Сондай-ақ бұл мекен тау-тасы мен жазық даласын кезген арқар, елік, құлан, бөкеннен бастап, айдын сулары да қырғауыл-үйрек пен сан түрлі балыққа толы. Міне, осы қазынаны қорғау мақсатында 1966 жылы «Андасай» қорығы зоологиялық қорғалым болып құрылған болатын. Алайда осыдан жеті жыл бұрын «Андасай» қорығы алматылық «Охотзоопром» мекемесінің қарауына өтіп, қақпасы тарc жабылды. Бүгінде Жамбыл жерінде тұрған қорыққа жергілікті қорықшылар аттап баса алмайды. Ал осы қорықты қайта өңірге қайтаруға бола ма? Бұған қатысты жергілікті билік өкілдерінің жоспары бар ма? Әлде...
Бір миллион гектардан аса аумақты алып жатқан «Андасай» қорығы құрылғаннан бергі жарты ғасырдан аса уақытта талай аумалы-төкпелі заманды бастан кешірді. Алайда сондай қиын қыстау кезеңде де түз тілеуін тілеген жергілікті қорықшылар қорықты аман алып қалу үшін қолдан келгенін аяған жоқ. Бір жылдары тұқымы тым сиреп кеткен құланның төлін сырттан әкеліп, оның басын еселеп арттырды. Сондай-ақ арқар, тау теке, елік, ақ бөкен, қарақұйрық, шұбар күзен, дуадақ, лашын, сұңқар, иттелгі, бүркіт сынды аң-құстарды да жіті қорғауға алып, олар бүгін де «Қызыл кітапқа» еніп отыр. Осындай толайым тірлік атқарылып, Табиғат-Ана тумаларын жан салып қорғағанда байлығымыз басқа біреудің қолына өтіп кеткеніне жаны ауыратын азаматтар аз емес. Соның бірі – «Андасай» қорығын талай жыл басқарған, этногроф, натуралист-құсбегі, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Жапар Тілеужанұлы.

– «Андасай» қорығын мен басқарып тұрған тұста талай мәрте қорықты алматылық «Охотзоопром» мекемесінің қарауына өткізу туралы бастама көтерілген. Алайда сол тұста облыс әкімі болған Серік Үмбетовпен бірге министрлікке «Андасай» қорығы Жамбыл облысының қазынасы екенін айтып, басқа өңірге берілуіне жол бермеген едік. Бірақ аймақ басшылары ауысып, мен зейнет демалысына шыққаннан кейін қорықты алматылықтар алып қойды. Талай жылғы тарихы бар, аң мен құсқа бай қорықты Алматы облысының қарауына өткізіп жіберу табиғат байлығына жасалған қиянат деп есептеймін. Қиын-қыстау кезеңде қорықта қорықшылар жалақысыз да жұмыс істеген кездер болған. Ал қазіргідей тоқшылық заманда өз қорығымызды басқа біреуге өткізіп жіберу ұятты іс.
Қорық аумағы – туризмді дамытуға да қолайлы жер. 1998-2000-жылдары Бетпақдалада ауыл шаруашылығына зиян келтіретін қасқырлардың әр басын шетелдіктерге 200 доллардан атқызып, туристік аңшылықты да жолға қойғанбыз. Сол арқылы облыстық қазынаға қомақты қаржы құйған едік. Ал бүгін қаумал Алматы облысына қарайтын болғандықтан, Жамбыл облысына енді мұндай мүмкіндік берілмейді. Өңір табиғатына жауапты мамандар осы жағын жіті ойлануы керек, – дейді табиғат жанашыры.

Құмөзек ауылының тұрғыны, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Байұзақ Саурықов та кезінде жанайқайын білдіріп, облыс әкімдерінен «Андасай» қорығына араша түсуін сұраған еді. Қария кейінгі жылдары қорықта өрт оқиғалары жиілегенін, егер қорықшылар қаумал аумағына емін-еркін кіре алатын болса мұндай жағдай болмайтынын мәселе етіп көтеріп, шырыл қаққан болатын. Алайда «баяғы жартаc – сол жартас» күйі қалып, қорық аумағына кірмек түгілі, ондағы аң-құстардың санағын жүргізуге де құқылы болмай қалдық.
Жалпы, қазір қорықты қайта қайтарудың жолы бар ма? Көптің көкейінде жүрген – осы сауал. Мәселенің мән-жайын білмек мақсатта ең әуелі облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасын басқарып тұрған тұста қорық «Охотзоопром» мекемесіне өтіп кеткен Серік Қойбақовты сөзге тарттық.

– Негізі, бұл күрмеуі қиын мәселе болып тұр. Кезінде «Андасай» қорығы сол кездегі қажеттілікке байланысты «Охотзоопром» мекемесіне өтті. Оған себеп – алматылық мекеменің мүмкіндігі мол болды. Техника саны да, құрал-жабдықтары да, мамандары да сұранысты қанағаттандырып тұрды. Алайда қазір өзіміздің де қорықшыларымыздың жағдайы жақсарып, техникалық базасы да нығая түсті. Сондықтан бұл қайта жан-жақты зерделеуді қажет ететін мәселе болып тұр. Қазір өңірлік филиалында төрағалық етіп отырған Baytaq жасылдар партиясының негізгі бағыты да – осы қоршаған орта мәселелеріне жіті көңіл бөлу. Алдағы уақытта «Андасай» қорығына қатысты жағдайды биік мінберлерде көтеретін боламын. Сол сәтте бір шешімі табылып қалар, – дейді Серік Мамыртайұлы.
Табиғат саласында талай жыл еңбек еткен маман «Андасай» қорығының өзге өңірге өтіп кетуінің себебін түсіндіргендей болды. Алайда қорықты қайта қайтаруға қатысты нақты ұсыныс айта алмады. Сол себепті қазір облыстағы орман қоры мен жануарлар дүниесіне жауапты мекеменің есігін қақтық.

– Ашығын айту керек, «Андасай» қорығын қайта қайтару туралы мәселе көтеріліп жатқан жоқ. Оған біздің мүмкіндігіміз де келмейді. Олай дейтініміз – былтыр Сарысу мен Мойынқұм аудандарына қарасты «Бетбақдала» деген қорық аштық. Одан бөлек, «Жуалы – Қарашат», «Қордай – Жайсан», «Үмбет» сынды қаумалдарымыз жұмыс істеп тұр. Қазір өңірдегі қорықшылардың барлығы сол жаққа жұмылдырылуда. Сол себепті егер «Андасай» қорығын басы бүтін облысқа қайтаратын болса, қорықшылар қажеттілігі туындайтыны анық. Әрине, қорық облыс қарауына өтіп жатса әрекет етіп ондағы аң-құстарды қорғайтынымыз анық. Алайда әзірге ондай мәселе көтерілмеуде.
Ел арасында «өзіміздің қорыққа өзіміз кіре алмай қалдық» деген мәселенің айтылып жүргені жасырын емес. Бірақ біз қорықтан толықтай қол үзіп қалған жоқпыз. «Сапсан» сынды жасағымыз қорық аумағында рейдтік шаралар жүргізуге құқылы. Тек бекітілген аңшылық аумаққа ғана кіре алмайды.

Қорық аумағында өрт бола қалатын жағдай болса да біздің қорықшылар мен орманшылар жәрдем көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, «Охотзоопром» мекемесінің мамандарымен бірлесе жұмыс істейтін кездеріміз бар. Десе де, қорықтағы аң-құстардың санағын жүргізу тек алматық мекеменің құзыретінде. Жауапкершілік пен құқық соларда басымдау, – дейді облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды ретту басқармасының Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Әділ Жақыпов.
Байқап тұрсақ, «Андасай» қорығын қайта қайтару мәселесі де көтерілмепті. Оның орнына жергілікті билік өкілдері жаңа қаумал ашқанды құп көрген. Алайда ол қорықтардағы аң-құстардың санын көбейтіп, жұмысты жүйелейміз дегенше қанша уақыт өтері белгісіз. Оған қоса, қорық ашу үшін қазынадан қанша қаржы кетті десеңізші...

Иә, осылайша талай жылғы тарихы бар, өсімдік пен жануарлар дүниесі толыққан қорықты қолдан беріп, қол қусырып қарап отырғанымыз, әрине іш қынжылтады. Одан бөлек, «Андасай» қорығы аумағында аң-құстардан бөлек, қаншама тарихи орындарымыз қалып кетіп барады. Керей мен Жәнібек хан қазақ ұлысының құрылғанына ат шаптырған «Тұлпарсаз», қазақ хандығының туы тігілген «Қозыбасы», өткен тарихтан сырт шерткен «Бас Ақтөбе», «Аяқ Ақтөбе», «Құралай сұлу», «Хан Қорасы», қазақ хандары билік айтқан «Үлкен тағы», «Кіші тағы», Аңырақай шайқасы өткен «Итішпестің Алакөлі», жыр алыбы Жамбыл дүние есігін ашқан «Бес тораңғы», болмысы бөлек «Байғара», «Болат таулары», «Қыземшек» шоқысы сынды тарихи орындардың барлығы да алматылықтардың қарауында. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Әділ Қожабекұлының айтуынша, қазір аталған тарихи орындарға қаумал аумағымен өтіп баруға еш шектеу жоқ екен. Алайда ертең «қорықтың аң-құсына зиян келуде» деген желеумен алматылық мекеме тарихи орындарға аяқ бастыртпай қоймасына кім кепіл? Жергілікті билік өкілдеріне осы жағын ойлау керек-ау.
«Барды бағалай білмегенге бақ қонбайды» дейді қазақ даналығы. Шеңгел де өз жерінде дүрілдейтіні белгілі. Сондықтан бармақ тістемей, қолда бардың қадірін қазір білгеніміз абзал.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы