«Қыпшақ аруы» қызықтырып жатыр

Мұхтар Мағауинның соңғы жарияланған шығармасы бойын­ша пікір алмасу мен сұхбат басталды. Ал жазушының әлемдік Шыңғыс хан академиясына мүше болуы өз алдына тағы бір шығармашылық рух қуатын көрсетіп отыр.

Құрметті оқырман!

Бұдан 20 жыл бұрын Моңғолиядан Мұхтар Ма­ғауинге оның әлемдік Шыңғысхан академиясына мүше болғаны жөнінде жеделхат келді. Бұл кез Мұхаңның «Қыпшақ аруы» жайында жазғандары елді елең еткізген еді. Осы оқиғаға байланысты «Zaman Қазақстан» газетінде менің «Қыпшақ аруы қызықтырып жатыр» атты мақалам жарияланды. Сол мақаламды  оқырманға құнды тарихи дерек ретінде жаңғыртып, қайта ұсынғанды жөн көрдім.

 Автор

Қазір халыққа айтып, атақ-даң­қын тізбелеп таныстырудың қа­жеті жоқ жазушы, қазақ әдебиеті­нің бірегей марғасқа тұлғасы Мұх­тар Мағауин кезінде атақты «Қобыз сарыны» кітабымен төң­кер­іс салған қаламгер. Кеңестік кезде хандық дә­уірдің жыраулық әдебиетін жа­рыққа шығарып, зерт­теу-алқис­са­сын Шыңғыс хан мен ұлы жырау Кет-Бұғадан бас­тағаны белгiлi. Отыз жасқа жет­пей орда бұзған Мұ­хаңның бұл кітабы қолға түспейтін құнды еңбек бол­ып бағаланды. Қаз­ту­ған, Асан Қай­ғы жане Ақтамберді сияқты жыр­аулардың рухы тіріл­іп, жыр­лары мен толғаулары батыл зерт­теу­ші арқылы түнекті жарып шық­ты. Киелі ақын-жыр­ау­лардың есі­мін ел білді, «аруақ рухы» ауна­ды. Бір сөзбен айтқан­да, әдебиетке түбегейлі өзгеріс әкел­­ген «Қобыз сарыны» құбыл­ыс болды. Өйткені хандық дәуір мен билердің зама­ны, жыраулар­дың жыры сол кездің саясаты бойынша кертартпа өмірді көксе­ген идеологиялық дерт еді.

Арада біраз уакыт өткенде әде­биет әлемінде әйгіленіп, зерт­теулерімен қатар көркем шығар­ма­лары да оқырмандарды оқыс өзіне тартқан қарымды каламгер ең көп окылатын жазушыға ай­нал­ды. «Тазының өлімі», «Қара қыз» «Бір атаның балалары» хи­кая­лары мол таралыммен шығып оқырман­ды баурап алды. Атақты «Қобыз сары­нынан» кейін Мұхаң ежелгі акын-жыраулардың құнды мұра­лар­ын толықтырылып, жи­нақ­талған «Ал­даспан» антология­сын (1970 ж.) жа­рыққа шығарды. Әде­биет әле­мінде тағы да сілкі­ніс, тосын бұл­қыныс жасады. «Алдас­пан» шықпай жатып, «дүр­бе­лең», «шу» шығарды. Кітапқа идеоло­гия­лық айып тағы­лып, «Алдас­панның» жолы кесіліп, жаза­ға іл­ік­ті. Халыққа енді тарай бастаған кітаптың жаңа нұсқасы жиып алынып, баспада «бауыз­дал­ды». Қыс­­қарып қиқаланды. Әрине, ав­торға оңай соққан жоқ. Сон­дық­тан Мұхаң өмірінің біраз жылдарын «Алдаспанға» жасал­ған қиянатты көпке дейін ұмыта алмады. Бұл сой­қан окиға ойына түссе, каны қазақ, жаны Алаш Мұхаң қазірге дейін ашынады. Өйткені тарихын талақ етіп, ұлт­ын мәңгүрт қылған партия көс­ем­дерін Мұхаң сол кездің өзінде жақсы көрген жоқ. «Алдаспан» шық­қанда ол кезде Ол­жас Сүлей­меновтың «шу» шы­ғар­ған кітабы «Азия» әлі жазылма­ған еді. Пар­тияның қылышынан қан­ тамып тұрған уакытта кеңестік идеоло­гия, саясатқа жат еңбек осы «Ал­дас­пан» еді. Кейін заман өзгере бастағанда «Алдаспан» бес ғас­ырға ұласып, халықтың ұлы ру­хани мұ­ра­сына айналды. 

Бұдан екі-үш жыл бұрын 13 том­дық шығармалар жинағы шық­қан оның ішінде Мемлекет­тік сыйлық алған атақты «Аласапыр­ан» романы бар Мұхаңның еңбек­тері шын мәнінде өте құнды ру­хани қазына. Оны қаузап, дәл­елдеп жату артық болар. Осы қа­бырғалы қаламгер қазір де оқыр­манды елең-елең ет­кізіп, тағы да таңқал­дыратын дү­ниелер жазып, көш бас­тап келеді. Соңғы кездері жаз­ған «Шыңғыс ханның шапағаты» эссе-хикаясы мен «Одағай әңгіме­лері» және басқа да тың туынды­лары санада сілкі­ніс, әдебиетте өзгеріс жасады. Биыл­ ғана «Жұл­дыз» журналында жа­рияланған «Қыпшақ аруы» әң­гі­месі окырман тарапынан және зерт­теушілер жағынан ер­ек­ше назарға ілініп, бұл бойынша сұхбат, пікір алмасу басталды. Осы жаңаша, со­ны үр­діс-тәсіл­мен, өзгеше ше­бер­лікпен жазыл­ған шығарма ту­ралы М.Әуезов атындағы Әдебиет жане өнер инс­титутында жазушы, зерт­теу­­шілердің басқосуы өтті. Шы­ғарма туралы белгілі әдебиет­шілер А.Смакова, К.Раев, А.Егеу­баев, жа­зу­шылар Қ.Мұхаметқалиев, 

Д.Дос­жанов және каламгер А.Той­шанұлы Мұхаңның «Қобыз сары­нын» шығарған кездегі атал­ған енбекті қазірri әдебиеттегі біре­гей құнды дүние деп бағал­ады. Өйтке­ні шығарма кейіпкер­лері тылсым дүние арқылы бай­ла­н­ысып, ерек­ше ойға батырады, әрі қатты қыз­ық­тырады. Пәлен мың жылғы тарих рухпен үндесіп, қазіргі өмір­мен жалғасады. Кез­інде дүниенің тең жартысын би­ле­ген көне Қып­шақ рухы, Тәңір өмір наным сені­мі, Ару-сұлудың (Айсұлу) таңға­жай­ып бейне-бітімі шығармада белгілі тәсілмен емес баскаша бейнеленеді. Түйіп айтқанда «Қып­шақ аруы» – Ай­сұлу қазіргі әдебиеттегі тылсым тұлға, бейне-құбылыс.

Мұхаңның аталған шығарма­сы талданған күннің ертеңінде алыс­тан тағы бір шығармашылық жақ­сылық, ақжолтай хабар жетті. Моң­ғолиядағы Әлемдік Шыңғыс хан академиясынан «сүйінші хат» келді. Онда Тәңір деңгейіне кө­тер­ілген ұлы патша Шыңғыс хан жай­ында бірегей еңбектер жазып, оны жа­риялағаны үшін және адамзат та­рихындағы белгілі тұл­ғаны ма­дақ­тап қорғағаны үшін Әлемді Шын­ғыс хан академия­сына Мұх­тар Мағауинның мүше бол­ғаны жа­йында хабарланған. Атақ құжат белгісін қайда, қашан алу жайы Мұхаңның өзінің ер­кіне берілген. Сайыпқыран Шың­­­ғыс ханның шапағаты тағы жақсылық әкеліп, Аруақ құдіреті сезілді. Бұл жайын­да белгілі бас­ылымдар хабар беріп, жаңалықты жаһанға жеткізуде.

Мұхтар Мағауин – бұрын Қып­­шақ, кейін Қазақ аталған ұлт­тың рухы мен тұлға-бітімі.  Өйт­кені бұл кісінің  жаны да тәні де, тіпті жейтін тамағына дейін ұлт (қазақ) иісі аңқыған, Тәңір күші тасыған, дала­лық дарқандық асып төгілген, тыл­сым дүние сез­іл­ген, бір әулие бейне адам. Өйт­кені көп адам аңғара бер­мейтін шығарма­шы­лық сәуегейлігі бар. «Қобыз сарыны» кітабының тү­бінде кұ­был­ыс болатынын өзі ерте сезген. Ал басында сағы сын­ған «Алдас­панның» кейін жұл­дызы жанып, жолы болатын­ын білген. Өйткені «қасиетті ал­даспан» деген сөзді алғаш тілдік айналысқа, сөздік қорға кіргізген Мұхаң еді. Бірде белгілі жазушы Ілияс Есенберлин реті келгенде пайдалану үшін «Мұх­тар «Алдас­панды» маған берші» деп қалап, қолқа салады.

«Шыңғыс ханның шапағаты» жарияланғанда Мұхаңа небір ауыр, тіпті намысына тиетін дөрекі сөздер айтылды. Мұхаң Шыңғыс хан тура­лы ұстанымы­нан қайтқан жоқ. Қар­сыластары­на күйрете жауап берді. Әдеби­еттегі сайып­қыр­ан тағы жеңіп шықты. АҚШ, Ұлыбри­тания, Үндістан сияқты ұлы мем­лекет­тердің белгілі қоғам қайрат­кер­лері мүше болған Әлем­дік Шың­­ғыс хан академия­сының ғы­лыми кеңесіне мүше болған Мұ­хаңды топ жарғаны үшін еріксіз пір тұтасыз. Жалпы, Мұхаң әлем­дік атақтарға құмар емес. Өздері беріп жатса, одан қалай бас тар­тады. «Тү­рік дүниесіне қызметі» Хал­ықа­ра­лық сыйлығы Кеңестік дәуір ке­зінде ежелгі ұлттық жыр­ау­лық әде­биетті тірілткені үшін берілді.

Бұдан қырық жыл бұрын хан­дар арқылы ұлттық сананы оят­ып, ұлтшылдықты ұрпақ бойына сіңір­ген Мұхан өз ұстанымын әлі тоқ­тат­пай жалғастырып келеді. Ер­кін­дік алған алмағайып за­манда ұлттық рухты тұншық­тырып жат­қан қазіргі дүлей кара күштерді, ақша үшін бәрін сата­тын азғындық әрекеттерді Мұхаң терең білді. Міне, сондықтан был­тыр «Ұлтсыз­дану ұраны» атты толғау-эссе жазды. Мұны  бір­не­ше басылым көшіріп басып, бел­гі­лі бір баспа тез арада кітап етіп шығарды. Бұл еңбек қазір билік басындағы­лардың назарына ілініп, ал халық болса онда ай­тыл­ғандарды қатты қолдап отыр. 

Мұхаң үшін қазақ ұлтынан бас­қа Құдай жаратқан жер бетін­де ерекше қауым жоқ. Ұлтының  рухы, ұлтының тілі мен ділі, сал­ты мен ғұрпы бәрінен қымбат. Оның өз еліндегі атағы да, әлем­дік даңқы да «Ұлтын сүю үрдіс» ұранынан, осы жолдағы рух күр­ес­ін­ен, ға­ламат қа­лам­герлік қуатшабытынан тұрады.

Ораз ҚАУҒАБАЙ

01.04.2005 ж.