Түркі әлеміне ортақ қазына

Таяуда Түркі мәдениеті және мұрасы қорының ұйымдастыруымен және Түркі Академиясының қолдауымен академик Дархан Қыдырәлінің «Тасқа жазылған тарих» атты кітабының әзербайжан, түрік және қырғыз тілдеріндегі басылымдарының, сонымен қатар орыс тілінде жарық көрген «Тюркский мир: через призму истории» атты еңбегінің, түрік тілінде шыққан Kod adı Türkistan: Mustafa Çokay деректі-ғұмыр­намалық кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Елордадағы Ұлттық акаде­мия­лық кітапханада өткен алқалы жиынға Түркі мәдениеті және мұ­расы қорының президенті Ақ­тоты Райымқұлова, Әзербайжан Республикасының мәдениет ми­нистрі Адил Каримли, Қырғыз Рес­публикасы Президентінің ке­ңесшісі Аслан Койчиев, Қа­зақ­стан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, Азия кеңесінің бас хатшысы Қайрат Сарыбай, Қырғызстан, Мажарстан, Түркия, Түрікмен­стан, Өзбекстан Республи­кала­рының Төтенше және өкілетті ел­шілері, Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Әкімшілігінің, Сыртқы істер министрлігінің, Ғы­лым және жоғарғы білім ми­нистрлігінің, Мәдениет және ақ­парат министрлігінің, TURKSOY халықаралық ұйымының өкілдері, Қазақстан Республикасының Пар­ламенті Сенаты мен Мәжі­лісінің бірқатар депутаты, мем­лекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен зиялы қауым өкіл­дері қатысты. 

Жиынды кіріспе сөзімен аш­қан Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова академик Дархан Қуандықұлының түркі дүниесіне ортақ бай мұраны зерттеп-зер­делеу, сақтау істеріне және бауыр­ластық байланыстарды нығайтуға қосқан зор үлесіне тоқталды. 

Сонымен бірге басқосуда сөз алған Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Ба­уыржан Омаров «Тасқа жазылған тарих» жинағы жайлы мынадай мәселелерді атап көрсетті:

– Біріншіден, «Тарихты жазу тарихты жасаумен бірдей өзекті» деп автордың өзі айтқандай, ол өз еңбегін қағаз бетіне түсіруге аса жауапкершілікпен қарайды. Монографияның ғылыми аппа­ратының ауқымды және мазмұн­ды болуына жете көңіл бөледі. Беделді ғалымдардың еңбектеріне сүйенеді. Сол зерттеулерді сара­лай келіп, өзіндік ой қорытады. Екіншіден, ежелгі және орта ғасырлардағы біздің тек-та­мы­рымызға қатысы бар мемлекеттік құрылымдар туралы мәліметтер ұсынып, елдің рухын оятады, танымын байытады, ой-өрісін кеңейтеді. Үшіншіден, ол байыр­ғы түріктердегі «ел» ұғымы мә­селесін жан-жақты талдайды. Ел мен мемлекет түсініктерін бөле-жар­май қарастырып, түп-төркі­ніне үңіледі, даму жолдарын ай­қындайды. Төртіншіден, түркі ха­лықтарының танымындағы на­ным-сенімдер туралы мол мәлі­метке қанықтырады. Арғы-бергі деректерді салыстырып-сал­мақ­тай отырып, өз көзқарасын та­­нытып, байлам-байыптамасын біл­діреді. Бесіншіден, түркі дү­ние­сінің тұлғалары, сол тұл­ғалар шыққан тектер мен тайпалардың таңбалары жайлы маңызды де­ректерді топтастырады. Яғни, ең­бек­тің ғылыми ғана емес, фак­тологиялық сипаты да мейлін­ше мазмұнды, – деді Президент кеңесшісі.

Түркі мәдениеті және мұрасы қоры жарыққа шығарған ака­демик Д.Қыдырәлінің әзербайжан тіліндегі Daşa yazılan tariх кітабына автордың байырғы баһадүр ба­балар тарихының тереңінен сыр тартатын, жалпы түркологиядағы алуан тақырыпты арқау еткен ғылыми және ғылыми-танымдық мақалалары топтастырылған.

Осы кітаптың қырғыз тіліндегі басылымы саналатын «Ташка жа­зылган тарых» кітабы да түбі бір түркі жұртының тарихын қазіргі заман тұрғысынан зер­делеп, тұ­ғырлы тұлғаларымызды жан-ж­ақ­ты тани түсуге жол аша­тын, ғы­лыми жаңалығы мол ең­бек. Айта кету керек, бұл басы­лым – Қырғыз Республикасы Пре­зиденті жа­нындағы Тарих ғы­лымын дамыту комиссиясының шешімімен ба­сылып шыққан алғашқы кітап. 

Сонымен қатар еңбектің Түркі Академиясы және ТҮРКСОЙ ха­лықаралық ұйымының қолда­уы­мен Büyük Bozkır: Taşlara Yazılan Tarih деген атпен жарық көрген тү­рік ті­ліндегі нұсқасы да киелі Ергенеқон, Өтүкен жерлерінен тамыр тартатын ашина дәуірінен бастап, Алтын Орда заманына де­йінгі ортақ та­рихымызды қам­тыған бай мазмұ­нымен ерек­ше­ленеді. 

Бұған қоса, оқырман назарына «Мазмұндама» баспасы шығарып ұсынып отырған «Тюркский мир: через призму истории» атты кі­табы орыстілді оқырманға түркі тарихы мен тұлғалары туралы таным-түсініктерін айқындай түсуіне мүмкіндік беретінімен маңызды. 

Академик Д.Қыдырәлінің аталған жиында таныстырылған Kod adı Türkistan: Mustafa Çokay атты деректі ғұмырбаяндық кіта­бы бұған дейін де бірнеше тілде жарық көріп, оқырман тарапынан өз бағасын алған туынды. Бұл жолы түрік оқырмандардың сұ­ранысымен Анкарадағы Bengü бас­пасынан қайта басылып шығып отыр.

М.ЖАСЫН