Ақпан айының басы жаһандық саясаттағы «қызудың» көтерілуімен тағы есте қалатын түрі бар. «Тағы» деуімізге АҚШ президенті Дональд Трамптың шешімдері себеп болып отыр.
«Жұмсақ күштiң» жұмысы тоқтады
733
оқылды

Бәлкім, Уашиңгтондағы оқиғаларға «қазаны бөлектің қайғысы бөлек» деп қарауға болар еді, алайда АҚШ саясатында құбылыстар өзгеге әсер етпей қоймайды. Ал осы жолы АҚШ басшысы атақты USAID агенттігін жабуға бекінді. Түрлі қауесеттер тарап жатыр, құрылым қызметінің тоқтатуын сан-саққа жүгірткендер де, қуанғандар мен алаңдағандар да бар. Қазақстан да бұл дүрмекті айналып өте алмады.

USAID деген не?

Бұл ұйым 1961 жылы АҚШ пре­зиденті Джон Кенне­ди­дің шешімімен әлемнің әр ай­мағында денсаулық сақтау, де­мок­ра­тия және азаматтық қоғамды қол­дауға бағытталған бағдар­ла­ма­ларды үйлестіру үшін құрылған ме­кеме еді. Дегенмен өткен ға­сыр­дағы «қырғи қабақ соғыс» ке­­­зіндегі идеологиялық те­ке­ті­рес­те маңызды рөл атқаратын құры­лым­дардың бірі болатын. Оны АҚШ Конгресі қаржыландырып кел­ді. АҚШ орталық барлау бас­қар­­масымен де тығыз жұмыс іс­те­гені айтылады. Түрлі жобаларға қар­жы бөлді. Оның ішінде таза ауыз­сумен қамтамасыз ету, АИТВ/ЖИТС (ВИЧ/СПИД) дертін ем­деу, энергия қауіпсіздігі, жем­қор­лық­пен күрес тәрізді салалар бар. Адам құқығының сақталуы, сай­лау қатарлы бағыттар да назардан тыс қалған емес. АҚШ өзінің өзге ел­дерге жасайтын қаржылай қол­дауының 60%-ға жуығын USAID ар­қылы ұйымдастырып келген. Агенттік қарамағында жұмыс істе­ген 10 мыңнан астам адамның үш­­тен екісі шетелдерде қызмет ат­қарады. Олардың барлығы АҚШ азаматы емес. Агенттің 130 мем­лекетке түрлі қолғабыстар жа­сады. Соның ішінде Қазақстанда да бірқатар жобаларды жүзеге асыр­ды.

Егер бірқатар деректерді алға тар­­тар болсақ, 2023 жылы АҚШ-тың өзге елдерге жасаған қар­жы­лай көмегі 72 миллиард долларға жеткен. Соның 43,80 миллиарды USAID арқылы берілді. Ал 2024 жылы АҚШ БҰҰ ұйымдастырған барлық гуманитарлық көмектің 42%-ын қаржыландырды. USAID жәрдемінің көп бөлігі Азия, Аф­рика, Еуропа елдеріне бағыттала­тын. Дегенмен бұл агенттік жұ­мы­сының ресми сипаты, ал оның өзге қыры тағы бар сияқты.

Маск не дейді?

АҚШ «жұмсақ күшінің» орта­лығы саналатын ұйымды жабу жай­лы идея авторларының бірі мил­лиардер Илон Макс еді. Ақ үй­дің мемлекеттік басқару тиім­ді­лі­гі департаментінің жетекшісі қыз­метіне кіріскен соң USAID-ті жабу туралы ұсыныс айтқаны бар. Тіпті, ол агенттікті «қылмыстық ұйым» деп атады. Илон Маск USAID биологиялық қару жа­сау­ды қаржыландырғанын да алға тарт­ты. Ол 2020 жылы адамзатты әбі­герге салған COVID19 панде­мия­сын туғызған вирусты биоло­гия­лық қару деп санайды. Ал АҚШ Денсаулық сақтау министрі қыз­метіне ұсынылған кіші Роберт Кен­неди тіпті USAID пен АҚШ Ор­талық барлау басқармасы тізе қо­са жұмыс істейтінін мәлімдеген еді. Ол ОББ 1947-1997 жылдары түр­лі елдерде 83 үкіметті ауыс­тыр­ға­нын айтты. Антиваксер ретінде та­нылған тұлғаның мәлімдемесіне бір­ден сенуге болмайтын шығар. Бір­ақ сенбеу үшін де мол дәлел ке­­рек. Дегенмен ақүйдегілер агент­­­тік қаржыны оңды-солды шаш­­­қанын алға тартып, түрлі де­рек келтіріп жатыр. ForeignAssistance.gov сайты 2024 жылы агент­тік Африкада, Сахараның оңтүстік жа­ғындағы аймақтар үшін 1,21 млрд, Еуропа мен Еуразияға 7,35 млрд, Таяу Шығыс пен Солтүстік Аф­рикаға 4,51 млрд, Батыс жарты шар­­ға 2,15 млрд, Орталық және Оң­­түстік Азияға 1,92 млрд, Шы­ғыс Азия мен Океанияға 1,72 млрд, жалпы орташа алғанда әлем бойынша тұтас 7,84 млрд доллар бөл­­генін жазды. 

Whitehouse.gov сайты агенттік ақ­шаны орынсыз шашқаны сон­ша, былтыр Мысырдағы туризмді да­мытуға 6 млн, Вьетнамда электро­­мобиль көлігін дамытуға 2,5 млн, Гва­темалада ЛГБТ қауымдастығын да­мытуға 2 млн, Сербияда теңдік пен инклюзивтілікті қолдауға 1,5 млн, Ирландияда инклюзия та­қыры­бындағы мюзикл жасауға 70 мың доллар, Колумбияда транс­ген­­дерлік опера қоюға 47 мың дол­­лар бөлгенін жазды. Ал Ақ үй өкі­лі Каролин Левит агенттік Қа­зақстанда дезинформациямен күрес­­ке 4,5 млн доллар бөлгенін де мәлімдеді. 

Агенттік Қазақстанда қандай жұмыс істеді?

Қазір USAID қызметіне қа­тыс­­ты алып-қашпа әңгіме Қазақ­стан­да да өршіп тұр. Ұйым жұмы­сын біржақты бағалайтын бей­­­­небаянда да тарап үлгерді. Агенттік дәстүрлі емес құндылықтарды насихаттауға үлес қосатыны жайлы көзқарасты жақтаушылар бар. Экономист Ра­қым Ошақбаев «дезин­фор­ма­ция­мен күреске бөлінген 4,5 млн дол­­­ларды қазақстандық БАҚ пен үкі­­­­мет­тік емес ұйымдар америка­лық нарративті қолдауға пай­да­лан­ған шығар» деген күдігін айт­ты. Әрі әлеуметтік желіде бұл қар­­жы үшін белгіленген талап­тар­ды көргісі келетінін жазды. Мә­жіліс депутаты Магеррам Ма­гер­рамов Үкімет басшысының орын­басары, Ұлттық экономика ми­нистрі Серік Жұманғаринге депу­таттық сауал жолдап, USAID қыз­метін тексеру қажет екенін алға тартты. Ол депутаттық сауа­лын­да Ақ үй таратқан деректерді алға тартты. Оның өз сөзінде «жы­ныс­тық азшылықтық құ­қын қор­ғау» ұранын көтере­тін­дерді, дәстүрлі құндылықтарды ман­сұқтаушыларды аталған агенттік қолдайтынын тұспал­да­ды. Алайда қоғамда агенттік жұ­мы­сының жақсы тұстарын баға­лаушылар да бар.

Блогер Әлішер Елікбаев агент­тік бөлген қаржыға бір­­ден күмән келтіруге болмай­ты­нын жазды. Өзі де кезінде ұйым қар­жысына 24 қысқа фильм түсір­ге­нін жазды. Ал жалпы ұйым жұ­мы­сына келсек, агенттік соңғы он жыл­дың өзінде Қазақстанның мем­лекеттік органдарымен бірша­ма тізе қоса жұмыс істеген. 2014 жы­лы Қазақстан мен Тәжікстанда «Мемлекеттік басқару тиімділігін қолдау бастамасы» дейтін жобаға 6,9 млн доллар бөлді. 2020-2021 жыл­дары азаматтық қоғам инс­титуттары үшін 23 тренерді оқыт­ты. Олар туберкулезбен күреске жұ­мылуы керек еді. Сөйтіп, олар 500 мыңнан астам адамға тубер­ку­лез қаупі туралы ақпарат жет­кіз­ген. 2022 жылы USAID пен KAZAKH INVEST инвестициялық заң­наманы жетілдіру жайын тал­қы­лады. 2023 жылы Сыртқы істер вице-министрі Роман Василенко USAID өкілдерімен кездесті. Сөйтіп, KazAID пен USAID ын­ты­мақтастығы талқыланғаны бар. 2024 жылдың күзінде агенттік Қа­зақстан кеденшілеріне жаңа ком­пьютерлік серверлер табыс ет­кен еді. Бұлардан бөлек жоба­ла­ры да толып жатыр. Яғни, алыс­та­ғы АҚШ-тың мекемесі дегенмен 

USAID – біржақты бағалауға кел­­­мейтін құрылым. Біздің пайым­дауымызша, онымен тізе қо­са жұ­мыс істеген, қызметін ба­қы­лай алған елдер ұтпаса, ұтыла қойған жоқ. Сөйте тұра, дәстүрлі құн­ды­лықтарға балта шабатын бастама­лары да кездесетінін ескеру керек. Бәлкім, агенттік қызметін АҚШ би­лігінде қандай саяси күш бол­ғанымен, параллель жүргізе оты­рып қарастыру керек шығар. Өйт­кені АҚШ демократиялық пар­тиясы өкілдерінің глобалистік ұстанымы, республикашы­лда­ры­ның консерваторлық көзқарасы бай­қалып қалатыны бар. Демек, ұйым да Ақ үй қожайынының қа­ба­ғына қарайтыны сөзсіз. Сол се­бепті агенттік жұмысына бір­жақ­ты баға беру қиын. Ал USAID қызметін тоқтататыны жайлы ақ­параттар әлем жұртының назарын аударып үлгерді. 

P.S. 

Әлем саясатында ізі бар құрылымның жұмысын талқылаған жақсы, әрине. Сабақ үшін. Бірақ ең абзал жол – елдің сырттағы күштерге кіріптар болмай, өз мәселесін өзі шешіп, өз құндылығын өзі қадірлегені, адам капиталын дамыта түскені болса керек. Мемлекет пен халық күшті болса түрлі халықаралық ұйымдардың ықпалы да аз болар еді. 

Амангелді ҚҰРМЕТ

 

Оқшау ой

Қазыбек МАЙГЕЛДИНОВ,

саясаттанушы:

– АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі (USAID) қызметінің тоқтатылуы халық­аралық сахнада елеулі өзгерістерге әкелуі мүм­кін. Өйткені USAID әлемдік гумани­тар­лық көмектің 40%-ын қамтамасыз етеді. Одан бөлек, 120 дан астам елде денсаулық сақ­тау, білім беру, Африкада таза ауызсуға қол жеткізу сияқты түрлі даму жобаларын қар­жыландырып келген агенттік. Әрине, осын­дай қолдаудың тоқтауы көптеген елдер­де әлеуметтік-экономикалық қиындықтардың туындауына себеп болуы мүмкін. Екінші жағынан, АҚШ президенті Трамп Make America Great Again деген ұранын жалғастырып жатыр. Бірақ USAID-тың жабылуы АҚШ сыртқы саясатындағы жұмсақ күш құралдарының әлсіреуіне алып келуі ықтимал. Бұл ең алдымен АҚШ-тың өзге елдердегі ықпалының төмендеуіне апарып соқтырады, Қытай сияқты бәсекелестеріне геосаяси артықшылықтар беруі мүмкін. Мысалы, Қытайда USAID сияқты ChinaAID деген Қытай халықаралық даму және ынтымақтастық агенттігі бар. Шетелдерге грандтар, арнайы субсидиялар, пайызы төмен несиелер береді. Бұл ұйым USAID сахнадан кететін болса, босаған орын­ды толтыруға дайын. Әрі Қытайдың халықаралық беделін арт­тыруға септігін тигізеді. Сөйтіп, Қытайдың «жұмсақ күш» саясатының басымдығын көрсетуі мүмкін. Одан бөлек, қазір әлемде гибридті соғыс, соның ішінде ақпараттық соғыс жүріп жатыр. Соның ішінде фейк тарату кең тарады. Фактчекке мұқтаждық басым. Айталық, ресейлік медиа біржақты ақпарат таратумен айналысуда. Қазақстан да ресейлік ақпараттық кеңістіктің аясынан шығып кеткен жоқ. Өкінішке қарай, біз жеке ақпараттық кеңістігімізді толық қалыптастыра алмадық. Ал USAID бөлетін қаржы біршама тепе-теңдіктің сақталуына мүмкіндік берді. Объективтілікті сақтауға, пропагандаға төтеп беруге ықпал етті. Бұл үрдіс бізде ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде байқалды. Бұл бір ғана мысал. Осы тұрғыдан қарастырсақ, құрылым жұмысының тоқ­тауы ақпараттық кеңістікте Ресейдің басымдыққа ие болуына жол ашуы ғажап емес. 

Рас, USAID – АҚШ-тың өз құрылымы. Оған қатысты қандай шешім қабылдайтынын өздері біреді. Бәлкім, АҚШ-тың бір көксегені бар шығар, бірақ агенттік қызметі тек қаржыландыру емес. Бір жағынан, агенттік демократиялық институттарды дамытуға үлес қосты. Сөйте тұра, түрлі түсті төңкерістерді ұйымдастырды, диверсиялар жасауға қолданылды дейтін де ақпарат тараған. Дегенмен ұйым қызметінің екінші жағы да бар. Қалай айтсақ та, бағдарламаның септігі тиген оң қадамдары болды. Айталық, Қазақстан тұрғысынан қарастырсақ, агенттіктің еліміздегі қызметі бір жағынан энергетика нарығын дамыту, іскерлік ортаны нығайту, кәсіпкерлермен жұмыс істеу, оларды мәселелерді шешуге арналған шешімдер табуға ынталандыру тәрізді бағыттары болды. Құрылымның жабылуы Қазақстандағы осы бастамалардың қысқаруына немесе тоқтауына алып келуі мүмкін. Алайда құрылым жұмысының дәстүрлі қоғамға жат бағыты да болғанын жасырмау керек. Депутаттар да айтты, агенттіктің бізге жат құндылықтарды насихаттау, соның ішінде ЛГБТ-ны қолдау тәріздері әрекеттері болғанын жоққа шығармаймыз. Ал USAID қызметін тоқтатуының Қазақстанға немесе тұтас аймаққа қандай пайдасы, я болмаса зияны тиеді дегенге келсек, менің пайымдауымша, жағымсыз әсер көп болып кетуі мүмкін. АҚШ «жұмсақ күшінен» босаған орынға қытайлық немесе ресейлік баламалар орнығуға ұмтылуы ғажап емес. Өйткені геосаяси текетірестер кезінде ешбір жерде ваккумға жол берілмейді. Біреуі кетсе, екіншісі орнын міндетті түрде басады. USAID кетсе, олардың орнын басқа ірі державалардың жобалары басуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда біз өзіміздің үкіметтік емес ұйымдарымызды дамытып, күшейтіп, мемлекет пен қоғам серіктестігін нығайтып, бір сөзбен айтқанда, өзіміздің антивирусымызды қалыптастыруымыз қажет. Өйткені бізде сыртқы күштердің ықпалын төмендететін, фейктерге, жат құндылықтарға тосқауыл қоятын, дұрыс жұмыс істеп тұрған тұрақты механизм жоқ. Сырттан қаржыландыру немесе осындай ұйымдар қызметінің белең алуының себебі де осында. Сондықтан біз ұлттық бірегейлік пен ұлттық идеология мәселесіне де қатты назар аударуымыз керек сияқты.