Өрелі өзгерістердің азды-кемі, шағын-ұсағы жоқ: әрбірі құнды. Олар жинақтала келе, ел басшылығының саяси ерік-жігерін, қалың елдің тілегін орындауға жұ­мылады.
Стадион «сауын сиыр» емес
коллаж: Елдар ҚАБА
959
оқылды

Осы орайда антимонополистер мен аудитор­лар бұрын жасалған, былайғы жұрттан жасырулы жат­қан заңбұзушылық белгілерін анықтады. Елдегі ең ірі стадион мен елордадағы алып мұз сарайлары «КВН»-ның экс-ойыншысы құрған компанияға заң­сыз беріліпті. Оларды ұстап тұруға ел қазынасынан ұшан-теңіз мол қаржы жұмсалады. Мәселенің мәнісі мы­нада. 

Стадионды салудан жөндеу неге қымбат?

Жуырда ақпарат құралдары «Ас­тана Аренаның» жөндеу жұ­мыс­тарына орасан зор қаржы жұм­салғанын жарыса жазды. Қара­жат бұл стадион UEFA, FIFA мун­диалінің топтық сайыстарын өт­кізуге толық дайын болуы үшін инф­рақұрылымына, техникалық жабдығына шығындалған. 

Бұған бюджеттен 15 мил­лиард тең­ге жұмсалды! Жөн­деу жұмыстарына дейін ста­дион­ның шатырынан үнемі су аға­тын. Ескі жүйе жанкүйерлердің қа­лың нөпірін еңсере алмай, адам­дар сағаттап сыртта кезекте тұ­ра­тын. Инженерлік желілер тозып, жел­дету және өрт қауіпсіздігіне қа­тысты проблема туындаған. Мас­­қарасы, тізерлей құлаған фут­болшының терісін сыдырып өте­тін газонның төмен са­пасы еу­ропа­­лық футбол клуб­та­рын айран-асыр ете­тін. Осы және басқа жөнсіз­дік­тері жойылыпты.

Қазақстанның осы ең алып ста­дионын салып, 2009 жылы іске қосқан түріктің Sembol Construction компаниясы оның құрылы­сы­ның құны 182 миллион долларды құрағанын хабарлады. Сол кездегі бағаммен шамамен 27,3 миллиард теңгеге тең. Олай болса, қазіргі жөн­деу шығыны оның құрылыс құ­нының жартысынан асты! Са­лыстырсақ, өзбек астанасы Таш­кент­тегі 34 мың адамға арналған, ұлттық құрамасының қожайындық аренасы саналатын жаңа «Бунёд­кор» стадионының құрылысына 29,2 миллион доллар (шамамен 8,7 млрд теңге) ғана кетті. 

Мұнда әділін айта кеткен жөн, «Астана Арена» әу бастан жаһан­дық деңгейдегі жарыстарды өт­кі­зу­­ге дайын етіп салынды. Ен­деше не­ге 15 жыл толмай «лайық» бол­май қалды? Түпкі бір себебін Бәсе­ке­лестікті қорғау және дамыту агент­тігінің астаналық депар­та­мен­ті анықтады. Ведомство Астана әкім­дігінің Активтер және мем­ле­кеттік сатып алу басқармасының іс-әрекеттерінде «Астана Арена» стадионын, «Барыс Арена» және «Алау» мұз сарайларын жалғыз бір компанияға сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру кезінде монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілерін әшкереледі. 

Департамент мамандары бұл заң­бұзушылықтың 2020 жылы бол­ғанына назар аудартты. Ол кез­де Астананы әкім Алтай Көлгінов (2019 жылғы 13 маусымнан 2022 жыл­ғы 8 желтоқсанға дейін) бас­қа­рып тұрған еді. Антимонополия­лық органның ақпаратынша, елор­даның аталған басқармасы 2020 жылы ірі 3 объектіні сенім­гер­лік басқаруға беру бойынша тен­дер өткізген. Бір ғажабы, қоры­тындысында жалғыз Mtex management ЖШС жеңімпаз танылып, қа­ла басшылығы сол үш алыпты оған 15 жылға табыстай салды. 

Антимонополияшылар тен­дер­дің заңбұзушылықтармен өтке­ні­не табандап отыр. Өйткені бас­қар­ма оған қатысу үшін барлық тарап­қа тең жағдай туғызуға тиіс еді. Бұдан мемлекет те ұтады. Алай­да оның орнына шенеуніктер сол кезде қатысушылардың қатарын шектеген талаптарды құжаттамаға әдейі жазып қойыпты.

– Заңнамаға сәйкес, тендерді өт­кізу бәсекелестікті дамыту қа­ғи­даттарын сақтай отырып, барлық әлеуетті басқарушы үшін қатысу­дың тең жағдайларын қамтамасыз етуге тиіс еді. Алайда аталған спорт кешендерін беруге тендер жа­рияланған кезде құжаттамада қатысушылар шеңберін шектейтін талаптар жазылған. Салдарынан Астана қаласының Активтер және мем­лекеттік сатып алу басқар­ма­сы­ның бұл әрекеттері Кәсіпкерлік ко­дексінің 194-бабының бұзыл­уы­на әкелді, – деп хабарлады агент­тік.

Осыған байланысты БҚДА-ның Астана қаласы бойын­ша департаменті «Активтер және мем­лекеттік сатып алулар басқар­ма­сы» мемлекеттік мекемесінің аты­на бәсекелестік заңнамасын бұзу­шылықтарды жою қажеттігі ту­ралы хабарлама жолдады. Бас­қаша айтқанда, қазіргі әкімдік бұрынғы әкім командасының ше­ші­мін бұзып, қайта тендер өткізсе жөн. 

Стадиондар «серкесі», бұл кімнің еркесі?

Бүкіл әлемде үш емес, бір ға­­на стадионды басқару үшін әдетте мықты компаниялар бі­­рігіп, консорциум құрады, ара­ла­рына ірі инвесторларды шақы­ра­ды. Сонда астаналық ірі актив­тер­ді жалғыз қанжығалап кеткен Mtex management – қандай алып? eGov.kz дерегінше, Mtex management құрылтайшылары ретінде Роза Мантыкова, Санат Шапашов пен Илья Мещеряков тіркелген. Са­нат Шапашов – Астана.kz көңіл­­­­ділер мен тапқырлар клубы ко­мандасының бұрынғы қаты­су­шы­сы, «Астана-концерттің» негі­зін қалаушы. Ақпарат құралдары оның 2018 жылы күтпеген жерден «Алау» спорт сарайының тізгінін қо­лына алғанын жазды. Ал әкім Көл­гінов тұсында елордалық Мә­де­ниет басқармасының басшысы бол­ды. Жаңа әкім оны алып тас­та­ды. 

Ал Илья Мещеряковты ақпа­рат құралдары Астананың бұрынғы әкімі Әділбек Жақсыбековпен бай­ланыстырады. Ресми биог­ра­фиясында айтылғандай, 1982 жыл­ғы 5 желтоқсанда туған Мещеряков Илья Николаевич еңбек жолын 17 жасында, 1999 жылы «Цесна-Ас­тық» концерні» ЖШС-ның  3 са­нат­ты элеватордың слесарі ре­тінде бас­тады. Содан тез өсіп, он жыл ішін­де сол кездегі астаналық басты ал­пауыт компанияның бөлім ме­нед­жерінен – бас директорына дейін өсті. «Цесна-Астық» концер­нін­де түрлі қызмет атқарды. 2016 жы­лы Илья Мещеряков VI ша­қы­рылымдағы Астана мәслихатының депутаты болып сайланды. Қазіргі VII құрамдағы депкорпуста жоқ.

Ревизорлар не анықтады?

BES.media хабарлауынша, атал­­ған нысандарды тексерген ау­ди­торлар олардың орасан шы­ғын­ға батып жатқанын әшкереледі. Тек­серу басқарушылардың тә­жі­ри­­бесінің аздығын, сондай-ақ ке­­­­лісімшарттың талабын бұзу, мем­лекеттік активтерді басқаруда алуан­түрлі махинациялар жасау тәуе­келі барын көрсетті.

Астананың Тексеру комис­сия­сы («Ревизионная комиссия») елор­­­­даның жеке секторға сенімді бас­қаруға беріліп кеткен ком­му­нал­дық меншік объектілерінің тиім­ділігіне талдау жүргізді. Бұл рет­те Астана қаласының Активтер және мемлекеттік сатып алу бас­қар­масы тексеру объектісіне ай­нал­ды. Сонда бір тосын жайт анық­талған. Аталған басқарма 78 ке­лі­сім негізінде бірден 820 ком­му­налдық меншікті әлдекімдердің басқаруына беріп жіберіпті. Же­ке­ге тапсырылған астаналық мүлік­тің жалпы баланстық құнының өзі 562,8 млрд теңгені құрады. 

Соның ішінде қалалық ак­тивтердің жартысы, 50%-ы тым ұзақ­қа – 10 жылдан асатын мерзім­ге беріліп кеткен. Ішінде аталған үш алып нысан бар. Тек 40%-ы – ор­та­мерзімді кезеңге, 5-10 жылға, ал бар-жоғы 10%-ы – қысқа­мер­зім­ді, 5 жылға дейінгі кезеңге се­нім­ді басқаруға берілді. 

Астана мүлкін тиімсіз бас­қару­дың үлгісі ретінде аудиторлар Mtex management ЖШС-ын келтірді. 15 жылға, яғни 2034 жылға дейін оның сатып алу құқығынсыз се­нім­ді басқаруына – «Барыс Арена» көп­функционалды мұз сарайы; «Астана Арена» футбол стадионы; «Алау» мұз сарайы табысталды. 

Беруге дайындау кезінде мә­мі­ленің жалпы құнын сол кездегі әкімдік небәрі 89 млрд тең­геге бағалады. Оның 47,2%-ы не­месе 42 миллиард теңгесі – қа­ла­­лық бюджеттің шығысы, қалған 52,8%-ы немесе 47 млрд теңгесі бо­лашақ сенімді басқарушының шы­ғысы ретінде есептелген. Се­нім­ді басқару шартына сәйкес, әкімдік нысандарды ұстап тұрудың эксплуатациялық шығыстарына жыл сайын 3 миллиард теңге төлеп тұруға міндеттеме алды. Қала билі­гіне объектілерді жылына 30 күн ғана тегін алуға рұқсат етіліпті. Ал се­німді басқарушыға әкімшілік шы­ғыстарын «жабу», жыл сайын 1 млрд теңгеге ағымдағы жөндеу жүр­гізу қалды.  

Кейінгі жылдары «Астана Аре­на» айналасы даудан арылмай-ақ қойды. Мысалы, 2023 жылы ста­дион­ның көгалына ғана 336 мил­лион теңге жұмсалғаны анықтал­ды. Алайда италиялық жеткізуші 193 миллион теңгесін ала алма­ға­нын айтып, қала билігін сотқа бер­ді. Стадионының жөндеу жұ­мы­сы тым ұзаққа созылып кет­кен­діктен, «Астана» клубына бүкіл мау­­сым бойы Алматыдағы ста­дион­­дарды арендаға алуға тура келді. 2024 жылғы 12 желтоқсанда «Астананың» «Челсимен» кездесуі де Алматыда өтіп, астаналық жан­күйерлер бар қызықтан қағылды.  

Біреуге жұт – біреуге құт бо­лып, «Астана» клубының өз аренасын жыл бойы жалға алуы­нан «Хан-Тәңірі» футбол клу­бы ұтты. Елордалық клуб оның ста­дионын жалдағаны үшін ша­ма­мен 150 миллион теңге төлеген. Сон­дай-ақ «Астана» еурокубоктар кез­десулерін Алматының Орталық ста­дионында өткізді. Ол – «Қай­рат» клубының қожайындық аре­на­сы. 

Мемлекеттік аудиторлар анық­тағандай, 2020 жылғы маусымда кон­курсқа қатысып, жеңіске жеткен Мtex management ком­па­ниясының сол кезде ешқандай жұ­мыс тәжірибесі болмапты. Се­бебі дәл осы тендер қарсаңында, 2020 жылғы 6 наурызда құрылған. Оның жарғылық капиталы небәрі 100 мың теңге болды.  

Аудиторлар Mtex management ком­паниясының Sport Projects ЖШС-мен ымыраластығы жөнін­де күдігін жеткізді. Мысалы, қала­лық Спортты дамыту дирекциясы Sport Projects ЖШС-мен келесідей шарт­тар бекітіпті: 2021 жылғы 23 мау­сымда – баскетболмен және во­лейболмен айналысу үшін залды 3 айға жалға алу ақысына 15 мил­лион теңге; 2021 жылғы 26 қара­ша­да – футбол алаңын, волейбол жә­не баскетбол алаңқайларын 3 айға жалға алу ақысына 21,7 млн тең­ге; 2022 жылғы 8 маусымда жә­не 20 қазанда өзара келісімшартқа өзгеріс енгізілген: аренда ақысы 5 ай үшін 36,8 млн теңгеге дейін ұлғайтылған. 

Сонымен бір мезгілде дел­дал фирма – Sport Projects ЖШС аталған залды Mtex management ЖШС-нан ай сайын небәрі 750 мың теңгеге жалға алып отыр­ған. Бюджеттің шығысы бастапқы құннан 6 есеге асып кетті. Бірде бір би­з­нес осынша ғаламат табысты­лық көрсетпесе керек. 

Спортты дамыту дирекциясы се­німді басқарушымен тікелей ке­лі­сімшарт бекіте алатын еді, сонда бюджетті бірнеше есе артық шы­ғын­дамақ түгіл актив басқару­шы­дан жеңілдік алатын еді. Балаларға, көп­балалы отбасыларға, спорт мектептерінің тәрбиелену­шілері­не, басқасына стадиондарға тегін кіріп, жаттығуына қол жеткізуге де мүм­кіндігі болған.

Өткен жылдың соңында Аста­на­ның қазіргі әкімі Жеңіс Қасым­бек Mtex management басқаруын­да­ғы ірі спорт кешендеріне ба­қы­лауды қайтару мәселесі қарастырылып жат­қанын жеткізді. Оның айтуын­ша, спорт объектілерін коммунал­дық кәсіпорын арқылы басқаруға бо­лады. Бұл мәселені қалалық мәс­лихат депутаттары, қала тұр­ғын­дары төтесінен қойды. Олардың айтуынша, толығымен мемлекет қаржысына салынған бұл спорт са­райларын мемлекеттік мекеме­лер, спорт секциялары және бас­қа­сы үлкен ақыға жалдауға мәж­бүр.

Астана қаласы бойынша Тек­серу комиссиясының отырысында ұлттық заңнамада мүлікті сенім­гер­лік басқаруға берудің экономи­калық және әлеуметтік пайдасын ба­ғалаудың бірыңғай әдістемесі жоқ­тығы ашық айтылды. Бұл бас­қару нәтижелерін бағалау тәсіл­дерінің сәйкессіздігіне әкеледі, әрі басқаруға берілген объектілердің табыстылығын әділ анықтауды қиындатады. Демек, бұл проблема барлық өңірге тән. Сондай-ақ ел заң­намасында сенімгерлердің мем­лекеттік мүлікті «тиімді бас­қару» ұғымы, өлшемшарттары нақ­ты, жан-жақты регламент­тел­ме­ген. Ал құжаттарда бұл термин «се­німгерлік басқарудың негізгі мақ­саты» ретінде қолданылады. Осы және басқа олқылықтар заң жүзінде де жойылса, бұл Президент жариялаған «Заң мен тәртіп» қағи­датын орнықтыруға септесер еді.

Елдос СЕНБАЙ