күшейтуге қатысты болды. Бұл мониторингтеуді, шығыстар­дың тиімділігін бағалауды және мемле­кеттік аудиттің қатысуын білдіреді. Қол­данылатын салық жеңілдіктерінің тиім­­­­ділігін объективті бағалау үшін сена­тор­­лар талдамалық есепті қалып­тастыру кезінде Қаржы министрлігіне салық төлеу­шілер қолданған салық жеңілдік­терінің көлемі туралы мәліметтер беруді ұсынды.

Сонымен қатар тұрғын үй-коммунал­дық шаруа­шылық саласындағы бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша аумақ­тылығына қарай белгілі бір шектеулер белгіленбейтін болды. Мәселен, жылу электр орталықтарынан қалаға дейін жылу магис­тралін салу кезінде. Осыған байланысты «шегінде орналасқан» деген сөздерді алып тастау қарас­тырылған.

Су тасқынының салдарымен күресу және жой­қын су тасқыны жағдайында міндеттерді жедел шешу мақсатымен республикалық бюджет шығыс­тарында су қоймаларын, каналдар мен гидро­техника­лық нысандарды дамытуға мем­лекеттік кепілдікпен тартылған қарыздар бойынша шығыс­тарды субсидиялауды көздеу ұсы­нылады. Осыған орай сена­торлар Су кодексі шеңберінде уәкілетті органның құзыретін аталған бағыттар бойынша жобаларды іске асыру үшін субсидиялау және бюджеттен субсидиялар төлеу қағи­даларын әзірлеу әрі бекіту құқығымен то­лықтыруды ұсынды.

Талқылау нәтижесінде сенаторлар осы және басқа да түзетулер енгізіп, екі заңды да Парламент Мәжілісіне қайтарды. Қаралған заңдарға қатысты пікір білдірген Сенат Төрағасы мемлекеттік қар­жыны басқару жүйесіндегі үрдістер, сондай-ақ фис­калдық саясат саласындағы проблема­лар елдің бюджеттік үлгісін қайта қарау қажет екеніне дәлел болғанын атап өтті.

Сондай-ақ палата отырысында сена­тор­лар депутаттық сауалдарын жолдады.