Мәжіліс депутаттарының айтуынша, кешегі шешім – мәселенің басы ғана, алда қызу талқылау күтіп тұр, –деп хабарлайды Aikyn.kz.
«AMANAT» партиясы фракцияның мүшесі Үнзила Шапақ ҚҚС-пен байланысты барлық аспектілер әртүрлі топтардың, соның ішінде бизнес өкілдерінің, депутаттардың, білікті сарапшылардың және басқа да мүдделі тараптардың пікірлерін ескере отырып, мұқият пысықталуының маңыздылығын атап өтті.
«Бұл тәсіл – барлық азаматтардың мүдделері мен қажеттіліктерін ескеретін демократиялық мемлекет жұмысының негізі.
Бұған қоса, бұл тәсіл қоғаммен белсенді қарым-қатынас жасайтын, оның сұраныстарын тыңдайтын және шешім қабылдау кезінде ескеретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асырылуын көрсетеді.
Бұл биліктің сындарлы диалогке және экономиканың тұрақты дамуы мен азаматтардың әл-ауқатына бағытталған оңтайлы шешімдерді іздеуге дайындығын көрсетеді», – деді депутат.
Ал демократиялық қоғамда кез келген шешім дүйім жұрттың қатысуымен шешіледі, сондықтан Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская қоғам белсенділерін, сарапшылар мен сала мамандарын талқылауға белсенді қатысуға шақырды.
«Шын мәнінде, Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚҚС мөлшерлемесін арттыру туралы мәлімдемесінен кейін барлығы дерлік таңданыс пен алаңдаушылық білдірді. Тіпті, саясат туралы әдетте әңгіме қозғамайтын туыстарым мен достарым да бұл шешімге қатысты өз уайымдарын жеткізіп, Президент пен Парламент мұндай өзгеріске жол бермейді деп үміт білдірді.
Мәжіліс депутаттары бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын 5 ақпан, сәрсенбі күні өткен пленарлық отырыста білдірді. Оның үстіне, қазіргі уақытта Мәжілісте қаралып жатқан Салық кодексінде мұндай нормалар қарастырылмаған.
Бүгін Мемлекет басшысы бизнес қауымдастығымен кездесуде салық саясаты сараланған әрі икемді болуы керек екенін айтты. Қандай да бір шешім қабылдамас бұрын нақты есептеулерге, білікті сарапшылар мен депутаттардың пікіріне сүйену қажет.
Алда күрделі талқылаулар күтіп тұр. Сондықтан сарапшылар қауымдастығы да белсенділік танытып, өз көзқарасын білдіруі маңызды. Өйткені ақиқат пікірталастан туады», – деді «AMANAT» партиясы фракцияның мүшесі.
Ал Мархабат Жайымбетов «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген халық даналығын еске алып, мұндайда асығыстық танытпау керегін айтты.
«Дана халқымызда «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген қағидасы бар. Президентіміз мемлекет үшін және әрбір азамат үшін маңызды кез келген шешімдер бизнеспен, сарапшылармен және депутаттармен талқыланғаннан кейін ғана қабылдануы тиіс екенін түсіндірді.
Айта кету керек, экономиканы, бизнесті және азаматтарды қолдау үшін өз ұсыныстарын ұсынған сарапшылар да Мемлекет басшысының көзқарасымен толықтай келіседі.
Әрине, мынадай қым-қуыт, алмағайып кезеңде тым асықпай жайбарақат жүруге болмайды, бірақ аптықпаған жөн. Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, егжей-тегжейлі електен өткізіп, саралап, байыппен жүргізген жөн», – деді Мәжіліс депутаты.