Мемлекет басшысы кеше отандық бизнес өкілдерімен кездесіп, Үкіметке қосымша құн салығын қайта қарауды тапсырған болатын.
«Реформа үшін жасалған реформалардың ешкімге пайдасы жоқ»: Мәжіліс депутаттары қосымша құн салығын қайта қарауды қолдайды
799
оқылды

Салық кодексінің жобасын талқылау барысында сараланған тәсіл қажет екенін бірнеше рет атап өткен депутаттар құн салығын қайта қарауды жөн көріп отыр,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде экономистер мен қоғам белсенділері ҚҚС-ті тіркеу шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендетудің болашақ салдары туралы пікір білдіріп, алаңдаушылықтарын негіздеп беруде. 

Мемлекет басшысы «Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары» екенін ашық айтты. Үкіметке бұл мәселені бизнес өкілдерімен және сарапшылармен бірге талқылап, ортақ шешімге келуді тапсырды.

 

«Қалай болғанда да, атқарушы билік пен кәсіпкерлер елдің дамуына қажетті шешімді бірге шығаруы керек. Азаматтық қоғамның белсенділігі осындайда сезіледі. Әрі демократиялық құндылықтар да осылай қалыптасады.

 

Үкімет салық түсімін арттыратын көздерді іздестіргенде халыққа, орта және шағын бизнеске салмақ түсірмеуді басымдық етуге тиіс», – деп ойын бөлісті «AMANAT» партиясы фракцияның жетекшісі Елнұр Бейсенбаев. 

Ал Татьяна Савельева депутаттар бірнеше рет Салық кодексінің жобасын талқылау барысында сараланған тәсіл қажет екенін атап өткенін еске салып, Президенттің осы мәселеге құлақ асқанын атап өтті. 

 

«Реформа үшін жасалған реформалардың ешкімге пайдасы жоқ. Бизнес, экономика және қоғам тосын шешімдерді емес, нақты түсініктемелерді, ашық стратегия мен кешенді тәсілді күтеді.

 

Салық кодексінің жобасын талқылау барысында депутаттар іргелі салаларға қолдау көрсету мақсатында сараланған тәсіл қажет екенін бірнеше рет атап өтті. Елбасы қағылған дабылды естіп, салық саясаты дамуға кедергі болмауы керектігін айтты. 

 

Бюджетті толықтыру – маңызды міндет, бірақ оны дүрлікпе тудыратын шаралар арқылы емес, тұрақты экономикалық өсу, бизнесті қолдау және салық салу базасын кеңейту арқылы шешу керек», – деді «AMANAT» партиясы фракцияның мүшесі. 

 

Мәжіліс депутаты Еркебұлан Мәмбетов те сараланған тәсіл әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтерге, сондай-ақ ең қажетті өнімдерге қосылған құн салығының (ҚҚС) төмендетілген мөлшерлемесін қолдануға мүмкіндік беретініне сенімді.

 

«Ауыл шаруашылығы, медицина және білім беру салаларында ҚҚС мөлшерлемесін төмендету өнім бағасының тұрақтылығын сақтап, кәсіпкерлерді осы бағыттарды дамытуға ынталандырады.

 

 

Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысының бұл бастамасын толық қолдайды. Бұған дейін де олар шағын және орта бизнесті қолдау, соның ішінде ҚҚС мөлшерлемесін төмендету мәселесін көтеріп келген», – деді депутат.