«Андасайға» араша керек

Жамбыл облысы аумағының басым бөлігін алып жатқан Мойынқұм ауданы – өндірісімен танылған өлке.

Сондай-ақ бұл мекен тау-тасы мен жазық даласын кезген арқар, елік, құлан, бөкеннен бастап, айдын сулары да қырғауыл-үйрек пен сан түрлі балыққа толы. Міне, осы қазынаны қорғау мақсатында 1966 жылы «Андасай» қорығы зоологиялық  қорғалым болып құрылған болатын. Алайда осыдан жеті жыл бұрын  «Андасай» қорығы  алматылық «Охотзоопром» мекемесінің қарауына өтіп, қақпасы тарc жабылды. Бүгінде Жамбыл жерінде тұрған қорыққа жергілікті қорықшылар аттап баса алмайды.  Ал осы қорықты қайта өңірге қайтаруға бола ма? Бұған қатысты жергілікті билік өкілдерінің жоспары бар ма? Әлде...

Бір миллион гектардан аса ау­мақты алып жатқан «Ан­да­сай» қорығы құрылғаннан бергі жар­ты ғасырдан аса уақытта талай ау­малы-төкпелі заманды бастан ке­шірді. Алайда сондай қиын қыс­тау кезеңде де түз тілеуін тілеген жер­гілікті қорықшылар қорықты аман алып қалу үшін қолдан кел­ге­нін аяған жоқ. Бір жылдары тұ­қы­мы тым сиреп кеткен құланның тө­лін сырттан әкеліп, оның басын есе­леп арттырды. Сондай-ақ ар­қар, тау теке, елік, ақ бөкен, қара­құй­рық, шұбар күзен,  дуадақ, ла­шын,  сұңқар, иттелгі, бүркіт сын­ды аң-құстарды да жіті қор­ғау­ға алып, олар бүгін де «Қызыл кі­тап­қа» еніп отыр. Осындай то­лайым тірлік ат­қарылып, Та­би­ғат-Ана тумала­рын жан салып қорғағанда байлығымыз басқа біреудің қолына өтіп кет­ке­ніне жаны ауыратын азаматтар аз емес. Соның бірі – «Андасай» қо­ры­­ғын талай жыл басқарған, эт­ног­роф, натуралист-құсбегі, Мойын­құм ауданының Құрметті аза­маты Жапар Тілеужанұлы. 

– «Андасай» қорығын мен бас­қарып тұрған тұста талай мәрте қо­рықты  алматылық «Охот­зооп­ром» мекемесінің қарауына өткізу туралы бастама көтерілген. Алайда сол тұста облыс әкімі болған Серік Үм­бетовпен бірге министрлікке «Ан­дасай» қорығы Жамбыл облы­сы­ның қазынасы екенін айтып, бас­қа өңірге берілуіне жол бер­ме­ген едік. Бірақ аймақ басшылары ауы­сып, мен зейнет демалысына шық­қаннан кейін қорықты алма­ты­лықтар алып қойды. Талай жыл­ғы тарихы бар, аң мен құсқа бай қо­рықты Алматы облысының қа­ра­уына өткізіп жіберу табиғат бай­лығына жасалған қиянат деп есеп­теймін. Қиын-қыстау кезеңде қо­­­­рықта қорықшылар жалақысыз да жұмыс істеген кездер болған. Ал қазіргідей тоқшылық заманда өз қорығымызды басқа біреуге өткізіп жіберу ұятты іс. 

Қорық аумағы – туризмді дамытуға да қолайлы жер. 1998-2000-жылдары Бетпақдалада ауыл шаруашылығына зиян кел­тіретін қасқырлардың әр басын шет­елдіктерге 200 доллардан ат­қызып, туристік аңшылықты да жол­ға қойғанбыз. Сол арқылы об­лыстық қазынаға қомақты қар­жы құйған едік. Ал бүгін қаумал Ал­маты облысына қарайтын бол­ған­дықтан, Жамбыл облысына ен­ді мұндай мүмкіндік берілмейді. Өңір табиғатына жауапты мамандар осы жағын жіті ойлануы керек, – дейді табиғат жанашыры.           

Құмөзек ауылының тұрғыны, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Байұзақ Саурықов та ке­зінде жанайқайын білдіріп, облыс әкімдерінен «Андасай» қорығына араша түсуін сұраған еді. Қария кейінгі жылдары қорықта өрт оқи­ғалары жиілегенін, егер қорықшы­лар қаумал аумағына емін-еркін кіре алатын болса мұндай жағдай болмайтынын мәселе етіп көтеріп, шы­рыл қаққан болатын. Алайда «баяғы жартаc – сол жартас» күйі қа­лып, қорық аумағына кірмек тү­гі­лі, ондағы аң-құстардың сана­ғын жүргізуге де құқылы болмай қалдық.

Жалпы, қазір қорықты қай­та қай­тарудың жолы бар ма? Көптің көкейінде жүрген – осы сауал. Мә­селенің мән-жайын біл­мек мақ­сатта ең әуелі облыстық Та­биғи ресурстар және табиғат пай­далануды реттеу басқармасын бас­қарып тұрған тұста қорық «Охот­зооп­ром» ме­­ке­месіне өтіп кет­­кен Серік Қойба­қов­ты сөзге тарттық. 

– Негізі, бұл күрмеуі қиын мә­се­ле болып тұр. Ке­зінде «Андасай» қорығы сол кездегі қажеттілікке бай­ланысты «Охотзоопром» меке­ме­сіне өтті. Оған себеп – алматы­лық мекеменің мүмкіндігі мол бол­ды. Техника саны да, құрал-жаб­дықтары да, мамандары да сұ­ранысты қанағаттандырып тұр­ды. Алайда қазір өзіміздің де қо­рық­шыларымыздың жағдайы жақ­сарып, техникалық базасы да ны­ғая түсті. Сондықтан бұл қайта жан-жақты зерделеуді қажет ететін мә­селе болып тұр. Қазір өңірлік фи­лиалында төрағалық етіп отыр­ған  Baytaq жасылдар партиясының негізгі бағыты да – осы қоршаған орта  мәселелеріне жіті көңіл бөлу. Алдағы уақытта «Андасай» қоры­ғы­на қатысты жағдайды биік мін­бер­лерде көтеретін боламын. Сол сәтте бір шешімі табылып қалар, – дейді Серік Мамыртайұлы. 

Табиғат саласында талай жыл еңбек еткен маман «Ан­дасай» қорығының өзге өңірге өтіп кетуінің себебін түсіндіргендей бол­ды. Алайда қорықты қайта қай­тару­ға қатысты нақты ұсыныс айта ал­мады. Сол себепті қазір облыс­та­ғы орман қоры мен жануарлар дү­ниесіне жауапты мекеменің есі­гін қақтық.

– Ашығын айту керек, «Ан­да­сай» қорығын қайта қайтару ту­ра­лы мәселе көтеріліп жатқан жоқ. Оған біздің мүмкіндігіміз де кел­мей­ді. Олай дейтініміз – былтыр Са­рысу мен Мойынқұм ауданда­ры­на қарасты «Бетбақдала» деген  қорық аштық. Одан бөлек, «Жуалы – Қарашат», «Қордай – Жайсан», «Үм­бет» сынды қаумалдарымыз жұ­мыс істеп тұр. Қазір өңірдегі қо­рық­шылардың барлығы сол жақ­қа жұмылдырылуда. Сол се­беп­ті егер «Ан­дасай» қорығын ба­сы бүтін об­лысқа қайтаратын бол­са, қорық­шы­лар қажеттілігі туын­дайтыны анық. Әрине, қорық облыс қарауы­на өтіп жатса әрекет етіп ондағы аң-құстарды қорғайтынымыз анық. Алайда әзірге ондай мәселе кө­терілмеуде. 

Ел арасында «өзіміздің қо­рыққа өзіміз кіре алмай қал­дық» деген мәселенің айтылып жүр­гені  жасырын емес. Бірақ біз қо­рықтан толықтай қол үзіп қал­ған жоқпыз. «Сапсан» сынды жа­сағымыз қорық аумағында рейд­тік ша­ралар жүргізуге құқылы. Тек бекітілген аңшылық аумаққа ғана кіре ал­майды. 

Қорық аума­ғын­да өрт бо­ла қа­ла­тын жағдай бол­­са да біз­дің қорық­шы­лар мен орманшы­лар жәрдем көр­­­сетеді. Бір сөзбен айт­қанда, «Охот­зооп­ром» меке­ме­сінің ма­ман­­дарымен бір­лесе жұмыс істейтін кез­деріміз бар. Десе де, қорықтағы аң-құстардың санағын жүргізу тек алматық мекеменің құзыретін­де. Жауапкершілік пен құқық со­ларда басымдау, – дейді облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды ретту басқармасының Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлі­мі­нің басшысы Әділ Жақыпов. 

Байқап тұрсақ, «Андасай» қо­ры­ғын қайта қайтару мәселесі де көтерілмепті. Оның орнына жергі­лікті билік өкілдері жаңа қаумал ашқанды құп көрген. Алайда ол қо­рықтардағы аң-құстардың са­нын көбейтіп, жұмысты жүйе­лейміз дегенше қанша уақыт өтері белгісіз. Оған қоса, қорық ашу үшін қазынадан қанша қаржы кет­ті десеңізші...

Иә, осылайша талай жылғы тарихы бар, өсімдік пен жануарлар дүниесі толыққан қо­рықты қолдан беріп, қол қусырып қарап отырғанымыз, әрине іш қын­жылтады.  Одан бөлек, «Анда­сай» қорығы аумағында аң-құстар­дан бөлек, қаншама тарихи орын­да­рымыз қалып кетіп барады. Ке­рей мен Жәнібек хан қазақ ұлы­­­сының құрылғанына ат шап­тырған «Тұлпарсаз», қазақ хан­ды­ғының туы тігілген «Қозыбасы», өт­кен  тарихтан  сырт шерткен «Бас Ақтөбе», «Аяқ Ақтөбе», «Құ­ра­лай сұлу»,  «Хан Қорасы», қазақ хан­дары билік айтқан «Үлкен та­ғы», «Кіші тағы», Аңырақай шай­қа­сы өткен  «Итішпестің Алакөлі», жыр алыбы Жамбыл дүние есігін ашқан «Бес тораңғы», болмысы  бө­лек  «Байғара», «Болат таулары», «Қыземшек» шоқысы  сынды та­рихи орындардың барлығы да ал­матылықтардың қарауында. Ор­ман шаруашылығы және жан­­­уар­лар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Әділ Қожабекұлының айтуынша, қазір аталған тарихи орындарға қаумал аумағымен өтіп баруға еш шек­теу жоқ екен. Алайда ертең «қо­рықтың аң-құсына зиян келу­де» деген желеумен алматылық ме­кеме тарихи орындарға аяқ бастыртпай қоймасына кім кепіл? Жергілікті билік өкілдеріне осы жағын ойлау керек-ау. 

«Барды бағалай білмегенге бақ қонбайды» дейді қазақ даналығы. Шеңгел де өз жерінде дүрілдейтіні белгілі. Сондықтан бармақ тісте­мей, қолда бардың  қадірін қазір біл­геніміз абзал. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы